АЛАПА. Бұхар жыраудың Шоқан Уәлиханов жазып алған бір
толғауында (Абылай ханға арнаған жоқтауында):
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан.
Алафасын арттырып,
Арпалап атты қунатқан (Валиханов, 1, 191), –
деген жолдар бар. Мұндағы алафа сөзі бұл күнде бейтаныстау. Қазақ
тілінің толық (10 томдық) түсіндірме сөздігі алапа сөзінің көне
екенін көрсетеді де оған «Қазақ совет энциклопедиясы» берген анық-
таманы қайталап береді. Бұл екі анықтағыш кітаптың түсіндіруінше,
алапаның бір мағынасы «олжа, пайда, табыс», екіншісі – «пара,
алым, ауызбастырық», үшіншіден, бұл сөз – кәделі сыйлықтың, жөн-
жоралғының атауы (ҚТТС, 1974, 1, 196). Ал Шоқан жазбаларын жа-
риялаған кезде, осы толғауды аударушылар академик Ә.Марғұлан
мен Дж. Кармышева алафа сөзі келген өлең жолын «айналасына
ұлылықтың нұрын шашқан (окружил себя ореолом величия)» деп ау-
дарады (Валиханов, I, 170). Демек, бұл жерде алапа сөзінің және бір
мағынасы көрсетіледі.
Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерін жинап зерттеушілердің
мәліметіне қарағанда, бұл сөз Қазақстанның әр өлкесінде әртүрлі
мәнде жұмсалатыны байқалады. Атырау, Маңғыстау өңірінде бұл сөз
– кәденің атауы. Семей, Абай аудандарында – «қалыңмал», Қостанай,
Қызылорда өңірінде – «олжа, пайда, табыс», ал Жамбыл, Шу аудан-
дарынан жиналған материалдардың көрсетуі бойынша, бұл сөздің
(алапа-ның) мағынасы – «адамгершілік, бедел». Жоғарыдағы Бұхар
толғауындағы алафа (алапа) сөзінің контекстегі мәні осы соңғы
мағынаға жуықтайды: алапасын арттырып – «беделін арттырып»
деп түсінуге болады.
Біздіңше, о баста алапа сөзі (алапай тұлғасында да келеді) «соғыс-
ұрыста түскен олжа» дегенді білдірсе керек. Оның бұл мағынасы
қырғыз тілінде сақталған. Ала түбірінен жасалған «олжа, трофей»
мәніндегі сөз өзге түркі тілдерінде де бар. Мысалы, түрік тілінде:
аланж 1) олжа, 2) тартып алу, конфискация (Турец.-русск. сл., 43).
33
Қазақ тілінде де алапа-ның «олжа» мәні жай олжа емес, соғыста
түскен олжа екенін Қазақ энциклопедиясынан көруге болады: ерте
заманда жаудан түскен олжа алапай (алапа) деп аталған (ҚСЭ, I,
246). Тіпті алапаға қызықпа деген халық мәтелі, энциклопедия мен
түсіндірме сөздік көрсеткендей, «параға қызықпа» деген ұғымда емес,
«жаудан түскен олжаға қызықпа», яғни «бүлген елден бүлдіргі алма»
дегенді білдіретін тәрізді. Келе-келе көне сөз мағынасы құбылып,
бір жерде «жалпы олжа», бір жерде сол олжаның бір түрі – «кәдеден
түскен олжа» (одан барып кәденің өзінің атауы) деген мағыналарда
қолданылатын болған.
Сөйтіп, алапа негізінен екі түрлі мағынада ертеректе жиі
қолданылған, бұл күнде әртүрлі ұғымда әр жерде сақталған көне
сөздердің бірі деп танимыз.
АЛАШ. Қазақтың ауыз әдебиеті тілінде, әсіресе жырларда, со-
нымен қатар өткен ғасырлардағы ақын-жыраулар тілінде, тіпті күні
кешегі Бұхар, Махамбет, Шернияздарда, айта берсек, Абайдың
өзінде алаш сөзі өте жиі қолданылған. Бұл сөздің екі-үш мағынада
жұмсалғаны байқалады. Бірі – ел, жұрт, байтақ сөздерінің синонимі
ретінде. Мысалы, «Қамбар батырды» жырлаушы қызыма күйеу
таңдатам дегенді:
Бұл хабарды Әзімбай
Алашқа тегіс жүргізді, –
деп суреттейді. Махамбет ақын:
Алаштың байлығынан пе пайда,
Тарығып келген ерлерге
Қайыры оның болмаса, –
дегенінде алаш деп тұрғаны − жалпы «ел-жұрт, халық». Шернияз
ақын Исатайдың ел қамын жейтін жақсылығын айтқанда:
Исатай – ел еркесі, ел серкесі,
Бір мен емес, алашқа жайылым еді, –
десе, мұнда да алаш – «қалың көпшілік, ел, халық» деген мәнде
қолданылып тұр.
Сонымен қатар бұл сөз «белгілі бір этникалық құрам (айталық,
хандық немесе тайпалар одағы), қауым» деген нақтылы тар
мағынаны да білдіргені байқалады. Оның бұл терминдік мағынасы
алты сан алаш, он сан алаш, алты алаш сияқты тіркестерде келген-
де, тіпті айқын сезіледі. Сондықтан алаш сөзі жеке келіп те, жоғарғы
тіркестермен келіп те, «қазақ қауымы» немесе «белгілі бір бөліктері
(рулары, рулар одағы, жүзі)» деген мағынаны да бергені және
байқалады. Мысалы, Бұхар жырау Абылайға:
34
Он сан алаш баласын
Жұмсап бір тұрсың қолыңнан, –
дегенінде Абылайдың қазақтың көп руларының басын біріктіріп би-
леу әрекетін айтып тұр. О баста алты сан алаш – XIII ғасырдың бас
кезінде, тегі, монғол шабуылына қарсы ұйымдасқан алты тайпадан:
қыпшақ, найман, қаракесек, алшын, қоңырат, жалайыр – тайпалары-
нан құралған одақты білдірген. Кейін бұл одақ алты сан алаш деген
атпен Жошы ұлысының қарамағына кірген (ҚСЭ, I, 247). Ал бірақ
қазақ ақын-жыраулары бұл тіркесті «жалпы қазақ қауымы», тіпті кей-
де одан тарылтып, «өз руластары» деген мәнде жұмсаған. Мысалы,
Махамбеттің:
Алты сан алаш ат бөліп,
Тізгінін берсе қолыма,
Зулар едім бір көшке, –
дегенінде, «қазақ қауымы», оның ішінде өз ортасы – «он екі ата
байұлы» деген сияқты ұғым бар, өйткені дәл осы жолдардың алдын-
да:
Он екі ата байұлы
Жиылып келсе бұл іске, – дейді.
Алаш сөзі «ел, жұрт, қауым» деген жалпы мағынаны білдірумен
қатар «қазақ елі, қазақ қауымы» деген нақтылы терминдік мәнде де
қолданылған. Алаш сөзінің қазақ тайпалары одағына байланысты ер-
теректен бері қолданылып келе жатқанын XVI ғасырдың соңы мен
XVII ғасырдың бас кезіндегі тарихи шығарма – тарақ таңбалы жа-
лайыр руынан шыққан Қадырғали бидің шежіресіндегі алаш мыңы
деген тіркестен байқаймыз. Мұндағы тарихшының алаш мыңы деп
отырғаны – ішінде қаңлы, жалайыр, қатаған сияқты ірі-ірі рулары бар
тайпалар одағы. Ал алаш мыңы деген сөз, қазіргі зерттеушілердің ай-
туына қарағанда, XV-XVI ғасырларда қазақ халқын атайтын этноним
(халық аты) болған (Ч. Валиханов, I, 636). Ұлықбектің еңбектеріне
қарағанда, алаш атауын қазақ тайпалары монғол жорығы басталмас-
тан бұрын, XII ғасырға дейін қолданған (ҚСЭ, I, 247).
Өткен ғасырлардағы қазақша-орысша және орысша-қазақша
сөздіктерді құрастырушылар да, Л.Будагов, В.Радлов сияқты лек-
сикографтар да қазақ тіліндегі алаш сөзі «бүкіл қазақ халқы» деген
сөз деп аударады да алаш деген сөз қазақ деген сөздің синонимі деп
танытады. Алаш «бүкіл қазақ халқы» деген ұғыммен барабар деген
тұжырымды ортағасырлық түркі тіліндегі тағы бір тарихи шығарма
– «Бабурнаме» материалдарына сүйеніп, өзінің «Қара сөздерінде»
Абай да айтады. Ол алаш сөзінің түптөркінін Алаша хан атынан,
35
ал хан есімінің өзін қалмақша алачын (алач) «жан алушы» деген
сөзден шығарады, өйткені Алаша ханның шын аты Ахмет дейді
(Абай, II, 224). Осы мәліметті Сәкен Сейфуллин де бере келіп: «Бұл
сөз ноғайлы заманынан, яғни қазақ атанған тайпалар қазақ болмай
жүргенінде қолданылған сөз», – дейді. Оған дәлел ретінде «ноғай,
қазақ – бәріміз бір алаштың баласымыз» деген нақыл сөзді келтіреді
(С. Сейфуллин, VI, 21-24).
Алаш сөзінің үшінші мағынасы – жоғарыда көрсетілген мағынаға
қарама-қарсы «жау, жат» деген мәнде жұмсалуы. Мұны С. Сейфуллин
жақсы көрсеткен. «Е-е, мен сенің ағайының емес, алашың ба едім»
және «алашың туысқандай болсын» дегендерді мысалға келтіреді
(С. Сейфуллин, VI, 285). Алаш сөзінің «ел» және «жау» деген қарама-
қарсы екі мағынасы өткен ғасырларда қатар қолданылып келген.
Мысалы, Бұхардың:
Өзіңмен бірге туысқан
Алаштан бетер жат болар,–
дегенінде немесе Махамбеттің:
Бесеуіміз жүргенде,
Алашқа болман деуші едік, –
дегендерінде алаш – «қарсы жақ, дұшпан». XVI ғасыр жырауы
Шалкиіздің:
Алаштан байтақ озбаса,
Арабыдан атты сайлап мінбен-ді, –
деген өлең жолдарында екі сөз көне мағынада келген: алаш – мұнда
«жат ел, жат (жау) жұрт», байтақ – өз елі, өз жұрты».
ХІХ ғ. ақыны Базар Өтемісұлында:
Алаш дұшпан мысалы
Аңдысып тұрған көзіңнің
Қарасы мен ағындай
(ХVІІІ-ХІХ ғ. қазақ поэзиясы. 228), –
деген жолдарында алаш сөзінің «дұшпан» мағынасы тіпті айқын
берілген.
Алаш сөзінің жағымсыз мағынасы монғол, қалмақ тілдерінде бар.
Монғолша алач сөзінің бір мағынасы «кісі өлтіруші, жан алғыш»,
қалмақ тілінде алач – «баскесер». Бұл сөздің қазақ тіліндегі «жау,
дұшпан» мағынасында қолданылуына оның монғол тілдеріндегі
ұғымы да себепкер болуы мүмкін, яғни алаш сөзінің «кісі өлтіргіш»,
одан шыққан ауыспалы мағына «жау, дұшпан» деген ұғымы қазақ
тілінде өте ертеден келе жатуы ықтимал, яғни бұл сөз осы мағынада
түркі-монғол тілдеріне ортақ сөз болуы да мүмкін немесе соңғы
36
ғасырларда үнемі сыртқы жауларының бірі болып келген монғол тай-
палары – қалмақтар мен жоңғарлардың тіліндегіше «жан алғыш, бас-
кесер» мағынасынан ауысып, «жау, жат» мағынасында қолданылып
кетуі мүмкін.
Сөйтіп, өткен кезеңдердегі қазақ тілінде алаш сөзі «ел; жұрт,
көпшілік, қауым, халық» мағынасында және осыған қарама-қарсы
«жау, дұшпан, жат» мағынасында қолданылған. Бертін келе Абай
сияқты қаламгерлер бұл сөздің мағынасын тарылтып, «жалпы қазақ
елі, халқы» емес, әйтеуір «ел іші, біреудің айналасы, жақыны, туысы»
деген мәнде жұмсаған. Мысалы:
Малға достың мұңы жоқ малдан басқа,
Аларында шара жоқ алдамасқа,
Табысына табынып, қалбаң қағып.
Тойғанынан қалғанын берсе алашқа (Абай, 1, 197), –
дегенінде алаш сөзі «жақыны, айналасы» деген ұғымды береді,
өйткені бұл өлеңдегі әңгіме – мал жию үшін барша айлаәрекетін
жасап жүрген «малға достар» туралы, олар – тойғанынан қалғанын
бүкіл елге, халыққа беретіндей мықтылар емес, «қалбаң қаққан» жай
пысықтар, олардың алашы – жақыны, туысы, айналасы ғана.
Қазіргі қазақ әдеби тілінде «ел, қауым, халық» дегеннің синонимі
ретінде алаш сөзі өте сирек қолданылады (ал қазақ халқы дегеннің
баламасы ретінде ең соңғы кездерге дейін мүлде қолданылмай
келді). Бұл күнде поэзияда алаш «жалпы бұқара, көпшілік, халық»
мағынасында поэтикалық сөз ретінде жұмсалады. Мысалы, Қадыр
Мырзалиевтің «Данышпан» деген кітабынан:
Көмейлі капитал
Алашты –
Халықты
Сүліктей сорды кеп.
Соңғы бір-екі жылдың ішінде алаш сөзінің публицистика тілінде
жандана бастағаны байқалады. Бұған, бір жағынан, ұлттық намыс-
ты ояту, ол үшін қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігін талап етіп,
сол жолда қызмет көрсеткен «Алаш» партиясын, оның көрнекті
қайраткерлерін насихаттау, халыққа кеңінен таныстыру мақсаты се-
беп болса, екінші жағынан, тіліміздің сөз байлығын сарқа пайдалану,
ол үшін ондаған көне сөзді қайта активтендіру бағыты себеп болды.
Бұл күнде алаш сөзі көбінесе «қазақ халқы» ұғымында жұмсалатын
сияқты.
АЛҒАНЫМ. Бұл сөздің беретін мағынасын контекске қарап айы-
ру оңай сияқты көрінеді. Ол көбінесе «әйелім, жарым, қосағым» де-
37
ген ұғымда жұмсалған деп ойлаймыз. Бұл тұлға қазірде әдеби тіл
нормасында қолданылмайды деуге болады, дегенмен ауызекі сөйлеу
тілінде жұмсалуы мүмкін.
Алғаным сөзін біз эпостар тілінен және өткен кезеңдердегі ақын-
жыраулар тілінен кездестіреміз. Мысалы, «Алпамыс» жырында
Байбөрі бай бәйбішесіне:
Рас па сөзің, алғаным,
Алаша төсек салғаным,–
дейді. Бұл жерде Байбөрі жасы ұлғайып қалған әйеліне аруым, жа-
рым дей алмайды. Сірә, өткен кезеңдерде күйеуінің әйеліне үй
ішінде айтатын қаратпа сөзі немесе жалпы өз әйелін атауы үшін
айтылатын сөз – жоғары поэтикалық бояуы бар жарым, жұбайым,
қосағым деген сөздер де емес, кейінгі кездерде мүлде тұрпайы сипат
алып кеткен қатыным деген сөз де емес, өткенде қазақ тілінде онша
жиі қолданылмаған арабтың әйелім сөзі де емес, бейтарап мәндегі
алғаным сөзі болған болу керек. Сондықтан:
Алғаным асыл ару деп, –
деген өлең жолын Асанқайғыдан кездестірсек,
Алғаным мен балдарым…
Артымда қалған алғаным, –
деген жолдарды Махамбет ақыннан ұшыратамыз.
Сөз төркіні айдай анық: алу етістігінің есімше тұлғасы, ол зат есім
қызметін атқарып, «алған әйелі, жұбайы, зайыбы» деген ұғымға ие
болған тәрізді. Бірақ бір ғажабы – алғаным сөзі ескі жырларда әйелге
де, еркекке де қарата айтыла берген, сірә, қосағым, жарым, жан жол-
дасым деген сияқты жыныстық айырым мағынасы жоқ сөз болу ке-
рек. Мысалы, жоғарыда келтірілген мысалдардың көбі әйелге қарата
айтылған болса, мына жолдарда ер адамға айтылған қаратпа болып
келеді. Мысалы, Ер Қосайдың анасы Арубибі ері – Ақжонасқа:
Айналайын алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын, –
деп назданады. Сол сияқты Алпамыстың анасы – Аналық Алпамыстың
әкесі – Байбөріге: Мақұл десең алғаным – дейді. «Қыдырбайұлы
Қобыланды» деген жырда:
Сонда кемпір егілді,
Көзінің жасы төгілді.
Алғаным еді Қыдырбай…−
деген жолдарды оқимыз. Тіпті бұл жердегі алғаным сөзінде тәуелдік
мағына жойылып кеткенге ұқсайды, сөз осы тұлғада «қосақ, жар,
әйелі, күйеуі» дегенге меңзейді.
38
Өткен ғасырда қазақ жерінен жинаған материалдарды түркі тіл-
дерінің салыстырма сөздігіне енгізген Л.Будагов алған сөзін «алған
әйелі, ері» деп аударады да жақша ішіне өлеңдерде «сүйіктім» деген
мағынада келеді деп көрсетеді (Будагов, II, 392). Бұл жерде сөздікші
талдап отырған сөздің сырын дұрыс таныған сияқты. Егер алғаным
сөзі әйеліне қарата айтылғанда, ал етістігіне қатысты екені көңілге
қонымды (әйелді алады) болғанымен, ер адамға қарата айтылғанда,
сөздің түпкі мағынасы шықпайды (күйеуді алмайды, күйеуге шығады,
ерге барады). Демек, жырларда қолданылған алғаным тұлғасы мета-
фораланып, «сүйіктім, аяулым» деген сияқты мағынада жұмсалған
деп табамыз.
АЛДИЯР. Қазақтың эпостық жырларында, ертегілерінде, Махам-
бет жырларында хан, сұлтан сияқты әлеуметтік дәрежесі жоғары
адамдарға қарата айтылатын алдияр сөзі жиі кездеседі:
Алдияр бас хандарым,
Жаңа келді Қамбарың...
Алдияр тақсыр ханымыз.
Шоқан алдияр сөзін «Алла жар болсын» дегеннен шыққан деп
таниды (Валиханов, I, 226). Кейінгі этимологтер де осы пікірді
қуаттайды (Этимол. сөздік, 32). Қырғызша-орысша сөздіктің ав-
торы К. К. Юдахин де алдияр – араб, парсы сөзі (Алла + йар) деп
табады да монархтар мен хандардың құрметті дәрежесін (титулын)
білдіретін, орысша «ваше величество» дегенге сай тарихи көне сөз
деп түсіндіреді (Юдахин, 49). Біздіңше, бұл – жаңсақ пікір.
Ертеректе, хандық дәуірде қазақтар қолданған алдияр сөзі
монғолша алдар сөзімен төркіндес болу керек. Алдар «даңқ, атақ,
мәртебе, дәреже» дегенді білдіреді. Бұл сөз қалмақ тілінде де бар.
Алдияр қалмақша «ұлы» деген мағынада. Алдияр қазақ тілінде жеке
тұрып та, алдияр тақсыр, алдияр хан сияқты тіркестер түрінде де
қолданылған. Бәрінде де ол «мәртебелі, ұлы» деген мәнді білдірген.
Ал бұл эпитет хан, бек, сұлтан сияқты билеушілерге ғана айтылғаны
мәлім. «Алдияр деген сөзді қазақтар хандарға айтқан, бұл сөз кейде
алдияр тақсыр деп те келеді» (Будагов, II, 392).
Шынында да, бұл сөз орысша «ваше величество» деген тәрізді
құрметті титулды (дәрежені) білдірген. Әрине, алдияр сөзі қазақ
тіліне монғол немесе қалмақ тілінен кейінгі ғасырларда енді ме
әлде ежелден түркі-монғол тілдеріне ортақ сөз бе – әзірге кесіп айту
қиын. Сірә, бұл сөз түркі тайпалары тілінде монғол шапқыншылығы
кезінен (XIII ғ.) бастап қолданылған болар. Оның үстіне ханда-
39
ры тек қана Шыңғыс әулетінен болып келген қазақ қоғамында сол
хандарға монғолша алдияр (ұлы, мәртебелі) деп айту орын алған болу
керек. Өйткені алдар/алдияр сөзі көне түркі тілінде жоқ, өзге түркі
тілдерінің де барлығына тән емес.
АЛҚАЛАУ, АЛҚАЛЫ. Махамбет ақында:
Алқалаған жер болса,
Азамат басы құралса...
Алқалай келген кеңесте
Дем құрыған күн болған...
Алқалы кеңес құрған күн, –
деген өлең жолдары бар. Алқалау сөзі ертеректегі ақын-жыраулар
тілінде де бар. Шалкиізде:
Алқалаған ауыр қолдар тоқтарға
Арыстанбекұлы Сұлтан бар.
