1 Мұғалімнің кәсіби тұлғалық үйлесімділігі
Тәрбиеленуші студент – болашақ ұстаз, ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей болып, дүниежүзілік мәдениетті танитын, төл мәдениетін сыйлайтын, оны таныта алатын, рухани дүниесі бай, интелектуалдық деңгейі жоғары, білімді, білікті болуы шарт.
Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстан-2030» атты кешенді жолдауының «Қазақстан мұраты» бөлімінде төмендегідей тұжырым жасайды: «Келер ұрпақ бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады, ұрпақ тәрбиесінде дана болады: оның саулығына, біліміне және дүниеге көзқарасына қамқорлық жасайды…».
Тәрбие үрдісінде ұстаз тұлғасы шешуші рөл атқарады. Мұғалімнің жеке басындағы барлық қасиеттерінің кәсіптік мәні бар. Кезінде А.В. Луначарский атап көрсеткендей, педагогикалық моральдағы кез келген кемістік, мінез-құлықтағы кез келген кемістік тікелей у болып, ол жеткеншек ұрпаққа жұғады. Жақсы мұғалім – бұл ең әуелі қайғы қуанышыңа ортақтасатын, парасатты әрі адал, балаларды құрметтей білетін және оларға ұқыпты қарайтын жақсы адам.
Мұғалім мархабатты мамандық. В.Г. Белинскийдің ойынша: тәрбие мақсаты – адамгершілік, құралы – сүйіспеншілік. Педагогикадағы адамгершілік адамдарға әрдайым пайда келтіруі, тәрбиеленушілердің рухани және дене саулығы таза болып өсуіне жәрдемдесуі арқылы көрінеді.
Сонымен қоса мұғалім бейнесін көпшілік мақұлдаған ізгілікті жандардан тұратын бейне бір стандартты, өзгермейтін модель ретінде елестетуге болмайды. Адам баласына тән нәрсенің барлығы мұғалімге жат емес. Алайда болашақ жас педагогтар үшін өзін-өзі тәрбиелеудің кәсіптік-педагогикалық өзіндік пайдалы сипаттарын білгені жөн. Педагогикалық қызметтің ойдағыдай болуының қажетті шарты – оқушыны жақсы көру. Балаларды жақсы көрмей тұрып, оларды адамгершілік пен адалдыққа тәрбиелеу мүмкін емес. Балаға салқын қарау көп жағдайда олардың мінез-құлқына рақымсыздықтың, іс-әрекетіндегі теріс қылықтың пайда болуына әкеп соғады. Әрине, оқушыны жақсы көру, жеке басын сыйлау, мұғалімнің тағы басқа да келелі қасиеттерімен толысып, тез үйлесімін тауып, толықтыра түседі.
Оқу-тәрбие ісі тәрбиеленушінің жүрегін тебірентіп, ой сезіміне әсер ету үшін:
біріншіден, тәрбиеші ұстаз саяси сауатты, жан-жақты білімді болып, этнопедагогика құндылықтарын терең меңгеруі шарт;
екіншіден, оқу-тәрбие үрдісін жүргізу кезінде оқушының психологиялық ой-өрісінің өсу, даму дәрежесін бақылай отырып жан саулығына, ден саулығына зиян келтірмей, табиғатына үйлесімді жан-жақты жәрдемдесуі керек,
үшіншіден, тәлімгер ұстаз өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне еркін ұялата аларлықтай әдіскерлік шеберлігі болуы қажет.
Бүгінгі тәлім-тәрбие, оқыту, білім беру тұрғысынан қазақтың халық педагогикасы, дала ұстаздары өсиет еткен өнегелі сөздерін еске алсақ, шәкірттің көзі ояу, көңілі ұйқыда болмас үшін, болашақ тәлімгер ғасырлар бойы қалыптасқан заңдылықтарды терең біліп, оны жүзеге асыруды парыз деп тануы шарт.
Мектеп пен ұстаз және оқушылар – бір-бірінен ажырағысыз, тығыз байланыста болады. Педагогтардың кәсіби моралінің талаптарының ең негізгісі болып саналатыны әр жекелеген оқушының игілігі үшін қамқар болу. Әр нақтылы жағдайда бұл игіліктің неден белең алатындығын ұстаз өзі шеше алуы тиіс, ол үшін шәкірттің жеке тұлғасына талдау жасау, оның сыныптағы жағдайын білу, жанұядағы және оны қоршаған балалармен және үлкендермен өзара қарым-қатынасын нақтылай білген жөн. Мораль педагогтардан тұрақты педагогикалық жұмыс ретін талап етеді. Педагогикалық іс-әрекеттің маңызды өлшемі – оқушы туралы қамқорлық шаралары.
Өзінің кәсіби болмыс, мінез-құлқына өзіндік талдау жасаудан әр педагогтың ұтары мол. Оқушы үшін ненің қажет екендігін, оны толғандырып жүрген нендей жағдай екендігін білмей тұрып ұстаздың бала игілігі үшін әрекет жасауынан нәтиже шықпайды. Әсіресе балалардың да жан–дүниесіне үңілу және олардан тек тәртіпсіздікті ғана көрмей, дұрыс қарым-қатынастың ыңғайында тәрбиелесе, нәтижеге жетері хақ. Әр педагогикалық жағдайда ұстаздан ақылдылық және нақты әрекет талап етіледі. Педагогтардың шәкірттерінің игілігі үшін қамқорлық жасауы төрт аспектіге байланысты: олардың физикалық, интеллектуалдық, адамгершілік, рухани дамуын жетілдіру. Шәкірттерінің физикалық дамуын жетілдіру аясына оқушыларының денсаулық жағдайына көңіл бөлу, мектептегі сабақ барысында және үй тапсырмаларын орындауда әр оқушының физикалық және психикалық тұрғыдан өзіне артық салмақ артпауына себепші болу. Ұстаздардың өздері салауатты өмір сүру салтын насихаттағаны жөн. Мысалы, темекі шегуден т.б. жаман әдеттерден бойды аулақ ұстау. Әйтпесе құр ақылдан еш нәтиже болмасы белгілі.
Оқушылардың ақыл-ойын дамыту – мұғалімдер алдындағы маңызды шаруаның бірі. Бұл талап педагогтарға өзінің негізгі әрекеті мен қосымша жұмыстарының ара жігін толықтай ашып алудан басталады. Оқу уақытының көп бөлігі осы міндеттерді шешуге жұмсалғаны жөн. Осы әрекеттерден келіп шығатыны: әр шәкірттің алдына оқу міндеттеріне қатаң талап қою және міндеттер деңгейінің баланың ақыл-ой деңгейімен бір мөлшерде болуы ескерілуі шарт. Ол міндеттер аса жеңіл де емес немесе аса күрделі де болмауы тиіс. Талаптардың тым босаң болуы оқушылардың дамуының деңгейін төмендетеді, тым жоғары болса жүйкеге салмақ түсуі ықтимал. Сол себепті нақты баланың жас ерекшелігіне сай өлшемді ұстанған дұрыс.
Тәрбиеленушінің адамгершілік тәрбиесіне көңіл бөлу мәселесі де ұстаздарға толағай міндеттер жүктейді. Өздерінің тәрбиелеп отырған шәкірттерінің бойында адами қасиеттерді ұштауда да жүргізілетін жұмыс түрлері сан алуан. Бұл арада тек әрекетке педагог қана енуі тиіс десек қателесеміз, олардың мүмкіндіктері шектеулі, ал басты жауапкершілікті ата-аналар алады. Бірақ, ұстаздар бойын аулақ ұстауы керек деген ұғым тумауы тиіс. Бұл талапқа басшылық жасай отырып, ұстаз шәкіртіне моральдық зиян келтірмеу жағын ойластырғаны дұрыс. Адами қасиеттер сапасын шәкірттеріне дарытуда ерекше жетістіктерге ие болатын ұстаздар өздерінің күнделікті әрекетінде бұл үрдісті дағдыға айналдырғандар. Бұл ұстаздардың бойындағы сапалық қасиеттер: ұқыптылық, сыпайылық, адам жетістігін бағалай білу, жауапкершілік, көмек көрсетуге даяр болу, шыдамдылық, патриотизм, шынайылық, көпшілдік.
Қазақстан Республикасының «Ұлттық энциклопедиясында» адамгершілік ұғымына мынадай анықтама берілген: «Адамгершілік адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы». «Кісілік», «Ізгілік», «Имандылық» тәрізді ұғымдармен мәндес. Адамгершілікке тәрбиелеудің маңызды педагогикалық міндеттері – оқушылардың белсенді өміршілік позициясын, қоғамдық борышқа сапалық көзқарасын, сөз бен істің бірлігін, адамгершілік қасиеттерінен ауытқушыларға жол бермеуді қалыптастыру. Көзге көрінбейтін өте нәзік сезімді, аса құнды қасиеттерді тәрбиеленуші бойына сіңіру тек шебер деонтологиялық даярлығы қалыптасқан тәлімгердің қолынан ғана келеді.
Ғасырлар бойы көшіп-қонып жүрген ата-бабаларымыз өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, мәдениет пен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің айрықша талап-тілектерін дүниеге әкелді. Бүгінгі өркениетті педагогикада тамыры тереңге жайылған халық педагогикасы негізінде оқыту, оны ұрпақтар санасына сіңіру, тәлім-тәрбиенің іргетасын балдырған шақтан қалау ісі жолға қойылуда. Осы мақсатта:
1) сөздік әдістерді қолдану: мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, терме, айтыс, жыр, ертегі, өсиет сөздерді оқытып, үйрету;
2) үлгі-өнеге, оны ұлы адамдардың өмірімен байланыстара оқыту;
3) әдеп және жантану. Болашақ мұғалімге құлықтық тәрбие беруде ұлттық педагогика қашанда халық тәрбиесін үлгі етеді.
Ғұлама даналарымыз адамның жан дүниесіне жүрек сырына терең бойлап ондағы құпия жайттарды ұғынып, олардың бейнесіндегі маңызды жақсы-жаман қасиеттері туралы өте көп педагогикалық тұжырымдар, ой-пікірлер айтқан. Олар жақсы мінез құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде – бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады, қасиеттер дегенде қазақ даналары, әрбір нәрсенің игілікті жағы, соның өзінің және оның әрекеттерінің абзалдығында және жетілгендігінде деген мағынада айтады. Егер осы екеуі – жақсы мінез құлық пен ақыл күші, бірдей болып келсе, ол адам – үлкен ат иесі деген. «Адамнан үлкен ат жоқ» - деген тобықтай түйін осыдан қалса керек.
Ұлы Абай үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, - деп өзінің әйгілі тұжырымын жасайды. Абай осы асыл сипат (ыстық, нұрлы, жылы) үш қасиет (қайрат, ақыл, жүрек) тұтасқанда ғана адам толық нағыз, кемел адам болатынын ескертеді. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден ерек», - дейді. Мұндағы елден ерек, толық болу – парасатты болу дегенді білдіреді, ал ол үшін олардың үйлесімі, жарастығы болуы керек.
Қазақ ойшылдарының тұжырымдауында, ақыл парасаттылық жеті нәрседен тұрады: біріншіден, адамдарға кішіпейіл және нәзік сезімталдылықпен қараудан; екіншіден, өзінің ісінің бұрыс екенін біліп, соған орай әрекет жасаудан; үшіншіден, халқына қызмет етіп, олардың тілек-армандарын орындаудан, төртіншіден, қатеңді бірден мойындап кешірім сұраудан, бесіншіден, әдеп сақтап, өкіндіретін сөздердің тілге ілігуінен сақтануынан; алтыншыдан, төзімді болып, қызбалыққа жол бермеуден; жетіншіден, өзінің және басқалардың сырын сақтаудан.
Халық педагогикасының әр түрлі қырларын тілге тиек еткенімізде, алдымен соны іске асырар педагог тұлғасына қойылатын талаптар және сол талаптарға педагог тұлғасын сәйкестендіру тетігін айқындау мәселесі – қазіргі күнгі білім беру саласының күн тәртібінде басты орынға ие.
Мұғалімнің кәсіби бет-бейнесі қандай болуға тиіс? – деген сұраққа жауап ретінде төмендегі ой-пікірлерді ұсынамыз:
1) ұстаздық еңбек жолындағы алғашқы қадамы шәкірттің оқуға деген ынтасына терең мән беріп, шәкірт жүрегіне жол тауып, атқарылатын іске шын қызықтыра баулу;
2) ар-ождан алдындағы басты парызың мамандықтың басты шарты болғандықтан, ол сенен төзімділікті, ұстамдылықты, шыдамдылықты, шыншылдықты, әділдікті талап етеді. Оған машықтанып, дағдылану;
3) нақты педагогикалық міндеттерге сәйкес оқушыларды таңдандыра, қызықтыра, шабыттандыра білу;
4) педагогикалық қызметтің ойдағыдай болуының қажетті шарты – оқушыны жақсы көру, жылы жүзбен қарау, жеке басын сыйлау;
5) өз халқының мәдениетіне, тіліне, тарихына, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына құрметпен қарайтын нағыз адам қалыптастыру.
Достарыңызбен бөлісу: |