Жоспары
1.1 Бастауыш мектеп оқушыларына сөйлем мүшелері туралы түсінік беруде атқарылатын жұмыстар 4
1.2 Бастауыш сыныптарда сөйлем мүшелерін оқыту тұжырымдамасы 11
ІІ. Негізгі бөлім 19
2.1 Бастауыш сыныптарда сөйлем мүшелерін оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер 19
2.2. Сөйлемді дұрыс талдау кепілі – сөйлем құрылымын, семантикасын және коммуникативтілігін негізге алу 27
ІІІ. Қорытынды 32
ІV. Пайдаланылған әдебиеттер 33
І.КІРІСПЕ
Егеменді еліміздің тірегі - білімді ұрпақ десек, білімнің негізі бастауышта қаланатыны белгілі. Бастауыш сыныптағы әртүрлі пәндер оқушы білімін дамытып, танымдық қабілетін сомдауға үлкен үлес қосады.
Оқыту үдерісін түрлендіру, жаңашылдыққа үндеу үрдісі мұғалімдердің қызығушылығын, шығармашылық ізденісін, сабақтың сапалы, жүйелі, жоспарлы болуына алып келеді.
Қазіргі оқу үдерісін ұйымдастыру тек қана білім берумен ғана шектелмей, оқушының жан-жақты дамуына, ақыл-ойы мен ойлау тәсілдерін үйрету, талдау жасау, салыстыру, байқау мүмкіндіктеріне баулу және қорытынды шығаруға үйрету, дағдыландыру - біздің басты мақсатымыз.
Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында бастауыш білім берудің мақсаты: кең ауқымды дағдылардың негіздерін меңгерген оқушы тұлғасының үйлесімді қалыптасып дамуына қолайлы білім беру ортасын құру.
Осы мақсатқа сай қазіргі заман оқушыларынан кең ауқымды дағдылар талап етіліп отыр:
білімді функционалдықпен және шығармашылықпен қолдану;
сын тұрғысынан ойлау;
зерттеу жұмысын жүргізу;
ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану;
коммуникативті қарым-қатынас тәсілдерін, оның ішінде тілдік дағдыларды пайдалану;
топпен және жеке жұмыс жасай білу.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететін мәселелер аз емес. Солардың бірі - сөйлем мүшелерін оқытудың жолдарын айқындап көрсету.
Сөйлем мүшелері синтаксистің күрделі мәселелерінің бірі. Синтаксистік талдау жасауда негізгі рөлді атқаратын - сөйлем мүшелері. Сондықтан да сөйлем мүшелерін оқытуда бүгінгі күні қандай әдіс-тәсілдер қолданылып жүр? Олар сөйлем мүшелерін оқытуда тиімді ме? деген сұрақтар өзінен өзі туындайтыны сөзсіз. Оның үстіне жоғары сыныптарға қарағанда бастауыш сыныптардағы білім беру әдіс-тәсілдері арасында үлкен айырмашылық бар екендігі айтпаса да түсінікті. Себебі оқушының жас ерекшеліктеріне байланысты оның қабылдау ерекшеліктері де басқаша болады. Он төрт-он бес жасар оқушыға бір ережені үш-төрт рет оқытып, оны жаттығу жұмысы барысында қолданса, оқушы оны меңгеріп ала алады. Ал бастауыш сынып оқушысына бұл жеткіліксіз. Оған алдымен оқытып, сосын өзіне түсінікті сөздермен түсіндіріп, оңай деген тапсырмалардан бастап орындатып, ойын арқылы оның есінде қалдыруға күш салмаса, оқушы ол дүниені меңгеруі қиын болады. Осы жерден бізде келесі маңызды бір сұрақ келіп шығады: Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқытуда қандай әдістер тиімді болып саналады? Сөйлем мүшелерін қай әдіс бойынша, қандай тәсілдерді қолдану арқылы оқытқан дұрыс? Қайтсек оқушы алған білімін өмірде қолдана алатын болады? Демек, осы мәселелерді шешу барысында, бастауыш сыныптарда сөйлем мүшелерін оқытудың тиімді жолдарын анықтау - тақырыптың өзектілігін дәлелдейді.
Зерттеу жұмысының мақсаты: бастауыш сыныптарға білім беру үдерісінде қазақ тілін оқыту әдістемесінде өзіндік орны бар сөйлем мүшелерін оқытуда қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдерді айқындау.
Зерттеу жұмысының міндеттері:
Бастауыш сынып оқушыларына сөйлем мүшелері туралы түсінік беруде атқарылатын жұмыстарды анықтау;
Бастауыш сыныптарда сөйлем мүшелерін оқыту тұжырымдамасына тоқталу;
Бастауыш мектепте сөйлем мүшелерін оқытудың әдістемесі туралы сөз қозғау;
Бастауыш сыныпта сөйлем мүшелерін оқытуда заманауи әрі тиімді әдіс-тәсілдерін қарастыру;
Зерттеу жұмысының объектісі: бастауыш сыныптардағы қазақ тілі сабақтарында сөйлем мүшелерін оқыту үдерісі.
Зерттеу жұмысының пәні: қазақ тілі сабағындағы сөйлем мүшелері тақырыбы.
Зерттеу жұмысының әдіснамасы: Қ.Молдабековтің Бастауыш сыныпта тіл дамыту туралы зерттеуі, С.Ахметовтың Бастауыш сыныпта білім берудің тиімділігін арттырудың жолдары еңбегі, М.Балақаевтың Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту методикасы оқулықтары.
Жұмысты орындау әдістері. Жұмысты жазу барысында тақырыпқа байланысты ақпаратты жинақтау, сараптау, ғылыми сипаттама беру, талдау, ғылыми қорытынды жасау әдістері қолданылды.
Достарыңызбен бөлісу: |