Қорытынды.
Ұлттың бүгіні де болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Қазақ халқының да бала тәрбиесі жөнінде жиып-терген мол қазынасы бар, жоғалта жаздаған көптеген рухани байлығымызды қайтадан қалпына келтіріп, халықтың тәлім-тәрбиелік ақыл-ойын, ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын негізге ала отырып болашақ мұғалімнің даярлығын қалыптастыру – бәрімізге ортақ міндет деп қараймыз.
Ана тілін, Ата тарихын, Төл мәдениетін, Ұлттық салт-дәстүрлерін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, көздерінен қанды жас ағып жылап отырған кейуана аталар мен әжелер, ішкілік пен нашақорлыққа салынған жастар, қылмыстың қаулауы, сыбайлас жемқорлық, мектептегі оқу-тәрбие жұмысының нашарлауы, мұғалімдер беделінің төмендеуі, оларға қамқорлық жасалынбауы т.с.с келеңсіз жайларды болдырмаудың негізгі қаруы – ұлттық тәлім-тәрбие мен білімді, ұлтжанды ұстазда. Бұл игі істі жүзеге асыру үшін өткеннен тағылым алып, бар ақыл, өнегені сауатты қолдана біліп, заманымызға қарай икемдеу үшін мектепті сапалы да жоғары саналы мамандармен қамсыздандыру қажеті туады.
Жастарға тәлім-тәрбие беру, оларды кәсіпке баулу аса жауапты мәселе. Ол - жер бетіндегі адам пайда болғалы өзгеріп, жаңғырып келе жатқан күрделі процесс. Оның прогрессивті бағыт алуына Шығыс классиктерінің: Әл-Фараби, А.Фердауси, А.Рудаки, М.Саади, А.Науаи, Г.Низами, Мақтым ұлы ой-пікірлері, түркі әлемінің ойшылдарының; Қорқыт ата, М.Қашқари, Ж.Баласағұни, А.Жүйнеки, Кожахмет Иасауи, М.Х.Дулати мұралары; қазақ ағартушы ғұламалары: Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев еңбектері, қазақ этнопедагогикасының негізін салушылар: Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Дулатов, Н.Құлжанова, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан шығармалары; Асан Қайғы, Бұхар, Сүйінбай, Балқы Базар, Махамбет сияқты суырып салма ақын-жыраулардың өлең-жырлары; Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған би-шешендердің даналық өнегелі сөздері ықпал еткен.
М. Жұмабаев «… қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі… мектебімізді таза, берік hәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген. XXI – ғасыр – жайбасарлықты, марғаулықты көтермейтін үлкен бәсеке ғасыры болғандықтан, қазақ мектебінің оқу-тәрбие бағдарламаларына жаңа сапалық өзгерістер болғаны абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |