Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқас (роман)



Pdf көрінісі
бет6/45
Дата19.05.2023
өлшемі1,68 Mb.
#94921
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   45
ЛЕЙТЕЙНАНТ БРУДНЫЙ 
Біздің батальонға көмектес артиллерия дивизионының командирі Кухаренко келіпті 
дивизион Бықи маңында позицияға орналасып дайындалып жатқанын баяндады. Біз 
Рахимов үшеуміз ақылдаса отырып болашақ соғыста дивизионды қалай пайдалану жағын 


57 
шешіп, Кухаренконың алдына бірнеше істер жүктедік. Кухаренко қырдағы пішеннің бір 
маясының басына бақылау пунктін істеп алып, орналасып дайындыққа кірісті. 
— 
Жолдас комбат, немістер көрінді! — деп Синченко жүгіріп келді. Мен күркеден 
шығып, қыр басындағы бақылау пунктіме келдім. Менің ешкіммен телефонмен 
байланысым жоқ. Бақылау пункттің айналасында байланысшы хабарман жауынгерлер 
өздерінің саяз окоптарында жатыр. Немістердің келе жатқаны рас болып шықты. Олар сап 
- сабымен тапа жорықтағыдай шұбап келеді. Бәріміз де таң қала қарап тұрмыз. Бұлар 
біздің үстімізден серуендей басып өтпек пе әлде, мына бейқам келе жатқанына қарағанда? 
— 
Ал, жігіттер! Командирлеріңе барып айтыңдар: немістер 300-400 метрдей 
жақындағанша ешкім атушы болмасын. Түсінікті ме? Жүгіріңдер. — Байланысшылар 
жүгіріп кетті. Немістермен арамыз көп болса бір километрдей. 
Кенеттен немістің колонналарының үстінен бірнеше снаряд бұрқылдай жарылды. Оларды 
Кухаренко атқылай бастады. 
— 
Қап, мынау ертерек атты - ау, — дедім бармағымды тістей өкініп. — Синченко, 
жүгір Рахимовқа, ол Кухаренкоға айтсын бастағаннан кейін ол шрапнельмен гранатын 
араластыра бастырмалатып атсын деп, — деп жұмсадым Николайды. 
Біздің пулеметтер де атқылай бастады... Сөйтіп біз өзімізді өзіміз айғақ етіп немістерге 
уақыттан ерте көрсетіп алдық. 
Немістер біз жатқан қыр төбесін минометпен, артиллериямен төмпештеуге кірісті. Екі 
жақтан да қызу атыс. Айнала ың-жың. Тасыр-тұсыр. 
Миналар мен снарядтар бұрқылдай жарылып жер бетіне шешек таңбасындай 
воронкаларымен шұбарлап із қалдырып жатыр. 
...Менің командирлерге көп нәрсе айтқым келеді. Мені олармен байланыстыратын 
телефон жоқ. Хабарман жауынгерлер менің сөзімді оларға жеткізіп, олардың сөзін маған 
жеткізгенше ұстараның жүзіндей қылтылдап тұрған тар уақытта ұрыс жағдайы бірнеше 
рет өзгерді. Мен бақылау пунктінде бәрін көріп жатырмын.. Басқаруға дәрмен жоқ. Мен 
ұрысты басқарып жатқаным жоқ. ұрыс бастырмалап есімді шығарып жатыр. Немістер 
бірте-бірте жақындап келеді. Біз жақтан жауған оқтар олардың көкірегінен итергендей 
онша ілгерілетер емес. Атыс жағынан қиян-кескі болып жатыр. Қиян-кескі соғыста әр 
жауынгердің өз тізгіні өзінде, ол атқысы келсе атады, ерік өзінде; қол көтерген жаудың 
қасық қанын қиып тұтқынға ала ма, жоқ атып тастай ма, — ол оның өз еркінде; мені 
тыңдап жатқан батальон да, дивизион да жоқ, әйтеуір қиян-кескі атыс үстіне атыс. 
— 
Жолдас комбат, дұшпанның бірінші атакасы тойтарылды,деп келді Рахимов. 
— 
Дұрыс болған екен, — дедім мен оған бұрылмастан, — Ал, енді неміс бағытын 
өзгертуі мүмкін. Ол енді бос жатқан бір бүйірімізден соғуға тырысар. Жан-жаққа әзір болу 
керек. 
— 
Біраз күшті жан-жаққа қарай қозғасақ қайтеді? 
— 
Жоқ, қозғаудың қажеті болмас, үлгере алмаспыз... Айтпақшы адамдар әлі 
тамақтанған жоқ па? — Қайдағы тамақ, жолдас комбат? 
— 
Жарақаттанғандар көп пе? Оларды тезден Бықиға жөнелтіңдер. 
— 
Сіз өзіңіз жарақаттанғаннан саумысыз, жолдас комбат? 


58 
— 
Саумын. Бірақ та миым ашып қалғанға ұқсайды. Біраздан кейін есімді жинап 
алармын. Сіз бара беріңіз, Хаби. 
Орнымнан тұрып қарасам, барлығы орнында, біздің позициялардың шеті кертілмегенге 
ұқсайды. 
— 
Уа, тәуба! — деп бір-ақ күрсініп барып есімді жинадым. 
* * * 
...Жау төмпештеуін тағы бастады. Атыс астында мен бір жауынгердің окопына секіріп 
түстім. Окоп тар екен, екеуміз зордан сыйып тұрмыз. Үстімізден зуылдап өтіп жатқан 
оқтар мен зыңылдаған мина жаңқалары екеумізді де окоп түбіне бұқтырды. 
— 
Атака басталғанша осылай отырамын да, немістер тұра жүгіргенде басымды бір-ақ 
көтеріп фашистерді ата бастаймын. Кеше үшеуін қалпақтай ұшырғанмын... — деп төмен 
қарап белдігімен ойнап отыр қасымдағы жауынгер. Түріне назарымды салсам — уыздай 
жасөспірім бала жігіт. — Сіз орныңыздан тұрмастан отыра беріңіз, — деді ол маған. Мен 
оған «неге?» дегендей қарадым. — Сіздің пистолетіңіз алысқа жетпейді ғой, әуреленіп 
қайтесіз. Отыра беріңіз. Бізге келе жатқандарын өзім - ақ атайын. Жас жауынгер орнынан 
тұрып, ордың жиегіне сүйеніп тұрып атқылай бастады. 
—Атака басталды, жолдас комбат... Адамның қалай құлағанын көргіңіз келе ме... Өте 
қызық... Әні тағы біреу қалпақтай ұшып... — деп сөйлеп атқылап тұр. Мен де орнымнан 
тұрдым. Немістер жүгіріп, құлап, қайта тұрып жүгіріп келеді. Жас жауынгер екі рет атып: 
— 
Бұл жолы тигізе алмадым, — деп мылтығын қайта оқтай бергенде: 
— 
Маған берші винтовканы, — деп оның қолынан мылтығын алдым. 
Бастырмалатып бірнеше аттым. 
— 
Сіз мергенсіз ғой, — деді жауынгер. 
— 
Ия, жігітім, мен снайпермін. 
Мен шынында снайпершімін. Жас кезімде снайперлік өнерін үйрететін топта алты айдай 
оқыған болатынмын. 
Кейін де көп жылдар машықтанғанмын. Айтайын дегенім ол емес еді. Менің снайперлігім 
дұшпанмен табан тіресе айқасқан жауынгерлердің қырағы көздеріне қарағанда түкке де 
тұрмайды. 
Біздің батальонда менің қасымдағы жас жауынгердей көп адамдар қаймықпай жауға оқ 
атып жатыр. Кешікпей-ақ екінші атака да тойтарылды. Оны тойтарған ниеті бір, қызу 
қимылдаған көптің ісі. 
* * * 
Жыл мезгілінде күздің бәрі күз. Бірақ 1941 жылғы күз Ресейдің мәңгілік есінде қалар 
сұрғылт, мейірімсіз күз еді. Ресейдің жерін шекарадан бастап бомба, снаряд, миналардың 
орындары шешектей ойын таңбалаған күз. Олар қазылып, танктердің жылан бауыр іздері 
жер жүзін тырнап тыртықтаған күз. Шекарадан бастап Москваның дарбазасына дейін 
орақшы бау байлағандай жауынгерлер қабірі аяқ асты төмпештеле тізілген күз: Асығыс 
шегінуде боздақ кеткендердің шала-шарпы топтап бетін жапқан бейіттер толған күз. 


59 
«Өмірдің рақатын надан ғана көреді, азабы болса ердің сыбағасы» — деп ата-бабаларым 
айтып кеткендей сол күзде ел үшін, Отан үшін азап көріп, көпке шыдап, борыштарын 
қанмен жуып, майдан алаңында жан тәсіл еткен, ананың ақ сүтін ақтаған адал 
жолдастарымыз да көп-ақ еді: орыс — Иван Иванович Иванов, тунгус пен қазақ, 
кавказдықтар мен қырғыз, удмурттар мен өзбек, татарлар мен түрікмен, молдаван мен 
украин, тағысын - тағылар... жер жүзіндегі ең аз ру халық ұлы Сұлтанмахмұд Шапшал... 
Олардың қабірлерін әлдеқашан жусандар басты. Олардың істері, төккен қандары 
болашаққа игілікті нұрлы жауындай төгілді. Бүгінгі гүлдер солар болмаса өсер ме еді, 
құлпырып тұрар ма еді. 
Бір жолы Рахимовқа мен қатты ұрыстым. Кейбір ұрысуым жөнсіз де болу керек. Момын, 
ақылды, әдепті Хабибулла маған көзін жыпылықтатып, сасқалақтап тұрып былай деді: 
— 
Сізге не болды, жолдас комбат... Кешіріңіз... айтып тұрған сөздеріңіз азырақ жөнге 
келмей тұрғандай... 
— 
Сеніңше мені әлдеқашан-ақ жындыханаға тапсыру керек екен ғой! 
— 
Жоқ. Ол сөз менің аузымнан шыққан жоқ қой, жолдас комбат... 
— 
Хаби! Тыңдашы мені! Мына батальон маған оңай соғып тұрған жоқ! 
— 
Рұқсат болса айтайын, жолдас комбат, біздің батальонға сіз де оңай соғып тұрған 
командир емессіз! 
— 
Демек, мен батальонным, соры болып шықтым ғой... Менен құтылу соғыс 
қызуында оп-оңай... оны сіз, лейтенант Рахимов жақсы білесіз. 
— 
Опырмай, сізге бір сөз айтудан қалып барамыз ба осы. Ол не дегеніңіз, жолдас 
комбат!? 
* * * 
Тағы тып-тыныш. Екі жақтан да атыс жоқ, бірін-бірі аңдып жатыр. 
— 
Рахимов! Неге екі жақтың да үні өшіп қалды? 
— 
Қайдан білейін. Мүмкін «келісімге» келген болар, жолдас комбат. 
— 
Әзіл көтерер жайым жоқ! 
— 
Ендеше, жолдас комбат, менің байқауымша, біздің оңды - солды жақтарымыздың 
бос жатқанын біліп алған болу керек. Енді соқса бүйірден соғуға әрекеттеніп жатыр-ау 
деймін. 
— 
Дұрыс. Оныкі мүлде дұрыс. Пулеметтер мен артиллерияның бар күшін қанат 
қорғауға жұмсалық. Барыңыз, ұйымдастырыңыз. 
Рахимов орнынан тұрып кетті. 
— 
Синченко, әлгі политрук Бозжановты шақыршы. Бозжанов келді.
—Штабта жалғыз Рахимовтан басқа жұмсарға адам қалмады,дедім мен оған. — Сен 
батальонның кіші адъютанты болғын. 
Жолдас комбат, рұқсат етіңіз... 


60 
Рұқсат жоқ. Менен екі сөз күтпегін! 
- Құп, болады, ақсақал! 
— 
Сен Краевқа барғын. Ол партияда жоқ адам ғой мен сияқты. Ротаға ол бір жағынан 
командир, бір жағынан политрук болып өз жеке басы билей берсін деп айтқын. Тез 
қайтқын. 
Бозжанов кетті. 
... Қайтадан неміс бізді артиллериясымен, минометтерімен төмпештеуге кірісті. Оң жақтан 
қиян-кескі атыс болып жатқанда біреу жүгіріп келеді. Жүгіргенде қисалаңдап әдіске 
салып, біресе құлап, біресе тұрып жүгіріп келеді. 
Мен оған қарап тұрып «бұл кім болар екен? Осынша аласұрып ұшып келе жатқанының 
себебі не екен?» деп тұрмын. Жақындай бергенде мен сыртқы пішінінен Брудныйды 
таныдым. Ол даусыз маған қарай жүгіріп келеді... Маған жете бергенде мұрттай ұшып 
құлады да, етпетінен жатқан орнынан қозғалмады. Мен еңбектеп оның қасына бардым. 
— 
Брудный! 
Онда үн де жоқ, тыныс та жоқ. Мен оны аударып шалқасынан жатқыздым. 
— 
Брудный! 
Онда үн де жоқ, тыныс та жоқ... Тек қара торы үлпершектей жас жүзінде бусанған тер 
дымқылы жылтырайды... Көзі жұмулы, тыныс жоқ. 
— 
Брудный! Брудный!.. Жауап қатшы, бауырым! Жауап қатшы! Сен неге оқ астында 
жүгірдің?.. Маған не айтайын деп едің?. А, а!.. 
...Немістер атакаға шықты. Жалмұхаммед Бозжанов келді. 
— 
Брудный! — деп тұра қалып: — Сен мұнда неғып жатырсың? А? 
— 
Ол ұйықтап жатыр. Тимегін оған, — дегенімде,
— 
Сізде, жолдас комбат, ешқандай мейірім жоқ екен ғой! -— деп ол маған зекірді. — 
Өлімді қалай ұйқы деп тұрсыз? 
— 
Оны мен өлтіргем жоқ! Соғыс өлтірді! Кінәлағыш болсаң соғысты кінәлағын... 
— 
Кешіріңіз, ағатай. Абайсызда айтып қалдым... 
— 
Степановты Кухаренкога жібергін, өзің роталарға барғын. Приказываю отбить всем 
и эту атаку противника! Брудный екеуміз осында сендердің қимылдарыңды бақылап 
жатамыз... Рахимовты маған жібергін. 
Рахимов келді. 
— 
Біздің көршілеріміз де тым-тырыс. Осы фашистерге не керек екенін қайдам, 
әйтеуір бізге тыныштық берер емес. 
— 
Қасқайып жатқан екі жол мен екі көпір керек оларға, Хаби. 
— 
Айнала бос қой. Оралып соға бермей ме бұл иттер. 


61 
— 
Оның командирі де мен сияқты желге қарсы бедеріп тұрып ықтай білмейтін 
есерсоқтың біреуі көрінеді. 
-Тәуба! Сіз, жолдас комбат, кекшіл екенсіз ғой! 
— 
Қалайша? 
— 
Әнеукүні менің аузымнан жазатайым шығып кеткен бір сөзді әлі ұмытпапсыз ғой. 
— 
Ұмытпаймын да, Хабибулла. Өлгенімше ұмытпаймын. Сенің сол сөзің менің ойыма 
ой қосты. Маған үлкен сабақ болды. Рахмет саған. 
— 
Олай болса оқасы жоқ, жолдас... 
— 
Айтпақшы Жалмұхаммед те маған зекіріп кетті. 
— 
Өй, ол қалайша сізге зекіруге аузы барды? Ол сізді піріндей көрушілердің бірі еді 
ғой. 
— 
Енді мен саған да, Бозжановқа да пip болудан кеткенге ұқсаймын. 
Тағы да жым-жырт бола қалды. Бет алыстан жау шабуылы мүлдем тойтарылды. 
— 
Хаби, күректері бар он шақты жігіттерді ертіп келші осында. 
Жігіттер келді. 
Ал жігіттер, тереңдете қазыңдар... Жауынгердің кебенегіне орап көмелік Брудныйды. 
Жауынгерлер қаза бастады. 
Тағы да тереңдете түсейік пе, жоқ әлде осы жете ме, жолдас комбат? — деп сұрады жер 
астынан бір жауынгер. 
Тоқтат, жетер енді. 
Рахимов пен Бозжанов Брудныйдың сүйегін менің плащ - палаткама орап жатып: «Мұның 
пистолетін қайтеміз?» дегендей көзбен маған қарады. 
— 
Ер жауынгерлік саймандарымен жатсын. Барлығын да қалдырыңдар, бірге болсын, 
өзімен бірге, — дедім мен. 
Жерлердің алдында мен Брудныйдың қасына барып, басын сүйеп оның бұйра қара шашын 
өз тарағыммен тарадым. Жағамнан командирлік белгісі төрт бұрышты екі қызыл түймемді 
сөгіп алып, Брудныйдың жағасына қададым. 
— 
Аға лейтенант Брудный, қош бол, жатқан жерің торқа болсын. 
Брудныйды жерлеп жатқанда, он шақты мылтықты жауынгерлер бастырмалата бес рет 
атты. Әскер дәстүрінде, оқыған жаназа осылай болды... Өлімде аяу да, ұят та жоқ. Соғыс 
— өлім ұясы. Соғыс — соқыр және мылқау. Ата қайғысын, ана мұңын ол естімейді, 
зарлап айта білмейді. 
* * * 
Ұрыс саябырсыған, екі жақтың да дағдарыс кезінде генерал Панфилов Шехтман полкына 
келді деген хабар жеткенде, мен штабқа қарай шаптым. 


62 
— 
Сіз рұқсатсыз алдыңғы шептен мұнда неге келдіңіз? — деп Шехтман маған кейіп 
сөйледі: 
— 
Жолдас Шехтман, кею керек болса, ол менің қолымнан да келеді, — деді
Панфилов полк командирінің маған дікеңдегенін жақтырмай оның сөзін бөлді. Шехтман 
төмен қарап, күйгелектеп: 
— 
Аға лейтенантты мен шақырған жоқ едім, жолдас генерал, — деді. 
— 
Жолдас Момышұлы сізге емес, маған келіп тұр... Үлкен тұрған жерде кіші даусын 
қатты шығармас болар, жолдас полк командирі. 
— 
Ғапу етіңіз, жолдас генерал, — деп Шехтман сасқалақтап қалды. 
— 
Сізбен кейін сөйлесермін, алдымен жолдас Момышұлы тыңдап алайын. Бұл кісімен 
көптен бері көріскен жоқ едік. Маған қарап: — Сіздің жасырын айтар сөзіңіз жоқ шығар, 
ә? — деп сұрады. 
— 
Жасырын сөзім жоқ, жолдас генерал. 
— 
Сіз де әңгіменің басы-қасында болыңыз, — деді үн қатпай әдеп сақтап тұрған 
комиссарға. 
Мен жалтақтамай, именбей бастан кешкен өткен-кеткеннің барлығын айттым. Шехтман 
бір-екі рет менің сөзімді бөлейін деп еді: 
— 
Не перебивать! — деп Панфилов оны доғарып тастады. 
Маған генерал бірнеше сұрақтар берді. Мен жауап қайырдым. 
Полк комиссары Корсаковтан: 
— 
Комбаттың сөзіне қарсылықтарыңыз бар ма? — деп сұрағанда: 
— 
Комбат ашығын айтты, жолдас генерал, — деді комиссар. 
Панфилов қабағын түйіп біраз отырып маған: 
— 
Сәтсіз түнге сіз айыпты емессіз, біздің штабтың ұшқалақ шабармандары кінәлі, — 
деді де, Шехтманға бұрылып түнере қарап, — Вы людей держали на правах пасынка, вы 
довели батальон до изнеможения! Я вам больше не доверяю, этот батальон я забираю у 
вас! Сегодня же к вечеру смените батальон... 
— 
Жолдас генерал... 
— 
Сегодня же к вечеру сменить и доложить! 
— 
Есть сменить и доложить! — деп Шехтман сұрлана қысылып орнынан қалт тұрды... 
Мен ішімнен алақайлап, батальонға қайта шаба жөнелдім. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет