«Бастауыш мектепте критериалды бағалау» ЖОО-дағы оқу пәні ретінде (Менталды карта әдісі арқылы талдау) Қазақстан үшін ұсынылып отырған жаңа критериалды бағалау жүйесі білім алушының дамуын, оның қызығушылығын және оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталады. Егер әр білім алушыға және оның ата-анасына түсінікті болатындай нақты әрі өлшемді бағалау критерийлері белгіленетін болса, бұған жетуге әбден болады.
Анық құрастырылған бағалау критерийлерінің көмегімен мұғалім де, білім алушы да:
• Білім алушы оқытудың қай сатысында?
• Олар білім алуда неге талпынады?
• Бұған жетуге көмектесу үшін не істеу керек? екенін түсінеді. Критериалды бағалау жүйесінің мақсаты бағалау критерийлерінің негізінде білім алушылардың оқу жетістіктері туралы шынайы ақпарат алу және оқу үдерісін жетілдіре түсу үшін оны барлық қатысушыларға ұсыну.
Критериалды бағалау жүйесінің міндеттері: 1. Оқу үдерісінде бағалаудың қызметі мен мүмкіндіктері аясын кеңейту;
2. Жүйелі кері байланыс орнату арқылы білім алушылардың өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыруына жағдай жасау;
3. Бірыңғай стандарттарды, сапалы бағалау құралдарын, механизмдерін қалыптастыруға көмектесу;
4. Қолжетімді, нақты, үздіксіз: – білім алушыларға олардың оқу сапасы туралы; – мұғалімдерге білім алушылардың ілгерілеуі туралы; – ата-аналарға оқу нәтижелерінің деңгейлері туралы; – басқару органдарына ұсынылған білім беру қызметінің сапасы туралы ақпараттар ұсыну.
КРИТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАУДЫҢ ҚАҒИДАТТАРЫ (ПРИНЦИПТЕРІ) Критериалды бағалау төмендегідей қағидаттарға (принциптерге) сәйкес жүзеге асырылады: • Оқыту мен бағалаудың өзара байланысы. Бағалау оқытудың ажырамас бір бөлігі болып табылады, ол оқу бағдарламасындағы мақсаттармен, күтілетін нәтижелермен тікелей байланысты.
• Шынайылық, сенімділік және валидтілік. Бағалау дәл және сенімді ақпаратты ұсынады. Қолданылатын критерийлердің, құралдардың оқу мақсаттарына жетуге, күтілетін нәтижелерді бағалайтынына сенімділігі болады.
• Ашықтық және қолжетімділік. Бағалау түсінікті, айқын ақпараттарды ұсынады, сондай-ақ, барлық оқу үдерісіне қатысушылардың қызығушылығын, жауапкершілігін арттырады.
• Үздіксіздік. Бағалау білім алушылардың оқу жетістігінің ілгерілеуін дер кезінде және жүйелі қадағалап отыруға мүмкіндік беретін үздіксіз үдеріс болып табылады.
• Дамуға бағыттау. Бағалау нәтижелері білім алушылардың, мұғалімдердің, мектептің, білім беру саласының даму бағытын анықтайды және ынталандырады.