Т йы ше бер
Қоғамдық ой ақырында еркіндікке шыққан соңғы жылдары біздің
əрқайсымыз бүгінгі жүріп жатқан өзгерістерге, алдағымызды байыптаған
болжамдарға жəне, өзінен-өзі белгілі, бізде кеше не болып еді деген
мəселелерге ашық пікір айтуға мүмкіндік алдық. Меніңше мұның өзі
қоғамымыздың сауығуына, əсіресе, егер ол өзінің рухани өмірін
тоталитарлық идеялардың тыныс тарылтатын шеңбері тұтқынында қалып
қоюын тағы да көргісі келмесе, тек табиғи ғана емес, қажетті де құбылыс.
Əр түрлі себептермен айтылып жататын əр қилы пікірлер тоғысында мені
тіпті бір-біріне қарама-қайшы, ымыраға келмейтін кереғар көзқарастар да
абыржыта қоймайды. Мұны да қалыпты құбылысқа жатқызамын. Бірақ
пікірталастар мен айтыстар барысында ұдайы көрініс беріп отыратын
төмендегі бір жағдайды көпшіліктің үйреншікті нəрседей қабылдауы,
шынымды айтсам, мені секемдендіреді. Əңгіме жаппай баламалы ұсыныс
айтуға құмарлық жөнінде болып отыр.
Бір нəрсені көптен байқап жүрмін: əңгіме мейлі
экономикалық идеялар мен бағдарламалар жөнінде болсын, мейлі
əлеуметтік дамуымыздың перспективалары немесе тарихқа көзқарас
жөнінде болсын, айтыстар кезінде, міндетті түрде əлдекімнің жəне оны
дуылдай қоштап-қолдағандардың «Баламалы ұсыныс керек!» дегендерін
жиі естимін. Өз күмəнымның дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін таяуда
түсіндірме сөздікке де жүгіндім. Жоқ, мұнда қысқа ғана жəне ап-анық етіп
былай делініпті: «Альтернатива — бірін-бірі жоққа шығаратын екі
ұйғарымның, немесе бірнеше ұйғарымның ішінен бірін ғана таңдап алу
қажеттілігі». Бар кілтипан осы жерде, біріміздің ұйғарымымызды екіншіміз
міндетті түрде тəрк ететін «баламалы ойлауымызда» жатқан жоқ па екен?
Əлі күнге дейін өткенімізден дұрыс қорытынды жасап, казіргі аса ауыр
дағдарыстан алып шығатын тəуір бағдарламаны таба алмай отырғанымыз
75
да сондықтан болар? Өткеніміздің барлық тəжірибесінен безіп, жаңа қоғам
орнату үшін өткеннің бəрін тағы да тып-типыл етіп «тамырына балта
шабуға» ұмтылудың өзі де осыдан өрбіп жатқан жоқ па екен? Жаңадан
көріне бастаған көсемдерді биік тұғырға адам таң қаларлық жеңілтектікпен
оп-оңай көтеріп əкетіп, ал үмітімізді ақтай алмағандарды жеріне жеткізе
қарғап-сілеп, оның үстіне өркениетті адамдар үшін аса ауыр əрі кешірілмес
күнə саналатын көр қопарумен айналысуға азғыру əрекетіне
үйірсектігіміздің де төркіні осында емес пе екен? Ақыр соңында, қайдағы
бір баламалы ұсыныстың кенеттен жеңіске жетіп, ақ дегенім алғыс, қара
дегенім қарғыс деп, ақиқатқа тағы да монополия орнатып жүрмесіне
кепілдік бере аламыз ба?
Не десек те, бүгініміз бен өткеніміздің құйтырқы, шиеленіскен
тұстарын байыптауға тырысқанымда, өз басым баламалылықты емес, қайта
қарама-қайшылықты бірінші кезекке қоятын, қазір модадан қалып бара
жатқан материалистік диалектиканың тəсілін көбірек ұнатамын, жаныма
жақын сезіледі. Өміріміздің күрделі əрі қарама-қайшылыққа толы жолдарын
түсінудің, біресе ол жаққа, біресе бұл жаққа жалт бұрылудан арылудың
бұдан өзге жолын көріп тұрған жоқпын. Жалт берудің бізге аса қымбатқа
түскені де белгілі. Мұндайда саясатшылар мен мемлекет қайраткерлері ғана
зардап шегіп қойса, бір сəрі-ау. Бұның тауқыметін ең алдымен
миллиондаған қарапайым адамдар тартады.
Осыдан не бары біраз уақыт бұрын өзімнің істес болуыма тура
келген ірі-ірі саяси қайраткерлерге, олардың өзіме ұнаған-ұнамағанына
қарамастан, біржақты баға беруден мені əрдайым сақтандыратын да, міне,
осындай ойлар. Сондықтан кезінде белгілі де ықпалды болған, ал қазір
еңбегі сіңсе де, сіңбесе де атышулы тұлғаларға айналған адамдарға
байланысты менен əлдебір жаңа əшкерелеуші деректер күтетіндердің үмітін
ақтамай, ренжітіп алатынымды күні бұрын ескертіп қойғанды жөн көріп
отырмын.
М. А. Сусловпен бірінші кездесуім егжей-тегжейлі есімде қалып
қойыпты. Мұның себебі де бар еді. Ол кезде жас болатынмын, ал маған аса
ірі металлургиялық комбинаттың тағдыры жөнінде, бүгінгі үрдіспен
айтқанда, «заманымыздың ұлы адамдарының бірімен» күрделі əңгіме
өткізуге тура келді. Партия басшылығындағы екінші адам маған терең əрі
тек жағымды əсер қалдырды.
Мені кабинетіне алып кіргенде, ұзын бойлы, тарамыс, еңкіштеу
76
келген Суслов үстелінен шығып, қол беріп амандасты.
— Ең алдымен, жас жігіт, Теміртауыңыздың қайда екенін
көрсетіңіз.
Қабырғада ілулі тұрған Кеңес Одағының картасына жақындадым.
— Міне, Михаил Андреевич, мына жерде. Мынау Қазақстан, ал
мынау Қарағанды. Осы қалаға іргелес, селеулі далаға еліміздегі қара
металлургия алыптарының бірін орнаттық. Бұл соғыстан кейінгі
жылдардағы стратегиялық объектінің...
— Айта беріңіз, айта беріңіз.
Мен де əңгімені жалғастыра отырып, бəрін қаз-қалпында түгел
айттым. Адамдарға ешқандай жағдай жасалмаса да комбинатты қалай
салып шыққанымызды айттым. Алып құрылыстың жүздеген ірі-ірі кем-
кетіктерін, комбинаттың əлі қоршалмағанын, болат табақшаларды кім
көрінгеннің қалай болса солай үйді-үйіне машинамен тасып алып кетуіне
болатынын да айттым. Тұрғын үйдің, балабақшаның салынбағанын,
күнделікті қажетті азық-түлік өнімдері мен бұйымдардың жетіспейтінін де
сөз еттім. Ауа райының аса қолайсыздығын, боранды-шашынды күндері
жұмысшылардың комбинатқа жете алмай қалатыны жөнінде де айттым.
Əйелдерге жұмыс табыла бермейтінін де жасырған жоқпын...
Ол менің сөзімді бөлместен ықылас қоя тыңдады. Ал сонан кейін
сұрақ бере бастады, тіпті ұсақ-түйек жайларға да көңіл аударып, қойын
дəптеріне түртіп алды.
Əңгіменің аяғында:
— Ертең Секретариатта сіз не туралы айтпақшысыз? — деп
сұрады.
Мен сөйлейтін сөзімнің дайын екендігін айттым.
— Қазір маған айтқандарыңызды ертең де түгелдей айтып
шығуыңызға кеңес беремін.
Кабинеттен шыққаннан кейін кіре берісте, оң жақта .жатқан
кəлөштерге көзім түсті. Бұл жылдары кəлөшті ешкім кимейтін, бірақ олар
маған үйішілік, үйреншікті нəрсені еске салғандай болды.
М. А. Сусловпен болған əңгіме сенімімді күшейтті. Біріншіден,
менің түсінуімше, мұнда бізді ешкім де сөгіс арқалатып жіберу үшін жинап
жатқан жоқ. Екіншіден, менің əңгімем М. А. Сусловты ойландырған,
комбинаттың қиын жағдайда қалып отырғанын түсінген тəрізді. Өйткені,
жоғарыда айтқанымдай, мені өте мұқият тыңдап, өзінің сұрақтарын біздегі
77
жылдар бойы жинақталып қалған мəселелерге байланысты қойды ғой.
Жас адам құмарлықпен көп нəрсені байқағыш келеді. Есімде мына
бір жайт қалып қойыпты. Біздің мəселемізді тыңдардың алдында,
Секретариат отырысына арналған залдың есігі жанында Қазақстан
Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы А. С. Колебаев Қарағанды
обкомының хатшысы В. К. Акулинцевке:
— Ал, не деп сөйлемексің, қане, қарап көрейінші,— деп, қолын
созды.
Акулинцев оған машинкаға басылған тексті ұсынды. Ал ол көз
жүгіртіп шықты да:
— Жаман емес екен. Сірə, мен осы қағаз бойынша сөйлейтін
шығармын,— деп, оны бешпентінің қалтасына салып алды.
Дəл осы сəтте Акулинцевтің қандай күй кешкенін білмеймін, өз
басым тіксініп-ақ қалдым. Бірақ іс мұнымен де бітпеді. Мені мен
комбинаттың директоры сөйлеп біткеннен кейін Суслов: «Тағы кімнің
сөйлегісі келеді?» деп сұрады. Акулинцев мінбеге жүгіре басып барды да,
бағана Колебаев алып қойған текстің екінші данасын сыдыртып оқып
шықты.
Секретариатта Металлургия жəне ауыр машина жасау
министрлігінің басшылары сазайларын тартты. Суслов оларға былай деді:
«Аса маңызды мемлекеттік істі былық-шылыққа айналдырып
жібергенсіңдер!» Осы мəжіліс Қазақстан металлургтерінің мəдени-
тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін ССРО Министрлер Кеңесіне тиісті
қаулы қабылдауды жүктеумен аяқталды. Бұл құжатты даярлайтын
комиссияга мені де мүше етіп кіргізді. Министрлер Кеңесінің қаулысына
біздің «қуып жүріп» кіргізген цифрларымыз əлі күнге дейін есімде. Əр жыл
сайын 80 мың шаршы метр тұрғын үй мен 1660 орындық екі балабақшаны
пайдалануға беруге, екі кəсіптік-техникалық училище мен металлургиялық
техникум үйін салуға, ВТУЗ-ға арналған мекенжай, Мəдениет сарайын,
спорт кешенін, металлургтердің демалыс базасын тұрғызуға шешім
қабылданған-ды...
Алайда ең жоғары орынның ең жақсы деген қаулысының өзі де тек
қаулы күйінде қалып қоюы əбден мүмкін екені белгілі нəрсе. Көп
кешікпей-ақ межеленген шараларға құрылысшыларымыздың шамасы
жетпейтіні айқындалды. Осы жерде комбинаттың директоры екеуміздің
өзара түсіністігіміз көп көмек етті. Біз елеулі қулыққа да бардық. Жыл
78
сайын ауыл шаруашылығындағы жиын-терін маусымы кезінде комбинат өз
қамқорлығына алған шаруашылықтарға көмек көрсету үшін мың жарым
жұмысшы жіберетін. Енді былай ұйғардық: жылдың өзге айларында да əлгі
жұмысшылар арамшөп отау, егін жинау жұмыстарында жүр деп есептелсін,
бірақ олар тек құрылыста жұмыс істесін.
Қаламыз бой түзей бастады. Жақсы жабдықталған тұрғын үй
орамдары, сегіз балабақша, 15 мың орындық стадион, елу метрлік жүзу
жолақшасы бар су бассейні салынды. Су қоймасының оң жағалауында
демалыс үйі, сауықтыру-емдеу мекенжайы пайда болды. Ең бастысы,
əрине, пəтерге деген кезекті жойдық. Мамандардың тұрақтамауы бұрын 32
процент болса, енді ол 9—10 процентке түсті.
Сол кездегі жұмсалған күш-жігердің, істелген істің нəтижесі маған
мынаны біржола айқындап берді: қай өндірісте болса да ең алдымен адамға
көңіл бөлінуі керек. Оған адамға лайық жағдай жасамайынша, мұң-
мұқтажына көңіл бөлмейінше, беделін арттырып, қадір-қасиетін жоғары
көтермейінше ешқандай да мəселені шеше алмайсың.
Комбинаттың кем-кетігін түзеп, жыртығын жамап-жасқау үшін
қаржы да табылды, қолымыз да ұзара бастады. Осы бір сүйкімсіз де ауыр,
бірақ қажетті жұмыстың барысында құрылыстың алғашқы кезеңінде
жіберілген ысырапшылдықтың талай түрін көріп, таң қалуымызға тура
келді. Оның негізгі себебі — құрылыстың жобасы о баста дұрыс
жасалмапты. Миллиондаған қаржы бетонға, тым далита құйылған
іргетасқа кетіпті. Ал кейін бұл іргетастың құрастырылатын жабдықтарға
мүлде сəйкес емес екендігі белгілі болды. Сонан соң кемшілікті түзетуге
миллиондаған қаржы тағы да жұмсалды. Бұған жобалаудан кеткен ақаудың
салдарынан комбинаттың жылдар бойы толық қуатында жұмыс істей
алмағанынан орны толмаған миллиондарды қосу керек. Ал мұның өзі бір
ғана саланың, тіпті бір ғана кəсіпорынньің өмірінен алынған мысал.
Бірақ комбинатымыз бірте-бірте қалыпты ырғаққа көше бастады.
Металдың қажетті сорттарын қорыта бастадық. Соның ішінде КамАЗ-дың
лонжеронына керекті сапалы болат та, ерекше, қоспалы болат та құйып
шығарылды. Кең ауқымды стандарды, суық прокаттау цехын іске қостық,
қаңылтыр шығаратын цехтың құрылысын бастадық. Ақырында, ақшалай
табысымыз молайды, пайда да түсе бастады.
Ал бұл екі арада, жасырмай айтайын, партиялық қызметімнен
шаруашылық жұмысқа қалай ауыссам екен деп ойландым да жүрдім.
79
Мұндағы көздегенім — тек қана металлургиялық өндіріспен неғұрлым
тиянақты, алаңсыз айналысу еді. Ешкімге де құпия емес, өнеркəсіп
орындарындағы партком хатшылары үшін мұндай нақты перспектива
əрқашан да бар болатын. Бұл маған да ұнайтын.
Бірақ тағдыр өз дегенін істеді. Бəлкім, дəлірек айтатын болсақ, бұл
бөтен жолды маған тағдыр емес, адамдар əзірлеген шығар. Мен үлкен
партиялық жұмысқа араласып кетіп, ол адамдарға қалай дегенде де ерікті-
еріксіз түрде тəуелді болып қалғанмын. Ол кезде бұл да санаспауға
болмайтын өмір шындығы еді.
Арада бірнеше жыл өткеннен кейін Д. А. Қонаев көңілденіп отырған
бір сəтінде менің СОКП Орталық Комитетінің Секретариатында сөйлеген
сөзімнің əсері күшті болғанын, ондағылардың маған назар аударып,
естерінде сақтап қалғанын өзіме айтқан болатын. Төрт жылдан кейін менің
Қарағанды облыстық партия комитетінің өнеркəсіп жөніндегі
хатшылығына ұсынылуыма шамасы, осы жағдай көбірек ықпал етсе керек.
Қарағанды облысы — Қазақстанның жетекші индустриялық аймағы.
