Байланысты: 1. 1 Бастауыш мектеп о ушыларына с йлем м шелері туралы т сінік
Сөйлем мүшесі деп сөйлем құрамында тұрып, белгілі бір сұрауға жауап беретін толық мағыналы сөзді, сөз тіркесін не күрделі сөзді атаймыз.
Сөйлем мүшелері сөйлемдегі маңызына, қызметіне қарай тұрлаулы мүшелер және тұрлаусыз мүшелер болып екі топқа бөлінеді.
Сөйлемде сөздер бір-бірімен грамматикалық байланысқа түсіп, белгілі мағынаны, ұғымды білдіріп, ой білдіруге себебін тигізіп тұрады. Сөйлем ішінде басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түсіп, белгілі бір сұраққа жауап бере алатын мағыналы сөзді я сөз тізбегін сөйлем мүшесі дейміз. Сөйлем мүшелері атқаратын қызметі жағынан бастауыш, баяндауыш, толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыш болып беске бөлінеді. Олар сөйлем құрай алу қасиетіне байланысты тұрлаулы мүше және тұрлаусыз мүше болады. Бастауыш пен баяндауышты тұрлаулы мүшелер, ал анықтауышты, толықтауышты, пысықтауышты тұрлаусыз мүшелер дейміз.
Бастауыш - сөйлемде атау септігінде тұрып, ойдың кім, не жайында екенін білдіріп, баяндауышпен қиыса байланысатын тұрлаулы мүше. Бастауыш кім? не? кімдер? нелер? кімім? нем? кімі? несі? және басқа сөз топтарының заттанып, атау септігіндегі сұрақтарына жауап береді. Бастауыш атау септігінде зат есім мен есімдіктен болады: Бәйге бригадаға берілді. Сіз өз басыңызды ғана ойламаңыз. (Ғ. Мұст) Атау септігінде тұрып заттанған басқа сөз топтары да (сын есім, зат есім, етістіктің есімше, тұйық етістік түрлері т.б.) бастауыш қызметін атқарады.
Баяндауыш - сөйлемде жіктеліп келіп бастауыштың қимылын іс-әрекетін, кім екенін білдіріп, онымен жақ жағынан, кейде жекеше, көпше (1-2 жақта) түрде қиыса байланысын қолданылатын тұрлаулы мүше. Баяндауыш не істеді? қайтті? неғылды? деген сұрақтарға жауап береді. Кейде сөйлемде бастауыш тасаланып жасырын да тұрады, ал оның қай сөз екенін баяндауыштан анықтауға болады.
Толықтауыш - сөйлемде атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде тұрып, бір мүшені заттық мағына жағынан толықтырып тұратын тұрлаусыз мүше. Толықтауыштың сұрақтары: кімді? нені? кімге? неге? кімде? неде? кімнен? неден? кіммен? немен? кім (не) туралы жөнінде? кім (не) жайында?
Анықтауыш - сөйлемде зат есімнен болған не заттық мағынада қолданылған мүшені сын-сапалық, сан-мөлшерлік, меншіліктік–қатыстың жағынан анықтап тұратын тұрлаусыз мүше. Анықтауыш қандай? қай? кімнің? ненің? қайдағы? қашанғы? қанша? неше? нешінші? қайткенде? не еткенде? деген сұрақтардың біріне жауап береді. Құрамына қарай дара (қара), күрделі (қара көк) болып екіге бөлінеді.
Пысықтауыш - сөйлемде іс-әрекет, қимылдың жай-күйін, амалын, мөлшерін, мезгіл-мекенін, себеп-мақсатын білдіретін тұрлаусыз мүше. Пысықтауыш қалай? қайтіп? қашан? қайда? қайдан? неліктен? не себепті? кім үшін? не үшін? не істеуге? не мақсатпен? не арқылы? кім арқылы? неше рет? Деген сұрақтарға жауап береді. Пысықтауыш болатын сөз табы – үстеу. Сонымен бірге барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі зат есімдер, кейде сын есім мен сан есім, етістіктің көсемше түрі барыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі сөз бен қарай, таман, шейін, дейін, бола, соң, кейін, ары, бері, бұрын бірге, қабат,қатар және септік тұлғасыз сөз бен арқылы, арқасында, үшін, сайын септеулік шылаулардың тіркесінен құралған тізбектер де пысықтауыш қызметін атқарады. Құрамына қарай дара (үшін), күрделі (ермек үшін) болып екіге бөлінеді. а) Қимыл-сын пысықтауыш қалай? қалайша? қайтіп? неше рет? не арқылы? ә) Мезгіл пысықтауыш қашан? қашаннан бері? қай кезде? қашанға шейін? б) Себеп пысықтауыш неліктен? не себепті? не үшін? в) Мақсат пысықтауыш не мақсатпен? неге бола? неге? не үшін?
Қазіргі таңда қазақ тілінің синтаксис саласында дамыта оқыту мәселесі тілдік қатынасқа байланысты ауызша және жазбаша жұмыстар арқылы іске асады. Осыған орай сөйлесім әрекетінің 5 түрі бар:
1. Оқылым.
2. Жазылым.
3. Тыңдалым.
4. Айтылым.
5. Тілдесім.
Жоғарыда аталған сөйлесім әрекетінің 5 түрі бастауыш сынып оқушыларына тікелей қатысты екенін ұмытпаған жөн. Себебі бүлдіршіннің дүниеге көзқарасын, қоршаған ортамен қарым-қатынасын дұрыс бағытта қалыптастыру үшін бұл аспектілерді қатаң түрде сақтау - оның болашақта қандай адам болып қалыптасатынына тікелей әсер етеді [1,15].
Ғалым Ф.Оразбаева өз еңбегінде: Жазылым термині жазу деген мағынаны емес жаза білу, ойыңды басқа біреуге түсінікті болу үшін қағаз бетіне сауатты жеткізе білу дегенді білдіреді дейді.
Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы грамматикалық таңбалардың тізбегі мен мағыналық жүйесі арқылы, яғни жазылым әрекеті арқылы іске асады десек, бастауыш сынып оқушысы үшін жазуды үйрену - өз ойын біреуге жеткізудің негізгі құралы.
Қазақ тілінің синтаксис саласынан жазылым әрекеті арқылы дамыта оқыту мынадай жазба жұмыстары арқылы іске асады:
1. Жаттығу жұмыстары.
2. Шағын мәтіндер.
3. Жүйелі жазба жұмыстары.
4. Бақылау жұмыстары.
5. Диктант.
6. Жазбаша ойын түрлері.
7. Іс қағаздары.
Қазақ тілін үйретуде бұл жазба жұмыстарының барлық түрі арнайы зерттеуді қажет етеді.
Синтаксис саласын оқытуда кейде анықтамаларда айтылмаған белгілердің өзін жаттығу барысында байқатуға тура келеді. Мысалы, кітапта: Аяқталған ойды білдіретін сөздер тобын сөйлем дейміз деген анықтама берілген. Бұл - сөйлемнің мағыналық қана белгісі. Ал басқа белгілері (сөйлемдегі сөздер бір-бірімен байланысты болады. Әр сөйлемнің аяқталғанын дауыс ырғағынан байқауға болады) анықтамада көрсетілмейді. Бірақ оқушылар сөйлемдермен танысу, оларды талдау барысында сөйлемнің қалған (айтылмаған) белгілерін де меңгереді. Олар сөйлемдегі баяндауыштың маңына топталатынын, сондай-ақ сұраулы, хабарлы, лепті сөйлемдерде белгілі бір дауыс ырғағы болатынын біледі [2,94].
Ендеше, сөйлем туралы түсінікті қорытындылау барысында оқушылардың көңілін тек анықтамада көрсетілген белгіге ғана аударып қою жеткіліксіз, сонымен қатар сөйлем жөнінде олардың алған мағлұматтарын толық жинақтап нақтылау бала ұғымының айқындала түсуіне мүмкіндік береді.
Әрбір анықтаманы оқушылар саналы меңгеру үшін мұғалім:
Оқушының грамматика оқулықтарынан ғана мысал келтіріп қоюымен қанағаттанбай, өз ойынан немесе оқыған көркем шығармаларынан ойланып, мысал айтуын талап етеді.
Анықтама өтілгеннен кейін дайын мәтін береді де, соның ішінде анықтама бойынша қажетті сөзді немесе сөз тіркестерін тапқызады. Кей балалардың өздері ойлап тапқан мысалдарын талдату арқылы пікірлерін дәлелдеуді талап етуге де болады.
Анықтама бойынша берілген ұғымның негізгі белілерін санап көруді ұсынады.
Анықтамалар мен ережелерді дәл, анық, толық айтуға үйретеді.
Тіл білімінің синтаксис саласын өткен кезде оқушылардың алған білімін бекіту мақсатында жүргізілетін жаттығуларға жалпы мына сияқты талаптар қойылады:
Белгілі бір жаттығуды орындау үшін оқушылардың сол жаттығуды орындарлық білімі болуы шарт.
Оқушылар жаттығуды не үшін орындайтынына, оның қандай пайдасы барлығын түсінсе ғана, оны саналы орындайды. Жаттығуларды түсініп орындағанда ғана белгілі бір дағды қалыптасады.
Жаттығу оқушының қызығуын, ынтасын, ықыласын арттыруға тиіс. Ол үшін жаттығу түрлендіріліп берілуі шарт, өйткені бір сарынды жаттығу оқушылардың зейінін, қабылдауын, белсенділігін нашарлатады.
Жаттығулар кездейсоқ болмай, белгілі бір жүйемен орындалып отырылуы шарт.
Жаттығу жұмыстары тек таяуда ғана өтілген материалдарға негізделмей, бұрын өтілген кейбір материалдарды да қамтуы керек.
Бір жаттығу ұзақ уақытқа созылмауға тиіс. Әсіресе, балалардың жасы неғұрлым кіші болған сайын жаттығу да қысқа уақытқа мөлшерленеді де, үнемі жиі-жиі қайталауға негізделеді.
Шығармашылық жаттығулар көбірек болуы қажет.
Әр жаттығу оқушы еңбегінің нәтижесін көрсетіп отыруға тиіс.
Жаттығулар оқушы ойына әсер етуі жағынан аналитико-синтетикалық болғаны жөн: яғни грамматикалық талдау, сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер мен мәтіндер құрастыру; салыстыру арқылы ұқсастық пен ерекшеліктерді табу, топтау; өз пікірлерін дәлелдей алып, білгендерінен жалпы қорытынды шығара білу.
Жаттығу жұмысының барысында оқушылардың оқудан алған білімдері бекіп, өз беттерімен жұмыс жасау дағдылары қалыптасады [3,72].
Синтаксис бойынша жүргізілетін жаттығулардың ішінде кең тарағаны грамматикалық талдау болып табылады. Грамматикалық талдау жалпы түрде де, белгілі бір тақырыпқа байланысты жеке де, сондай-ақ ауызша да, жазбаша да жүргізіледі. Ауызша талдауда оқушылар бұрын оқылғандарына тоқталады, сөйлемдегі тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелерді көрсетеді, оқытушының сұрауларына жауап береді, өз бетімен мысалдар келтіреді. Жазбаша талдауда оқушылар сөйлем мүшелерін талдай отырып, олардың астын сызады немесе оларды айырып жазады, сұраулар қояды.
Грамматикалық талдау мазмұны жағынан морфологиялық, синтаксистік немесе аралас талдау болып бөлінеді. Көлемі жағынан толық немесе ішінара талдау болады.
Сөйлем мүшелері жайлы түсінік бергенде, олардың дара, күрделі, бірыңғай түрлері бары ескеріледі. Ал оларды арнайы оқытқанда, оқушыларға бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігін таныту мақсаты көзделеді. Оқушыларға сөйлем мүшелері жайлы түсінік бергенде қандай мүшенің дара, күрделі, бірыңғай мүше деп аталатының түсіндіріледі. Сөйлем мүшелерінің жоғарыда келтірілген түрлерінің қарағанда олардың жасалуын меңгеру қиынға соғатыны белгілі. Сондықтан да түрлі кестелер арқылы сөйлем мүшелерінің құрамын салыстырмалы әдіспен бір-бірімен салыстыра отырып түсіндіру аталған мәселеде елеулі көмек болары белгілі. Мұндай жұмыстар оқушылардың белсенділігін арттырады және жаңа материалды өздігінен іздене отырып білуіне қозғау салады [4, 152].
Енді алған білімдерін дағдыға айналдыру үшін оқушыларға мәтін беріп, сол мәтіннен сөйлем мүшелерінің құрамдық түрлерін анықтауды тапсыруға болады: дара, күрделі сөйлем мүшелерін табу, күрделі сөйлем мүшелерінің жасалу жолын түсіндіру; мәтіннен бірыңғай мүшелері бар сөйлемді теріп жазу; мәтіндегі бірыңғай мүшелері бар сөйлемнің тыныс белгілерін қойып жазу; ойдан жалпылауыш сөзі бар бірыңғай сөйлем мүшелері бар сөйлемді мысалға келтіру.
Келесі бір ескеретін жай - жаттығулардың барлығын тек қана жазбаша, немесе тек қана ауызша орындата беруге болмайды. Білім берудің қазіргі талаптары бойынша оқушы әрі жазып, әрі тыңдап, әрі сөйлеп үйренуі керек.
Жоғарыда баяндалған жүйемен, санамалап берілген жұмыстарды орындата отырып, оқушыларға сөйлем мүшелерін тиімді меңгертуге болады.
Сонымен, қорыта келсек синтаксисті оқытуда бастауыш сынып оқушыларына сөйлем мүшелерін меңгерту маңызды орын алады. Ал бұл мәселені сөз ету үшін сөйлем мүшелерін оқытудың дұрыс әдістемесін ұсыну қажет. Оқушыға сөйлем мүшелері жүйелі оқытылған жағдайда ғана ол синтаксистік талдауды сауатты жасай алады.