Сөз таңдаудағы уәжді ауытқулар
Ауытқу – нормаға сай келмейтін қолданыстар. Терминнің
өзінде «сәйкессіздік» мағынасы («белгілі бір дұрыстықтан,
заңдылықтан ауып кету» деген сияқты) болғанмен, ауытқу
барлық сәтте жағымсыз акт болып шықпайды. Сырт қарағанда,
нормадан тыс болып көрінгенмен, шындығында, сол норма-
дан әдейі ауытқу, яғни әр алуан себеппен болатын ауытқулар
орын алады. Сондықтан барлық ауытқу, соның ішінде сөз
қолданыстағылар уәжді (мотивті немесе жөнімен) және уәжсіз
(мотивсіз немесе жөнсіз) ауытқулар деп қарастырылады. Бұл –
тек көркем сөз стилінде ғана емес, барлық стильдерде болатын
заңды құбылыс. Бірақ көркем әдебиет тілінде уәжді ауытқулар
жиірек кездеседі және олардың өздері әрсипатты болып келеді.
Көркем әдебиет тіліндегі ауытқудың неден (қай нормадан)
ауытқу екенін ажыратып қарастыру керек болады. Біздіңше,
жалпы әдеби тіл нормасынан және көркем сөз нормасынан
ауытқу деп бөліп талдау керек.
Сөз қолданыстағы жалпы әдеби тіл нормасынан ауыт-
қу, біріншіден, әдеби тілден тыс тұрған элементтерді: диалек-
тизмдерді, қарапайым жай немесе дөрекі сөздерді, жаргон-
дарды т.б. автор сөзінде пайдалануға қатысты қарастырылады
(олардың кейіпкерлер тілінде жұмсалуы – көркем әдебиет
стилінің өз нормасы, өз заңдылығы, сондықтан ауытқу пробле-
масы негізінен авторлық баяндау тексі бойынша қойылады),
бұл – стильдік таңбасы бар сөз дегенді зерттеуге апарады.
Екіншіден, сөздің әдеби тілде қалыптасқан жалпы лек-
сикалық мағынасынан ауытқып қолдану. Бұл орайда жазушы-
ның тілге ұқыптылығы және жауапкершілігі әңгіме болады,
яғни әдейі жөнімен ауытқу сөз болады.
Үшіншіден, сөздің өзге сөздермен тіркесу нормасын бұзу.
Бұл да екі түрлі ситуацияда көрінеді: бірі – білместіктен,
жауапсыздықтан болатын құбылыс, келесісі – тіркестер конта-
минациясы дегенді әдейі пайдалану.
Сөз қолданыста көркем тіл нормасынан ауытқу, бірін-
шіден, жалпы жазушы мәнері дегенге қатысты болса, екінші-
ден, текст түзімі мүдделеріне байланысты құбылыс болып
табылады (текст түзімі жөнінде 98-127-беттерде айтылған
пікірлер мен талданған материалдарды қараңыз).
281
Жазушы мәнері автор позициясы дегенмен ұштасады. Қазіргі
(соңғы 20-30 жылдың ішінде) қазақ прозасында баяндаудағы
автор позициясы деп аталатын құбылыс айқынырақ көріне
бастады. Айталық, сыртқы дүниені суреттеудің автор тара-
пынан ұстанылатын эмоционалдық кілті біреу болады да он-
дай шығармада біртектес немесе тіпті бір эпитет қайталанып
келеді. Мысалы, Оралхан Бөкеевтің «Қар қызы» повесінде
ақ эпитеті және осы сөздің қосымшалы, тіркесті тұлғалары
(ақша, аппақ, ақ сіреу, ақ түтек, ақ шаңқан, ақ шағи, ақ
таңдақ) – осы шығарманың оқушы сезіміне әсер беретін,
автор позициясының сыр сандығын ашатын негізгі кілті:
мұнда ҒТР заманында іргедегі шөпті алып келуге жарамай
қалған техникамыздың кесірінен үш қыршындай жасты үсітіп
өлтіре жаздаған аппақ қар басқан мылқау иен тау іші, сеңдей
сірескен ақ сіреу суық дүние суреттеледі. Жігіттерді қинаған
түн де аппақ, олардың біреуі – Нұржанның арман-қиялындағы
ақ қанат қар қызы, ол да – аппақ, бірақ осы ақ (аппақ) сөзі –
мұнда адалдықтың, бақыттың, арманның символы болумен
қатар, суықтықтың, қаталдықтың да символы. Шығарма кілті
– осы екі символда. Сондықтан көркем сөз стилін жеке діттей
қарастырғанда, бір шағын повесте бір эпитеттің өзгесі ауызға
түспегендей қайталай беруі кемшілік сияқты болып көрінуі
мүмкін. Ал тіл мәдениеті шарттарын көркем стилистика та-
лаптарымен ұштастыра қарастырғанда, бұл жердегі бір ғана
эпитеттің жиі қайталануы, баса қолданылуы – уәжді, ол автор
позициясын танытады.
Бұл күнде орыс тіл білімінде «характериологическое по-
вествование» (сипат бере баяндау) деп аталатын әдіс қазақ
прозасында да бел алып келе жатқаны байқалады. Шығармаға
тұтасынан белгілі бір сипат бере баяндауда әлеумет топта-
рының сөйлеу үлгілері кеңінен пайдаланылады. Мысалы,
Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» атты романы ау-
ылда өскен қазақ әйелінің атынан баяндалатындықтан және
романның бүкіл оқиға желісі, кейіпкерлер бейнесі сол әйел-
дің көзқарасымен ұсынылғандықтан, ол романдағы лекси-
калық, фразеологиялық құрам да, синтаксистік құрылым
да бір стильге бағындырылған. Сондықтан мұндағы баян-
дау тілінен де, кейіпкерлер тілінен де «жиырма бестен асқан
282
дырау жігіт», «қой, құрысын, ұят тағы», «Светасын тіпті
сорақы қызғанады», «басқа ешкім жоқ, кілең қатындар емес
пе?» деген сияқты қарапайым сөздер мен ауызекі сөйлеу тілі
элементтерін жиірек кездестіреміз. Тіл мәдениеті өресінен кел-
генде, бұлар – әдеби нормадан тыс тұрған сөздер болғанмен,
бұл шығармада олардың қолданылуы – өте орынды, яғни
бұлар мотивті ауытқулар болып танылады. Бұларды, тегі, орыс
тіл біліміндегідей, біздің де көркем шығармадағы баяндаудың
«авторлық нормалары» деп атағанымыз дұрыс болар.
Белгілі бір сипат бере баяндау үлгісін Әбіш Кекілбаевтың
«Тасбақаның шөбі» атты шығармасынан да көруге болады.
Мұнда автор атынан берілген баяндаудың өзінде сипаттауыш
сөйлемдердің дені ауызекі сөйлеу тіліне төн болып келеді:
«борпы аяқ Сақып, зыр-зыбыл құла» (әңгіменің бас кейіпкері
Қарабаланың мінген осы атының өзге анықтауыштары да
осы іспеттес (шілтік құла, китің құла), «қақшаңдаған әкесі»,
«дарылдақ шайханашы», «әрпіл-тәрпіл өлең жолы», «қайырма
жаға», «ақ көйлек киіп қатқан жігіт», «қитұрқы әңгіме» т.т.
Диалогтердегі ғана емес, автор тіліндегі етістіктердің едәуірі
– стильдік бояуы қалың сөздер, олар да көбінесе қарапайым
сөздер немесе ауызекі сөйлеу тіліне тән элементтер болып
келеді: «орысшаның да түбін түсіреді», «әйелдер жағы жырқ-
жырқ күледі», «қара өлеңді қайқайтады екен», «ақ школдың
білімін бір-ақ қақшып... жетінші класты бітірді», «көкең көңілі
түссе, сылқитып тұрып орысша бір боқтайды да...», «сыз-
диып отырған жас немелер... тызалақтап жүр» т.т. Мұндағы
адамдардың аталуы да неме, көкіме, бозымбай, бегей, жұтыр,
қара сирақ, можан-топай, қасқа сияқты болып келеді.
Автор осы әңгімені «оқуы» үш кластан аспаған, бірақ
адал еңбек иесі – Қарабала мен оның «бағы жанбаған» тен-
тек құрдасы – Оңбайдың, тіпті әрісі осы екеуінің іс-әрекетіне,
қимыл-қыбырына ортақ ауыл адамдарының позициясынан,
солардың ойлауы, бағалауы, түюі тұрғысынан баяндайды. Де-
мек, бұл туындыдағы әдеби тілден тыс тұратын элементтер:
қарапайым сөздер, мошқайды тәрізді бірен-саран диалектизм,
ауызекі тілдік синонимдер, қысқасы, пәс (төмен) стильдік
сөздер белгілі бір мақсатпен әдейі қолданылған. Автор сөзінде
келгеніне қарамастан, бұлардың қолданылуы – уәжді. Бұл
283
ауытқулар – бүкіл шығарма идеясына (мазмұнына) қарай, текст
түзу мүддесінен туған қолданыстар.
Сипаттама қос сөздердің (сын есімдер мен үстеулердің)
бірсыпырасы ауызекі сөйлеу тілінен алынады да кейде әдеби
нормадан тыс тұлғалар болып көрінеді. Мысалы Қ.Жұмаділов
шығармаларындағы ойпыл-тойпыл (« Ойпыл-тойпылы жоқ,
айғай-сүргіні аз, сенімді ортада әлі де жүре тұрғысы келіп,
астанада қалып қойды». – «Атамекен»), әкей-үкей («Әсіресе
Алтай екеуінің әңгімесі жарасып, өзара әкей-үкей болып,
осында келгелі іргелері бөлінбей қойған». – сонда), бақарлы-
шақарлы («Баяғыда Аршалының қақ жартысын алып жататын
бақарлы-шақарлы бір әулеттен қалған көз, ескінің жұрнағы».
– сонда), С.Бердіқұловтағы « арби-сарби мұнаралар», Т.Әлім-
құловтағы « әш-пүш әңгіме», « уқан-суқан қып жіберу» ,
« олқылы-толқылы» , О.Бөкеевтегі « ақарлы-шақарлы семья»,
« салба-салба самырсындар», « апалас-төпелес уақыт» сияқты
тұлғалар – нормативтік сөздіктерде тіркелмеген, демек, әдеби
нормадан тыс тұрған элементтер. Бірақ осыған қарамастан,
біздіңше, бұлардың көпшілігін уәжді ауытқулардың қатарына
жатқызуға болады, өйткені, біріншіден, дәл сол контек-
сте бұл қос сөздердің экспрессивтік бояуы қоюлау сезіледі,
екіншіден, не сөз түбіріндегі семантикасына, не контекске
карай мағыналары көбінесе түсінікті болып тұрады. Мыса-
лы, Мұнаралардың түндегі түрі арби-сарби деген сөйлемдегі
соңғы қос сөздің мағынасын арбию етістігінен шығарып тануға
болады, яғни арбиған-сарбиған мұнаралар деген ассоциация
туады. Немесе уқан-суқан сөзінің әңкі-тәңкі сияқты жағымсыз
мәнде жұмсалып тұрғанын контекске қарай айтуға болады: «...
Председательмен карта ойнап, басын уқан-суқан қып жіберді» .
Әрине, мұндай сирек кездесетін тұлғаларды стильдік ассоциа-
циямен (экспрессия үшін) қолданғанда, ең алдымен, олардың
түсінікті болуын көздеу керек, содан соң өзге варианттарынан
дәл сол жерде ұтымдылығын салмақтау қажет. Ол екі шарт
орындалмаған күнде бұлар тәрізді ауызекі тілдік немесе си-
рек ұшырасатын элементтерді кез келген жерде қолдана беру
– нормадан уәжсіз ауытқу болып шығады.
Ал кейбір қос сөздердің тұлғалық (фонетика-графикалық)
варианттарының көбінесе әдеби сыңарын қолданған жөн.
284
Мысалы, «оқсын-оқсын», «бірсін-бірсін», «керме-қар», «еме-
жемге келгенде», «бәкін-шүкін» сияқтылардың оқтын-оқтын,
біртін-біртін, кереғар, жеме-жемге келгенде, кәкір-шүкір
параллельдері әдеби норма ретінде біршама орныққан тәрізді,
оның үстіне алдыңғы дублеттердің стильдік артықшылығы да
шамалы болмақ.
Етістіктердің ішінде де әдеби жазба тілде бұрын көп кездесе
бермейтін бірқатар сөздер бұл күнде қайсыбір жазушылардың
тілінде еркін әрі жиірек қолданылатын болды. Мысалы,
О.Бөкеевте: алқұлымдау (Орталарынан алқұлымдап дарын
шыққандай болса, дандайсып кетпей... Тек алғұлымдап аман-
есен ортамызға қосылса дейміз ғой), қаңғылестеу («Адасқан
қаздай қаңғылестеп жүргені»), адағайлау («Атып тұрып
адағайлап әр тұсқа коз жүгіртіп еді»), қаптағайлау («Қар
ұшқындап, қаулаған өрттей қаптағайлайды»), Ә.Кекілбаевта:
аңылжу («Ата қоныстың аңылжып иесіз қалғанына...»),
Т.Әлімқұловта: мәтібисіну, салқомсоқтану, тәмпіштену
(«Мақы тұқымының мәтібисініп, салқомсоқтанып, балағы
жырық шалбар киіп тәмпіштенгеніне жынымыз келуші еді»),
алағаржақтану («Әлденеден өңілі алағаржақтанып...»),
кәрімсіту («...Әдемі ақ сүр бетін кәрімсітіп көрсетті»), Д.Дос-
жановта: алаағаттану («Құжыра сырт сылағы түсіп, ала-
ғаттанып қалыпты. Жол ер қажаған ат арқасындай алағатта-
нып көрінеді»), әңкүстену («Ендігі буын әңкүстенбей, әділ
етсе»), М.Мағауинде: ошаң ету («Таяу төңіректе ошаң ет-
кен жан жоқ») сияқты қимыл атаулары кездеседі. Бұлардың
бірқатары жергілікті сөз болуы мүмкін (аңылжу, алқұлымдау,
әңкүстену, алағаттану, алағаржақтану), бірсыпырасын жа-
зушы өзі жасауы да мүмкін (кәрімсіту, мәтібисіну т.б.), енді
біразы сөйлеу тілінде бар, бірақ сирек жұмсалып, мағынасы
көмескі тартқан элементтер болуы мүмкін. Бұл сияқты бейта-
ныстау етістіктердің қолданысын әрдайым нормадан жөнсіз
ауытқу деуге болмайды. Өйткені бұлар көп ретте стильдік
жүгі бар қолданыс болып келеді. Мысалы, «біртегіс емес, ала-
құла болып көріну» мағынасында ала-құлалану деген бейта-
рап сөзден гөрі алағаттану сөзінің бояуы қоюырақ, бейтарап
реңді әңгілену, әумесерлену дегендерге қарағанда, әңкүстену
ұтымдырақ. Демек, бұдан нормадан мотивті ауытқулардың
түрлері әр алуан болатындығы көрінеді.
285
Көркем текстегі уәжсіз ауытқулар
Уәжсіз (жөнсіз) ауытқуларды да екі тұстан қарастыру керек:
бірі – жалпы әдеби тіл нормасына қайшы келетін қолданыстар,
екіншісі – көркем әдеби тіл нормасын бұзатын қолданыстар.
Лексикалық қолданыстарда жалпы әдеби тіл нормасына сай
келмейтін ауытқулар, біздіңше, мынадай сәттерде байқалады:
1) сөзді өз орнында жұмсамау. Бұл көбінесе сөздің дербес
лексикалық мағынасын дұрыс түсінбеушіліктен туады. Мы-
салы, жазушы Т.Шадықұловтан бірнеше факті келтіруге бо-
лады: ... Қазынаның елу мың ақшасын аман-сау қауыштырды
(«Соңғы тілек», 1985) деген сөйлемде қауыштырды етістігінің
мағынасын автор дұрыс білмеген. Қауышу іс-әрекеті адамдарға
байланысты айтылады, сондықтан қазынаға түгел қайтып
оралған ақша қазынамен қауышпайды, қайтарылады, толты-
рылады, орнына салынады. Сол сияқты: Ауылдағы екі көтерем
шал әрі жұбатты, бері жұбатты (соңда) деген сөйлемде
көтерем сөзі өз орнында емес: бұл сөз малға қатысты айтыла-
ды, адам көтерем болмайды, жүдеу, арық болады.
Бірқатар жазушылар кейбір көне сөздер мен сирек қол-
данылатын сөздердің немесе этнографизмдердің мағынасын
жете түсінбей, орынсыз жұмсайды. Мысалы, сұрқылтай –
көне түркі-монғол тілдеріңде (мүмкін, тек монғол тілінде)
«кеңесші» деген сияқты билеушінің (айталық, ханның) жа-
нында болатын сановниктің лауазымы. Сөздің бұл мағынасы
қазақтың «әр ханның тұсында – бір сұрқылтай» деген мәтелінде
сақталған. Бұл мәтелдің мәнісі – «әр ханның өз кеңесшісі,
өз ақылшысы болады, соған орай әр ханның ұстайтын са-
ясаты, жүргізетін билігі әртүрлі болып келеді» дегенді
білдіреді. Мағынасы көмескіленген бұл көне сөзді жақсы
танымағаннан кейін, бірақ әйтеуір тілде бар сөз екенін сезіп
қолданып жіберушілік кездеседі. Мысалы, жазушы Қ.Ысқақов
мәтелді өзгертіп «әр заманға – бір сұрқылтай» деп қолданса,
Д.Досжанов «осы бір сұрқылтай оқиға» деп, сөзді зат есімдік
қасиетінен айырып, сын есім қызметінде жұмсайды. Контек-
ске қарағанда, жағымсыз мәндегі сын-сипатты білдіру үшін
қолданған сияқты. Ал С.Жүнісов Көп сұрқылтайды көрген
көзі жіті, тәжірибелі арлан аттардың түр-түсіне дейін...
286
анық көрді («Ақан сері») және Шабдарым – есті ат қой, менің
асыққанымды түсініп, желмаядай есті. Ғұмыры мұндай
сұрқылтай ды көрмеп еді (сонда) деп қолданғанда, бұл автор
да сұрқылтай сөзін жағымсыз жайтты білдіретін сөз деп тани-
тын тәрізді. Сірә, бұл – сұрқия (-лылық) деген сөзбен сырттай
(дыбыстық) ұқсастығына қарай топшыланған семантика болар
(өйткені мұндай топшылаудан тіпті «Фразеологиялық сөздік»
авторы да құр емес: онда жоғарғы мәтелдің бір мағынасын
«белгілі бір хандық заманда қалайда бүліншілік, сұрқия (?)
болмай қоймайды» деген мәнде айтылады деп түсіндіреді
– Фразеологиялық сөздік). Ал бұл мәтелдің дәл мағынасы –
жоғарыда біз көрсеткен, яғни сұрқылтай сөзінің «советник,
кеңесші» ұғымында келген түрі.
Сөз мағынасы түсініксізденіп, көпшілікке нақты белгісіз
болғандықтан, әр жазушы өзінше топшылап, өз түсінігінше,
біреуі – зат есім, екіншісі – сын есім т.т. ретінде құбылтып,
әртүрлі мағынада жұмсауы, әрине, нормалылыққа кайшы
келеді: біріншіден, текстің түсініктілігіне нұқсан келтіреді,
екіншіден, сөздің, әсіресе көне, сирек сөздердің тұрақты
мағынада қалуына кедергі келтіреді. Көне, сирек сөздер
көбінесе образ жасауға жұмсалатындықтан, олардың белгілі
бір мағынада орнығуы өте қажет, өйткені көркем әдебиетте
ұлттық образдар әлемін бұзу – көркем сөз нормасын бұзу бо-
лып табылады.
Тек көне, сирек сөздер емес, кейбір дағдылы сөздердің
де лексикалық мағынасын түсінбей қолдану – қазіргі қазақ
прозасында едәуір етек алып бара жатқанын көрсетуге бо-
лады. Мысалы, жалғызілікті сөзі – «тұрмыста қолғабыс
ететін, қарайласар ешкімі жоқ» адамға қарата айтылатын сөз,
сондықтан жалғызілікті салт жолаушы деп жазу – нормадан
жөнсіз ауытқу. Сол сияқты жазушы жалғыз баланы өсірген адам
туралы: Бәрінен де шиеттей баланы далаға тастамай, өсіріп
адам қылғанын айтсайшы (Қ.Жұмаділов) деп жазды. Мұнда
автор шиеттей сөзінің мағынасын тап баспаған: ол көп бала
жайында сөз болғанда айтылуы керек, жалғыз бала шиеттей
бола алмайды, өйткені шиеттей сөзі «көп, толып жатқан» деген
ұғымды береді. Тағы бір жазушы: Жігіт жігерлене жұтынды
(Шадықұлов) деп жазады. Мұндағы жігерлене сөзі жұтынудың
287
амалын бере алмайды, адам жігерлене сөйлеуі, жігерлене іске
кірісуі мүмкін, ал жұтыну үшін жігердің қажеті жоқ. Үлкен кісі
қанат жая (?) жарқылдап қарсы алды (Шадықұлов). Қызметші
екі-үш жігіт қайта жосқындай (?) кірді (Д.Досжанов) деген
сөйлемдердегі сұрақ қойылған сөздердің де мағынасын жазу-
шы жақсы түсініп қолданған деу қиын. Келтірілген мысалдар
көрсеткендей, қазіргі қазақ прозасында, әсіресе сипаттамалық
қызметтегі сын есімдер мен үстеулердің мағынасын шатастыру
жиірек кездесетіні байқалады.
Әдеби тіл нормасынан ауытқудың ерекше, яғни уәжді деп
те, уәжсіз деп те тануға болатын және бір түрі бар. Жазушы
әлдебір себеппен (мотивпен) тұрақты тіркестердің немесе
мақал-мәтелдердің құрамындағы сөздерді өзгертіп пайдалануы
мүмкін. Бұл амалға апаратын себептер әртүрлі. Бірі – дыбыстар
үнділігін (әуезділігін) көздеу, яғни аллитерациялы, ассонансты
құрылым түзу. Осы себептен болу керек, О.Бөкеев тасы тауға
домалаған жігіттің Құдаймен жұмысы қанша? деген сөйлем
ұсынады. Фразаның қалыпты түрі: тасы өрге домалаған бо-
луы керек. Мұнда жазушы т-т-д (тасы-тауға-домалаған) ды-
быстарынан басталатын аллитерациялық қатар түзу үшін өрге
сөзін тауға деген мағынасы жуық сөзбен алмастырған.
Халық тілінде, оның әдеби түрінде қалыптасқан тіркестер
сөздердің өзара іштей семантикалық жымдасуы арқылы неме-
се аллитерациялық-ассонанстық әуезділік жолымен я болма-
са ғасырлар бойы солайша қалыптасқан дағдысымен тұрақты
болып келеді. Сондықтан олардың құрамын себепсіз өзгерту
әрдайым орынды да, сәтті де бола бермейді. Мысалы, өтірікті
судай сапырып деген тіркестегі соңғы екі сөз аллитерация
үдесінен шығып тұр, оның үстіне судай сапыру деген образ
өзінің берекесіз іс-әрекетті білдіретін мәнімен экспрессивтік
өң алып түр: өзі өтірік болса, сол өтірікті оңды-солды ара-
ластырып, үстемелеп көпке жаяр болса және суды қаншама
сапырғанмен, берекелі еш нәрсе шықпайтыны сияқты, өтірікті
де қанша құбылтып, араластырып, үстемелегенмен, берекесіз
әрекет болып шығатынын дәл әрі әсерлі етіп білдіру үшін тек
осы өтірікті судай сапыру деген тұрақты тіркес қолайлы. Де-
мек, мұны өтірікті судай араластырып деп берген (өзгерткен)
жазушы еш нәрсе ұтып тұрған жоқ. Осы қатарға түн кескінінде
288
(баласында деудің орнына), жаны ауырды (ашыды деудің ор-
нына), асықша ширатылды (үйірілді деудің орнына – мысалдар
Ө.Ахметовтен), менің көңілім қайысты (қалды немесе қайтты
деудің орнына), жүрегімді шымырқантты (тербеді деудің
орнына – Т.Тілеуханов), етті-женді толық адам (дұрысы:
ет-жеңді болуы керек), іші еріді (жылады деудің орнына),
төсек жаңартты (жаңғыртты болса керек – М.Ысқақбаев)
т.б. мысалдарды қосып көбейте беруге болар еді. Бұл жерде
мақсатымыз – жеке бір жазушылардың қателіктерін көрсету
емес, нормадан осындай сипатта ауытқушылықтардың бар
екенін және едәуір етек алып отырғанын айту.
Екінші – кейбір мақал-мәтелдерде сақталған дөрекі естілетін
қарапайым сөздерді «әдептілеу, әдемілеу» вариантымен алма-
стырып қолдану қазір жүйеге айналып барады. Мысалы «иттің
боғы дәрі болса, дарияға тышады» деген мақалда екі дөрекі
сөз бар, халық тілінде бұлар осы мақалда айтылмақ сентенци-
яны мейлінше өткір етіп жеткізу үшін келтірілген, ал осыны
жазушы «иттің тезегі дәрі болса, дарияға көмеді» деп береді
(Қ.Ысқақов, «Қара орман»). Сол сияқты «аузында тиек, артын-
да орнық болсашы» дегенде де артында сөзі өзге дөрекілеу
сөзді ауыстырып тұр; «жылап ішіп, шыңғырып қыр астына
жүгірген» дегенде соңғы сөздер ішіп-ке ұйқасатын дөрекі ты-
шып сөзінің «кезекшісі» болып тұр. Мұндай ауыстырулардың
ішінде сәтсіз шығатындары да аз емес. Мысалы, бөрінің
көмекейінше шулап деген қолданыс – сәтті емес, мұнда автор
бөрінің көтінше дегенді сыпайыламақ болып «әдепсіз» сөзге
дұрыс эквивалент таба алмаған. Сол сияқты «шілдің балапа-
нынша (?) тоз-тоз болып шашыраған бірдеңе» (Қ.Ысқақов) де-
ген сыпайылық та – сәтсіз: шілдің балапаны шашырамайды,
боғы шашыраса – бір жөн.
Мұндай әр алуан мақсатпен сөз құрамы өзгертілген фразе-
ологизмдер мен мақал-мәтелдерді стильдік не өзге себептерсіз
қолдану – жөнсіз (мотивсіз) ауытқу болмақ. Қазіргі қазақ про-
засында бұл да жоқ емес. Мысалы, жанын шытқа түйген
(Т.Жұртбаев), дұрысы – жанын шүберекке түю, ол шүберек
– шыт па, жібек пе, – әңгіме онда емес, әйтеуір түйіп алуда,
яғни жанын шүберекке түю – образ. Сондай-ақ көлеңкесінен
қалтыраған (қорыққан болса керек), қылтасы қалтырап
289
(тізесі қалтырап деудің орнына), жүрегіне мұзды су құйып
жібергендей (жүрекке су құю деген образды қазақ айтпаса
керек), біреу қыз алып қашса, біреу босқа (қызығына болу ке-
рек) қашады (Қ.Жұмаділов), мұрттарын балта кесер ме (бал-
та шабар ма деудің орнына), аузынан азу тісі аршылғанша
(түскенше болса керек, егер аршылу етістігі қолданылса, аузы-
нан емес, аузы болуы керек, өйткені аршылатын азу тіс емес,
ауыз ғой, демек, бұл қолданыста бір ауытқу, бір грамматикалық
қате бар), елмен (көппен болуы керек) көрген ұлы той, абы-
ройын айрандай ақтарып алған (Қажыбаев) (төгіп болса
керек: ақтару – саналы түрде істелетін нәтижелі іс, ал төгу
– абайсызда болатын шығынды іс, демек, бұл етістік атаула-
ры бірін-бірі алмастыра алмайды), жібек шыттай үлбіреу
(жібектей немесе жібек матадай болса керек, өйткені шыт
– мақта матаның атауы, бір мата әрі жібек, әрі шыт деп атал-
майды ғой), менің көңілім қайысты (қабырға қайысады, ал
көңіл қалады, жабырқайды) т.т. Осылардың барлығы тұрақты
құрылымдарды уәжсіз құбылту болып шығады. Бұлар – норма-
дан жөнсіз ауытқулар.
Мақал-мәтелдердің құрамын себепсіз өзгерту тіпті жиірек
кездеседі. Мысалы, жерден жеті теңге (халық қоян деп ай-
тады) тапқандай; қызғыштай қорғап (қорып болуы керек);
жер шала (шола болуы керек), бұлт ала (Қ.Исабаев), қуырдақ
(дұрысы: ет), тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр ем; бір
аяғын екі етікке тығып (С. Досанов); алақанындағы аялысы
(аяулысы болар?) – Тілеуханов); хабарына кіріп шықпайды,
Қ.Исабаев – қаперіне болар), Құлындағы даусы құраққа жетіп
деген мәтелді құлындаған даусы Құдайға жетіп деп өзгерту
(О.Бөкеев) әдейі жасалған мотивті сияқты болып көрінгенмен,
қаншалықты ұтымды болып тұрғанын айту қиын, өйткені
мұндайда оқырман ойында халықтық вариант тұрады да оның
өзгерген түрі, тіпті орынды болса да, өз мәнінде қабылданбауы
мүмкін. Жазушының (Т. Жұртбаев) «ерегіскен ел болмас» деп
келтірген мәтелі – сірә, Махамбет ақынның атақты «егескен
жау ел болмас» деген өлең жолының қайталанған варианты бо-
лар. Жазушы егер бұл әдемі сентенцияны орайы келіп тұрғанда
қолданғысы келген болса, сөздерін бұзбай алуы қажет еді,
өйткені егесу етістігінің де, ерегісу сөзіндегі сияқты «аразда-
290
су», жанжалдасу, дауласу» семантикасы болғанмен, бұл сен-
тенция осы бір бейтаныстау, бірақ тілде бар тұлғаның ( егесу
сөзінің) қатысуымен әсерлі болып тұр.
Сөздерді өз орнында жұмсамау этнографиялық ұғымдарға
байланысты қалыптасқан қолданыстарды (сөз тіркестерін,
күрделі етістіктерді, мақал-мәтелдерді т.б.) бұзып, олардың
құрамын өзгертіп, компоненттерін мағыналас синонимдер-
мен ауыстырып атауда көзге түседі. Мысалы, құйрық-бауыр
жеу – этнографиялық рәсім атауы, ол – құда түскендерге
келісім беру рәсімі, сондықтан бұл тіркес көбінесе құда бо-
лып, құйрық-бауыр жесті түрінде қолданылады. Осы күрделі
этнографизмді құйрық-бауыр асасып тарасты деп өзгертіп
қолданғанда (У.Қалижанов) оны рәсім атауы ретінде емес, жай
ғана тағам жеу, қонақ болу мағынасында деп түсіну керек бо-
лады. Сол сияқты бел сөзі бел баласы, бел құда тіркестерінде
келіп, біріншіде «әкенің өз баласы, туған баласы» ұғымын
береді, ал бел құдалар деген этнографиялық атау – тумай жа-
тып ұл-қыздарын атастырған адамдардың атауы. Сондықтан
нағашыммен бел құрдаспыз деген сөйлемде бел сөзі орынсыз
жұмсалған.
Қазіргі қазақ прозасы тілінде сипаттама сын есімдердің
ішінде де өте сирек қолданылатын не жергілікті, не көне,
не жасанды тұлғалары жиірек қолданыла бастады. Мыса-
лы, Д.Досжановта: « жұлмыт жігіттер», « жұлмыт елші»,
« мұғдарлы күй», « мұғдарлы әсер» , « марайма мінез» ;
О.Бөкеевте: « мантырақ ой», « тымсақ адам», « қойторы
тірлік», « қоймырет адам», « жөш қуаныш»; Т.Әлімқұловта:
« мондыбас біреу», « сарамжал қыз»; С.Бердіқұловта:
« тотанақ мезгіл» т.б. сияқты анықтауыш сөздер кездеседі.
Мұндай сөздердің бірқатарын бірнеше жазушы бірдей
қолданып, тұрақтандыра бастағандары да байқалады. Мысалы,
20-40-жылдардағы қазақ прозасы тілінде көп ұшыраспайтын
« можан-топай» (қыздар), « ұлы жіңгір» (той), « мамырстан»
(заман), « төрткүл» (дүние), « құйын-перен» (спортшы) сияқты
сөздер О.Бөкеев, Ә.Кекілбаев, С.Жүнісов, С.Бердіқұлов т.б.
жазушыларда жиі кездеседі. Бұл сөздердің әдеби тілде әлі
берік орын теуіп лексикалық нормаға еніп болмағандығын
291
олардың әртүрлі жазылып, кейде тіпті әртүрлі мағынада
қолданылып жүргендігін танытады. Мысалы: можан-топай ~
мөжен топай ~ мәж топай; ұлы жіңгір ~ ұлы жәңгір, құйын-
перен ~ құйын-перін деген орфографиялық дублеттер түрінде
ұшырасады. Бұлардың мамырстан сияқты бірен-сараны бол-
маса, көпшілігі не жергілікті сөйлеу тілінде қолданылатын,
не көнеріп, ұмыт болған ежелгі сөздер болып келеді. Қалам
иелерінің бұл сияқты сипаттама сөздерді қолдануы, тіпті
кейбіреулерін активтендіруі – принципінде құптарлық іс.
Өйткені бұларды іздеттіріп, жұмсаттырып отырған себеп, уәж
бар, ол – бір нәрсені сипаттаудың ең дәл әрі әсерлі атауын табу.
Бірақ әңгіме осындай сөздердің түсініктілігін қамтамасыз ете
білуде. Көркем әдебиет дүниесіне қойылатын шарттардың бірі
– тілінің қалың оқырманға түсінікті болуы, автордың айтпақ
ойының оқырманға қиындықсыз әрі әсерлі түрде жеткізілуі.
Сондықтан мағынасы қалың көпшілікке бейтаныстау немесе
мүлде түсініксіз тұлғаларды белгілі бір зәрулікпен қолданған
күнде, олардың оқушыға жетуін ойластыру керек. Бұлардың
семантикасын жалпы контекстен шығатын етіп бере ме, өзге
синонимдерін қатар келтіріп ұсына ма, бет соңында сілтемеде
түсіндіріп бере ме – қысқасы, әр алуан жолды пайдалану –
жазушының өз шаруасы. Осы жағдайда ғана бейтаныс сипат-
тама сөздердің қолданысын уәжді деп тануға болады.
Нормадан жөнімен немесе жөнсіз ауытқу қарапайым
сөздердің (орысша «просторечие» деген категорияның)
қолданысында елеулі орын алады. Қарапайым сөздер –
ауызекі тілдік категория, олар әдеби тілден тысқары тұратын
дүниеліктер. Қарапайым сөздердің әдетте әдеби тілдік
эквиваленті болады. Жазба стильдердің ішінде қарапайым
сөздердің молынан пайдаланылатын орны – көркем әдебиет тілі.
Оның ішінде, әсіресе драмалық шығармалар мен көркем про-
зада қарапайым элементтер кейіпкерлер тілінде де, автордың
өз баяндауында да еркінірек жұмсалады. Кейіпкерлер тілінде
келуі – сол кейіпкерлердің образын жасау үшін қажет болса,
автор сөзінде келуі белгілі бір стильдік мақсатты өтеу үшін
қажет.
Халықтың ауызекі сөйлеу тіліндегі қарапайым сөздердің
292
экспрессиясы күшті болып келеді. Сондықтан олар, ең ал-
дымен, өмірде қолданылатын сәттерінде кейіпкерлер тілінде
бұлжытпай беріледі. Мысалы, С. Жүнісов кейіпкерін Әкесінің
бар малым қуди-суди ғып... (шашып болды) деп сөйлеткенде,
осындағы орыс тілінен алынған куди-суди (куда-сюда деген-
нен) тұлғасы ауызекі тілде «малды қалай болса солай бейбе-
рекет шашу» ұғымын беруде ең бір әсерлі сөз болып таны-
лады. Сол сияқты Ғ.Мүсірепов ерке жиен – Сейіттің аузына
«Тырқиюына болайын!» деген сөздерді салғанда да ауызекі
тілдің осы табиғатың сақтап, экспрессивтілігін көздеген.
Осы ретте бозымбай («Бұл неғып тап осынша бозымбай
болды екен?» – Ә.Кекілбаев) келгінбай («Төтеден қосылған
келгінбайлар» – С. Жүнісов), оттаубай («Оспанның шығарып
жүрген оттаубайы» – О. Бөкеев) сияқты адамды мінездей атай-
тын дөрекілеу сөздер мен помыштау («Мұны да мұжықтармен
бірігіп, помыштап көтердік, қазақта да ұдықтасу деген болушы
еді ғой» – С. Жүнісов), тырапай асу («баяғыда тырапай асар
еді»), сумақайлану («Бір көрген қызға қырындап, сумақайлана
беру қадетіне жат»), қотиын («Біз оның қотиын қылығына
өкпелеген жоқпыз»), аңқиттау («суырша аңқиттап...» – соңғы
сөздердің бәрі де О.Бөкеев шығармаларында), құйтақандай
(«Құйтақандай арманы болушы еді» – Д.Досжанов) сияқты
қарапайым сөздердің кейіпкерлер тілінде де, авторлық баянда-
уларда да орынды, белгілі бір стильдік жүкпен қолданылғанын
көрсетуге болады.
Ал аңқиттама, ботырама, аталақтама, оттама, не ман-
тырап отырсың? сияқты адамның мінез-қылығына қатысты
халық тіліндегі «уытты» сөздер кейіпкерлер аузына орынды
салынған.
Қазіргі көркем проза тілінде кейбір қарапайым сөздерді
активтендіру нышаны байқалады. Мысалы, толайым сөзін
лексикологтер әдетте қарапайым элемент қатарында санайды.
Бұл тұлға М.Әуезов тілінде де бар, бірақ оны автор көбінесе
кейіпкерлердің диалогтерінде келтіреді: Байсал:
«– Соқпа! Сырттың соқпасы ма? Ішті жеген жегінің соқпасы
ма? Әйтеуір келді ғой толайым» («Абай жолы», I). Ал О.Бөкеев
сияқты кейінгі жазушылар бұл сөзді, өз тілінде де, кейіпкерлер
293
диалогтерінде де жиірек жұмсайды: «Дүние толайымы аппақ
нұрға бөленді» («Өз отыңды өшірме»); «Мамырлап басатын
саржағал бәйбіше ... толайым баланы...» («Мұзтау»). Бұл тұлға
арагідік өзге авторларда да қолданыла бастады. Осы заман сау-
дасында орын алған «оптовая торговля» дегенді толайым сау-
да немесе толайым сату деп бере бастағанын да көреміз.
Пошым сөзі де – түр, бейне сөздерінің қарапайым
эквиваленті. Бұл сөзді де әдеби айналымға түсіру әрекеті жоқ
емес. Мысалы, О.Бөкеевте: «Тек пошымы ғана сүлделенеді».
«Алтайдың алып пошымы көріністене бастады...». «Үңілген
пошымын танытады» т.б. Әдетте ауызекі сөйлеу дағдысына тән
болып саналатын жыны келді, ит жыны келді, жынына тиді
деген сөздерді де автор тілінде жиі келтіріп, әдеби нормаға
айналдыру ниеті бұдан да күштірек сезіледі. Соңғы сөздер
осы күнгі орта және жас буын прозаиктердің бірқатарында
жиі кездеседі деуге болады және олар ешқандай стильдік жүк
арқаламайды.
Тегінде, автор тілінде қарапайым элементтер экспрессия
үдесінен шыққанда ғана жұмсалуға тиіс. Мысалы, Т.Ахтанов
тырқылдақ катер деп анықтағыш сөздің қарапайым вари-
антын (тырқылдақ) алғанда, катердің «оңып тұрмағанын»
мейлінше әсерлі етіп көрсететін тек қана осы сөз болғандығына
қызыққан. Ал мұндай мақсат болмаса, қарапайым сөздерді ав-
тор баяндауында талғаусыз қолдану – әдеби нормадан жөнсіз
ауытқу болады. Сондықтан қазіргі қазақ прозасы тілінде
әйтеуір халық аузында барын желеу етіп, кейбір қарапайым
сөздерді көркем дүние тіліне тықпалау, сол арқылы жарыспалы
қатарлар тобын мұқтажсыз көбейту – құптарлық әрекет емес.
Айталық, ақырамаш, мүттәйім, тәмпішке сөздерін олардың
әдеби сыңарлары тұрғанда және оларға ешқандай стильдік жүк
артылмай қолданылғанда, жазушы не ұтпақ?
Сөйтіп, қазіргі қазақ көркем прозасының тіліндегі сөзқол-
даныс проблемасын жалпы әдеби тіл нормасынан да, көркем
әдебиеттің ұлттық нормалары тұрғысынан да қарастырғанда,
мәселе әдеби стандарт (қалып) және сол қалыптан жөнді-
жөнсіз ауытқушылық деп қойылады да сөз таңдау проблема-
сына барып тіреледі.
294
Көркем шығармада сөз таңдауды туғызатын факторлардың
бастысы – көркемдік-эстетикалық талапты өтеу. Ол үшін сөз-
дің контекстік (ситуациялық) қызметін («қылығын») тану
– негізгі міндет. Сөз тандау әрекеті текст түзу, яғни «коло-
рит түзуші лексика шоғырын» құрастыру дегенді алға қояды.
Текст түзуде әр алуан стилизацияны, яғни тілдік элементтердің
стильдік жүк арқалай әдейі қолданылуын зерттеу қажеттігі ту-
ады.
Сөз белгілі стильдік үн (бояу) алғанда, өзінің номинатив
мағынасынан, қалыпты қызметінен ауытқып қолданылуы
заңды. Сондықтан жалпы әдеби тілдің лексикалық, норма-
сына сәйкеспейтін қолданыстардың барлығы – бейнормалық
құбылыс болып табылмайды. Стильдік мақсатпен келген
ауытқулар көркем әдебиет тілінің нормасына сай келеді. Осы
себептен көркем әдебиеттің лексикасын норма тұрғысынан
зерттеуде ауытқудың жөнімен-жөнсіз (уәжді-уәжсіз) түрлерін
айыра білу – басты шарт. Жөнсіз ауытқу жалпы әдеби тіл та-
лабы тұрғысынан да, көркем тіл заңдылықтары тұрғысынан
да болуы мүмкін. Әсіресе, көркем тіл нормасына қайшы
қолданыстың баршасы дерлік мотивсіз ауытқу болып шығады.
Жазушы жеке сөздің лексикалық (номинатив) мағынасын
дұрыс түсінбей, орынсыз (өз орнын таппай) қолданса, тұрақты
тіркестердің, мақал-мәтелдердің компоненттерін ешбір
стильдік мақсат көздемей өзгертіп жіберсе, әдеби тілдің сыр-
тында тұратын диалектизм, жаргонизм, қарапайым сөз, жа-
санды сөз сияқтыларды ешбір зәруліксіз жұмсаса, бұлар
жалпыұлттық әдеби тіл нормасынан жөнсіз ауытқу болмақ.
Бұл құбылыс қазіргі қазақ прозасында едәуір байқалады, бұл
көрініс көбінесе жазушының тілдік сауатының дәрежесін та-
нытады. Ал сөзге немесе фразеологизмге, сондай-ақ мақал-
мәтелдер құрамына белгілі бір стильдік мақсат көздемей,
өзгеше бір мағына үстеп немесе құрамын өзгертіп қолданса,
ол өзгерістер көркем тіл нормасын бұзу болмақ. Соңғы көрініс
көбінесе жазушы шеберлігінің, талантының дәрежесін таны-
тады. Жоғарыда талданған фактілер осындай тұжырымдарға
алып келеді.
295
МАЗМҰНЫ
Алғы сөз .......................................................................................3
1-бөлім
ЖАЗУШЫ ТІЛІ ЖӘНЕ ОНЫҢ КӨРКЕМДІК ӘЛЕМІ
Мұхтар Әуезов – көркем сөздің пірі ....................................8
М.Әуезов тілін тану үшін ...................................................8
М.Әуезов және көркем проза тілінің бастауы ..................17
Жинақы, үнемді, астарлы тіл ...............................................59
Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе»,
«Жүрекке әжім түспейді» ..................................................59
Тарихи романдардың тіл кестесі .....................................83
Әбіш Кекілбаев «Үркер», «Елең-алаң» ...........................84
Мұхтар Мағауин «Аласапыран» ...................................111
Жанр мен тіл үйлесімі ........................................................149
Оралхан
Бөкеев
«Қайдасың,
қасқа
құлыным»,
«Мұзтау», «Ән салады шағылдар» ............................149
Сейдахмет Бердікұлов «Үшінші подъезд» ...................163
Асқар Сүлейменов «Бесін» ..............................................170
Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесін» ..........................180
Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» ........................................194
Кәдірбек Сегізбайұлы «Біз қалада тұрамыз» .............209
2-бөлім
ФУНКЦИОНАЛДЫҚ СТИЛЬДЕР. КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ СТИЛІ
«Функционалдық стиль», оның анықтамасы мен термині
жайында ............................................................................216
Функционалдық стильдердің айырым белгілері жайындағы
пікірлер мен тұжырымдар ..................................................233
Көркем әдебиет тілін танудың қырлары .......................241
Қазақ тілінің ұлттық көркем әдеби нормалары .............254
Әдеби
стандарт
және
нормадан
ауытқушылық
(лексика саласында) ..........................................................275
Сөз таңдау ............................................................................275
Сөз таңдаудағы уәжді ауытқулар ....................................280
Көркем текстегі уәжсіз ауытқулар .................................285
Рәбиға
Сыздықова
Көптомдық шығармалар жинағы
Алтыншы том
СӨЗ ҚұДІРЕТІ
Редакторы: Розамгүл Ниязова
Техникалық редакторы: Ниязбай Оразымбет
Корректоры: Ермұхамет Маралбек
Компьютерде беттеген: Жәмила Айдос
ИБ № 162
Теруге 22.10.2014 ж. берілді. Басуға 14.11.2014 ж. қол қойылды.
Пішімі 84х108
1
/
32
. Қаріп түрі «Times New Roman».
Басылымы офсеттік. Шартты баспа табағы 15.5
Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №
«Ел-шежіре» қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры.
050009. Алматы қаласы.
Абай даңғ. 143, 413 бөлме
«Полиграфкомбинат» ЖШС
Алматы қ., Мақатаев көшесі, 41
Достарыңызбен бөлісу: |