Бұл кезде облыстың кəсіпорындары шығаратын өнімнің жылдық көлемі 4
миллиард сом болатын. Көмір, қара жəне түсті металлургия, химия жəне
мұнай-химия, аса ірі энергетика салалары бар. Көп нəрсеге қайтадан
тереңірек енуге, көп нəрсені ой елегінен жаңаша өткізуге, былайша
айтқанда, неғұрлым жоғары қабаттан қарауға тура келді. Менің де бұл
қабаттағы жағдайым тіпті де жеңіл емес болатын. Бұрын мен де,
металлургия комбинатының директоры да бір арбаға жегіліп, бірге еңбек
ететінбіз, жоғарыдағы басшылармен қарым-қатынасымыз да едəуір күрделі
болды. Теміртау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысымен де,
облыспен де жиі-жиі келіспей, тартысып қалатынбыз. Əдетте біз елеулі
қолдау таппайтынбыз, оның есесіне кит етсе-ақ, үсті-үстіне сазайымызды
тартатынбыз. Айта кететін бір нəрсе, 1973 жылы В. И. Долгихтың
комбинатқа келгені жөнінде əңгімелегенімде оның бұл сапары
кəсіпорындағы апатты жағдай жөнінде менің СОКП Орталық Комитетіне
жазып жіберген хатыма байланысты болғанын ескерткен жоқ едім. Ал,
мұндай «төменнен жасалған инициативаларды» жергілікті басшылықтың
қуана көтермелеп қолдамайтыны былай тұрсын, кейде кешірмейтіні де
жақсы мəлім болатын.
Жаңа қызмет орнына келгеннен кейін елеулі таңдау жасауым керек
болды: алдағы кезде қалай өмір сүріп, қалай əрекет ету керек? Рас, партия
80
қайраткерлерінің бірнеше буынының өкілдері баяғыдан бері таптаурын
еткен жəне сынап көрген бір жол бар да еді. Ол жолмен жүрсең, өкімет
билігі сатыларында өз жағдайыңды нығайта түсуің, сырт көзге байқала
бермейтін ерекше заңдары бар күрделі иерархиялық басқару жүйесінде
қолыңнан келген тəсілді түгел қолданып, тас қамалдай берік өз тобыңды
құруың керек болады. Бірақ комбинатта істеген жылдары менің миыма
басқаша бір қарапайым қағида сінген еді. Ол мынау: егер сенің шынымен
адамдардың игілігі үшін жұмыс істегің келсе, онда сол адамдардың өздеріне
арқа сүйеу керек. Осы қағиданы бұлжытпай орындауға біржола бел будым.
Менің арқа сүйер берік тірегім болды да. Ол Қарағанды металлургия
комбинатының коллективі, оның партия ұйымы еді. Бұл партия ұйымы сол
кезде де, қазір де Қазақстандағы ірі ұйымдардың бірінен саналады. Бəлкім,
металлургтердің өзіме деген ықыласын асырып айтып та отырған
шығармын, дегенмен, қажет жерінде олардың мені қолдайтынына кəміл
сендім. Шамасы, бұлай сенуім қалай дегенде де негізсіз емес еді. Мысалы,
мұны содан бір жыл бұрын металлургтер өзімді тікелей жасырын жабық
дауыспен партия съезіне делегат етіп сайлағанда да байқауыма тура келген.
Алайда обком хатшысы бола тұрсам да, былайша айтқанда, жаңа қызмет
дəрежесінде, комбинатқа келіп көріну барлық уақытта бірдей оңай
болмайтын. Бұрын домна пешіңде бірге істеген ескі таныстарымның өздері
де кейде бетің бар, жүзің бар демең, аузыңды аштырмай, зекіп тастайтын:
— Сен немене, ақ қөйлек киіп алып, ақ машинадан түспейтін болып
алғанбысың өзің? Кеше кім болғаныңды шынымен-ақ ұмыттың ба? Қане,
қысқашты кранға шық та, біздің қандай жағдайда жұмыс істеп
жатқанымызды өз көзіңмен көр!
Мойныңда — галстук, үстіңде — костюм, амал жоқ кранға
шығасың. Ондағы кабина шаң-тозаң, ыстық ауа, газ иісі кірмейтіндей етіп
мұқият жабылмаған, фреон жоқ, ал ыстық 70 градусқа жетеді. Осындай
кездесуден кейін парткомды жинайсың, əлгі кемшіліктерді жою үшін үш
күн мерзім белгілейсің. Жəне оның орындалуын да өзің қадағалайсың.
Өйткені металлургтерге берген уəдеңді орындамасаң, онда олардың көзіне
екінші қайтара түспей-ақ қой.
Ең қиыны, шамасы, шахтерлердің сеніміне кіру болды ғой деймін.
Шахтерлер өздері мойындата алған адамдарды ғана мойындайды. Олар сені
ең болмаса ашык пікірлесе алатындай дəрежеде мойындасын десең, онда
шахтаға түс, лаваға кір. Шахтердің табиғатын, мінез-құлқын түсіне алмаған
81
адам олар үшін жоққа тəн. Меніңше, еліміздің көмір өндіретін түрлі
аймақтарындағы шахтерлер мен өкімет орындары арасындағы шиеленісе
өршіген жанжалдың негізгі себептерінің бірі де осында жатқан сияқты.
Қарағанды көмір бассейнінде 26 жер асты шахтасы бар. Метан
газының мөлшері жағынан олармен, шамасы, тек ағылшын шахталары ғана
теңесе алатын шығар: əр тонна көмірге 19 текше метрден келеді. Көмір
қабаттарының күрделі құрылымы жарылыс қаупін ұдайы тудырады, одан
төбенің опырылып құлау қаупі де кем емес. Осы шахталардың бəрінде де
болып шығу үшін жарты жыл уақытым кетті. Күлкілі оқиғаларға да
ұшырадым, қиын жағдайларға да тап болдым. Бір рет менен бірнеше метр
жерде төбенің опырылып түскені бар. Əйтеуір, аман қалдық. Тап
жанымыздағы адамдарды көз алдымызда басып қалған жағдайлар да
кездесті.
Қарағанды шахтерлерінің жұмысы ауыр еді, жоспарларын орындай
алмайтын. Істің жағдайына тереңірек еніп, егжей-тегжейлі танысқан соң
көмір бассейніндегі проблемалардың ұсақ-түйегіне дейін металлургия
комбинатындағы өзіме таныс қырсық атаулымен егіз қозыдай ұқсас екеніне
көзім жетті. Мұнда да барлық мəселе күрделі қаржы мен қорды бөлудің
орталықтандырылуына барып тіреледі екен. Тұрғын үй проблемасы да
«мемлекеттік жоғары мүдденің» көлеңкесінде қалып қойған. «Шығынды аз
жұмсап, өнімді көп өндірейік» дейтін бұрыннан белгілі принцип ақыр
аяғында мынаған əкеп соқтырған: жер асты көмірін қазып алудың жаңа
аймақтары игерілмеген, оның есесіне, сөздің тура мағынасында, қаланың
астын үңги берген. Жер қыртысы шөккен, су құбырлары үзілген, жолдар
опырылып түскен, үйлер, ғимараттар құлаған. Бірақ жаңа шахталар
салудан гөрі бəрін де «күрделі кен қазу ісінің артта қалуы» есебінен жуып-
шайып құтыла салу оңайырақ болып келген. Көмір алынған оқпандар мен
коммуникациялардың ұзаруы жұмысшыларға ауыр тиді, апат көбейді.
Көмір қазатын, кен тазалайтын комбайндар, құбырлар, өзге де құрал-
жабдықтар ұдайы жетіспей жатқан жағдайда жұмыс істеуге тура келді.
Көмір өндіруді арттырудың тауқыметі қандай екені ешкімді де
толғандырмады.
Тағы да орталыққа шабуылға шығуға тура келді. Көлемді құжат
дайындап, оны СОКП Орталық Комитетіне, одақтық үкіметке жолдадық.
Соның нəтижесінде ССРО Министрлер Кеңесінің Қарағанды
шахтерлерінің тұрғын үй жəне тұрмыстық жағдайларын жақсарту
82
жөніндегі қаулысы шықты. Бұл кез менің обком хатшылығына келген
бірінші жылымның ақырына таман еді. Осыдан кейін көп мөлшерде тұрғын
үй салуға, коммуналдық шаруашылықты едəуір жақсартуға, жылу-электр
орталығын кеңейтуге, күрделі кен қазу жұмыстарын ілгері жылжытуға қол
жетті.
Бірақ ескі шахталардағы көмір өндіру ісі бəрібір мандымады.
Жұмысшылар əбден титықтап, қажып бітті. Бірлестіктің бас директоры
Николай Александрович Дриждпен бірге тығырықтан шығудың жолын
қарастырдық. «Бөрілі» көмір карьерін ашуға ұйғарым жасадық. Бұл жер
асты шахталарында істейтіндердің жұмысын аз да болса жеңілдетті,
олардың жаңа жұмыс бағыттарын əзірлеуіне жəне іске қосуына, жаңа
аймақтардың нобайын белгілеуіне мүмкіндік берді.
Осындай көріністерді, орталықтандырылған басшылықтың баяғы
ескі қолтаңбасын жетпісінші жылдары да, сексенінші жылдары да талай рет
байқауға тура келді. 1980 жылы мені Қазақстан Компартиясы Орталық
Комитетінің хатшысы етіп сайлағаннан кейін тағы бір аса ірі құрылыс
эпопеясы — Екібастұз мемлекеттік аудандық электр станциясының
жүйесіндегі электр станциялары шоғырының құрылысы басталып кетті.
СОКП Орталық Комитетінде баяғы дəстүрлі мəселелерді тағы да бірнеше
рет көтергенім есімде: электр станциялары салынып жатыр, бірақ жөндеу
базалары жасалмаған, жабдықтар дер кезінде жеткізілмейді, адамдардың
баспанасы жоқ, əлеуметтік жəне мəдени-тұрмыстық объектілер,
балабақшалар салынбаған...
Жалпы алғанда жағдай тұйық шеңберді еске түсіретін. Бұл шеңберді
бұзып-жарып шығу үшін мол күш-жігер мен қажырлы əрекет керек
болатын. Ал бұл шеңбердің ішінен экономиканың адамдар мұң-
мұқтажынан мүлде қол үзу қаупін тудыратын сиықсыз сұлбасы айқын
көрініп тұратын. Бұл ретте Қазақстан көбімізге көрнекі мысал əрі сабақ
бола алады ғой деп ойлаймын.
Республикамыздың жер қойнауындағы аса зор қазба байлығы кен,
металлургия, отын, мұнай, химия өнеркəсіптерін дамытуға мол мүмкіндік
беретін еді. Жетекші əрі бірегей сала болып табылатын түсті металлургия
сонау алғашқы бесжылдықтардан, Жезқазғанның атақты үлкен мысынан
бастау алады. Қазақстанның орталық жəне шығыс аудандарында
полиметалл кендерінің ашылуы — Кеңес Одағындағы аса ірі
кəсіпорындардың құрылуына қозғау салды. Олар елімізде өндірілетін бүкіл
83
мыстың үштен бірін, мырыштың жетпіс процентін, қорғасынның алпыс
проценттен астамын, титан мен магнийдің тоқсан процентін береді.
Оңтүстік Қазақстандағы, əсіресе Қаратаудағы фосфорит кен орындары
Одақтың сары фосфордың тоқсан процентін өндіруін қамтамасыз етеді.
Ақтөбе облысындағы хром кен орындары елімізде өндірілетін бүкіл
хромды дерлік, одақтық экспортқа шығарылатын хром рудасының тоқсан
процентін береді. Ал Қарағанды жəне Екібастұздың əрбір оқушыға белгілі
көмір бассейндерінің ел экономикасы үшін қаншалықты маңызы бар
екенін, шамасы, айтып жатудың қажеті де бола қоймас. Сексенінші
жылдары Батыс Қазақстанда ірі-ірі газ жəне мұнай кен орындары іске
қосылып, өнім бере бастады. Мұның бəріне Қазақстанның аса ірі аграрлы
республика екенін қосу керек. Оның ауыл шаруашылығы — қырық
миллион гектар егістік деген сөз. Соның жиырма бес миллион гектарына
дəнді дақылдар егіледі. 10 миллион ірі қара, қырық миллионнан астам қой
мен ешкі бар...
Республиканың елімізде атқаратын экономикалық ролінің осындай
қысқаша сипаттамасының өзі де мынадай бір ғана оғаш фактімен қатар
қойып салыстыруға жеткілікті ғой деп ойлаймын: ол жылдары Қазақстан
халық тұтынатын товарлардың алпыс процентін өзге республикалардан
тасып жеткізуге мəжбүр болатын. Оның үстіне бəрімізге де жақсы мəлім,
осының өзі де, жұмсартып айтқанда, тіпті халықтың ең зəру деген
қажеттерін қанағаттандыруға да жеткіліксіз болып шықты. Барлық қаражат
ауыр индустрияның алып құрылыстарын салуға жұмсалғанының, ал
адамдардың қайдағы бір соңғы кезекте сырт қалып қоюының өзек өртейтін
өкінішті салдарлары қандай болғаны да көз алдымызда. Заводтардың алып
ғимараттарының, электр станциялары шоғырларының, қуатты домна
пештері мен мұнаралық крандардың тасасында қалған адамдар ондаған
жылдар бойы жарқын болашақ жөніндегі үмітін ғана аялап келді. Бірақ
олардың бұл үміті уақыт өткен сайын əлдебір құрғақ елеске айналып, біздің
қазіргі заманымыздың қатал өмір шындығы жағдайында біржола үзілуге
таянды. Ашығын айтсам, мұндай экономиканың бізді тығырыққа
тірейтінін бірден түсіне қойған жоқпыз. Өйткені еліміз құрылысты ондаған
жылдар бойы осылай салып келді. Ол құрылыстар бейне бір мəңгілікке
кететіндей көрінді. Мұндай экономика негізінің тіректері мызғымас берік
дегенге күмəн келтіру үшін ұзақ уақытты талап ететін қыруар практикалық
тəжірибе жинақтау керек еді. Көзге бадырайып көрініп тұрған көптеген
84
қисынсыз нəрселерді өз күшімізбен түзеуге, əрине, біз де тырысып көрдік.
Мəселен, етті жеткілікті өндіретінбіз, бірақ бізде ет өнімдерін өңдеу болған
жоқ. Сүт те көп еді, ал оны жақсылап өңдеу ісі қолға алынбады. Тері де
қыруар көп болатын, бірақ тері өңдеумен айналыспадық.
Республикамыздан тыс жерлерге не бары 12—15 процент қана дайын
өнімдер шығарылатын, ал қалғаны түгелдей шикізат жəне жартылай
шикізат түрінде кететін.
Ауыр өнеркəсіпті халық тұтынатын товарлар өндіруге қарай бұру
жөнінде жетекші кəсіпорындардың директорларымен біріге отырып
жасаған əрекетіміз айтарлықтай нəтиже бере қоймады. Бұл үшін ірі-ірі
инвестиция керек еді. Ал біз орталықтың келісімінсіз бір тиын да жұмсай
алмайтынбыз. Егер бірдеңе бітіре қалсақ, оның өзі титықтап жүріп, «қайта-
қайта өтініш жасау» тəсілімен іске асатын. Мысалы, шетелдік
жабдықтармен қамтамасыз етілгендегі жобалық қуаты бойынша жылына 30
мың тері тон тігетін Семей тон-мех заводы осындай əдіспен қайта
құрылған болатын.
Уақыттың өзі көрсеткендей, еліміздегі тұрпайы бұрмаланған
экономикалық интеграция өзінің бойындағы қатерлі саяси зардаптарды
көзден таса етіп бүркемелеп келді. Оның зардаптары əсіресе республикалар
өздеріне мемлекеттік егемендік ала бастаған кезде елеулі түрде байқалумен
болды. Қазір шикізат өндіретін республикалардың бəрі де қарызға
белшесінен батып отыр деген сөз тегіннен-тегін шығып жүрген жоқ.
Шикізаттың бағасы оны өндіруге жұмсалған қоғамдық еңбекті тіпті де
ақтай алмайтындай етіп өзгертілсе, басқаша қалай болуы мүмкін? Турасын
айтайық, басқа да бірнеше сорақы мысалдар келтіруге болады. Кəдімгі
алюминий алынатын глиноземді өндіру жəне оны байыту жалпы еңбектің
80 процентін қажет етеді. Ал одан алюминий табақшалар жасап шығаратын
заводтар əлгі жалпы еңбектің не бары 5 процентін ғана қажет ете тұрса да,
бүкіл таза пайданың 80 процентін алады. Соның өзінде глинозем өндірудің
жəне оны байытудың экологиялық жағынан аса ауыр, зиянды да лас
қалдықтары түгелдей Қазақстанда қалады. Жезқазғанның да, Балқаштың да
республикамыздан тыс жерлерге «қара мыс» түрінде ғана жөнелтілетін
өнімдері жөнінде де тап осыны айтуға болады. Біздің сом алтын мен кесек
күміс құймаларын өндіруімізге сенім білдіріліп отырған жоқ. Бұл ретте
бізге бар бұйырғаны — күміс пен алтынның қорытпаларын өзге
аймақтарға жіберіп отыру ғана. Қорытпадан құйма алудың ешқандай да
85
қиындығы жоқ бола тұрса да солай істеледі. Одақтағы өндірілетін күмістің
тең жартысынан астамын Қазақстан беретінін айтқым келеді.
Мен үшін де, кез келген парасатты экономист үшін де мейлінше
айқын бір жайт бар. Ол мынау: əңгіме шикізат өндіретін республикаларға
берілген қайдағы бір қарыздар туралы емес, қайта олардың өздерінен
заңсыз алынып отырған ақшаны қайтарып беру жөнінде болуы керек. Бұл
жерде республикалар арасындағы қарым-қатынастарда олардың баға
белгілеудегі сонау елуінші жылдарда пайда болған, қазір əбден ескірген
жүйесін еске түсіріп, өзара реніш білдірісіп, өзара талап қойысып
жатуының жөні жоқ қой деп ойлаймын.
Алып экономикамыздың біржола гүрс етіп құлап түспеуі үшін оны
жан-жағынан шамамыз келгенше бар күшімізді сала тіреп, демеп жүрген
сол бір қиын-қыстау кезеңді еске ала отырып, мен соның өзі, шынында да,
қазір кейбіреулердің айтатынындай, ұзаққа созылған жанталас болған жоқ
па, оның түбінде болмай қоймайтын күйреуін біз бар амалымызды
қолданып, кейінге қалдырумен келген жоқпыз ба деген мəселенің
төңірегінде көп ойланатын болып жүрмін. Дегенмен де жағдай тап солай
емес еді деп санаймын. Еліміз қалайда өмір сүріп жатты, бірақ қиындықпен
өмір сүрді. Тіпті «тоқырау кезеңінің» өзі де, кейде кейбіреулердің əсірелеп
көрсеткісі келетініндей, тек бір жақты ғана дамыған жоқ. Көптеген
адамдардың, неге екені белгісіз, сол кезді «көсемді» жаппай мадақтап,
дəріптеумен өткен даңғазалық салтанатқа толы айқай-шу парады,
«жоғарыда» оның тасасында жаппай жүгенсіздік пен заңсыздық етек алған,
ал «төменде» алтыбақан алауыз болып, бет-бетімен кеткен кезең деп
ұғынудан танғысы келмейді. Мен мəселеге тап осы тұрғыдан келуді өзінің
дүние танымын тек газет-журналдардағы жарияланымдардан там-тұмдап,
қасықтап жинап жүрген адамдарға ғана кешіруге болады ғой деп
ойлаймын.
Халықтық даналыққа, жұмысшы адамның ақыл-ойы мен
көрегендігіне ұдайы тəнті болып келемін. Айталық, сіз сексенінші жылы
завод коллективіндегі партия жиналысына келіп, «біздің заманымыздың
аса көрнекті саяси жəне мемлекет қайраткерінің атына бірнеше жылы сөз»
айтып көрер ме едіңіз. Одан күлкіге қалғаннан өзге ештеңе де шықпас еді.
Ал, байсалды айтылған байыпты сөзге, маңызды іске адамдар əр уақытта да
түсіністікпен жəне жауапкершілікпен көңіл бөледі. Қазір бір кездегі
бастамашылдықпен əуестенушілік жөнінде көп айтылып жүр. Иə, кейбір
86
кабинеттік төрешілдердің ондай «жасампаздық іспен» сүйсіне
айналысқаны рас. Ал олар заводтағы кəдімгі үйреншікті жағдайда
жұмысшылардың көзіне түсуден де қорқатын. Менің есімде басқа да
көптеген мысалдар бар.
Менің Қарағанды металлургия комбинатында жұмыс істеп жүрген
кезімде-ақ, мемлекеттік жоспарлар орындалмай, тапсырмалар аяқсыз қалып
жатқан ең қиын жылдарда, жұмысшылардың, қарапайым коммунистердің
тікелей өз ортасында тамаша патриоттық бастамалар туындады. Мысалы,
коммунист Сабельников басқаратын коксохимия өндірісі бригадасы
инициатива көтеріп, еңбек тəртібінің бұзылуына, жұмыста ақау жіберу мен
өнім сапасының төмендеуіне өздері коллективтік жауапкершілік алды.
Оның принципі мынадай еді: бір адам кінəлы болса — бүкіл бригада жауап
береді. Оның үстіне, олардың барлығы да «моральдық» деп аталатын
жауапкершілік алып қана қоймайды, сонымен қатар сыйлықтарынан,
жалақысының прогрессивтік өсімінен, қосымша айлығынан айрылады.
Міне, бұдан басқасын былай қойғанда, түпкілікті өнім үшін толық жауап
беретін жəне жалақысы еңбектің түпкі нəтижелеріне байланысты болатын
болашақ жалдық коллективтің бейнесі көрінбей ме? Міне, мұндай
бастаманы əлдебір аудандық партия комитетінде ойдан шығармақ болып,
жұмысшыларға жүрдім-бардым ұсынуға тырысып көрсеңіз не болар еді...
Маған нағыз жаңалықтың өскіндері пайда болған жəне нығайған,
өзгерістер жағына қарай батыл бетбұрыс жасау үшін бастапқы күш алатын
мықты тіректер туындаған жер, міне, осында, жұмысшылар арасында,
бастауыш партия ұйымында ғана болған сияқты көрінеді. Болашақта
бұрынғыдай өмір сүруге болмайтынын сезініп, түсіну де тап соларда
қалыптасты.
Барлық «тоқырау əрекеттерінен» ойланбастан, қолды бір-ақ сілтеп,
бас тарту арқылы біз экономиканы жəне бүкіл қоғамымызды түбірінен
қайта өзгертудің жəне бір маңызды құралынан — бұрын партия мықтап
қолдап келген тəртіптің өзінен айырылып қалдық. Өндірістегі ең
қарапайым реттіліктің өзін жолға қою, анархияға жол бермеу, жалқаулыққа
тыйым салу үшін ең бір қиын сын сағаттарда коммунистерді жұмылдыруға
сан рет тура келгенін мен жоғарыда айтып өткен болатынмын. Халық
шаруашылығындағы басқару құрылымының барлығы да партиялық
тəртіпке бағындырылғанын еске салып жату артық болар. Иə, дұрыс
істелмеген істер көп болды. Мысалы, басшының жауапкершілігін жəне
87
одан талап етілетін нəрсені кепілді түрде қамтамасыз ету мақсатымен
басшы жұмысқа əдетте тек СОКП мүшелері ғана жоғарылатылды. Соның
салдарынан да көптеген талантты мамандар мен шебер ұйымдастырушылар
ұмыт қалып қойды. Көптеген СОКП мүшелерінің төбесінен партиялық
жаза алу хаупі Дамокл семсері сияқты ұдайы төніп тұрды. Əкімшілік,
шаруашылық саласы бойынша бір жылдың ішінде ғана соңғы ескертуі бар
оншақты қатаң сөгіс алуға болатын еді. Алайда соның өзінде қалалық
немесе аудандық партия комитетінің бюросы беретін бір жазаның өзі де
кейде əбден жеткілікті болатын, ондайда адамның қалыпты арнадан
бірнеше жыл бойы шығып қалуы мүмкін еді.
Партиялық тəртіп өкімет орындарының қолындағы қаңқа тірек
болатын. Біз сол қаңқаны қиратсақ та, оның орнына, өкінішке орай, əлі еш
нəрсе ұсына алған жоқпыз. Ол ол ма, жоғарыдан төменге дейін жайлаған
бейберекеттікке ұрындық. Біз қайта құрудың стратегиясы жоқ дегенді
айтқан кезде мен ең алдымен қазір қолына бар билікті үйіп-төгіп беруге
тырысып отырған Кеңестердің бұған əзір еместігі туралы еріксіз
ойланамын. Шынында да, олар дəстүр бойынша инициативалы жұмыс
жасау үшін емес, қайта алуан түрлі қаулылар мен нұсқауларды бас шұлғи
тыңдап, орындау рухында қалыптасқан болатын.
Өз атыма елеулі реніштер болуы мүмкін екенін алдын ала байқай
отырып, бірден мынаны айтқым келеді: менің айқындамамның əлуетті қол
керек деп күрсіне сағынатындардың айқындамасымен үш қайнаса сорпасы
қосылмайды. Маған мынадай түзету жасауға да болады: қажетті тəртіп пен
бұдан былай қолдануға келмейтін партиялық өктемдік дегеніміз бір-бірінен
бөлек тіпті əр түрлі нəрселер ғой. Бірақ мен бұл жерде де өткендегі барлық
кемшіліктері мен келеңсіздіктерін қоса алғандағы партиялық басшылықты
əміршілдік-əкімшілдік жүйенің өктемдігімен араластырып, былайша
айтқанда, бір жерге үйіп-төгуге асықпас едім. Соңғы жылдары орын алған
оқиғалардың дамуы мұның өзі тіпті де бір ғана нəрсе емес екендігін айқын
көрсетіп берді. Билікті Кеңестердің қолына берген партия органдарының
қазір ешқандай да нақты билікке өкілеттігі жоқ екенін коммунистерге деген
патологиялық өшпенділік қана көрсоқыр етіп, көрсетпеуі мүмкін. Сонымен
қатар еліміздің экономикасындағы бөлу-тарату функцияларының басым
көпшілігін орталық ведомстволар мен министрліктер кешегі əміршілдік-
əкімшілдік өктемдіктің мұрагерлері ретінде уыстарынан шығармай,
бұрынғысынша қасарыса бермей отыр. Рас, бұрынғы сөзсіз бағыну жоқ, бас
88
шұлғып тыңдағысы келмегендерге қысым жасаудың экономикалық
тетіктері де жойылған. Осыдан келіп, байланыстардың үзілуіне ұрындық.
Шамасы, партия да, оның аппараты да бір кезде саяси жəне шаруашылық
басшылықтың бүкіл ауыртпалығын өз иықтарына алып жүрігі, көлеңкеде
қалғандай болған əкімшілік- шаруашылық органдарының тіреуі ретінде
қалай қызмет етуге кірісіп кеткенін байқамай да қалған болуы керек.
Қалай болғанда да экономикадағы тəртіпті қайтадан қалпына
келтірмей тұрып, шыңырауға қарай сөзсіз құлдырап сырғи беретінімізге
кəміл сенемін. Міне, сонда бізді ешқандай нарық экономикасы да,
ешқандай жеке меншіктендіру де құтқарып қала алмайды. Өйткені өкімет
билігі мен тəртіп болмайынша, өзінен-өзі басқарылатын экономика
дегеніміз қайдағы бір қиял, тəтті үміт күйінде ғана қалады. Бұл жерде мен
басқа елдердің тəжірибесіне сілтеме жасамай-ақ қойғым келер еді. Өйткені
қазір олардың тəжірибесінен əркім тек өзіне ғана ұнағанын алуға
əдеттенген. Алайда бір жалпы заңдылық жөнінде қалай дегенде де еске
сала кетсем деймін: соғыстан кейінгі дəуірде нарық экономикасының
жолына сеніммен түскен мемлекеттер əуелгі қадамдарын экономикалық
жəне басқа салалардағы өте-мөте қатаң тəртіпті жүзеге асырудан бастаған
болатын. Бұған Оңтүстік Корея, Тайвань, Түркия жəне басқа да
мемлекеттер мысал бола алады.
Мен бұл жерде халықтың алдында партиялық басшылықтың өзін-өзі
біржола іске алғысыз еткен тəсілдерін ақтау ниетін тіпті де көздеп отырған
жоқпын. Жекелеген адамдардың қолына шын мəніндегі шексіз өкімет
билігі шоғырландырылған кездегі мұндай тəртіптер елімізге орасан зор
нұқсан келтірді. Соңғы жылдары марқұм Л. И. Брежнев пен оның серіктес
тобының атына көптеген əділ сындар мен елеулі реніштер айтылды. Солай
бола тұрса да, мен Леонид Ильичтің барлық серіктерін, оның үстіне марқұм
болғандардың елестерін жауапқа тартуға шақыруға асықпас едім, Егер біз
өзіміздің өткен өмірімізді əйтеуір бір кезде шын мəнінде дұрыс түсіне
бастайтын болсақ, онда, шамасы, сол өткен дəуірде өмір сүрген жəне
жұмыс істеген адамдарды да дұрыс түсіне алатын болуымыз керек. Түсіну
дегеніміз кешіру деп жайдан-жай айтыла салмаған.
Қазақстанның тарихы ұзақ жылдар бойы Л. И. Брежневтің ең жақын
серіктерінің бірі — Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімімен байланысты
болды. Бұл екеуін өте көп нəрсе жақындастырған еді. «Тың» кітабын еске
алсақ та болады. Онда автор Қонаевқа бірнеше бет арнап, онымен өзінің
89
жиырма жыл бойғы достығына жоғары баға береді. Ол кезде мұның өзі
Қазақстанның бүкіл халқына мəлім еді жəне республикадағы бірінші
адамның беделін, шын мəнінде, мызғымастай нығайта түсті. Қазақстан
Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы бүкіл істі бір өзі
билеп-төстеді. Орталық республикалық аппараттардан бастап, совхоз
директорларын қоса есептегенде аудандық буындарға дейінгі кадрлар
түгелдей соның келісімімен ғана орын-орынға қойылып келгенін айтсақ та
жеткілікті. Д. А. Қонаев Қазақстанның Министрлер Советін республика
Компартиясы Орталық Комитетінің үлкен бір бөлімі деп қана есептейтін.
Менің Л. И. Брежневпен алғаш рет жақынырақ танысуым 1980
жылы болды. Осы жылы Қазақстан өзінің алпыс жылдығын атап өтіп,
мерекеге СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелері тегіс келді.
Бас хатшының түрі кісі аярлықтай еді. Көзқарасы мүлде бей-жай, меңіреу.
Ауыр қозғалады. Жүрген кезде оны үнемі екі жағынан еңгезердей екі жігіт
сүйемелдеп алады.
Екі жəйт есімде қалыпты. Салтанатты мəжілістің үзілісінде барлық
басшылар сахнаның бүйіріндегі бөлмеге жиналды. Өте ыстық əрі қапырық
еді. Сондықтан да бəріміз пенжактарымызды шешіп, шай ішуге кірістік.
Леонид Ильичті кенет төте телефонға шақырды. Ол қайтып келгенде (əлгі
екі жігіт сүйемелдеп əкелді) дауыстап жаңалығын айта бастады:
— Герек менімен кездесуді қасарыса талап ететін көрінеді. Бірақ
Андроповтың адамдары кездесудің қажеті жоқ дейді. Геректің күні бітті-ау
деймін. Андроповтың адамдары онда Каня деген бір жақсы жігіт бар
дегенді айтады.
Полынада ол кезде күрделі оқиғалар болып жатқан. Жаңағы
əңгіменің байыбына мен кейінірек, Поляк Біріккен жұмысшы партиясы
Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына Каня сайланғанда барып
жеттім. Миллиондаған адамдардың тағдырына қатысты мəселелер осылай
шешіле беретін.
Ендігі бір оқиға Əуезов атындағы театрдың фойесінде өткен үлкен
мерекелік қабылдау кезінде болды. Оған мыңға тарта адам қатысты.
Фойенің екі қабатына да үстелдер қойылды. Жұрт жайғасып бола бергенде
Д. А. Қонаев паргиямыздың маршалы, армиямыздың маршалы деп
шұбыртып келіп Леонид Ильич Брежнев үшін тост көтеруімізді ұсынды.
Бокалға ернімізді тигізіп, орнына қойғанымыз сол болатын, «тостың
құрметті иесі» күтпеген жерден тұрды да, есікке қарай беттеді. Бүкіл
90
басшылар, əлбетте, оның соңынан ерді. Брежнев есік алдына шығып, өз
машинасына отырды да, бір минөттен кейін бүкіл машиналар тізбегі
қозғала берді. Ол қай жерге жəне не үшін келгенін ұмытып қалғаны айдан
анық еді.
Мұндай адам аяныш сезімінен басқа не тудырсын?
...1980 жылы мені СОКП Орталық Комитетінің Секретариатында
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметіне бекіткен
кезде М. А. Суслов Қарағанды металлургия комбинатының мəселелері
жөніндегі екеуара əңгімемізді еске түсіріп (бəлкім, бұл туралы оның есіне
салып қойған болар), былай деген еді: «Міне біз сізді өсіріп те шығардық».
Иə, жаңа қызметке келуімде партия басшыларының баз бірінің пікірі де,
республика өнеркəсібінің жай-жапсарын білетін, тікелей өндірісте істеп
тəжірибе жинақтаған адамның басшылықта болуын қажет еткен
Қонаевтың ықтияры да өз ролін атқарғаны сөзсіз. Алайда бұған дейінгі
жүріп өткен өмір жолым, əйтседағы мені басқа адамдар шыңдап, өсірді деп
санауыма толық негіз болады.
Əйтсе дағы «тоқырауға» қарамастан, біздің адамдарымызға саналы
тəртіп те, шынайы құлшыныс та, істің көзін табуға тырысушылық та тəн
болатын. Бұған Сіздің мықты дəлеліңіз бар.
Ал енді еліміз ауыр жағдайға душар болып отырған қазіргі шақта,
жаңа экономикалық тетіктер қашан іске кіріседі деп күтіп отырмай-ақ,
жаңағы қасиеттерді толық мəнінде қайта құлшындыруға бола ма?
Құлшыныстың тоқырау жылдарында да болғаны сөзсіз. Бірақ ол
мұның алдындағы ондаған жылдардағыдан басқаша сипатта еді.
Біріншіден, жалпылама ұрандар мен үндеулерге бір ауыздан жұмыла үн
қосу болмады. Екіншіден, көптеген ынташылдық пен бастамалар
қалыптасып қалған экономикалық саясатқа, шаруашылық жүргізу мен
өндірісті ұйымдастырудың ескірген əдістеріне қарамастан туындап жатты.
Мердігерлік коллективтің алғашқы үлгісі қалай жасалғанына жоғарыда
мысал келтірдім. Бірақ, сонымен қатар адамдардың өркенді құлшынысы
мен шынайы ынташылдығы, жаңа əдістердің өскіндері көп ретте қатып-
семген экономикалық жүйенің құрсауынан сытылып шыға алмады. Кез
келген ынташылдық жазаланады дейтін көңілсіз əзіл көптеген іскер
басшылар үшін қасіретке айналды. Істің көзін табуға ұмтылғаны үшін
адамдардың сотқа тартылғаны жөніндегі мысалдарды біз қазір жеткілікті
білеміз.
91
Егер қойылған сауалға нақты əрі төте жауап берсем, біз адамдарды
соңымыздан бұрынғыдай əдемі, əсіреқызыл сөздермен ерте аламыз деп
үміттену орынсыз екенін айтуға тиіспін. Сенгіш те елгезек халқымыздың
құлшынысы тым ұзақ уақыт пайдаланылып келді. Соғысқа дейінгі
жылдарда, əсіресе индустрияландыру кезеңінде адамдар социалистік
ұрандарды үлкен үмітпен қабылдады. Өз еңбегімен өз өмірін жақсартамыз
деп сенді. Соғыс жылдарындағы сұмдық күйзелістен кейін елді калпына
келтіру кезеңінде халқымыз көрсеткен жанкештілікті де түсінуге болады.
Осыдан біраз кейінірек ел-жұртқа көп ұзамай коммунизм басталады деп
салтанатты түрде уəде етілді. Енді біраз ышқынсақ жетіп жатқандай
көрінді... Бірақ жарқын өмір сол күйі басталмай-ақ қойды. Бұдан кейін біз
келешек ұрпақ үшін өмір сүреміз деген басқа бір ұран көтерілді. Меніңше,
бұл енді адамның жаратылысына мүлде қайшы келетін еді. Мұндай нəрсе
бізден басқа ешкімнің, ешқашан жəне еш жерде қаперіне де кірген емес.
Осынау мұрат-мақсатымыздың мəнін Хельсинкидегі Бүкіл дүниежүзілік
фестивальде түсіндіруге тырысқанымызда батыс жастарының таңырқап,
бас шайқағаны тағы да ойға оралады.
Адамдардың жақсы өмірге деген үмітінің үзілуімен бірге
социалистік жарыстың ролі де жоғала берді. О баста бойына дұрыс та
жақсы идеяны жинақтаған оны бір ғана моральдық ынталандырумен
жүргізу мүмкін емес еді. А. Н. Косыгиннің бір кезде мынадай қағиданы
ұстанғаны есімде: егер отын жетпей ме, онда өндірілетін көмірдің немесе
мұнайдың əрбір тоннасы үшін сыйлық беру керек. Бірақ, бұл əдіспен
уақытша табысқа ғана жетуге болатын еді. Жарысқа түскендерді үздік
жұмыс істеуге итермелейтін тұрақты себебі болмады.
Жалпы, жарыс əлемнің барлық жерінде де бар. Тек қатыгездікпен
жүретін ол жарыстың атын бəсеке дейді. Нарық қатынастарына көше
отырып, біз өз республикамызда антимонополиялық заңдар дайындап,
Антимонополиялық комитет құруға кірістік. Бұл шаралар өндірісшілер
арасында жоғары еңбек өнімділігін де, жоғары сапалы бұйымдар шығаруды
да қамтамасыз етуге бейім бəсекелестікті туғызуы тиіс. Мұндай жарыс
экономиканы саяси қойыртпақтан азат етіп, əр қилы меншік түрлеріне
бірдей жағдай туғызуы керек. Біздің дəстүрлі түсінігімізде қазір осының
бəрі тым қатыгез болып көрінуі мүмкін, бірақ дүниежүзілік практикада
сыннан өткен құлшындыру себептерінсіз біз экономикада ешқандай
бетбұрыс жасай алмаймыз.
92
Нұрсұлтан Əбішұлы, Сіз қазір шаруашылық жүргізудің өзін-өзі
ақтамаған дəстүрлі əдіс-тəсілдері жағдайындағы еңбекке құлшындыру
себептерінің жай-жапсарын ғана сөз етіп койған жоқсыз. Іс жүзінде сөз
біздің адамдарымыздың мұратты мақсаттарын жоғалтып алғаны,
келешектен көз жазып қалғаны жөнінде болды. Бұл орайда негізгі екі
көзқарас бар. Біреулер социалистік идеяның беделін «партократия»,
əміршіл- əкімшіл жүйе түсірді десе екіншілері социалистік идеяны түп
тамырымен қате деп санайды. Бұл жөнінде Сіздің пікіріңіз қандай?
Мəселе біздің əкелеріміз, біздің ұрпақ өмір сүрген социализмнен
басқа социализмді білмейтінімізде болып отыр. Бұл идеяны мектеп
жасынан бастап санамызға сіңіріп өстік, оны бірден-бір парасатты, ізгі жол
деп есептедік. Оған сырт көзбен қарауға мүмкіндік болмады. Қазір біздің
бəрімізге де ондай мүмкіндік берілді. Енді өткенімізді асықпай-аптықпай,
əділ саралап, оны əлемдік дамудың сипаттарымен жəне тенденцияларымен
салыстыруымыз қажет. Түпкі негізінде адамзаттың асыл мұраттарына сай
келетін социалистік идея бізде дəйім əрқилы түсіндіріліп келді. Мысал
үшін, халықаралық коммунистік қозғалыстың тарихын жəне онда кейіннен
болған жіктелістерді еске түсіруге болады. Солай болса дағы бірқатар
дамыған капиталистік елдерде социалистер бұрын да өкімет билігінде
болған, қазір де нық ұстап отыр. Біздің көптеген қоғамтанушыларымыздың
пікірінше классикалық социализмге түп тамырымен қайшы келетін
дамыған нарық құрылымы бар экономиканы олар табысты басқарып
келеді.
Ұлы Қазан социалистік революциясының маңызы мен салдарын
айналып өтуге болмайды. Оның капиталистік дүниеге зор ықпал еткені, ең
алдымен, капитализмді енбекшілердің мүддесімен санасуға мəжбүр етіп,
қоғамдық қатынастарды демократияландыру жағына қарай итермелегені
сөзсіз. Бірақ енді біздің революционерлеріміз марксизмді догма ретінде, мен
айтар едім, «таза» күйінде қабылдады. Олар революцияны шұғыл түрде
коммунаға өту деп түсінді. Жəне мұны ешқандай жағдайлармен
санаспастан іске асыру үшін қолдан келгеннің бəрін істеп бақты. Мұндай
эксперимент теориялық тұрғыдан негізделгені де белгілі. Мұның аяғы, Н.
И. Бухарин сөзімен айтқанда, адамдар «адами мүлік» деп қана есептелетін
тоталитарлық тəртіпке əкеп ұрындырды. «Барлығы да адам үшін» деген
ұранды біздің құлағымызға құюмен болды, ал шын мəнінде біздің
революциямыздың көздеген мақсаты — адам емес, жалпылама ұғымдағы
93
социализм болып шықты. Адам бір қапшық цементтен арзанға
бағаланатын ондай социализм кімге керек. Мұның өзі əсірелеп айту емес —
бұл орайда ұлы құрылыстардың қалай салынғанын тағы да бір еске
түсірейікші.
Нағыз социализм дейтініміз не деген таласқа түсу ниетім жоқ. Мұны
ғалымдардың еншісіне қалдырайық. Бірақ бұрынғыдай өмір сүруге
болмайтындығы мен үшін айдан анық нəрсе. Егер баз біреулер біздің
осыған дейінгі өзімізде көрген күнімізді социализм деп атағысы келсе,
солай-ақ бола қойсын. Бірақ, бұл ретте оның артықшылығын дəлелдеуге
тырысу, меніңше, имансыздық болып шығады. Егер ол шын мəнінде ең
озық мемлекеттік құрылыс болса, соғыстан кейін шамамен алғанда бірдей
жағдайда бола тұрып, өзімізден жеңілген елдерден көш кейін қалып
қоюымыз қалай. Қорытынды біреу-ақ: халықаралық аренада, бəсекелесе
отырып өркендеу бағытында біздің жүйеміз өзінің əлсіз екенін көрсетіп,
жеңіліске ұшырады.
Егер менен социалистік таңдауды жақтайтын-жақтамайтынымды
сұрар болса, шын ықыласыммен жақтайтынымды айтамын. Бірақ бұл ретте
өздерін əшкере еткен қоғамтанушы-ғалымдарымыздың догмалық
түсініктерін емес, социалистік идея жөніндегі өз басымның түсінігін
басшылыққа аламын. Социализм «Əркімнен — қабілетіне қарай, əркімге —
еңбегіне қарай» деген принцип салтанат құратын қоғам делінетін
үйреншікті қағида бар болатын. Мұндай көзқараспен келіспеуге болмайды.
Бірақ іс жүзінде бұл орындалды ма? Біз дəйім адамдардың қабілетін
тұншықтырып, олардың шығармашылық дарынының ашылуына жол
бермей келдік. Еңбегіне қарай ақы төлеудің орнына, оларды қорлайтын
теңгермешілдікке жүгіндік. Ендеше, жоғарыдағы тамаша қағиданы жүзеге
асырып көрейік те!
Сіз шахтерлер еңбегінің жай-жапсарын сөз еттіңіз. Бүгінгі күні ол
өміріміздің ең бір ушынған мəселесіне айналды. Сіз елімізде, соның ішінде
Карағанды көмір бассейнінде де, туындаған үлкен дау-дамайды шешудің
нақты жолын білесіз бе?
Мен Қарағанды шахтерлерінің жай-жапсарын сөз етіп қана қоймай,
қазір қойылып отырған сұраққа негізінен жауап беріп те қойған
сияқтымын. Даудың басы, мұның алдында айтып өткенімдей, əлі күнге
икемге əзер дегенде келетін «тұйық шеңберде» жатыр. Əңгімеміз
шахтерлер ғана емес, сонымен бірге тұтастай алғанда біздің барлық
94
материалдық игіліктеріміздің басты өндірушісі — жұмысшы табы душар
болған жағдай туралы болғаны жөн. Барлық өркениетті елдерде экономика
адамдардың сұранысын қанағаттандыруға қызмет етеді. Ал бізде адамдар
əлдеқашан өзін-өзі қайта туғызатын жүйеге айналған экономикаға қызмет
ету үшін дүниеге келеді. Ұлттық табыстың отыз процентін ғана
адамдардың мұқтажына бөліп, қалған қаржыны жаңа құрылыстар салуға,
немесе мемлекетімізді милитарландыруға жұмсау — барып тұрған
бассыздық. Мұндай саясат өзгелерден гөрі, əлбетте шахтерлерге қиын тиді.
Олардың жұмысы өте ауыр əрі қатерлі, айрықша əлеуметтік-тұрмыстық
жағдайды қажетсінеді. Дəл қазір осы саладағы күрделі жағдайды шешу
үшін шахтерлерді өздері өндірген көмірдің иесі ету немесе ең болмағанда
өндірілген өнімнің он процентін олардың еркіне беру қажет деп ойлаймын.
Одақтық үкіметтің осы уақытқа дейін мұндай қадамға неге бармай
отырғанына таңым бар. Əрине, бұл барлық проблеманы шеше қоймайды,
бірақ түскен қаржыны азық- түлік, қажетті өнеркəсіптік бұйымдар алу
үшін, өзге де өте зəру қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін жұмсауға
мүмкіндік береді. Бұл — валютаны жұмсаудың тиімді жолы емес, əрине.
Бірақ дəл қазір бұдан өзге жол жоқ. Осындай шараның арқасында
тығырықтан шығуға болар еді.
Алайда тұтастай алғанда бұл проблема əлдеқайда түбегейлі əрі
кешенді түрде шешілуге тиіс. Бүгінде, мəселен, барлық шахталардың
дотацияда болуын шахтерлердің бетіне салық қылуға сəл қалады. Мемлекет
бюджеттен дотация бөле отырып, үнемі бұл саланы кіріптарлықта ұстап
келеді. Ал мұндай қиянат баяғы сол баға белгілеудегі өрескел қиғаштықтан
келіп шығады. Қарағандының энергетикалық көмірінің əр тоннасы
халықаралық баға бойынша 30 доллар тұрады. Ал енді осы өнімді
мемлекетіміз өз ішіндегі рынокта алты жарым сомға бағалайды. Айырмасы
жер мен көктей ғой! Сондықтан да мен шахтерлерді барлық кінəлары үшін
жазғырудан аулақпын. Бірақ олардың біраз бөлігінің экономикамыздың
басына қара бұлт үйірілген осынау шақта саясатшылардың ырқында
кеткеніне күйінемін. Істің насырға шапқаны соншалық, еліміздегі
əлеуметтік ахуалды онан əрі ушықтыра түсетін, конституцияға қарсы
бағытталған саяси талаптар ұсынылды. Шахтерлер тəртіпті, реттілікті
құрметтейтін жұрт екенін жақсы білемін. Сондықтан да олар заңдылықты,
еліміз Конституциясын елемеушіліктің неге ұрындыратынын түсінуге тиіс.
95
|