Байланысты: Б Түсіпқалиев Балалар ауруының пропедевтикасы
15.5. БҮЙРЕК ҮСТІ БЕЗІНІҢ АУРУЛАРЫ 15.5.1. БҮЙРЕК ҮСТІ БЕЗІНІҢ СОЗЫЛМАЛЫ ЖЕТКІЛІКСІЗДІГІ (АДДИСОН АУРУЫ) Біріншілік гипокортицизмнің негізгі себебі – бүйрекүсті безі қыртысының
аутоиммунды деструкциясы болып табылады. Қосымша себептері – туберкулез,
бүйрекүсті безі қыртысының туа біткен гипоплазиясы, ісіктер, амилоидоз және т.б.
Аурудың негізгі белгісі, биологиялық әсері бар бүйрекүсті безі қыртысында әр түрлі
стероидтардың өндірілуінің төмендеуі болып табылады.
Бүйрекүсті безі қыртысының созылмалы жеткіліксіздігінің клиникалық белгілері, без
жасушаларының 90% бұзылғанда білінеді. Бірінші кезекте глюкокортикоидттардың
жетіспеушілігі айқындалады. Гипокортицизмнің туа біткен түрі өмірінің алғашқы
айларынан біліне бастайды. Аутоиммунды адреналитте аурудың басталуы 6-7 жастан
кейін байқалады. Тәбеттің болмауы, дене салмағының жоғалуы, астения тән болады. Жиі
диспепсиялық бұзылыстар, себепсіз құсулар, іш аймағында және белде ауырсынуылар
байқалады. Біріншілік гипокортицизмге тән, ауыз кілегей қабатының және тері
жамылғысының қоңыр түсті болуы. Екіншілік гипокортицизм кезінде гиперпигментация
болмайды. Жүрек тондары тұйықталған, ЭКГ-да Т-тісшесі вольтажының төмендеуі,
изоэлектрілік сызықтың S-T сызықтан төмендеуі және өткізгіштіктің баяулауы байқалады.
Қанның максималды және минималды қысымы төмендеген. Қанда лимфоцитоз,
эозинофилия, эритроциттер саны мен гемоглобиннің азаюы анықталады. Көмірсу, май, су-
тұз және ақуыз алмасуы тарапынан бұзылыстар анықталады. Негізгі алмасу төмендеген.
Қандағы қант деңгейі қалыптадан төмен немесе соған жақын, қант қисықы сызығы
гипогликемиялық сипатта болады. Бұл жағдай глюкокортикоидтардың төмендеуімен
байланысты контринсу-лярлы әсерінің болмауымен түсіндіріледі. Қанда натрий мен хлор
азаяды, калий жоғарлайды. Қандағы несеп қышқылы және азот қалдығы жоғарлауы
мүмкін, 17-кетостероидтардың бөлінуі төмендейді. Су жүктемелерінде бүйрекпен судың
бөлінуі бұзылады.
Ауру өршіген кезде немесе жедел инфекция қосылатын болса аддисондық
күйзелістер дамуы мүмкін. Бұл криздер адам өміріне үлкен қауіп төндіретін жедел бүйрек
жетіспеушілігі симптомдарымен сипатталады. Күйзелістер науқастың жағдайының күрт
нашарлауымен, құсу, лоқсу, іш өту, адинамия, дегидратация, жүрек-қантамыр
жетіспеушілігімен және басқа да симптомдармен көрініс береді. Егер уақытында немесе
жеткілікті ем қолданылмаса өлімге алып келуі мүмкін.