Баспадан Қара нанның дәмі Алғашқы тәлімгерлер Ыстық стаж Тұйық шеңбер Мәселелер осылай шешілетін Уақыт перзенттері Ескі екпін күшімен Біреудің қатесі үшін біреу



Pdf көрінісі
бет6/10
Дата28.01.2017
өлшемі0,97 Mb.
#2871
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Уа ыт перзенттері
Өзінің өткен өмір жолын есіне түсіре отырып, жылдар бойы
жинаған тəжірибесіне, көрген-білгеніне, басынан кешіргеніне талдау жасай
отырып, бұрынғы немесе қазіргі құбылыстарды ой елегінен өткізуге
тырысатын кез келген адамның қандай қатерге душар болатынын жақсы
түсінемін. Өйткені қалай болғанда да өзінің өмірбаяндық жайларын егжей-
тегжейлі еріксіз еске алуына тура келеді, ал онда неше түрлі оқиғалар
болады, ұсақ-түйек нəрселерге малтығып, маңызды мəселені екінші
кезектегі мəселемен шатастырып алуы да, бұрынғы көңіл күй сезімі
пендешілік бұра тартуға бой алдырып, субъективизмге ұрынуы да ғажап
емес. Əсіресе өзің аралас-құралас жүрген таныс адамдар туралы айтып беру
қиынның қиыны. Əрине, егер олар сенің жан-жүрегіңде жақсы əсер, жақсы
іздер қалдырса, сөз басқа. Алайда өмірдің соншалықты күрделі екенін жəне
онда əлдебір нəрселерге ғана емес, сонымен қатар əлдебір жандарға да,
яғни мейлінше нақты адамарға да, жиі-жиі қарсы шығуға тура келетінін
бəріміз де тамаша түсінеміз, оның үстіне, біреудің елеулі кінə тағып,
жазғыруға шынында да лайық екеніне көзің жетіп, көңілің сене тұрса да,
мұның өзін жалпы жұртқа жария етіп, қоғамдық пікір талқысына ерікті-
еріксіз салуға барлық уақытта бірдей құқымыз бола бере ме?
Бұл сұраққа бір мағыналы нақты жауап беретін адам табыла қоймас,
сірə. Сондықтан да этиканың сыры алынбаған саласына ене беруге жəне
өзімнің көптеген адамдармен, қазір кеңінен танымал жандармен жеке,
кейде күрделі қарым-қатынастарымды суреттеуде тереңге сүңги беруге
онша ықыласты да емеспін. Егер біреулерге түрлі мінездемелер беру
жауапкершілігінің ауыр жүгін өзімнің ар-ожданыма алуға тура келсе, мен
мұны онсыз соңғы жылдардағы, менің ойымша, неғұрлым маңызды
оқиғаларды, көптеген күрделі құбылыстардың себебін түсіну мүмкін емес
екендігінен ғана жасауға мəжбүр болып отырғанымды мойындаймын.
Тіпті одан да ашығын айтайын: өзімнің əңгімелерімнен əлдебіреулер
«қызықты» бір нəрсені жерден жеті қоян тапқандай іліп əкетіп, өткен
115

күндер шежіресінің кез келген бетіне маған түсініксіз себеппен барынша
жеркенішпен қарайтын, əшкерелеу мен айыптауға келгенде қашан болса да
дайын тұратындардың тобына қосып қоюға тырыспас па екен деген ойдың
өзі-ақ тұла бойымды түршіктіреді.
Қазір қай мəселеде болса да өркениетті мемлекеттердің тəжірибесі
мен дəстүрлеріне сілтеме жасау үйреншікті нəрсе болып алды. Мұндай
жағдайда «өркениетті» деген ұғым тек қана капиталистік елдерді ғана
білдіретін болғандықтан да, мен батыс əлемінің елдеріне іскерлік сапармен
барғанда алып қайтқан əсерлеріме сілтеме жасамақпын. Мысалы, Америка
Құрама Штаттарында əр түрлі дəрежедегі лауазымды басшылармен
кездескен кезде мынандай бір ерекше жағдайға назар аудардым:
қалалардың мэрлерінің жұмыс кабинеттерінде бұдан бұрын мэр болған
адамдардың портреттері міндетті түрде түп-түгел ілулі тұрады екен. Бұл
жерде қазіргі мэр олардың саяси көзқарастарын ұната ма, ұнатпай ма, əлде
бəлкім, кезінде олардың біреуі электр орындығына отырғызып жазалауға
лайық еді деп өз ішінен санай ма, санамай ма, ол жағына тіпті мəн
бермейтін көрінеді.
АҚШ-та мынандай да дəстүр бар екен. Елдің əрбір президенті
қызметінен кеткеннен кейін кітапхана деп аталатын нəрсе ұйымдастыра
бастайды. Бұл мақсатқа əдетте оның жеке өзінің қаржысы ғана жұмсалып
қоймайды, сонымен қатар қоғамдық қорлар да құрылады. Мұндай
кітапханалар əншейін жиналған кітап емес. Солардың негізінде шын
мəніндегі бай да қызықты музейлер, өзіндік ерекшелігі бар мəдени
орталықтар құрылып, халық оларға қашан болса да көптеп барып жатады.
Канзас-Ситиде мені Трумэннің кітапханасына алып барды. Онда өзімді
өзім тоқтата алмай, бір сұрақ қойдым: мына бір мəселені қалай түсінуге
болады — сіздер мұнда бұл президентті соншалықты құрметтейді
екенсіздер, ал ол екінші дүниежүзілік соғыстың аяқ кезінде Жапонияның
бейбіт қалаларына атом бомбаларын тастатты емес пе? Маған былай деп
жауап берісті: атом бомбасын тастату дегеніміз, əрине, сұмдық əрекет.
Бірақ, біріншіден, соның өзі де тарих, екіншіден Трумэннің американ ұлты
мен мемлекеті үшін жасаған нəрсесінің бəрін де ұмытуға болмайды ғой.
Міне, мəселеге осылай байыпты қарайды жəне бұра тартып, бір
жақты кетпейді. Өз тарихың қаншалықты ащы болса да оған құрметпен
қарау, менің ойымша, қазіргі кез келген өркениетті қоғамға тəн болуы тиіс.
116

Мысалы, Италияда халықты қасіретке шалдыртқан атышулы фашистік
диктаторды ұната қоятын адамдардың көп табыла қоюы екіталай нəрсе.
Бірақ, соған қарамай, онда Муссолиниге қойылған ескерткіштер күні
бүгінге дейін тұр. Бұған жұрттың бəрі де мейлінше жайбарақат қарайды.
Жуырда М. С. Горбачев бастаған ресми делегация құрамында Мадридте
болып қайттым. Онда да диктатор Франконың ескерткішін қорлап,
бүлдіріп жатқан ешкім жоқ.
Қайдан екенін, бір жерден мынадай бір ойды оқығаным бар: өз
тарихын сыйламаған халық өзін де сыйламайды. Қаншалықты қасіретті
болса да айтайын, біз қазір осы ойдың дұрыстығын өзіміздің барлық іс-
əрекетімізбен, мінез-құлқымызбен көз жеткізе дəлелдеп те, көрсетіп те
келеміз. Өткендегімізге түп-түгел дерлік қара күйені аямай жағу арқылы біз
өз басымызға өзіміз күл шашып, ақылға қонса да, қонбаса да, шын мəнінде
болса да, болмаса да қайдағы бір күнəларымыз үшін өліп-өшіп өкінумен
жүреміз, бүкіл əлемге біздің қолымыздан түк те келмейді, ешнəрсеге де
қабілетіміз жоқ деп жар саламыз, жат жерлік атаулының алдында құрдай
жорғалауға əзір тұрамыз.
Тарихқа қаралаушы прокурордың да, ақтаушы адвокаттың да қажеті
жоқ — оған нағыз зерттеушілер ғана керек. Тарихқа сақтықпен құнттап
қарау — бүгін де, ертең де қасіретті қателіктерді тағы да
қайталамауымыздың ең жақсы, сенімді кепілі. Меніңше, жұрттың бəрін
сыпыра жамандап, қара күйе жағудың таусылмастай тізбегін үзетін уақыт
əлдеқашан жеткен-ақ сияқты. Бұл істе ерекше құлшыныс танытып, көп іс
тындырып жүргендер, неге екенін қайдам, мұндай тұрпайы дəстүрлердің
осы бір жексұрын түрінен зардап шегу ертеңгі күні өз бастарына да
келетінін, тіпті келмей қоймайтынын, ойлай бермейді.
...Алдыңғы жылы Д. А. Қонаев ауыр қайғыға кезікті — əйелі қайтыс
болды. Балалары жоқ болатын, ол өзінің өмірдегі ең басты тірегі мен
сүйенішінен айырылды. Мен оның марқұм болған зайыбын жақсы білуші
едім. Ол, өзінше болса да, үй шаруасындағы əйел тұрғысынан, күйеуіне
көмектесуге, оны қолайсыз жағдайлардан сақтандыруға ұдайы əрекет
ететін. Мұндай адамның қазасы кімге болса да əрқашан ауыр соққы болып
тиеді. Қайғылы хабарды естіген соң бір сағаттан кейін оның үйіне бардым.
Оның қарт адамға тəн қозғалыспен орнынан ауыр көтерілгені, əдет-ғұрып
бойынша кұшақ жая көріскеніміз, өзімнің қалай көңіл айтқаным көз
алдымдағыдай есімде қалыпты.
117

Жайғасып отырғаннан кейін ол өткен күндер туралы əңгіме
қозғады. Үйде басқа да адамдар бар еді. Жанын күйзелтіп, маза бермей
жүрген жайларды айтып отырғаны көрініп тұрды. Мұндай сəтте адамның
адал ойын айтпауы мүмкін емес. Ол небір замандар өткенін, жоғары
қызмет орнында отырғанда адамның əйтеуір бір елеулі қателіктерге
ұрынбай қоймайтынын айтты. Шамасы, деп сөзін жалғастырды ол, біздің
бірімізді біріміз кешіруіміз жəне кек сақтамауымыз дұрыс болар. Ал,
республиканың жаңа басшылығы жасап жатқан нəрселерді, осы кезде
Дінмұхамед Ахметұлы менің көзіме тіктеп қарады, мен қолдаймын.
Сіздерді халық та түсініп, қолдайды ғой деп ойлаймын. Менің ешкімге
ешқандай өкпем жоқ.
Ол өзінің осы айтқандарын таяуда ғана республикалық жастар
газетіне берген сұхбатында тағы да қуаттады.
Бұл проблемаға осымен нүкте қоюға да болар еді. Тап сол кезде
маған мынадай бір ой келді: сол бір қатал, аумалы-төкпелі кезеңде менің де
талай қателіктер жіберуім əбден мүмкін ғой. Өйткені қасарыса
қарсыласудың қиын-кыстау процесі кезінде біз, көбінесе, бір-біріміздің
бойымыздан тіпті ешқандай ымыраға келмейтін саяси қарсыластар бола
тұрса да, оларды бір-бірімен қайткен күнде де өзара байланыстырмай
қоймауға тиісті əлде бір өте маңызды, мейлінше терең адами қасиеттерді
көре білуден де қалып қоятынбыз. Бізді татуластыруға шынымен-ақ ең
ауыр қайғы-қасірет қана қабілетті болғаны ма? Біз саяси қызу айтыс-тартыс
кезінде шамшылдықтың шылауында кетіп, адамдардың ынтымақ-бірлігінің
əлгіндей табиғи таза сезімінен тым жиі айырылып қалып, сол арқылы бүкіл
қоғамда да алтыбақан алауыздықтың ұрығын сеуіп, өзара жіктелген
күштердің əрекеттерін қамшылай шапшаңдатып жүрген жоқпыз ба? Егер
күнделікті үйреншікті өмірдің өзінде де адамдар саяси белгілеріне қарай
демократтар, партократтар, либералдар, консерваторлар болып жікке
бөлініп жатса, күштерді біріктіру жөнінде қандай сөз болуы мүмкін.
Д. А. Қонаев, қазір көптеген адамдардың ойлап жүргеніндей, тіпті
де біржақты ғана тұлға емес. Ол жан-жақты білімдар адам, ең бастысы
Қазақстанның жағдайын бес саусағындай жақсы біледі, халықтың ежелгі
дəстүрлерін, əдет-ғұрпын жəне мінез-құлқын жете түсінеді. Оның беделінің
артуы Брежневтің қолдауының арқасында ғана мүмкін болды деп түсіндіру
уақытты да, оның өзі тудырған перзенттерін де кешірілмес дəрежеде
тұрпайыландыру болар еді. Менің көзқарасым бойынша, Д. А. Қонаевтың
118

қасіретіне басты себеп болған нəрсе — партиялық тіректің мызғымастығы
мен аса құдіреттілігіне, партиялық басшылық жасау дəстүрлерінің ешқашан
да қателеспейтіндігіне ондаған жылдар бойы қалыптасып келген кəміл
сенім. Беделдің буы биліктің биік шыңына шыққан адамды ертелі-кеш
алмай қоймайды. Ал беделге негізделген билік өзін-өзі бағынышты
адамдардың үрейлі қорқынышы жағдайында ғана сенімді сезінеді. Қонаев
«Адам қорыққанын сыйлайды» деген мəтелді жақсы көретін.
Москвада өкімет билігінің жоғары сатысында болған нəрсенің бəрі
де Алматыда, одан соң барлық облыстар мен аудандарда ең ұсақ-түйегіне
дейін түп-түгел кайталанып жататын. Дəстүрлер де, мінез-құлық та, əдет те,
мейлі ол бірінші басшылардың аң аулауға деген құмарлығы болсын, мейлі
омырауына неше түрлі қыруар наградаларды жас балаша мақтана мəз
болып толтырып тағып алуға ұмтылу немесе шамадан тыс көп күш-жігер
мен қаржы жұмсап, дүркірете салтанатты мерейтойлар өткізу болсын, бəрі
де бір-біріне ұқсас болатын. «Балық басынан шіриді» деген белгілі мəтелдің
ең бір дөп келетін тұсы осы болар-ау, сірə. Кадрлардың азғындауы тап
осылай жоғарыдан төмен қарай басталды, сыбайластықтың тұйық шеңбері
нығайды. Мұның бəрі де тоқыраудың болуына, қоғамдық-саяси өмірдің
тұйықталуына əкеліп соқты.
Тек қана елеулі де маңызды істерге, жұмыс мəселелеріне тұтасымен
берілу мүмкін болған бірде-бір жыл менің есімде жоқ. Уақыттың едəуір көп
бөлігі қаптаған қалың мерекелер мен салтанатты мəжілістер өткізуге
əзірленумен кететін. 1980 жыл — Қазақстанның 60 жылдығы, оған Л. И.
Брежневтің арнайы сапармен келуі, 1981 жыл — Қазақстанның Россияға өз
еркімен қосылуының 250 жылдығы, одан кейін — тың игерудің мерекесі.
Бұлардың бəрі дүркіреген салтанатпен атап өтілді.
1982 жылдың 12 қаңтарында Д. А. Қонаевтың 70 жылдығы атап
өтілді. Черненко қол қойған жеделхат келген таңертеңгілікте бұл оқиғаға
байланысты оның Қазан Революциясы орденімен наградталғанын біліп
едік. Бəріміз жиналып, бастығымызды құттықтауға барғалы жатканымыз да
сол еді, барлығыңыз да орын-орындарыңызда болыңыздар, хабар күтіңіздер
деген нұсқау алдық. Кешке қарай басқа бір жаңа хабар тиді: ол Социалистік
Еңбек Ерінің үшінші Алтын Жұлдызымен жəне Ленин орденімен
наградталыпты. Яғни аппарат бəрін де жасап үлгерген ғой (ал ондағылар
«өз адамдары» болатын), Черненко жасаған құжаттың жобасына, арада
бірнеше сағат өтпей жатып, Брежнев басқаша бұрыштама қойған болып
119

шыққаны ғой. Ал, ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жаңа
Жарғысын қабылдау дегеніңіз қолда тұрған, əдеттегі үйреншікті нəрсе. Ол
кезде Шербицкий, Алиев, Рашидов екі мəрте Еңбек Ері атанған болатын.
Үшінші жұлдызды алу, шамасы, олардан əлдеқайда жоғары əрі маңызды
орында тұруды білдіретін болғаны ғой. Өзіңіз ойлап қараңызшы, мұны
баланың тірлігі дейсіз бе, əлде көпті көрген дананың тірлігі дейсіз бе?
Айтпақшы, ол кезде орденді сұрап алу немесе белгі сапасын
ауыстырып ала қою едəуір кеңінен таралған құбылыс болатын. Ал,
мерейтойлар мен мол астық жиналған жылдары Орталық Комитет пен
басқа да басшы органдардың аппаратындағылардан кімдер наградталмады
дейсіз — тіпті техникалық хатшы қыздарға дейін, үй сыпырушылар мен
жеке бөлінген машиналардың жүргізушілеріне дейін наградталатын. Бұл
жерде мəселе олардың еңбегі елеулі түрде көтермелеуге тұрмайды деген сөз
емес. Əңгіме жұмыстың нəтижелерін бағалаудың бұрмалануы, адал
еңбекке ынталандырудың салауатты негізінің өзін тіпті елеусіз қалдыру,
сөйтіп, сайып келгенде, оны біржола бұзу туралы болып отыр.
Қалай дегенмен де əміршілдік-əкімшілдік жүйенің сойылын
соғушылар тұрғызған алдамшы амандық пен жалған тоқмейілсіну
ғимараты көп адамға əне-міне қирай бастайтындай болып көрінген кезең
де болды. Ю. В. Андропов СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы
болған сол бір қысқа ғана уақыт қаншалықты қарама-қайшы бағаланып
жүрсе де «алғашқы қоңырау» тап сол кезде соғылды. Партияда сергушілік
байқалды. Экономикадағы тоқырау туралы, даму қарқынының төмендеуі
туралы, тəртіпті нығайтудың жəне қызмет бабын қара басының қамына
пайдалануды əшкерелеудің қажеттілігі туралы, сынның өрісінен тыс
ешнəрсенің де болмауы жөнінде сөз қозғалатын болды.
Бұл жерде мынаны айту керек: СОКП Орталық Комитетін де қоса
алғанда барлық дəрежедегі аппараттарда бұл кезге дейін төрешілдіктің
жүйесі еңбекшілердің көптеген шағымдары мен арыздарынан қорғанатын
қуатты тосқауыл ұйымдастырып үлгерген еді. Бұл мəселелер бойынша,
бəріміз де жақсы білетініміздей, бірінен соң бірі дұрыс сияқты, тіпті қаһары
күшті қаулылар қабылданып жатты, соған қарамай, олар іс жүзінде орын
алып отырған озбырлықтың бетін бүркемелеуден артық ешнəрсе де емес
еді. Ымы-жымы бір сыбайластық байланыстардың жолға қойылғаны
соншалық, Москвадағы жоғарғы басшылыққа дейін жергілікті жердің,
айталық, біздің республикамыздың, басшылары керек еткен немесе қажет
120

деп тапқан мəселелер ғана жеткізілетін болды.
Андроповтың кезінде барлық жазбаша арыздар мен шағымдар қатаң
тексеріле бастады. Өзбекстандағы елеулі тəртіпсіздіктер мен заңды бұзу
əрекеттері ашылған кезде Алматыдағы, сондай-ақ көптеген облыстардағы
жоғары дəрежелі басшыларымыздың да мазасы кетіп, абыржи бастағаны
мəлім болды. Алайда алғашкы əбігерден кейін жергілікті басшылық
өздеріне қолайсыз өрбіген оқиғалардың мұндай бетбұрысына дегенмен де
белгілі бір дəрежеде бейімделіп алды. Қоғамда жинақталып қалған буды
өзіндік тəсілмен сыртқа шығарудың əдісі қолданыла бастады: барлық күш
кинотеатрлардың күндізгі сеанстарына баратын, магазиндер мен
шаштараздарда кезекте тұратын «қыдырымпаздарды» іздеп табуға
жұмылдырылды. Адамдарды тіпті моншалардың ішінде де «аулай»
бастады.
Ю. В. Андроповтың өмірден мезгілсіз кетуі, сонымен бірге саяси
ахуалдағы белгіленген өзгерістердің үзіліп қалуы біздің қандай жолға шыға
алуымыз мүмкін еді деген ұзақ ой толғап жатуға қандай да болсын елеулі
негіз бере алмайтын сияқты. Бір нəрсенің басы ашық: егер барлық, тіпті ең
ізгі ниеттердің өздері бедел биігі тұрғысынан жүзеге асыру арқылы
жалғастырылғанда да, олар бəрібір сөзсіз тұйыққа келіп тірелген болар еді.
Бірақ... Андропов арамыздан кетті, өмір өзінің ескі
арнасына тез қайта түсті. Менің СОКП Орталық Комитетінің
Пленумында К. У. Черненконы бас хатшы етіп сайлаудың куəсы болуыма
тура келген еді. Иə, оның денсаулық жағдайының қандай екенін жұрттың
бəрі де көрген болатын. Партияның XXVI съезінде ол Орталық Комитеттің
құрамына ұсынылған адамдардың аты- жөндерін дұрыстап оқи да
алмағаны бəріміздің ызамызды келтірген еді. Оның бүкіл ғұмыр бойы
аппараттарда, негізінен алғанда құжаттармен жұмыс істеуде болған
кеңсеші-қызметкер екенін жұрттың бəрі де білетін. Алайда ескі күштер
сыбайластықтың зардапты шеңберін тағы да тұйықтап алды. Бірақ
сонымен қатар бұл тұйық шеңбердің таяу арада сөзсіз үзілуі тиіс екені де
түсінікті болған еді.
Мені Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне
ұсынған кезде М. С. Горбачевпен болған əңгіме есімде жақсы сақталып
қалды. Əңгіме ұзақ əрі байсалды болды. Михаил Сергеевич менің өткен
өмір жолым, көптеген мəселелерді көтеріп жүргенім өзіне ұнайтынын
айтты. Ақырында мынадай сұрақ қойды.
121

— Қалай деп ойлайсың, өзіңнің жон арқаң мықты ма еді?
Оның не білгелі отырғанын мен əуелгіде түсінбей қалдым.
— Алда қиын кезеңдер тұр,— деп түсіндірді ол.— Тегеурінді
шайқастар мен күрестер болады. Оңайға түспейді.
Қалыптасқан ереже бойыша бұл əңгімеден кейін Черненкомен
кездесуім міндетті болатын. Бас хатшымен кездесудің қашан болатыны
туралы телефон қоңырауын күтіп қонақүйден шықпай отырып алуыма
тура келді. Осылай күтумен үш күн өтті. Ақырында телефон соғылды:
«Əзірше қабылдай алмайды — науқас. Ұшып кете бер» деді.
Бір аптадан кейін тағы да Москваға шақырды. Тағы да қонакүйде
күтумен отырдым. Үшінші күні телефон соғылды: «Əзірше күте бер,
Константин Устинович Москвада жоқ, шамасы қала сыртындағы
резинденциясында демалып жатқан болуы керек» деді. Бір күннен соң
баяғы тірлік тағы қайталанды. «Қабылдай алмайды, Алматыңа қайта бер»
деді.
Тек үшінші кезекте ғана мақсат орындалды. Черненкоға мені Е. К.
Лигачев ертіп барды. Бұл кездесуге менің мұқият əзірленгенім, ұялып
қалмас үшін республикадағы істің жайы туралы қандай да болсын сұрақты
алдын ала болжап, мұқият əзірленуге тырысқаным табиғи нəрсе еді. Біз
кабинетке кіргенімізде Константин Устинович өз столының басында
шаршап-шалдыққан, қажыған күйде отыр екен. Көзінің жанары сөніп бара
жатқан сияқты көрінді. Қатты ауырып отырғаны өңінен де байқалды —
шашы аппақ қудай, жүзінде қан-сөл жоқ. Қолын əрең дегенде енжар созды.
Е. К. Лигачев мен туралы айта бастады, одақтас республикалардың
барлық премьерлерінің ішіндегі ең жасы мен болатынымды да ескертіп
өтті. Черненко демін əзер алып, үн-түнсіз отырды. Лигачев өзінің сөзін
аяқтаған кезде ол ақыры алғашқы жəне соңғы бірден-бір сұрағын қойды:
— Мұның жасы қаншада?
— 44-ке қарай қадам басты, Константин Устинович. Ең жас
премьеріміз осы болады,— деп Егор Кузьмич тағы да қайталауға мəжбүр
болды.
Черненко күтпеген жерден орнынан көтерілді де, маған қарай жүрді.
Бірақ кенеттен теңселіп құлап бара жатқандай болды. Жанындағы əлуетті
жігіт оны зорға дегенде сүйеп үлгерді.
— Барған соң жолдастарға сəлем айтыңыз.
Көңілімді құлазыта əсер қалдырған қабылдау осымен бітті.
122

Мұндай кездесулерден кейін еріксіз ойға қаласың. 
Аса ірі мемлекеттің басында осындай адам да отырады екен-ау!
Басқа да ойлар келді. Өйткені мұндай жағдайдағы адамның бір нəрсеге
елеулі ықпал етуге қабілеті бола қоймайтыны айқын көрініп тұр еді. Олай
болса, мұндай Бас хатшыны өкімет билігінің өзіндік символы ретінде ұстап,
сол бір символикалық тұлғаның панасында емін-еркін рақат өмір сүру
əлдебіреулерге өте қолайлы болғаны ғой. Мысалы, біз Қонаевтан мынаны
естіп білдік. Саяси Бюроның арнайы жабық қаулысы қабылданыпты. Онда
Саяси Бюроның жасы асқан қарт мүшелеріне қысқартылған жұмыс күні
жəне аптасына бір рет — жұма сайын — қосымша үшінші демалыс күні
белгіленіпті. Сондықтан да олардың ешқайсысы да ерекше жан қинап
жұмыс істей қоймайтын, əдетте бейсенбінің өзінде-ақ бəрі де саяжайларына
кете бастайтын, онда таза ауа жұтып, арнаулы орындарда аң аулап
демалатын. Ал дүйсенбі күні Москваға қайтып оралатын. Жергілікті
басшылар да тап солай жасайтын. Олардың барлық міндеттері мезгіл-мезгіл
əйтеуір бір кеңес өткізіп тұруға, кейде бір облысқа барып қайтуға, шет
аймаққа шығуға, бұқаралық ақпарат құралдарында анда-санда көрініп
қоюға барып тірелетін: көсемдер қалғып-мүлгіп қарап отырған жоқ екен
ғой дегенді білдіргісі келгендегісі.
Мұндай ірі-ірі құрметті көрнекі кызмет орындары жергілікті
жерлерде де болды. Мысалы, республика Жоғарғы Кеңесі Президиумының
Төрағасы қызметінде кəрілікті əжептəуір қысқартуға болатын еді. 1984
жылы осы қызметтегі С. Н. Имашев қайтыс болғаннан кейін босаған
орынға республика Министрлер Кеңесінің жасы жеткен Төрағасы Б. Ə.
Əшімов жылжытылды. Осындай оп-оңай іске асқан ауыс-түйістің
нəтижесінде мен Қазақстан үкіметін баскаруға келдім.
Көптеген басқа да басшылар сияқты, бұл қызметте менің алдымда
болған адам негізінен бір ғана принципті басшылыққа алушы еді: ең
бастысы барлығы да ың- шыңсыз тыныш болғаны керек. Өзгелерді аз
мазаласаң, өзің де тыныш өмір сүресің. Тек жоғарғы жаққа жиі-жиі қарап
қою керек, өйткені бірінші басшыға дер кезінде жағыну жəне оның еркі мен
тілегіне қарсы келіп қалмау қажет. Мұндай айқындамадан ұтылмайсың,
Министрлер Кеңесінің бұрынғы Төрағасының омырауында Социалистік
Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызы жарқырап шыға келгені де содан еді.
Ең «қолайлы» деп саналатын сала — ауылшаруашылық өндірісінде
маған қандай мұраның қалғанын жоғарыда айтып өттім. Ал өнеркəсіп
123

проблемаларын шешудің дəстүрлі тəсілдері — жоспарларды орындау жəне
асыра орындау жолындағы күрес, оларға ұдайы түзетулер енгізіп отыру,
сырғытпа жауап жазу мен қосып жазу, қорлар мен қаржыларды іздестіру
жəне əзер дегенде сұрап алу — маған Орталық Комитеттің өнеркəсіп
жөніндегі хатшысы қызметінде бұған дейін болған жұмысымнан жақсы
таныс еді. Ол тəсілдер əбден титықтатып біткен болатын. Бозашы
түбегіндегі жəне Теңіз мұнай-кен орындарын, Қарашығанақ газ өндіру
орнын игеру жөніндегі орасан зор жұмыстар өріс алған кезде, Екібастұздың
электр станцияларының шоғыры жəне Шымкенттегі шина заводы
салынған кезде, Жаңа Жамбыл фосфор заводы кеңейтілген, Алға химия
комбинатын, жеңіл өнеркəсіп кəсіпорындарын — Қостанайдағы мəуіті-
шұға, Шығыс Қазақстандағы жібек маталар комбинаттарын салудағы
олкылықтарды жою кезінде өзімізге бұрыннан таныс проблемалардың
қыспағы арасынан қысылып-қымтырылып, зорға өтуге тура келген...
Алайда жылдар бойы қордаланып келген келеңсіз құбылыстардың
қандай да болсын белгілі бір себебін ашуға менің тарапымнан жасалған кез
келген əрекет Қонаев екеуміздің арамыздағы жатырқасу дуалын
бұрынғыдан да бетер қалыңдата берді. Бірінші басшының жеке басына тəн
қасиеттері мен ар-намысына дақ түсіруге ешқандай да қатысы жоқ кез-
келген қадамның өзі оның беделін түсіру үшін қасақана жасалған
зұлымдық əрекет есебінде бағаланды.
1985 жылы СОКП Орталық Комитеті сəуір Пленумының
шешімдерін жан жүрегімен қабылдаған жəне оған шын ықыласымен сенген
адамдардың ең ізгі ниеттері қасарысқан қарсылыққа неге душар болғанын
мен кейінірек қана түсіндім. Қоғам мен халықтың мүдделерін ондаған
жылдар бойы ең жоғарғы мақсат ретінде көпірме сөздермен жариялап
келген əміршілдік-əкімшілдік жүйенің ат төбеліндей аз ғана тобы өздерінің
іс-əрекеттерін бір ғана нəрсеге — өздерінің жағдайларын нығайтуға
жұмсап келді. Сондықтан да салтанатты түрде отырып алып, көркейіп өсе
түскен топ ол жүйеге ең кішкентай сызат түсіруге қабілетті нəрсенің бəрі де
мейлінше нақты адамдардың қаймағы бұзылмай отырған тыныш өміріне
қатер төндіру болып табылады деп негізсіз есептеген жоқ.
Орталық Комитеттің сəуір Пленумының біздің өмірімізде қандай
роль атқарғаны туралы жеткілікті айтылды да, жазылды да. Көзге көрініп
тұрған айқын ақиқатты тағы да еске салып, босқа уақыт кетіріп жатпауға
да болатын сияқты еді. Бірақ осы бір, еліміз үшін тарихи оқиға болып
124

табылатыны сөзсіз окиғаға баға берудің не бары алты жыл ішінде адам таң
қаларлықтай құбылып, өзгеріп отыруы мені қайран қалдырады. Мен біздің
қоғамымызда партияның өзінен өзге, оның басшылық буындарындағы
партиялық бұқараның ең қалың топтарына арқа сүйеген салауатты
тобынан өзге өмірімізді жаңа арнаға қарай батыл бұруды жүзеге асыруға
қабілетті бірде-бір күштің жоқ болғанына кəміл сенемін. Маған сол кезде
басталған ізгі процесті қайдағы бір «жоғарыдан жасалған революция» деп
қарадүрсін түсінуге болмайтын сияқты көрінеді. Жоғарыда отырғандардың
«сарай төңкерісі» тəрізді əлдебір нəрсені жүзеге асыруға жасаған əрекеттері
сөзсіз сəтсіздікке ұшыраған болар еді, немесе, зор дегенде, бұған дейінгі
жүйені өзгерте алмаған болар еді. Алайда 1985 жылғы сəуірде қолға
алынған нəрсенің «төменгі» бұқараның тарапынан батыл жəне кең қолдау
таппай қоймайтыны бірден белгілі болды. Солай болып шықты да. Оның
үстіне тоқыраудың зардапты дəстүрлерін батыл бұзып-жарған партияның
роліне ешкімнің де күмəны болған жоқ.
Алғашқыда КПСС-тің сіңірген еңбегіне неғұрлым батыл шараларды,
кейде тіпті шектен шыққан шараларды қолдаушылардың өздері де
күмəнданған жоқ. «Өзге жол жоқ» деген үзілді-кесілді батыл атауы бар
кітапты жұртшылықтың тіпті де бір мəнді қабылдамағаны есімде. Ол кітап
қайта құрудың алғашқы жылдарының ең батыл идеяларын қамтыған еді.
Кітаптың құрастырушысы жəне жауапты редакторы тарихшы Ю. Н.
Афанасьевтің жазған алғысөзінде бұл кітаптың «СОКП-ның жаңа
саясатының перспективалары туралы жəне оны жүзеге асыруға ненің жəне
кімдердің кедергі жасап отырғаны туралы» екендігі ашық айтылған. Бірақ
осы басылымдағы баспахана бояуы кеппей жатып-ақ, оның авторларының
көпшілігі тап əлгі «жаңа саясатқа» жабыла шүйлікті, партияның саяси
аренадан кетуін талап етті, СОКП мүшелерінің барлығын да оңды-солды
қаралаумен болды. Сол адамдардың кісі таң қаларлық логикасы бойынша,
партия қайта құруды бастай салысымен-ақ оны жүзеге асыру жолындағы
кедергіге айналған болып шықты. Ал маған партияның салауатты күштері
ең алдымен əміршілдік-əкімшілдік өктемдіктің орнына өздерінің
демократиялық орауға алынған бедел биігінен жасалатын билігін жаңа
өзгерістер жасағансып тықпалағысы келетін адамдарға кедергі болған
сияқты көрінеді. Идеялардың түбірлі өзгерістер кезеңіндегі табиғи күресі
атаққұмарлықтың, шамшылдықтың күресіне тегіннен-тегін, кездейсоқ
айналған жоқ. Бұл күресте ақиқатқа деген құқты баса-көктеп тартып алуға
125

тағы да əрекет жасап отырған шағын топтың ықпал жасағаны белгілі.
Сəуір пленумы шешімдерінің партиядағы істің жағдайына тигізген
ықпалы туралы кейбір адамдарда қарадүрсін пікір қалыптасты. Көптеген
адамдарға сол Пленумнан кейін, бейне бір сиқырлы таяқшаны сілтеп
қалғандағыдай, жергілікті жерлердегі жаңа өмірді емін-еркін жəне тып-
тыныш реттей беруге болатындай көрінеді. Қазір мен есіме алып қарасам,
Қазақстан Компартиясының салауатты күштерінің бəрін де бұрынғы
қалпында сақтауға тырысқан ескі басшылықтың бұдан былай төзуге
болмайтын ниеттеріне ашықтан-ашық қарсы шыға алуы үшін ғана бір
жылдай уақыт қажет болған екен. Мұның өзі ең алғаш рет, шамасы, 1986
жылы ақпанда республика Компартиясының XVI съезінде болды ғой
деймін. Д. А. Қонаев бұрынғы дəстүр рухында жасаған Орталық
Комитеттің Есепті баяндамасы талқыланғаннан кейін менің «ССРО-ның
1986—1990 жылдарға жəне 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған
экономикалық жəне əлеуметтік дамуының Негізгі бағыттарының жобасы
туралы» баяндама жасауым керек еді. Қазақстанның шаруашылық жəне
басқа салалардағы өмірінде орын алып келген жағдайдың көрінісін
неғұрлым толығырақ қайталап көрсету үшін өз баяндамамда сол келеңсіз
мəселелерге катысты жайларды съездің стенограммасы бойынша егжей-
тегжейлі келтіре кетуді жөн көрдім:
«...Өнеркəсіптің бірқатар салаларында бесжылдық тапсырмалары
орындалмады. Өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігінің өсу қарқыны жалпы
алғанда тиісінше 3,6 жəне 4,6 пункт кем болды. Өнім беру жөніндегі
шарттық міндеттемелерін əрбір төртінші кəсіпорын орындамады, ал қор
қайтарымы 15 процент кеміді. Жүргізілген тексерудің деректеріне
қарағанда, соңғы 9 жылдың ішінде тапсырылған 334 объектінің тең
жартысына жуығы нормативті қуатына жеткен жоқ. Село еңбеккерлері де
көп қарыздар болып қалды. Мемлекетке бес жылдың ішінде 18,5 миллион
тонна астық кем берілді, малшаруашылық өнімінің негізгі түрлері бойынша
да тапсырмалар орындалған жоқ. Құрылыста 2,7 миллиард сом күрделі
қаржы кем игерілді.
Жол берілген артта қалушылық едəуір дəрежеде жекелеген
министрлердің, комитеттер мен облыстық атқару комитеттері
төрағаларының жұмысты СОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы сəуір
Пленумының нүсқауларына сəйкес қайта құра алмағанының, өз күш-
жігерін мемлекеттік жоспар тəртібін нығайтуға емес, көбіне-көп
126

жоспарларға түзету енгізу үшін алуан түрлі себептер мен дəлелдер табуға
жұмсағанының салдары. Өздерін статистикалық мəліметтердің орташа
тəуірлігімен жəне қарамағындағы адамдардың табысқа жеттік деген
даурықпасымен жұбатып, олар қалыптасқан жағдайға белсене араласудың,
оны жақсы жағына қарай өзгертудің орнына сол жағдайға бейімделу
позициясын ұстады.
Жергілікті жерлерде қалыптасқан, жекелеген табыстарды
бадырайтып көрсетудің жəне қайдағы бір еңбегі үшін аудандық жəне
облыстық бастықтарды мадақтаудың əлі жойылмаған стилі өзінің теріс
зардаптарын тигізуде. Осының бəрінің мүмкін болуының тағы бір себебі —
республика басшылығы мұндай жарамсыз жұмыс əдістерін дер кезінде
жəне партиялық принциптілікпен тыйып отырмады...
...Академияның президенті А. М. Қонаев бастаған оның басшылығы
істі енжар, тиісті инициативасыз жүргізеді. Академия басшылығы
республиканың ғылыми күштерін ғылымның өзінің жəне халық
шаруашылығының іргелі проблемаларын шешуге жұмылдыра алмады.
Сондықтан да академияның бірде-бір институтының елімізде құрылған
салааралық ғылыми-техникалық комплекстер құрамына енбей қалуы, ал
бүкіл өткен бесжылдық тұсында бірде-бір лицензиялық келісім жасалмауы
тіпті де кездейсоқ емес. Енгізілген бір шешімнің экономикалық пайдасы
өткен жылы 1980 жылмен салыстырғанда 2 еседей кемігені, ал Ғылым
академиясының 76 ұсынысынан, олардың ақаулықтарының көп болуы
себепті, үстіміздегі жылдың мемлекеттік жоспарына тек 5 ұсыныс,
министрліктер мен ведомстволардың жоспарларына — 9 ұсыныс қана
енгізілуі де көңілге күдік ұялатады.
Республика Ғылым академиясы бізде сын айтылмайтын ұйым
болғанын да бүгін съезде ашық айтуымыз керек. Онда жарамсақтық,
жағымпаздық ахуалы жасалған. Сондықтан болуы керек, Ғылым
академиясының президенті Министрлер Кеңесінің мəжілістерінде де,
баланс комиссияларында да төбе көрсетпейді. Сөйтіп, ол өз міндетін
атқарудан бойын аулақ салып отыр. Димаш Ахметұлы, оны тəртіпке
шақыратын кез жетті деп ойлаймыз.
...Егістіктің бестен бір бөлігінде егіншілік бұрынғысынша жүйесіз
жүргізіледі... Суармалы жерлерде əлі де тиісті тəртіп орнатылған жоқ. Жыл
сайын олардың 40—80 мың гектары суарылмай қалады...Мал санының өсуі
қолда бар жемшөп базасына сай келмейді. Ең басты нəрсе — мал
127

өнімділігін арттыру назардан тыс қалып қояды.
1985 жылы сүт дайындау жөніндегі жағдай біршама түзетіліп, əрбір
сиырдан 1993 килограмм сүт сауылды. Бірақ бұл 1970 жылдың деңгейі ғой!
Ірі қара малдың етке тапсырғандағы орташа салмағы өткен жылы 344
килограмм — яғни 1980 жылғыдан 60 килограмм кем болды, ал Қостанай,
Талдықорған жəне Семей облыстарында - бұл көрсеткіш 70-тен 109
килограмға дейін кеміп кетті. Қойдың етке тапсырғандағы салмағы —3
килограмм жəне қырқылған жүн 400 грамм кеміді... Мал
шаруашылығындағы қандай да бір табыстар туралы айтудың жөні жоқ.
Керісінше, бұл салада бұрын алынған позициялар жоғалтылып, бесжылдық
ішінде жоспардағыдан сойыстық салмағымен 385 мың тонна ет, 152 мың
тонна сүт жəне 6 мың тоннадай жүн кем берілді...
...Соңғы 10 жылда селоға 32 миллиард сомнан астам күрделі қаржы
жұмсалды, өндірістік қорлар 1,8 есе, тыңайтқыш беру—2,4 есе ұлғайды,
бірақ шаруашылықтардың жалпы өнімі — не бары 23 процент көбейді.
Еңбек өнімділігі де өскен жоқ.
Республика совхоздарында 1981—1984 жылдардың ішінде сүттің бір
центнерінің өзіндік құны 7 сом, сиыр еті —71, шошқа еті —31 жəне қой еті
—32 сом артты. Министрлер Кеңесінің тексеруі арқылы анықталғанындай,
егер өткен жылы Қызылорда, Торғай жəне Ақтөбе облыстарының əрбір
үшінші дерлік шаруашылығында мал басының кем шығу жəне мал санын
есептен жасыру фактілері орын алып отырса, өзіндік құн қалай
қымбаттамайды. Осы облыстардың ғана қоғамдық малында жеке адамдарға
қарасты 23 мың ірі қара, 130 мың қой жəне 10 мыңға жуық жылқы заңсыз
бағылған. Қызылорда облысындағы бір ғана «Жіңішкеқүм» совхозының
отарларында, мысалы, басшылар мен мамандардың 400-ге жуық қойы
бағылған.
Жеп қою мен талан-таражға салудың салдарынан республика
совхоздарында 5 жылдың ішінде 120 мыңға жуық ірі қара, 1,7 миллион қой,
42 мыңдай жылқы мен шошқа кем болып шықты.
Осы өрескел фактілерге жергілікті партия жəне совет органдарында
да, бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрлігінде де қатаң принципті баға
берілмегені ерекше алаңдатады. Бұған, сірə, Халықтық бақылау
комитетінің ресми жазбасына Орталық Комитеттің бюросы мен
секретариаты тарапынан ешқандай көңіл бөлінбегенінің де салқыны тиген
болар, ал бұл облыстарда малды жеп қою мен талан-таражға салудан
128

келтірілген зиян бір жыл екі айдың ішінде ғана 26 :миллион сомнан асты...
Республикада жоспардан тыс құрылыс салудың зиянды практикасы
əлі де жойылмай келеді... Жоспардан тыс объектілердің пайда болу себебі
көбіне-көп кейбір басшылардың ешнəрсемен есептеспестен, «абыройлы»
дейтін объектілерді салуға əуестігі болып табылады. СОКП Орталық
Комитеті айыптаған бұл практика Шымкент, Қарағанды жəне Шығыс
Қазақстан облыстарында орын алды. Алматыда облыстық жəне қалалық
партия комитеттерінің бұрынғы басшылығының талап етуімен


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет