Емі.
Ауыр жағдайда міндетті түрде төсектік тәртіп сақталу қажет. Калий тұзына бай
және 5-10% натрий хлориді қосылған тағамдарды шектеу емдәмі (диетасы) тағайында-
лады. Криз болмаған кезде гормоналды емдеу кортизон мен дезоксикортикостеронды
тағайындау арқылы жүргізіледі. Әрбір дәрінің мөлшерін жеке (науқасқа лайықты) АКТГ
және рениннің деңгейін қан плазмасында бақылай отырып береді. Міндетті түрде ең
төменгі «сүйемелдеуші» доза таңдап алынады да, науқастың жалпы жағдайын ескеріп
күнде, күнара немесе бірнеше күн бойы берілуі мүмкін. Емнің дұрыстығы физикалық
және жыныстық дамудың параметрлерін, АҚҚ, электролиттерді, ЭКГ көрсеткіштерімен
бағаланады. Сонымен қатар науқастарға көп мөлшерде витаминдер тағайындалуы қажет,
әсіресе витамин «С» (500-1000мг) тәулігіне беріледі. Криз дамыған кезде жедел
бүйрекүсті жетіспеушілігін емдеу керек.
15.5.2. БҮЙРЕКҮСТІ БЕЗІ ЖЕДЕЛ ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ
Жедел бүйрекүсті безі жеткіліксіздігі (ЖБЖ) – Уотерхаус-Фридериксен синдромы
туылу жарақатында немесе кенеттені ағымдағы инфекциялар (менингококцемия,
стрептококкты инфекция) нәтижесінде бүйрекүсті безіне қан құйылуынан дамиды.
Клиникалық көрінісі артериалды қан қысымының жедел төмендеуімен сипатталады.
Жүрек тондарының тұйықтығы, әлсіз пульс, тахикардия, акроцианоз, «мәрмәр тәрізділік»,
теріде іркілісті көкшіл-қоңыр дақтар анықталады. Диурез анурияға дейін төмендейді.
Іштің ауырсынуы, құсу, адинамия, бұлшықет гипотониясы байқалады. Терминалды
сатысында құрысулар және коматоздық жағдай байқалуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: