5 Кәсіби борыш және кәсіби абырой
Борыш категориясы – этикадағы маңызды категориялардың бірі. Ал педагогикалық кәсәби этикадағы алатын орны тіпті ерекше. Мораль сапасын жеткілікті негізбен міндеттіліктер саласы деп те атайды: қайырымды бол, адал бол, әділ бол. Борышты адам болу – оның мәнін, талаптарын білу ғана емес, осы талаптарды тәжірибеде сақтау.
Этиканың маңызды категорияларының қатарына абырой категориясын жатқызуға болады. Кәсіби абырой – бұл өз борышын жан-тәніменорындаудың жоғары әлеуметтік құндылығын түсінуі және оның қоғамдық көзқараспен танылуы. Абырой сезімі - бұл білім беру қызметкерлерінің істері мен әрекеттерінің қуатты қозғалыс күші.
Халқымыздың әдеп-ғұрып дағдылары мен әдеп нормаларын жақсы біліп, олардың ішінен кәзіргі күн талабына жауап беретін лайықтыларын жас ұрпақтарды тәрбиелеу ісіне қолдана білу - әр ұстаздың пайымы мен байымына, талғам-тәліміне, көрген өнегесіне байланысты. Әрине бұл ретте халықтың озық әдеп дәстүрлерін этикет талаптарымен үйлестіре, байланыстыра білу де біліктілікті, білімділікті қажет етеді.
Тәрбиенің негізігі қағидаларының болуы заңды құбылыс. Халық педагогикасының негізгі қағидаларын арнайы сөз етсек, олар мыналар демекпіз:
Келер ұрпақтың ақылды, намысқор, арлы, өміршең азамат болуын тілеу. Жас нәрестенің дүниеге келуі ата-ана, ағайын-туыс, қауым-көпшілікке зор қуаныш әкелумен бірге, борыш та жүктей келеді. Дәлірек айтсақ ұрпақты тәрбиелейтін халық мектебінің есігі сәбидің алғаш дүниеге келген күнінен бастап айқара ашылады. Ол белгілі мақсат- тілекпен байланысты туындайды. Отбасы үлкендерінің бәрі жаңа туған жас баланы отанының, елінің асыл азаматы болуын аңсап армандайды. Өнегелі үлкендерге ұқсасын деп, дарынды, өнерлі, ақылды ақсақалдарға баланың аузына түкіртіп, азан шақыртып, атын қойғызады. Ұрпағы өскен қадірлі анаға кіндігін кестіреді, бесікке салдырады, қырқынан шығарту ырымдарын жасатады, тұсауын кескізеді. Үлкендерден бата алғызады. Халықтың балаға арналған ырым, бата-тілектерінде келешектен күткен үлкен үміт, аңсау арман бар. Тәрбиенің алғашқы қағидасы ата-ананың аңсау арманымен, баладан күтер үмітімен үндесіп жатыр.
Баланы жастайынан еңбексүйгіш, елгезек азамат етіп тәрбиелеу. Ол бесік жырлары мен тұсау кесер жырларынан, бата, тілек, терме, өлеңдермен өзекті орын алған. Еңбек қағидаларын жастардың бойына сіңіру отбасындағы маңызды істерімен ұштасған. Ұл баланы қозы, лақ қайтаруға, отын-су әзірлеуге, мал өнімдерімен тұрмысқа қажетті құрал-жабдық жасауға әзірлеу, қора салу, киіз үйдің ағашын істеу, ұсталық зергелік өнерге үйрету т.б. көзделсе, ал қыз балаларды ыдыс-аяқ жуу, үй сыпыру, шай құю, төсек жинау, кесте, өрмек тоқу, ас пісіру, бала күту, қонақ күту т.б. үйреткен.
Халық педагогикасында «бірінші байлық- денсаулық» деген ұғым өзекті орын алған. Дені саудың жаны сау, Ас адамның арқауы, Ауру астан деп, рухани, материалдық байлықтыңи тәрбиенің негізін жеке бастың, яғни тәннің саулығына байланысты қарастырған. Баланы туған күннен бастап тұзды сумен шомылдыру, маймен сылау, дене күтіміне ерекше мән беріп шынықтыру, мерзімінде жақсы ас беріп тамақтандыру мен ұйықтатудың бәрі тән саулығы үшін жасалған әрекеттер.
Халық педагогикасында адамгершілік қасиеттерді баланың бойына дамыту, ізгерлікке, имандылыққа, адамдыққа тірбиелеу, ар-ожданды қастерлеу басты қағиды болып есептелген. «Жаным – арымның садағасы» - деп арды, адамгершілік қасиетінің үлгісі ретінде санаган.
Гуманизм мен патриотизм - халықтық тәрбиенің басты қағидаларының бірі. «Отан от басынан басталады, деп ұққан ата-бабамыз от басының, ананың, рудың, отанның намысын қорғауға, ауру, кемтарларға көмектесуді, басқа ұл өкілдерін сыйлауға отбасы тәрбиесінің өзекті принциптері деп бағаланған. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Жақсы - көпке ортақ» деген өсиет тәрбиеден өзекті роль алған.
Тіршіліктің тұтқасы, өмірдің шамшырағы өнер мен ғылым деп түсінген халқымыз жастарға «Өнерлі өлмейді», «Білігі жуан бірді жығады, білімі жуан мыңды жығады», «Білім таусылмас – кен», «Өнер - өлмес мұра» - дегенді насихаттап ертегі, өлең-жыр, мақал-мәтел, аңыз әңгімелер ұсынған.
Адам өмірі мәнгі табиғат құшағында өтетін болғандықтан, ата-бабамыз өз ұрпағын ағаш бесіктен, жер бесікке жеткенше табиғи ортаны аялауға тәрбиелеп келген. Ол туралы әлдененше жұмбақ, өлең –жыр, ертегі, аңыздар шығарған.
Енді халықтық тәрбиенің осы басты қағидаларының ғылыми педагогикамен байланысы қандай дегенге келейік:
Халық педагогикасында тәрбие ісін баланың жас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді талап еткен. Мәселен, «Ұлыңды бес жасқа дейін патшадай қара, он бес жасқа дейін қосшындай сана, он бес жастан асқан соң ақылшы досыңдай бағала» деген мәтел баланы еркін тәрбиелеудің, көмекші деп үмітпен қараудың, ақылшым деп тең санаудың қажеттігін мегзейді.
Халық педагогикасында тәрбие ісін әр баланың жеке бас ерекшеліктерін ескере отырып жүргізуді де ескертеді. «Бір биден ала да туады, құла да туады», «Балаға үміт арту - әкенің парызы, ақтау - баланың қарызы» деп, ой түйіндеген.
Халық педагогикасы баланың тәрбиесі туған, өскен ортасына, ата ананың, отбасы үлкендерінің, ұстазының үлгісіне байланысты деп қараған.
Педагогика ғылымы тәрбиенің мақсатын жеке адамды жан-жақты дамыту, әділетті қоғамды өз қолымен құратын және оны қорғай алатын азамат етіп тәрбиелеу деп қарастырады. Тұлғаны жан-жақты жетілдіріп, дамыту деген ұғымды оқу мен жастардың практикалық еңбегінің тікелей байланысы, дененің және ақыл-ой дамуының біртұтастығы деп түсіну керек.
Достарыңызбен бөлісу: |