1.3. Бастауыш мектептегі информатиканың мазмұны «Қазақстан Республикасы бiлiм беру жүйесiн 2015 жылға дейiн дамыту тұжырымдамасының» негiзгi мiндеттерiнiң бiрi оқушылардың ақпараттық дайындығын жетiлдiру болып табылады.
Орта бiлiм беру жүйесiндегi информатиканың рөлi қазiргi қоғамдағы ақпараттық мәдениеттiң негiзiн құрайтын - ақпараттық және коммуникациялық технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастырудағы ақпараттық бiлiмнiң мәнiмен қамтамасыз етiледi.
Бiлiм берудегi ақпараттық технологияның ЮНЕСКО институтының “Бастауыш бiлiм берудегi информатика” ұсыныстарын, информатиканы оқыту тәжiрибелерiн талдау және компьютердiң дидактикалық мүмкiндiктерiн негiзге ала отырып, авторлар ұжымы (Мұханбетжанова С.Т., Кабулова Г.С. және т.б.) орта мектептің 1-4 сыныптарына арналған “Ақпараттық мәдениет негiздерi” пәнiн оқытуды ұсынды.
Бұл пәннiң мазмұнын құрастыру бағытында оқушылардың ойлау қабiлетiнiң математикалық негiздерiн құрайтын ақпараттық мәдениет пәнiнiң iргелi ұғымдарын меңгерту басшылыққа алынған.
Психолог ғалымдардың тұжырымдамасы бойынша адамның жинақтаған бiлiмiнен гөрi, оның ойлау қабiлетiнiң дамуы, талдау жасай бiлу қабiлетi, алынған ақпараттарды жалпылау және шешiмдер қабылдай бiлу сияқты қасиеттермен қарулануы қажет.
Пәнді оқытудың негiзгi мақсаты –жаңа буынды ерте жастан бастап жүйелi ойлау қабiлетiн қалыптастыру.
Аталған мақсаттан келесi мiндеттер шығады:
оқушылардың логикалық және алгоритмдiк ойлау қабiлетiн дамыту;
оқушылардың компьютерлiк сауаттылығын дамыту;
оқушылардың коммуникативтiк (тiлдiк) ойлау қабiлетi мен шығармашылыққа бейiмдiлiгiн дамыту;
оқушылардың жүйелiк-ақпараттық бейнесiн, ақпараттық мәдениетiн,
өзiн-өзi дамытуға және қызмет субъектiсi ретiнде қалыптастыру.
Жоғарыдағы аталған мақсаттар мен мiндеттерден “Ақпараттық мәдениет негiздерi” пәнiн оқытудың мақсаттары айқындалып, нақтыланады.
Бастауыш бiлiм берудегi “Ақпараттық мәдениет негiздерi” пропедевтикалық курс болып табылады және онда берiлген iргелi ұғымдар жұмыс дәптерiндегi қызықты деңгейлiк тапсырмалармен, сұрақтармен, логикалық есептермен және дамытушылық ойындармен, сергiту сәттерiмен сипатталады.
Ақпараттық мәдениеттiң базалық ұғымдары туралы алғашқы мағлұмат бiздi қоршаған орта – зат, тiрi және өлi табиғаттағы нысандар, ақпарат және оның түрлерi, оларды алу және беру тәсiлдерi сияқты бiлiмдермен оқушыларды қаруландырады.
Бағдарлама мазмұны оқушыларғы келесі тақырыптармен танысуға мүмкiндiк бередi:
ақпарат және оның түрлерi туралы түсiнiктермен;
ақпараттық процестiң негiзгi заңдылықтарымен;
әрекеттi жоспарлау және оны сипаттау, нысан белгiлерiнiң ерекшелiктерiмен;
нысанды топтаумен және оны бөлумен;
логикалық модельдермен және тұжырымдармен;
орындаушы ретiнде компьютерде жұмыс iстеу дағдыларын меңгерумен;
графикалық және мәтiндiк редакторларды жұмыс iстеумен
алгоритмдеумен және оның атқарушыларымен.
Сонымен, пәннiң мазмұны оқушыларды ақпараттық қоғамда өмiр сүре бiлуге жан-жақты дайындап, олардың өзiндiк танымдық iс-әрекеттерi дағдыларын және үйренушiнiң iзденiстiк-танымдық мүмкiндiктерiн қалыптастыруға жағдай жасайды.
«Ақпараттық мәдениет негiздерi» пәнiн оқыту оқушыларды бiртұтас ақпараттық-бiлiмдiк ортаға бейiмделу негiзiне дайындайды.
Әрбiр курс тақырыптарға бөлiнген және олар таңдалынған курстың талаптарын қанағаттандырады. Курстың барлық тақырыптары жыл сайын компьютер сыныбындағы тәртiптi сақтау ережелерi мен техника қауiпсiздiгiн қайталаудан басталады. Сонымен бiрге курстың әрбiр тақырыбы дамытушылық, дүниетанымдық және технологиялық салалар бойынша бiлiмдердi тереңдетiп отырады. “Ақпарат”, “Ақпараттық үрдістер ” сияқты ұғымдарды меңгертуде қоршаған әлем туралы бiлiм мен дерексіз ойлай бiлу қабiлетi мен логикалық тұжырымдар жасай бiлу қасиеттерi талап етiледi.
Курс соңында оқушы оқу бағдарламасында көрсетiлген әрбiр тақырып жөнiнде бiлiм мен бiлiктiлiк жинағын алады. Жекелеген тақырыптар бойынша қызықты тапсырмалар мен сұрақтар, компьютердегi практикалық жұмыстар қарастырылған. Барлық бұл кезеңдер бағдарлама құрылымында көрсетiлген.
Кейбiр тақырыптарды меңгеруде басқа пәннен алған бiлiмдерi қажет болады. Бұл пәннiң пәнаралық сабақтастығын және оқу үдерісінде жаңа ақпараттық және коммуникациялық технологияны пайдалану негiзiнде пәндер сабақтастығы қамтамасыз етiледi.
Пәндi 1-4 сыныптарда оқыту аптасына 1 сағаттан барлығы 136 сағатты қамтиды.
Оқу бағдарламасын құрастыру барысында әрбiр сынып оқушыларының жас ерекшелiгi мен жалпы бiлiмдердi қабылдау деңгейi ескерiлген.
«Ақпараттық мәдениет негiздерi» пәні бойынша 1-4 сыныптарға арналған тақырыптық күнтізбелік жоспар оқу бағдарламасы негізінде жасалады.
Әрбір сыныпқа арналған тақырыптық күнтізбелік жоспарға қарап, сабақ жоспары құрылады. Сондықтан болашақ маман, студенттер белгілі бір тақырыпқа арналған сабақ жоспарын жасағанда, қанша сағат бөлінетінін ескеру керек.