27
КЕШ БАТЫП, ТАҢ АТҚАНДА
Буы бұрқырап төңкерілген үлкен қара қазандай аспан, төбеден төніп, жаңбыр қиғаштай
екілене себелеп соғып тұр. Айнала көзге түртсе көргісіз, шырттай қараңғы. Алыстан
дамыл-дамыл әупілдеген зеңбіректердің даусы құлаққа талып жетіп, еміс-еміс естіледі
Осы бір меңіреу қап-қараңғы түнде біздің солдаттар Возмище деревнясының көшесінде
жүгіре басып, асығыс сапқа тұрып жатты. Генерал: «Дауыл алдындағыдай айнала мылқау
жым - жырт...» деп еді.
... Я, қараңғы түсе бергенде сарындана дауыл басталды. Біз соғыс болып жатқан жерге
қарай жөнелдік.
***
Аласа бойлы, бұйра шаш, істік мұрын, бетінде аздаған секпіл дағы бар, тілін шайнап
сөйлейтін майор Гофман күтпеген жерден біз отырған үйге кіріп келді. Барлығымыз
орнымыздан тұрып оған әскери ізет көрсеттік.
—
Товарищ командир батальона! — деді ол маған жіңішке көмеймен сөйлей қуат
беріп. — Немедленно приказано поднять батальон по тревоге и форсированным маршем
идти на Иванково! Подымайтесь, сейчас же!
—
Жарайды, жолдас майор. Иванковоға біз қандай мақсатпен бармақпыз?
—
Задачу получите на марше.
—
Жарайды, болды менің жауабым.
—
Идите на легке. Обоз пока оставьте здесь. Они вас догонят, — деді майор шығып
бара жатып.
—
Жарайды, болды менің жауабым.
Батальон жауынгерлері ұшып тұрып, жалма-жан қопарыла көтерілді. Асыға - аптыға сапқа
тұрып, нұсқаған жолға түсті. Қыстақтың лай көшесінің миын шығара сылпылдата, езе
басып келеміз. Көше емес, тартпа шалшық. Басқан сайын тобышағымызға дейін батып,
кібіртіктей қадам басамыз. Ымырт жабылып, қас қарайып қалды. Жаңбыр сіркелей жауып
тұр.
Жан-жақ тымырсық. Еш тараптан күндізгідей соғыс дабылының сарыны естілмейді.
Лайлы жолдың тартпа балшығынан құтылып, даңғыл тас жолға түстік. Аяғымыз
жеңілдегендей болды, ентелей басып, шұбыра жортып келеміз. Неге асықтық? Неге
бөңкеңдеп жорта жүріп келеміз? — мен қазірінше білмеймін. Бірақ та сап басында келе
жатырмын. Қасымда біздің үшінші ротаның командирі лейтенант Попов. Попов мыртық
бойлы келген, қысқа мойын, тапалтақ сары орыс емес, қара орыстың бірі еді. Сол Попов
екеуміз саптың алдында қатар жүріп келеміз. Попов артына жалтақтап қарап, саптан озып
кеткенімізді сезіп: — Шире шаг! — деп оқта-текте команда беріп қояды.
—
Шипко прем, товарищ комбат. Люди, ведь уставшие, — дейді маған жасқана.
—
Тогда, Василий, сдерживай немножко и колонну, и меня. Твоя же рота идет
головной.
—
Есть сдерживать.
28
***
Қаланың көшесімен жүріп келе жатырмыз. Сап аяғын тас жолға кезек келсап соққандай —
«сарт-сұрт», «сарт - сұрттап» баспай, сылбың басып келеді. Тың саптың «сарт-сұрт»,
«сарт - сұрт» лепілдеп соққан жүруіне үйренген құлағым, мына сылбыңды жақтырмай-ақ
келеді.
Аттанардың алдында мен бірінші ротаның командирі лейтенант Филимоновты шақырып
алып, оған былай деп бұйырып едім:
—
Лейтенант Филимонов, сіз ротаңызға екі пулемет, алты зеңбірек қосып, алға тезден
тосқауыл ретінде жөнеліңіз... Ол алыстап кетсе оқасы жоқ, бірақ та адасып кетіп жүрмесе
игі еді деген ой үстінде келе жатқанымда, тас жолға тұяқтарын тарсылдатқан бірнеше
аттардың дүбірі естілді. Бізді үш атты адам қуып жетті.
—
Где командир батальона? — деген сұрақтан, дауысынан майор Авериновты
таныдым. Ол дивизия штабының шабарманы ретінде келгенін сездім.
—
Мен мұндамын, жолдас майор.
—
Бұйрық мынадай, жолдас батальон командирі, —- деді ол, — жау Иванково
таралына жақын деген хабар бар, сіз тезден - тез басып Иванковоны жаудан бұрын алып,
нық бекініс жасауыңыз керек. Маған айт дегені осы еді, — деді де бұрыла жөнелді.
Филимоновты қуып жетіп, бұйрық беру үшін Рахимов менің атыма мініп шауып кетті. Біз
қаланың орталық көшесімен келеміз. Қала қап-қараңғы, жым-жырт, қарауытқан үйлер.
Шіркеудің биік күмбезіне көзім түсіп, «мынау өзі үлкен бейітке ұқсайды ма?» деген
сұрағымнан өзім шошындым. Қала қарауытып артымызда қалды. Біз жүріп келеміз...
—
Жолдас комбат, бұйрығыңызды лейтенант Филимоновқа жеткіздім, — деді
Рахимов аттан түсе беріп.
—
Олар оншама ұзай алған жоқ шығар?
—
Кемінде олар біздің алдымызда 2-3 километрдей, жолдас комбат. Бөкен желіске
салып желе-жорта бара жатыр.
***
Біраздан соң бізді тағы да майор Аверинов қуып жетті.
—
Ой, тағала - ай, мүлдем ұзап кетіпсіздер ғой. Зордан қуып жеттім, — деді ол ентіге
сөйлеп. — Тоқтатыңыз батальонды, бұйрық та, беталыс та өзгерді.
-— Қалайынша, жолдас майор?
—
Иванковоға бармайтын болдыңыздар. Тимковоға тезбе-тез бұрылыңыз. Уақыт өте
тар. Тез бұрылыңыз!
—
Жолдас майор, мына қараңғы түнде мен роталарды біртіндеп түн түбіне тастай
алмаймын. Бұрылсам барлығының басын қосып қана бұрыламын. Ол үшін маған кемінде
2-3 сағат уақыт керек, жолдас майор.
—
Бәлсінбестен бұйрықты тез орындаңыз, жолдас аға лейтенант.
—
Мен он басы — отделение командирі емеспін, мен батальон командирімін, жолдас
майор. Батальонды бұру, оның соғыс беталысын өзгерту оңай емес мына қараңғы түнде...
29
—
Мен айтарымды айттым, жолдас аға лейтенант. Ендігі жауапкершілік сіздің ғана
мойныңызда. Бетімнен шаж етіп ала түсті деп айтып барамын...
—
Жолыңыз болсын, жолдас майор.
***
Қай қазақтың баласының етті көргенде тісі қышымайды?
Қай қазақтың баласының жақсы атты көргенде балтыры ісімейді? Біздің Жалмұхамед —
Бозжан атамның баласы. Оның қазақ екеніне ешкімнің дауы жоқ. Ол орта бойлы,
тығыншық, жалпақ бет, орақ мұрын, дудар шаш, қолы мен аяғын денесіне олпы-солпы
жалғай салғандай, бірақ та ширақ, шыныққан қара торы жігіт. Бала мінезінен ол әлі
ажырамағандардың біреуі. Жолтайдың жүріс-тұрысы да, мінез-құлқы да, сыртқы сипаты
да алдамыш көктем күніндей, құлпырады да тұрады. Қазақтың үлкен дәстүрінің бірі —
үлкенді сыйлай білу. Үлкенге еркелей білу...
—
Политрук Бозжанов! Ко мне! — деп айқайладым мен.
—
Не дейсіз, ақсақал, — деп келіп алдыма қалт тұра қалды Жолтай.
—
Сен соғыс басталғалы бері жаяу әскер қата рындасың. Осы уақытқа дейін аяғыңды
үзеңгіге салып көрген жоқсың...
—
Ақсақал - ау, штат бойынша маған ат бұйырмаса қайтейін.
—
Тыңда. Сабыр ет.
—
Слушаюсь!
—
Сен қарағым, қара тентегім, жирен қасқаға мінгін. Соңыңнан Николайды торы
атымен ерт, шап Филимоновқа, қуып жетіп, қайтарғын оның тобын. Тез қайтсын деп
айтқын.
—
Құп, болады. Жарайды...
Тұяқтарын тасқа шағылыстыра сартылдатып екі атты түн түбіне сүңги жөнелді.
***
Төңкерілген қазан астындай қап-қара түн. Жауын себелеп тұр. Жауынгерлер иықтарын
қомтып, жауынды иығымен паналап, шоқшиып - шоқшиып тас жолдың тың жаға жиегінде
отыр. Жорық дене қыздырады, табан сыздатады... Дене қызу, жорық қызбасы тарқап
жауынгерлердің бойы тоңа бастады. Уақыт тар, жағдай қысылтаяң, айнала қап-қараңғы
түн. Біз үшін шешуі жоқ жұмбақ түн. Жобасын тапса кім жұмбақты шешпейді? Бұл түн
бізге жобасыз жұмбақ; Филимонов алыста, алда. Азық-түлік, ат - арбаларымыз артта,
қаланың ар жағында. Біз мұнда жол жиегінде отырмыз. Айналдырған 2-3 сағатта
батальонды ыдырата үшке бөліп тастады. Батальон қоршауды топтана сілкініп,
құжырлана бұзып, сабын тізіп, үш күп, үш түн айқаса - арпалыса жау бұғауынан шыққан
батальон. Жау, соғыс бізді ыдырата алмаған. Ал бүгін штаб шабармандары бізді үшке
бөліп тастады. Мен сол батальоның командирімін. Қараңғы түн қолтығында күтпеген
жерден үш аяғымнан бірге ақсадым да қалдым. Барлығы аптығыс - асығыстың салдары...
Шабармандардың ісі...
***
30
Айнала тым-тырыс. Жорық қызбасы тарқап жауынгерлер тоңа бастады. Уақыт тар, жағдай
қысыл-таяң, айнала қараңғы.
—
Арыған атқа қамшының сабы да ауыр дегендей Филимоновтың тобы жуырықта
келе қоймас, — дедім мен Рахимовқа.
—
Мыналардың да сіркесі су көтермес, жолдас комбат, — деді ол.
—
Қарап отырғанша темекі тартыңдар, жолдастар! Закуривай! — деп команда бердім.
Жауынгерлер газетке ораған темекілерін тұтатып, жарығын көрсетпей жеңіне тығып сора
бастады.
—
Бұлар қазірінше темекімен алдана тұрсын. Командирлерді анау қарауытып тұрған
үйге ертіп келгін, — дедім Рахимовқа.
Командирлерді күтіп мен үйдің ығында темекі тартып тұрмын.
Жауын жауған таза ауаны сасық дәрінің исі жарып барады. Ешкім тырс етіп дыбыс
бермейді.
Командирлермен Рахимов келді. Үйге кірдік. Рахимов қалта шамының сәулесін бөлменің
әр бұрышына жүгіртті. Асыға үріккен ауылдың жұртыңдай бөлменің іші шашылып
жатқан нәрселерден аяқ алғысыз. Текшелерде қара дәрі толған шынылар қаз-қатар толып
тұр.
—
Бұл үй, жолдас комбат, жергілікті мал дәрігерлік аптека екен, оған дәлел мына
тұрған карболкалар, — деді Рахимов.
Ішкі бөлмеге ендік. Мұнда — шашылып жатқан қағаздар, бір үлкен стол, төрт-бес
табуретка.
—
Міне, отыратын жерді енді таптық, — деп Рахимов столдың үстінде бобырап
жатқан қағаздарды сыпырып, бір мүйіске тастады.
Мен картамды жайып, тұрған жерімізді жобаладым. Біз тұрған қыстақ «Рабочий поселок
фабрики имени Ленина» деп аталады екен, ал біз отырған үй «Племхоздың» үйі екен.
Барлығымыз жер танысуға кірістік. Жер жағдайымен карта бойынша таныспасақ, қап-
қараңғы түн көзімізге шелдей перде болып тұр. Біздің жетекшіміз компас қана болмақ —
аспанда ай да жоқ, жұлдыз да жоқ, табан астының ой-шұқырын көруге көз жетпейді.
Барлығымыз картаның кестесіне үңіле қарап тұрмыз. Картаның кестесі жердің адыр -
бұдыр қоңын, орман - өзенін, бой тұлғасының белгілерін нақыстай сызып көрсетеді. Оны
орысша бір-ақ сөзбен «рельеф» деп атайды. Біз сол рельефін қарап шұғыла шолып
тұрмыз: алдымыздағы жер Лама дейтін шағын ғана өзеннің бойы екен. Өзеншенің сол
жағасы биік көтеріліп барып, жусап жатқан жайындай кең сүйір жонға айналады екен.
Жон төбесі кесенің бетін дей тып - тықыр. Жонның арғы бауырында карта бетіне қонған
шыбындай кара «қалдың» астына «Тимково» деп жазылыпты. Ал жөнді болса «Тимково
гора» деп атапты. Россияда әр төбені «тау», әр бұлақты «өзен» деп дәріптей атауына
көптен бері-ақ естіген құлағым да, көрген көзім де үйренген. «Қыр басына шықсаң айнала
көз жеткенше көрінеді» дегендейін, «Тимково гора» осы маңдағы жердің үстірті екен.
«Әскер тілінде орысша — гора господствовала над окрестностью» — деп атайды.
Карта бетін толығынан шолып өткеннен кейін:
—
Ал, жолдастар, жаудың қайда екенін біз білмейміз, біздің білетініміз тек «жау алда
болуы керек», — деп бастадым сөзімді.
31
—
Жер жағдайын да анық-қанығын біліп отырғанымыз жоқ. Жердің беті, әрине, мына
дастарқандай жайылып жатқан картаның бетіндей тегіс емес.Мына қараңғы түнде бізді
бет алдымыздан адастырмайтын бір жәрдемшіміз компас (құбыланама). Гимковоға қарай
азимут бойынша жолға түселік. Шұбырмастан роталар, взводтар тобымен. Әрқайсысы өз
беталыстарымен жүрсін. Алда Попов басқарған рота барады. Оның соңынан Филимонов
келгеннен кейін батальонный басқа күштері жүреді. Ал, әр қайсыларыңыз өз
бағыттарыңыздың азимутын анықтап. алыңыздар. Осы беталыспен қашан дұшпанмен
кездескенше жүріп отыралық... Попов Тимковоны алсын, Филимонов Н. мен Х.-ны алсын,
Краев Т. мен С.-ны алсын дағы, мықтала бекініс жасасын. Кейінгісін таң ата көре
жатармыз...
Командирлер бұйрық бойынша беталыстарын анықтап, карталарын салыстырып, тексеріп
болған соң өз топтарына кетті.
Мен сыртқа шықтым.
—
Комбат қайда? — деп сұрағанда, біздің байланысшылар взводының командирін
даусынан танып:
—
Степанов! — деп шақырдым.
—
Мен, жолдас комбат, — деп қасыма келді.
—
Барлықтарыңыз да келдіңіздер ме?
—
Жоқ. Киреев екеуміз ғана келдік, жолдас комбат...
—
Екеуіңнің маған не керектерің бар? Екеуің неменеге тұлға болмақсыңдар!
Байланысшылар, оқ - сайман, азық-түлік, дәрігерлер взводтары қайда? Қайда олар?
—
Жолдас комбат... Әлгі дивизия штабынан келген майор олардың барлығын жарым
жолдан қайтарып, қаланың арғы шетіне жіберді... Біз Киреев екеуміз шыдай алмастан
сіздердің хал-жайларыңызды білгелі келдік, — деді Степанов.
—
Оларың дұрыс екен, -— дедім мен жаңағы орынсыз зекіргеніме ұялып. — Ал
асханада тамақ пісіріліп жатыр ма еді?
—
Барлық қазандар қайнаған кезде қайтарып жіберді ғой әлгі майор...
... Айналдырған екі-үш сағаттың ішінде батальонды үшке бөліп ыдыратып тастады.
Бұндай бастаманың ақыры оңға соқпас, — деген күдік жүрегіме зырқ ете қалды.
Мен үйдің ығында тұрмын. Қараңғыда қозғалған топтың дүбірлері естіледі. Поповтың
ротасы жүріп кетті. «Осы істің арты неге барып соғар екен» деген күдік ойымнан кетер
емес. Себелеп жауған жауыннан да, қауіптенген ойдан да ықтап тұрмын.
—
Киреев, сіз мұндамысыз?
—
Так точно! — деп жауап қайтарды біздің батальонның карт фельдшері. Киреев
іркілдеген ақ сары семіз, егде тартқан орыстың бір азаматы. Ол патша кезінде әскер
қызметінде болған. Сол әскердің әдет-ғұрпы мен салт-санасы қанына мүлде сіңген, бірақ
та өзі адал, ақ пейіл, сәлдеген аңқаулау мінезді кісі болатын. Біздің батальонда одан басқа
ешкім «так точно» әйтпесе «никак нет» деп жауап қатпайтын. Егер де рұқсат болса Киреев
командирлерге жауап бергенде, жаңағы екі сөздің артынан «Ваше благородиені» қоса
айтуға бейімделіп-ақ тұратын.Ол біздің арамыздағы «жолдас...» деп айтуымызды
әсірекілеу көретін.Қазақ оқушылары үшін ғана әдейі айта кететін нәрсе: бұрынғы патша
32
заманындағы әскер қатарында дәрежесі кіші чиндер өзінен үлкендерге әдет-ғұрып,
дәріптеп атайтын. Мысалы, жай офицерді — «Ваше благородие»; полковниктерді —
«Ваше Высокое благородие»; генералдардың — «Ваше превосходительство»;
ақсүйектерді — «Ваше сиятельство»; князьдарды- .. «Ваше высочество»; патшаларды —
«Ваше величество». Бұрынғы қазақ арасындағы «Сіздің өктемділігіңіз» деген мағынаны
дәріптеп атау арқылы патша өкіметі офицерлер мен генералдардың жалпы
жауынгерлерден мәртебелері зор екенін, олармен тең емес екендігін чині кішілердің
бойына сіңіре тәрбиелейтін. Бұл жөнінен тағы бір келтіретін мысалды қазақ өмірінен де
алуға болады: ишан, қожа, молдаларды ескі заманда «жарықтық» деп. хан мен төре
тұқымдарын — «тақсыр», бай балаларын — «мырза» деп атайтын. Оларға сөз қатқанда —
«алдияр тақсыр» деп, жауап қатқанда — «ләпбай!», «құп болады» дейтін. Бұл сөздердің
барлығы үстемдігі күшті таптың «атымды дәріптей атағын», «жарлығымды иіле
тыңдағын» деген үстемділігінен туған.
—
Біз ығында тұрған үй жергілікті мал дәрігерлік пунктінің аптекасы екен. Осы үйге
біздің батальонның дәрігерлік орнын ұйымдастырыңыз, — дедім мен Киреевке.
—
Құп болады! — деп Киреев қалт тұра қалып, қолын шекесіне көтеріп ізет көрсетті.
Шешім таба алмай уайым басып қысылғанның салдары болу керек, біраз тұрып
қасымдағы Степановқа:
—
Біз қай жерде тұрмыз? — деппін.
—
Рабочий поселок фабрики им. Ленина, дом племхоза.
—
Ол фабриканың не істеп шығаратынын білесің бе? — Төсек жапқыш, көрпе
шығарады.
—
Ә, төсек жабатын, көрпе дейсің бе?
—
Я. жолдас комбат.
—
Олардың көрпесі ұзын, ені кең болар?
—
Менің білуімше онша көлемді емес, шағын ғана төсекті жабуға лайықты.
—
Қысқа көрпені басыңа тартсаң аяғың ашық қалады, аяғыңа тартсаң басың ашық
қалады деуші еді ғой, ә?
—
Я, солай деген мәтел бар, жолдас комбат.
—
Біздің батальон үш жерінен қақырап айрылған көрпе сияқты халде. Қалай
ұластырып, қалай тігіп, жамап-жасқарымды білмей титықтап тұрмын.
—
Ол не дегеніңіз, жолдас комбат. Ұзамай-ақ...
— Бұрын батальонный тобын бұзбастан ұстап келіп едім. Бүгін ыдыратып алдым.
Бастарын, қосып, түгелдей алмай тұрмын.
—
Ұзамай-ақ жиналамыз ғой, жолдас комбат.
—
Ал, енді сіз барып қаланың аржағында қалғандарды осы жерге алып келіңіз.
Степанов кетті. Мен тұрған орнымда жалғыз қалдым.
***
33
Филимоновтан әлі хабар жоқ. Поповтың тобы ұзап кетті. Түн ортасында таңның атуын
күтіп тұрғаннан не шығады деген ой мені орнымнан қозғады.
Жол жиегінің уат тыңын да иықтарын қом ти ықтап біздің батальонның екінші ротаның
жауынгерлері отыр. Бұл рота сыннан өткен алғыр жауынгерлер тобы. Новлянское
маңында немістерге қарсы шабуылға шыққанда дұшпан олардың сонысына шыдай
алмастан найзаласып, қоян - қолтықтан тайсалып жалт бере қашқан болатын. Әрине,
соғыс шығынсыз болмайды. Ротаның қатары сиректеліп қалған.
—
Қалай, жауын өтті ме? — дедім мен рота командирі Краевке.
—
Не қылар дейсіз, жақында басылатын түрі бар ғой.
—
Сіздің адамдардың салы суға кетіп жүрмесін.
—
Басқа түскенге шыдаймыз ғой, жолдас комбат. Мен жол ортасында тұрып:
—
Закуривай! Темекі тарт! —деп команда бердім.
Жауынгерлер темекілерін тұтатып жарығын жеңіне жасырып тығып құмарта тарта
бастады. Краев екеуміз жол ортасында ерсілі-қарсылы әңгімелесіп жүрміз.
—
Жолдас комбат, қоршаудан зордан шығып үйірімізге қосыла салысымен-ақ...
—
Е, нағашыңның үйіне келгендей төрге шығып жантайып жатамын деп ойлап па
едің, — деп оның сөзін бөліп, — жоқ, жігітім, соғыстың аты — соғыс. Әруақытта да қара
жер төсек, көк аспан түндік болмақ.
—
Ал, енді қалай істемекпіз... — дей бергенде, оның сөзін аяқтатпай Поповтың тобы
кеткен тараптан бірнеше атыстар дүмпілі естілді. Ә дегенше шаңқылдаған пулемет даусы
атысты қоштай жөнелді.
—
Мына бажылдап безілдей бастаған кімнің пулеметі болар екен?
—
Біздікі емес, жолдас комбат. Аттың сыры иесіне мәлім дегендейін, өзіміздің
пулеметтер болса, мен оларды даусынан танимын.
—
Қалайынша?
—
Біздің пулеметшілер көздеп атып, қысқа қайыруға дағдыланған, ал немістер болса
дырылдатып, айналаны жаңғырта ұзақтан бір-ақ қайырады...
—Жарайды, отыра бергеннен ешнәрсе шықпас. Филимоновты күтпей-ақ қояйын.
Тобыңызбен өз тарапыңызға қарай қозғалыңыз.
***
—
Рахимов, саяз шешімнің кесапатымен мына шырттай қараңғы түнде бізбен тағдыр
жасырынбақ ойнамақ па?
—
Иә, солай, жолдас комбат... Бозжановтан да, Филимоновтан да, Поповтан да хабар
жоқ. Үшеуі де ізіне су төккендей жоғалып кетті.
—
Сіз осында қалып, Бозжановтың қайтуын күтіңіз. Мен Попов пен Краевтың
топтарының соңынан барайын.
—
Мына қараңғы түнде оларды жаяу қалай қуып жетпексіз?
34
—
Бәрібір, Хабибулла. Жасырынбақтың аты —- жасырынбақ. Бұл жерде делқұлы
болып тұрғанша, мен алға барайын, — деп шығып бара жатқанымда:
—
Маршал! Идите с комбатом! — деді Рахимов.
Мені сыртта біздің батальонный; кіші адъютанты қызыл шырайлы, ақ құба, орта бойлы,
күлімдеген жасыл көзді, қыз мінезді жуас лейтенант қуып жетті. Лейтенантты штабтағы
командирлердің менен басқасы Сеня деп атайтын. Кей кезде әзіл ретінде оны «Маршал»
деп дәріптейтін. Лейтенант болса оған қызара күліп, төмен қарайтын. Оны «Маршал»
деудің себебі Совет Одағының Батыры және Маршалы Семен Константинович
Тимошенко мен біздің лейтенант аттас және фамилиялас болатын|
—
Жүріңіз, алдағы жайдың басы-қасында болалық.
Миы шығып жатқан көшенің балшығын басып біресе тайып, біресе сүрініп келеміз. Сайға
түсе бергенде тыңға шығып адымымызды бұрынғыдай кібіртіктеместен соза емін - еркін
бастық. Ойға түскенде бұрынғыдан да қараңғы болды... Алдымыздан тулай сарқырап тас-
талқан болып аққан бір өзен кедергі болды. Бұл өзенді бұрын көрмегенмен, ол туралы
менің карта бойынша хабарым бар еді. Карта бетінде жасыл жіптей иреңдеген жіңішке
сызықтың астына Лама (Лама өзені) деп жазылғанын шығардың алдында оқығанмын. Жай
күні кешіп өткенде суы қонышқа жетпейтін саяз бұлақ, азаннан бергі жауынның
жықпылдардан сел боп аққан суларының басы қосылып — үлкен арналы тау өзеніндей
толқына шапшып ағып жатыр.
—
Жүзіп өтеміз бе, жолдас комбат? — деді тоқтап тұрып Тимошенко.
—
Кешіп өтеміз. Попов пен Краевтардың топтары кешіп өткен болар.
—
Олай болса, алдымен маған жүруге рұқсат етіңіз.
—
Баста, жігітім.
Тимошенко суды кешіп екі-үш адым басқаннан кейін күмп етіп сүңгіп кетті. Оны өкшелей
келе жатқан мен кейін шегіндім. Сол жақтан:
—
Абайлаңыз! Бұл жері өте терең екен, — деген дауыс шықты да, басқа үн қатпады.
Мен суды жағалай жүгірдім. «Семя!», «Тимошенко!» деп шақырғаныма ешқандай жауап
болмады. Лама бұрқылдай қайнап толқып ағады. Мен тайғанай сүрініп, ағыспен жарысып
жүгіріп келем «Сеня!», «Тимошенко!» — деп айқайлаймын. Табан астынан «ауып» деген
дауыс шығып, су бетінде бір нәрсе қарауыта бергенде мен де суға ырғып түстім. Суық
толқын мұз қарығандай беттен ала түсті. Қатты ағыс мені аудара - төңкере жұлып ала
жөнелді. Түбіне тартып барады. Лай суды жұтып тұншығып, аяқ-қолыммен тырбаңдап,
жандалбасамен ағып бара жатырмын. Бір кезде мені толқын бір қатты нәрсеге алып барып
бір-ақ соқты. Шап беріп қолым жеткенді ұстап алдым.Лай суды тағы да екі рет түйіле
жұтып, жоғары қарасам, үстімде көпірдің қанатын көрдім. Тырмысып көпірдің балағына
жабыса - жармаса судан әрең дегенде шықтым. Үсті-басым зілдей ауыр. Басым айналып,
жүрегім айни бастады. Отыра қалып лоқси - лоқси құстым. Көзімнен жас ағып тамсансам,
аузым толған құм. Тағы да бірнеше рет лоқсып құсып, жұтқан лай судан әрең дегенде
құтылдым.
Мен өмірімде өзімді аяушыларды дұшпанымнан да жек көретіндердің біреуімін. Шын
аяушылар аз кездеседі, көбі көңіл қалмасын мен мезірет етеді, өтіріктен мұңдас бола
қояды. Ондай аяу кісіні жасытады. Бірақ та қамқор болар ешкім жоқ. Күздің қара
суығында киіммен суға кете жаздап, өзен жағасында қалшылдап отырған адамның ахуалы
әркімге де түсінікті болар...
35
Тимошенконы іздеп тағы біраз жерге дейін өзен бойын жағалай жүрдім. Бір төмпешіктің
басына барып отырдым да, шешіндім. Жалғыз ішкі жейдеммен қалғанымда суық жел
денемді мұздай қарыды. Біраз жұлқына қимылдап киімдерімді сыға бастағанымда денем
жылына бастағандай болды. Қайтадан киінгенімде аяқ - қолым дірілдеп безгек адамдай
қалшылдап, тістерім сақ-сақ қақты. Тайғанай сүріне жүгіріп келемін. Қыр басына
шықтым. Ентігіп тұра қалдым. Жүгіру қызбасы суық безгегін басты. Жан-жағымды
байқап аяқ астыма қарасам, қос дөңгелектің ізіне көзім тусті. Компасымды алып, оның
жылтыр дірілдеген ұшына қарап Тимково тарапын анықтап көрсем, әлгі қос із солай қарай
қатар жатыр екен. «Ә, бұл із, Жиенішбаевтың зеңбірегінің ізі болып шықты ғой» деп
ойладым. Айлы Жиенішбаев зеңбірек командирі еді. Біздің батальондағы зеңбіректердің
ішінде жалғыз сол Жиенішбаев зеңбірегінің дөңгелектері ғана темір құрсаулы,
басқаларыныкі автомашинаныкі сияқты резинкалы болатын: Есімде: майданға аттанардың
алдында біз Талғарда бас қосып едік. Мен аттарды үлестіріп тұрғанымда орта бойлы, сәл
қысыңқылау мөлдір көз, қошқар мұрын, сыпайы сержант қырғыз жігіті:
—
Жолдас командир, біздің орудиеге берсеңіз мықты шоң - шоң жылқыдан беріңіз, —
деді алдымда қалт тұра қалып.
—
Басқалардан сенің нең артық еді, — дегенімде:
—
Біздің орудиес өте ауыр, жолдас комбат, — деген ол. «Мына жігіттен бір нәрсе
шығатын болар» деп ойлап оған аттарды таңдап алуға рұқсат берген едім. Сол кездесу
ойыма сап ете түсті. Жиенішбаевтың ізімен Тимковоға қарай тарттым. Біраз жүргеннен
кейін айдалған егін орнына кез болдым. Босаған топырақ күн бойы жауынның суын
бойына сіңіріп алып, тартпа шалшыққа айналған. Мен аяғымды балға түскен шыбындай
зордан басып келемін. Үш-төрт жүз метрден кейін із жолға қосылды.
Аяғымдағы батпандай ауыр балшықты сүртіп тастап, жеңілдегендей болып қара жолдың
уатымен ойға қарата жүріп келем.
Аспанға қарай аққан жұлдыздай бірнеше ракеталар атылды. Немістер айналаны соның
жарығымен аңдамақ. Пулемет атылды. Жіпке тізген қызыл моншақтай жарық қоңыз
жылтыр оқтар (трассирующие пули) аспанда тізіле ағып барады. Пулеметчик оңды-солды
және тіке алдына оқтарын себелей атып жатыр. Менің қасымнан бірнеше оқ зу-зу етіп
өткенде, мен қулай кеттім. Тып-тыныш.Байқап жатырмын, жақында соғыс дүбірі
естілмейді. Төменнен иттің үрген даусы естілді. Біраздан соң пулемет қайтадан атқылай
бастады. Немістер Тимковода екені күмәнсіз. Ал, Попов қайда?
Өз атыма Бозжановты міндіріп оған Николайды қосып екеуін Филимоновтың соңынан
жібердім, Рахимовты Племхозда қалдырдым. Тимошенкодан жолда айрылдым, Поповтың
тобына қосылам деп жалғыз өзім сандалып келе жатып, қараңғы түнде айдалада жер
тыңдап жатырмын. Бұным командирге жарасар қылық емес. Жаман айтпай жақсы жоқ,
әлгі жаңағы қаңғыған оқтардың біреуі маған тиіп не жаралап, не өлтірсе, әйтпесе жаудың
қолына адасып жүріп тұтқынға түсем — онда не болмақ?
«...Октябрьдің 27-нен 28-не қараған түнде Тимковоның таранындағы ұрыста батальонный,
қимылы сәтсіздікке ұшырады. Батальон командирі хабарсыз жоғалды... — дегеннен басқа,
біз туралы штабтағылар жоғарғы жерге не жазбақ», — деген ой мені үрейлендіріп,
орнымнан қарғыта тұрғызды.
«Батальон жойылмау керек, комбат хабар-ошарсыз жоғалмау керек» — деп өзіме зекіре
сөйлеп солға қарай жүріп келем. «Попов болмаса, Краевтың тобына кездесермін. Олардың
біреуі осы жақын арада болуы керек...» — деген ойдың үстінде келе жатқанымда жалғыз
окопқа кез болдым. Окоптың тереңдігі тізеден болуы керек. Белуарына дейін суға батып,
36
шалқая сүйеніп бір неміс өлігі отыр екен. Оны көре салып, төбе шашым тік тұрып, денем
дір ете қалғандай болды. Байқасам окоптың маңында ешқандай қару-жарақ көрінбейді.
«Мен немістің алдыңғы тосқауылдар шебінде жүр екенмін ғой. Мына қазылған окоптарға
қарағанда, жау бұл жерге бізден бұрын күн батардың алдында келген болар. Немістің
мына өлігіне қарағанда, бұл маңайда біздің адамдар болғанға ұқсайды», деген оймен тағы
сол жаққа қарай жүріп келемін. Алдымнан елеңдеп бір адам шықты. О да, мен де бір-
бірімізді көрісімен тұра қалдық. Мен пистолетімді қабынан шығарып алдым да, егер де
дұшпан болса шаппасын басып қалсам қате кете қоймас, арамыз көп болса жиырма
қадамнан артық емес деп ойладым. Ол үн қатпады, менде де үн жоқ... Екеуміз бірден
шұғыл бұрылып екі жаққа кеттік. Енді өрге шығып келе жатырмын. Арт жақта
Тимководағы немістер біресе пулеметтерін бажылдата, біресе ракеталарын жарқырата
аспанға атқылап жатыр. Бұлардың қой күзетіп отырған қойшылардың айқайындай
сақтығына қарағанда біздің топтармен кездесуі керек. Қызыл, жасыл, ақ ракеталарды
кезек-кезек атқылағаны несі?«Жаумен кездестік!» «Жау жақында. Халіміз қауіпті!» деген
сигналдармен соңындағылармен тілдесуі болу керек. Демек, біздің топтар осы маңайда
ғой. Мен жүріп келемін.
Алдымнан мұнарлана бір үлкен мая көрінді. Біздің адамдар!
—
Кімдер, бұл жерде жайбарақат дем алып жатқан?
—
Товарищ комбат, — деп Жиенішбаев алдымнан қарсы шықты. Оның «Ми» дегенін
естігенде, аз уақытта көпті көріп сарғайып, сағынған жүрегім лүпілдей соғып, көңілім
босап кете жаздады.
—
Бұл жерде неғып отырсыңдар? — деп дауысымды қатаңдай шығарып, жүрегімнің
лүпілін зордан басып, шөптің үстіне отыра кеттім... Одан кейін сержантқа қандай сөздер
айтқаным есімде жоқ, темекі тартып отырып оның қырғызша мен орысшаны араластырып
сөйлеген сөздерін шала-шарпы тыңдап отырмын. Қарасам маяның ық жағында кеңірдегі
сорайып зеңбірек көрінді, екі пар ат алынған ауыздықтарын сылдырлатып пішен жеп тұр.
Олар оқта-текте пысқырып қояды. Астарына құшақ - кұшақ пішен төсеп біздің жиырма
шақты жауынгерлер отыр. «Батальон жойылмас, комбат хабарсыз жоғалмас. Бас қосудың
алды осы болар», — деп шүкір айтып темекінің ащы түтінін жұтып отырғанымда
көкірегім шайдай ашылып, ойым орнына түскендей болды.
***
Аалының айтуы бойынша: Попов өз ротасымен Ламадан өту, езіліп жатқан айдаулы
егістің орны батпаққа малшыланып жүру азаптарын бастан өткізіп Тимковоға
жақындағанда дұшпанның тосқауыл тобына кез болыпты. Оларға шабуыл - атакамен
тиісіп қуып шығыпты. Тимковоны алмақ боп істеген шабуылы сәтсіз болыпты.
Ракеталардың жарығы, бұрыннан дайындалып қойған пулеметтердің жаудырған оқтары
оны шегінуге мәжбүр етіпті. Баста келісім бойынша Попов оң жағынан, Филимонов сол
Краевтың топтарының соңынан комбаттың көмегін күткен болар, бірақ та олар дер кезінде
жәрдем түгіл хабар да болмады... Басқы келісім - бұйрық бойынша Тимковоны үш жақтан
бірдей соғып алу еді. Ол келісім командирдің ойы ғана болып қалды. Соғыста ойдың бәрі
бірдей іс жүзіне аса бермейді, сәтсіз жағдай аз кездеспейді. Командирдің
шалағайлығының кесірі мыңға тиеді. Бұйрық берсең, ойлап бер, жарлығыңды абайлап айт
нақылды орындай білу де оңай емес. Командирдің ойы терең, шешімі салмақты болса —
су басынан тұнады дегендейін істің көбі сәтті, арты игілі болады, ойы шолақ, шешімі
жеңілтек болса — су басынан лайланып, іс сәтсіз болып, аяғы бүлікке ұшырайды. Мен
штаб дивизиядан дегбірсіз шабармандардың бұйрығын алдым. Өзім болса лажсыздан жер
жағдайын, ауа райын, тәуліктің уақытын, дұшпанның жағдайын, өзіміздің
37
жауынгерлердің қалжыраған жағдайына байланысты терең ойламай: «Жүр де жүрдің»
астында асықтырумен саяз шешімге келіп, бұйрық еттім.
Бұйрық пен тәжірибенің айырмасы жер мен көктей екенін соғыс аямастан бетіме шоқтай
басып отыр... «Отпен ойнауға болмайды, шырағым» деді маған сол түні соғыс, соғыстағы
өмір ақиқаты.
Мен шынымды айтсам, осы жолдарды бүгін жазып отырмын, ол кезде менің ойым
басқаша еді... Ал енді сол түнге қайта соғалық.
—
Роталарың қайда? Командир қайда? Саяси жетекші қайда? деген сұрақтармен мен
сержанттың сөзін бөлдім.
—
Жолдош комбат, олардан өзіміз те айрылып қалдық. Қайда екенін білбейбіс, — деді
сержант — орудиемістің дөңгелектері жерге оқтығына дейін еніп аттарыбіс бір тарта
алмай, осимис иін тірей итербелеп сордан өрге шықтық еле. Қайтерімісті білмей
тұрғанымыста, алда ұрыш башталды. Командирдин бір байланысшы келіп: «лейтенант
атсын» деп бұйырды, —деді. Біс Тимково тарапына қарата жиырма шақты оқ аттық.
Мына қараңғы түнде нені дәлдеп аттыңдар?
Кім біледі, жолдош комбат. Немістер де ешнәрсені көріп атқылаған жоқ шығар. Біс те
олардың тарапын шамалап .атқыладық қой.
Дұшпанды дегбірлеу үшін бе?
Солай.
Одан кейін не болды?
Одан кейін, жолдош комбат, немістер үстін-үстін көп атқылап, оқ жаудырды. Саяси
жетекшіміз жараланыпты.
Жау жолатар емес. Командирден шегін деген бұйрық алдық. Аттарымыс болдырды.
Жігіттер көмектесіп осы жерге зордан жеттік. Жаяу әскерлер салт қой — олар бізден озып
кеткен болар.
—
Сенің үнің қырғыз болғанмен, сөзіңнің көбі қазақша ғой.
—
Мен қазақтың жиенімін, әкем де қазақтың жиені екен. Нағашысынын, аулында
тұрған екен. Сонда ол кісіге Жиенішбай деп ат қойылыпты. Қазақ пен қырғыстың сөздерін
аралаштырып сөйлей береміс, тай еке, — деп Аалы мырс етіп мұртынан күлді.
Дұшпан тарапынан бірнеше ракеталар атылды. Ысқыра зуылдап ұшып келіп он шақты
мина мен снарядтар біздің қасымызға түсіп тарс - тұрс етіп айналаны жаңғырта жарылды.
Кейбіреуінің жаңқалары ызыңдап - зуылдап үстімізден өте шықты. Біз отырған жерімізде
бұға қалдық. Дұшпан тағы да бірнеше рет бастырмалата атқылады. «Карта бойынша
есептеп, Тимково гораны жобалап атқылап тұрған болар» деп ойладым. Орнымнан тұра
бергенімде жап-жақын жерден:
—
Ложис (жатқын), — деген дауыс естілді.
—
Әй! Сен Краевбысың? Кел мұнда тез!
—
Сясь, бегу (қазір жетем).
—
Сен есалаң маналы бері қайда сандалып жүрсің?
38
—
Шынымды айтсам. жолдас комбат, біраз адастық. Судан әбігерленіп зордан өттік.
Оның жай қуат жерін іздеп біраз әурелендік. Ауыр пулеметтерді суға жіберіп ала
жаздадық. Жаңадан ғана басымызды қосып, есімізді жинап өз азимут — бағытымызға
шықтық.
—
Той тарқағанда ғана жөндеріңді тауыпсыңдар ғой.
—
Иә, не боп қалды, жолдас комбат? Мен Краевқа көрген - білгенімді айттым.
—
Апырм - ай, Поповтың кетіп қалғаны несі екен? Қайда кетті екен ол?
—
Волоколамскіге қарай тартқан болар. Осы арада бір жарым взводтай тобын тастап
кетіпті.
—
Тимковоға тағы шабуыл жасасақ қайтеді?
—
Жоқ. Жау сақтанып қалды. Енді болмайды, Краев. Мезгілін өткізіп алдық.
—
Егер неміс шаба қалса қайтеміз?
—
Ол таң атқанша орнынан қозғала қоймас. Тимководағы күші оншама көп
көрінбейді. Ракета атып жәрдем сұрап отырған жау түнде шабуыл жасай қоймас.
Краевқа қырдың жонына бекінуді бұйырдым, Жиенішбаевты Попов тобынан қалған
жауынгерлердің басын құрауға жұмсадым. Олар кетті — мен қалдым.
***
Жиенішбаев Попов тобының қалғаны бір жарым взводтай жауынгерлерді біз отырған
пішен маясына ертіп келеді. Взвод командирі лейтенант Терещенко қатты жарақаттанған
екен. Лейтенант иығынан дем алып ентігіп отырып баяндады... Тимковоға бара жатқан
жолда жығыла - сүрініп жүргенде мылтықтар мен пулеметтердің механизмдеріне
мейлінше балшық кіріп бірінен кейін бірі үні бітіп атуға жарамай, істен шыға бастапты.
Қолдағы атылмаған мылтықтың жай шоқпардан айырмасы не? Поповтың шегінуге
бұйрық бергені, сол себептен болған екен. Плащ-палаткадан зембіл істеп, астына
қалыңдап шөп төсеп лейтенантты дәрігер пунктіне үш-төрт жауынгер көтеріп алып кетті.
Қасымдағы жауынгерлерге пішенге оранып жатуға рұқсат беріп, өзім маяның төбесіне
шығып орналастым. Немістер анда - санда ракета атып, сирек - сирек бес-алты мина
тастауда.
Жиенішбаев маған құрғақ ішкі киім мен шұлғау алып келіп:
—
Шешініп қайта киініңіз, жолдас комбат. Манаты бері қалшылдап тісіңіз тісіңізге
тимей тұрғанын қанша сездірмеймін дегенмен білініп-ақ тұр, — деп менің еркіме қарамай
етігімді аяғымнан тарта бастады.
Мен шешіндім. Суық жел денемді қарып алғандай болғанда тітіркеніп «У – у - у» десем
керек.
—
Ә, таға сіздің халіңіз мүшкіл екен, — деп Аалы ай-шайға қарамастан теріні
илегендей өзінің қарулы қолымен менің денемді уқалай бастады. Бұлшық еттерімді
езгілеп, арқамды шапалақтап болды дағы, сүлгіменен батыра - батыра екі рет ысқылап
шықты. Мен құрғақ киімді киіп пішенге оранып жатып, тезден - ақ ұйқыға кеттім.
—
Жолдош комбат! Жолдош комбат! Тұрыңыз, таң бозарып келеді, — деп мені Аалы
жұлқылап зордан оятты.
39
Мен тұрдым. Аалының қарақаттай екі көзі өлікті тірілткендей күлімсіреп тұр екен. Киініп,
жорық саймандарымды иығыма асынып, белдігімді қыса буынып болған соң:
—
Meн қанша уақыт ұйықтадым, Аалы? — деп сұрадым сержанттан.
—
Кемінде үш сағаттай ұйықтадыңыз.
—
Әжептәуір - ақ тынығып қалыппын. Бұл жерге ешкім келген жоқ па?
—
Бозжанов пен сіздің атқосшыңыз келіп, сізді оятуға батпай, аттарына шөп жегізді
де қайтып кетті.
—
Олар не айтты?
—
Білте шамның жарығымен плащ-палатканың үстінде түнімен пулеметтерді
тазартудың соңындамыз, — деді. Племхоздың үйінде істеп жатқан көрінеді.
—
Поповтан хабар бар ма?
—
Жоқ. Әлі ешқандай дерек жоқ.
—
Азық-түлікпен басқалары келіп пе?
—
Жоқ. Әлі келмепті олар.
—Ал, енді бүл жерде мен отыра бермеймін. Осы маңайдағы ең ыңғайлы пана мына
шөптің маясы. Бұл жерден еш жаққа кетпей - ақ қойыңдар. Жігіттерді қашан соғыс
басталғанша оятушы болмағын. Демалғандарының бір-екеуін бақылаушы қой - дағы өзің
де демал, — деп Аалыға пысықтап, өзім жүріп кеттім.
Достарыңызбен бөлісу: |