4 Этикалық категориялардың ерекшеліктері және әлеуметтік функциялары.
Этика категориялары – моральдың ең мәнді жақтары мен тұстарын көрсететін, ғылым ретіндегі этиканың теориялық аппаратын құрайтын жалпы түсініктер. Этика категориялары – адамгершілік сананың теориялық деңгейінде өмір сүреді. Олар – рухани, идеалды тәртіптің құрылымдары, болмыстың адамгершілік жақтарының субъективтік көрінісі, әлеуметтік құбылыс ретіндегі мораль туралы жүйеленген, ғылыми негізделген, теориялық ьілімдер жиынтығы.
Этикалық категориялар туралы сөз қозғай отырып, олардың ғылымның кейбір функцияларын да атқаратынын атап өткен жөн. Біріншіден, олар қоғамдық қатынастардың саласы ретіндегі моральды танудың таусылмас баспалдақтары. Екіншіден, олар танымның дербес құралы болып табылады. Үшіншіден, этика категориялары моральдық танымның бірінші тәртіптегі мәннен екінші тәртіптегі мәнге және т.б. дамуының, қозғалысының нысанасы.
Басқа ғылымдардың категорияларына тән белгілерді, қасиеттерді иеленгенімен, этикалық категориялардың өзіне ғана тән бірқатар ерекшеліктері бар.
Біріншіден, олар қоғамдық қатынастардың адамдардың жүріс-тұрысымен, олардың жақсылық пен жамандық, борыш, абырой, әділдік туралы көзқарастарына сәйкес бір-біріне, қоғамға, мемлекетке, отбасына, ұжымға деген қатынасымен байланысты жақтарын көрсетеді.
Екіншіден, этикалық категориялар бағалаушылық аксиологиялық сипатқа ие. Басқаша айтқанда, олардың барлығын жақсылық пен жамандық, қайрымдылық пен зұлымдық тұрғысынан бағалауға болады, ал олардың өздері осы бағалаудың нысаны ретінде көрініс табуы мүмкін: адал, тәртіпті, әділ, жауапкершілігі мол адам т.б.
Үшіншіден, олар адамдардың жүріс-тұрыстары мен қарым-қатынастарын реттеу құралы болып табылыды, қоғамның адамгершілік талаптарын көрсетеді.
Төртіншіден, басқа да адамгершілік құрылымдар: қағидалар, нормалар, талаптар, ережелер және т.б. сияқты этика категорияларының беделі мен маңыздылығы қоғамдық көзқарастың немесе жеке тұлғаның өзіндік санасының күшіне негізделеді.
Бесіншіден, этика категогияларында, басқа ғылымдардың категориялары мен түсініктерімен салыстырғанда, қоғамдық қатынастардың эмоционалдық жағы мейлінше кең көрініс тапқан.
Этикалық категориялар саны жағынан өте көп, сондықтан ғылыми және тәжірибелік мақсаттарда оларды топтарға бөлу орын алған. Барлық категориялардың жиынтығын көп жағдайда моральдың құрылымының негізінде бөледі. Олар, моральдық сана, адамгершілік қатынастар, моральдық тәжірибе.
Этиканың категориялары бір-бірімен тығыз байланысты және олар бір-бірінің мазмұнын ашады. Яғни, белгілі бір этикалық категорияның мазмұнын екінші бір этикалық категорияны пайдалану арқылы ашуға болады. Мысалы, абырой категориясын жауапкершілік, тәртіптілік, батылдық, ержүректілік және т.б. категорияларды пайдалану арқылы ғана түсінуге болады. Ержүректілік категориясының мазмұны батылдық, шыдамдылық, қажырлылық, қайраттылық және т.б. категориялардың көмегімен ашылады. Әділдік категориясын адамсүюшілік, шыншылдық, кеңпейілділік, еңбексүйгіштік және т.б. категорияларсыз түсіну мүмкін емес.
Жоғарыда аталған үш топтың категорияларын жеке-жеке талдап көрейік. Бірінші топ – моральдық сана категориялары. Оларға мыналар жатады: моральдық қағида, моральдық норма, моральдық немесе этикалық категория, моральдық сенім, адамгершілік мақсат, моральдық таңдау және т.б.
Екінші топ категориялары – бұл адамгершілік қатынастар категориялары. Оларға мыналарды жатқызуға болады: адамгершілік өзара әрекеттер, адамгершілік шиелініс, моральдық бедел және т.б. Бұл қатынатардың адамгершілік деп бағалануының себебі мынада: олар достық, серіктестік, сенім, сыйластық және т.б. моральдық бағалаулармен сипатталады.
Үшінші топ категориялары – бұл моральдық тәжірибе немесе функционалдық жүріс-тұрыс категориялары. Оларда тұлғаның белгілі бір моральдық қасиеттерді тәжірибеде, күнделікті өмірде жүзеге асыру үрдісі көрініс табады. Мұндай категориялардың қатарына мыналар жатады: моральдық әрекет, моральдық салдар.
Достарыңызбен бөлісу: |