15.4. СЕМІЗДІК Семіздік –
бұл тері асты шелмайы және организмнің басқа да жерлерінде майдың шектен тыс жиналуы, нәтижесінде дене салмағының қалыптадан 10% және одан да көп жоғарлауы. Семіздік жеке ауру болуы немесе басқа аурулардың белгісі
ретінде айқындалуы мүмкін. Себептері болып эндокринді бездер қызметінің бұзылуы
және ОНЖ зақымдалуы табылады.
Балалар мен жасөспірімдердің семіздігі қазіргі денсаулық сақтаудың өзекті
мәселесінің бірі болып саналады. Бүкіл әлемде семіздігі бар балалар саны тоқтаусыз өсіп
келеді және әр үш онжылдық сайын екі есе жоғарлап отыр. Қазіргі кезде дамыған елдерде
15% жасөспірімдер семіздікпен ауырады, ал 25%-ға дейін дене салмағының шамадан тыс
артуы байқалады. Семіздік ауылдықтарға қарағанда қала балаларында жиі дамиды. Қала
балалары аз қимылдайды және жоғары калориялы тазартылған тағамдармен жиі
қоректенеді. Кіші жастағы балалар тобында семіздік қыз балалар мен ер балаларда бірдей
жиілікте кездеседі. Мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер арасында қыз
балаларда басым (2:1) кездеседі.
Семіздік балалық шақта дамып, бірнеше онжылдықтар бойы сақталады. Семіз
балалардың 80% жуығында ересектік кезінде де семіздік сақталады. Атеросклероз,
жүректің ишемиялық ауруы, гипертония ауруы, қант диабеті, бауыр және өт қабы
аурулары қалыпты салмақты адамдармен салыстырғанда салмағы артық адамдарда 3-9 есе
жиі кездеседі.
Семіздіктің морфологиясы. Май тіні адипоциттерден тұрады, оның саны адамның
өмірінің барлық мерзімінде ұлғайып отырады. Әсіресе құрсақішілік кезеңде және өмірдің
алғашқы 3 айлығында белсенді жүреді. Адипоциттер мөлшері туғаннан бастап 6
жасқа дейін қалыпты жағдайда 3 есе жоғарлайды. Адипоциттер мөлшерінің ұлғаюы
жасөспірімдік кезеңде де жалғасады.
Қазіргі кезеңде, семіздік кезінде май жасушасының санының жоғарлауы мен
қатар, оның өлшемдерінің де ұлғаятындығы белгілі. Адипоциттер саны семіздіктің
тұрақты факторы болып табылады, ол ем әсерінен өзгермейді. Ал, адипоциттер
өлшемдерінің ұлғаюы – лабилді фактор, яғни емнің әсерінен май жасушаларының
өлшемдері кішірейеді. Осыған байланысты семіздікті 2 типке бөледі: гиперциллюларлы
(көп жасушалы) және гипертрофикалық типтері. Гиперциллюларлы тип – бұл семіздікте
май жасушасының саны жоғарлайды, өлшемі өзгеріп отыруы мүмкін. Гипертрофиялық
типінде – адипоциттердің саны қалыпты, бірақ өлшемі үлкен болады. Семіздігі бар
балаларда май жасушасының ғана өлшемі ұлғаймайды, саны да жоғарлайды, яғни
гиперцеллюлярлы семіздік болады, ол ерекше тұрақты ағымммен сипатталады.