"Балдәурендегі бақытты күндерім"
«Бақыт деген – сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.»
М. Мақатаев
. Шыр етіп дүние есігін ашқан кез келген сәби, бала бақыты ең әуелі ана құшағында жасырынған. Ал ары қарай ес біліп, балғын шақтары басталған уақыты әке, ата- әже, жалпы өз отбасында жалғасын табады. Мен өзімді бақытты баламын деп есептеймін. Себебі менде мені жақсы көретін ең үлкен байлық- отбасым бар. Иә мына өмірде кез келген адамзаттың өз отбасы болады. Отбасы дегеніміз кім? Ол сені тоғыз ай бойы құрсағында көтерген, он екі ай бойы қолында көтерген, жалпы өмір бойы жүрегінде көтеретін, түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп бағып- қаққан анаң, қиындықпен, күн- түн демей несібеңді тауып отырған, қорғаның әкең, еркелетіп, айланып- толғанып бар тәттісін «немерем" деп сақтайтын ата - әжең, бір құрсаққа сыйып, тай құлындай тебісіп өскен аға, әпке, бауырың. Мен де бақытты бір отбасының перзентімін.
Отбасың болмаса сен ешкім емессің. Отбасында әркімнің өз орны бар. Ата- ана деген асыл жандар қашанда балалары үшін бәрін жасайды ғой. Отбасының жылулығы аналар қолында, аналар бір күн ауырып қалса үйдің іші күңіреніп қалады. Иә,иә, анаң барда дүние жап- жарық деген осы болар. Ал әкең жоқ болса бір қанатың қырқылғандай күй кешесің. Әке асқар тауың, тірегің. Қазақ отбасында әке орны үнемі жоғарыда тұрады. Әкенің батасынсыз тамақ салынбайды, әке шешемізсіз бірде бір іс атқарылмайды. Біздің отбасыда дәл осы үрдіс сақталған. Осылайша ұл бала әкеге қарап, қыз бала шешеге қарап бой түзейді. Отбасында береке болса, әр отбасы мүшесі бірін- бірі сыйлап құрметтесе ол отбасында үлкен махаббат болады. Үлкен махаббат ортасында менің бақытты балдәурен күндерім өтуде.
Сондай-ақ, күнде таңертең еркелетіп алтын ұя күннің бетіме түсіп, қытықтап оятуы, достарыммен көк майсада асыр сала ойнауым- балалығымның тәтті дәурені. Тәуелсіз елдің құшағында тал шыбықтай тербетіле өсіп келе жатқан біздер, өскелең ұрпақ бақыттымыз.
Ең бастысы еліміз аман, жеріміз тыныш. Аспанда көк байрағы желбіреп тұрған тәуелсіз елім, туған жердің топырағында аунап- қунап, әжемнің ыстық бауырсағы мен сүтке былғанған тәтті талқанын жеп жүрген балада қандай арман болсын!! Міне менің бал күндерім, осы қарапайым дүниелерден тұрады.
Сонымен қатар, күнде сабаққа барар жолда таңғы таза ауаның танауыңды қытықтап, ұйқыны шайдай ашып, соның лебімен алқын- жұлқын, балалармен алысып, сыныпқа кірудің өзі- бір ғанибет балалық шағымның көрінісі емеспе?!
Балалық шағым қуанышпен бақыт ортасында өтуде. Менің ойымша, әр бала бақытты болуға лайықты....
Достарыңызбен бөлісу: |