Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университеті «Бастауыш сыныптарда математиканы оқыту әдістемесі»
Тақырыбы:1.Бастауыш математикалық білім беру мазмұны және оны оқытуды ұйымдастыру. 2.Математиканы оқыту үрдісіндегі пәнаралық байланыстары. 3.Математиканың бастауыш курсының негізгі ұғымдары және оны оқыту ұйымдастыру. 4.Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру. 5.Теріс емес бүтін сандарды оқыту әдістемесі. 6.10, 100, 1000 көлемдегі сандар. 7.Кестелік қосу және азайту. 8.100 көлеміндегі ауызша қосу және азайту. Студент:Тілепалды Әдемі Алмасқызы Курс: 2 Апта: 2 апта
Алматы, 2021ж 1.Бастауыш математикалық білім беру мазмұны және оны оқытуды ұйымдастыру. Бүгінгі күн талабына сай жан-жақты дамыған, белсенді, өмірге талпынысы, қызығушылығы бар адамды мектеп табалдырығынан дайындап шығарудың ең бір тиімді тәсілі ол – оқытудағы математикалық сауаттылық.
Математикалық сауаттылық – күнделікті өмірдегі математиканың рөлін анықтау және түсіну; сандық ақпараттарды оқу, түсіндіріп беру және талдай білу, негізделген математикалық пайымдаулар айту және математиканы практикалық және танымдық проблемаларды шешуде пайдалану қабілеті.
Бастауыш мектептегі «Математика» пәні бағдарламасының мазмұны оқушының математикалық сауаттылығын қалыптастыруға, білімдерін практикалық жағдаяттар мен әлеуметтік бейімделу барысында тиімді қолдануға бағытталған.
Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептегі міндеттер жүйесі оқу пәні мазмұнының белгілі бір үзіндісінің репродукциясымен шектеліп қалуда. Сонымен қатар, қазіргі болмыс өскелең ұрпақ алдына жаңа міндеттер қойып отырса, мектепте алатын білімінің жартысы қолданусыз қалып қойып отыр. Мектепте оқыту барысында жүзеге асырылатын математикалық сауаттылықты қалыптастыру жастардың күнделікті өмірден алатын икемділіктерді меңгеруінен артта қалып отыр.
Математикалық сауаттылықтың мақсаты бүгінгі күн талабына сай, жан-жақты дамыған, белсенді, өмірге талпынысы, тұрақты қызығушылығы бар, алған білімді іс-әрекетте еркін қолдану дағдысы қалыптасқан тұлға қалыптастыру.
Математика білім мазмұнының ең алғашқы бастамасы бастауыш буында жүзеге асатыны белгілі. Себебі, бастауыш буында жоғары сыныптарда оқылатын бүкіл пәннің іргетасы қаланып қана қоймайды, сонымен қатар білім алуға талпынушылық, яғни балалардың оқу әрекеті, танымдық белсенділік, жеке бастың адами қасиеттерінің негізі осы кезеңде қаланады. Сонымен қатар, осы кезеңде баланың белсенділігі, оның рухани және дене күші де дами бастайды. Осы жасқа лайықты мазмұн мен оны оқытудың әдісін саралау, бала жанына жақынқарым-қатынас арқылы оларды дамыту мәселесінғылыми жолға қою оңай мәселе емес.
Бастауыш баласы үшін жаңа рөл - оқушы, жаңа әрекет - оқу болса, осы мәселелерге олардың шаршамай, жалықпай, қызығушылықпен араласып кетуіне, маңайы мен қарым-қатынасының күшеюіне жағдай жасау мұғалімнің шеберлігін және осы жастағы оқушының психологиялық ерекшелігін жете білуін керек етеді.
Бастауыш сыныптардағы математикалық сауаттылық оқыту материалының мазмұны кіші жастағы оқушылардың математикалық дайындығына, білім, білік және дағдылар деңгейіне қойылатын талаптардың өзгеруімен байланысты дәстүрлі модельге елеулі түзетулер енгізген жаңа мектеп бағдарламасымен анықталады. Ал функционалдық сауаттылық пәндік сауаттылыққа қарағанда кіші ұғым, немесе оның саласы болып есептелінеді. Осыған орай функционалдық математикалық сауаттылық дегеніміз - пәнде игерген білімді іс-әрекетте, тұрмыс-тіршілікте қолдана білуі.
Математика дүниетанымды қалыптастыруда, математикалық модельдеу идеяларын ұсынады, математикалық сауаттылық жалпы функционалдық сауаттылықты меңгеруде математикалық білім мен біліктіліктің алар орны ерекше. Математикалық сауаттылық математикалық сөйлеу және жазу мәдениетіне қоршаған ортаны және олардың заңдылықтарын баяндау, оны оқып үйренудің оқушылардың дүниенің ғылыми бейнесін меңгерудегі басты құралы ретінде ерекше көңіл бөлу қажет.
Математикалық сауаттылықтың дамуы оқушының жалпы сөйлеу мәдениетін дамытып, қазіргі қоғамда тұлғаның ұтымды сөйлеу коммуникацияларын қалыптастырады. Осыған қоса, көп жылғы іс-тәжірибе көрсеткендей, математикалық білімнің меңгерілуі мен үйретілуі, оқытылуы дәрежесі жоғары болған сайын, оның бастауыш сыныптағы оқушылардың бойында адамгершілік қасиетті қалыптастырады.
Математикалық сауаттылықты қалыптастырудың бастауыш сынып оқушылары үшін сыныптан тыс жұмыстар арқылы олардың қызығушылықтарымен пәндік, функционалдық сауаттылығын дамытуға болады. Мысалы: математикалық үйірмелерде сабақтан тыс уақытта тек математикалық сауатты оқу мен жазуға, ұғымдарды дұрыс қолданып дұрыс ажыратуға көңіл бөліп, тұрмыс тіршілікке қажет экономикалық есептерді шығаруға жаттықтыруда маңызы зор.
Оқыту процесі шығармашылықпен ұйымдастырылса, онда оқушылардың білім дәрежесі оқытушы айтқан сөздерден емес, өздерінің ізденуі және есеп шығару әдістерін іздеу арқылы қалыптасады.
Мұғалім оқушыларға олардың математикалық білімдерінің сабақтас оқу пәндеріндегі, практикадағы қолданбалылығын әрдайым көрсетіп отыруы керек. Мұғалім оқушыларды есептеуге жаттықтырғанмен, көптеген дербес жағдайларды негізінен жалпысын көру біліктілігін жаттықтырғаны керек. Мұғалім жаңа математикалық ұғымдарды енгізу барысында олардың өмірдегі, басқа пәндердегі қолдануын көрсетіп отыруы қажет. Оқушылар іс жүзінде кездесетін есептерді шеше білулері тиіс, ал мұғалім ол үшін осы заманғы ғылыми білімді математикаландыру жетістіктерін сабақта пайдаланып отыру керек. Себебі математикада оқытылатын теңдеулер, теңсіздіктер әртүрлі процестердің математикалық моделі болып табылатыны және модель жасауда әртүрлі математикалық объектілер: сандық таблицалар, әріпті формулалар, қатарлар, геометриялық фигуралар, әртүрлі схемалар, Венн диаграммалары, графтар және т.б. қолданылады.
Сабақ барысында математикалық ойлауды дамытуға арналған есептерді шешу, талдау жасау, мәліметтер мен шамаларды, бұрын өтілген есептермен салыстыру, берілген жағдайдағы қасиеттерді анықтау, қарапайым модельдерді құрастыру мен ойша экспериментті іске асыруды, жинақтау, есеп шығаруға қажетті ақпаратты таңдау, оны бір жүйеге келтіру, т.б. тапсырмалар орындалғаны дұрыс және рөлдік ойын, дара тұлғаға бағдарланған оқыту және сұрақ-жауап әдістері арқылы жүзеге асатын жағдаяттық тапсырмалар, рөлдік ойындар, сұқбаттық тапсырмалар, құзыреттіліктерді қалыптастыратын тапсырмалар арқылы кешенді жүргізудің тиімділігі жоғары болады.
Сонымен, бастауыш сынып оқушыларының математика сабақтарында функционалдық сауаттылығын қалыптастыру пәндік оқу материалының мазмұнын меңгертуде қоршаған ортада болып жатқан әртүрлі жағдайларда және аралас пәндерде математикалық білімін, біліктігін, есептеу, өлшеу және графиктік дағдыларын, дәлелдемелі пайымдау жүргізу, логикалық негізделген қорытындылар жасау біліктігін қалыптастыру үшін қоршаған ортадан алынған мағлұматтар бойынша есептер құрастыру және оны шығару, өмірмен байланыстырып талдау және есептің шартына байланысты оқушылардың шығармашылық іс-әрекетін ұйымдастыру (сурет салу, сызба сызу, кесте толтыру т.б.) және математикалық мәтінмен жұмыс жасау (талдау, қажетті ақпаратты алу), математикалық терминология мен символдарды қолдана отырып, өз ойын ауызша және жазбаша түрде анық және нақты түсіндіру біліктігін қалыптастыруда есептерді әр түрлі тәсілдермен шығару, есептерді кері есепке айналдыру, салыстыру арқылы жүзеге асады.