Тыныс алу жүйесіне: мұрын қуысы, жұтқыншақтың мұрын бөлігі, кеңірдек, өкпеден тыс жатқан бронхтар мен негізгі мүше өкпе жатады.
Көмекей, кеңірдек және өкпе эмбриогенездің үш және төртінші аптасында алдыңғы ішектің вентральды қабырғасынан пайда болатын өсіндіден дамып, жетіледі. Эмбриогенездің 8-аптасында қысқа түтікшелер түрінде,майда бронхтардың бастамасы пайда болады. Ал, ұрықтың 12-аптасында бұлардың қабырғасында цилиндр тәрізді эпителиоциттермен астарланған қатпарлар түзіледі. Эмбриогенездің 4-айының соңында қабырғасы куб тәрізді эпителиймен тысталған бронхылар пайда болады. 6-айдан бастап, нәресте туғанға дейін өкпеде альвеола жолдары мен альвеолалардың даму процесі жүзеге асады.
Постнатальдық кезеңде жаңа туған баланың кіндігін байлағаннан кейін өкпесіндегі тыныс алу жүйесі елеулі өзгерістерге ұшырайды. Балалық шақта өкпенің тыныс алу беті біртіндеп белсенді түрге ұлғаяды. Осыған байланысты жасөспірімдердің өкпесіндегі альвеолаларының жалпы саны ересектерге қарағанда шамамен он есе көбейіп кетеді. Елу-алпыс жастан кейін өкпенің дләнекер тінді стромасында тұздардың шөгуі орын алады. Бұл өкпе қозғалысының шектелуіне және тыныса алу қызметінің әлсіреуіне әкеп соғады.
Кеуде қуысының пішіні адамның жасына және жынысына байланысты өзгереді. Туған кезде баланың кеуде қуысы конус тәрізді болады, себебі ұрық кезінде өкпе нашар дамыған, ал бауыры қарқынды өсіп, дамиды. Баланың кеуде қуысы көтеріңкі болып, қабырға сүйектері ересек адамдардағыдай төмен түспейді. Сондықтан бала терең дем алып, дем шығара алмайды да, қажетті мөлшердегі ауа мен оттегін тынысының жиілігі арқылы қамтамасыз етеді.