Алқалау сөзінің түбірі – алқа. Алқаның қазіргі мағынасы 1) «жиын,
топ», 2) «коллегия» (ҚТТС, 1974, I, 224). Бұл – арабтың хәлқа сөзі,
мағынасы – «дөңгелек», одан барып «адамдар тобы» деген ауыспалы
мәнде қолданылған. Сірә, бұл сөз түркі тілдеріне өте ертеде енген
болу керек. Этнографтардың айтуларына қарағанда, Орта Азияны
және Қазақстанды мекендеген халықтардың ислам дәуіріне дейінгі
әдет-ғұрпында жылына бір рет өлгендердің бейітіне баратын дәстүр
болған. Бейіт басына жиналған әйелдер алқа құрып, қол ұстасып,
ауық-ауық алақан соғып, дұға оқып, ортаны айналып жүретін болған,
соны алқа деп атаған (Снесаров, 155). Түркі тілдеріне парсы тілінен
алқа сөзі осы кездерде кірген болу керек (ал парсы тіліне бұл сөз араб
тілінен енген).
Қазақ тіліндегі алқа-қотан, алқа құру және алқалау сөздері осы
мәндегі алқа сөзімен сабақтас. Кейін келе діни рәсімдерге қатысты
алқа құру дәстүрі жойылғанмен, «дөңгелек құрып айнала отыру»
немесе «бір нәрсені айнала қоршау» деген мәнде алқалау етістігі
қолданылатын болған.
Жоғарыдағы Махамбет өлеңіндегі алқалау сөзі кеңесу, ақылдасу
үшін жиналатын жиынға қатысты тұста айтылған. Ал қазақ
қоғамында (әрине, өзге жұрттарда да) кеңесу, ақылдасу үшін алқа-
қотан отыру, яғни дөңгелек құрып айнала отыру дәстүрі болған.
Бұдан барып алқалау сөзі «кеңесу, топ болып отырып ақылдасу үшін
жиналу, бас қосу» деген ауыспалы мағынаға ие болғаны байқалады.
Мысалы, Махамбетте:
Алқалай келген кеңесте
Дем құрыған күн болған.
40
Ал соңғы Шалкиіздегі алқалау сөзі «қоршау» деген мағынада
қолданылған. Алқалау сөзі бұл күнде «айнала қоршау, қамалау» деген
мәнде жұмсалады да оның «жиналу, бас қосу» мағынасы ұмытыла
бастап, ескі нұсқаларда сақталған.
АЛП. Бұл сөз дәл осылай тұлғаланған (жазылған) түрінде Шалкиіз
өлеңдерінде кездеседі:
Алп, алп, алп басқан
Арабы торым озіңсің...
Алп, алп, ал сақын.
Алп сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «ауыр, қауіпті,
қорқынышты және маңызды» деп көрсетіледі (ДС, 37). Шалкиіздің
арабы торыны алп басқан деп суреттеуі «аяғын ауыр басқан»
дегенді білдіретін сияқты, ал аяқты ауыр басу – маңыздылықтың,
салмақтылықтың белгісі. Екінші жердегі (алп, алп, ал сақын дегендегі)
алп сөзінің мағынасын контекске қарап, «қорқыныш (бар), қауіп
(бар), сондықтан сақтан (сақын)» деп отырған тәрізді. Қайткенде де
бұл – көне тұлға, қазақ тілінде сақталған көне сарқыншақтардың бірі.
Мұндай көне жұқанақтар қазақтың XV-XIX ғасыр ақын-жыраулары
мен ауыз әдебиетінің тілінде аз кездеспейді (мысалы, мұндағы сақын
дегеннің өзі де көне, бұл сөздің өте ертедегі бір мағынасы «ойлау,
толғау, болжалдау» болса, екінші мағынасы «сақтану» екендігін
білеміз).
АМАНДАСУ. Амандасу сөзі қазіргі әдеби тілімізде «сәлем беру,
сәлемдесу, амандық сұрау» деген мағынада қолданылады. Түсіндірме
сөздік осылай деп көрсетеді (ҚТТС, 1974, I, 250). Ал ертеректе бұл сөз
қазақ тілінде қарама-қарсы мағынада да қолданылған, яғни «қоштасу,
қош айтысу» дегенді де білдірген. Батырлар жырларынан:
Амандасып елменен,
Туып-өскен жерменен.
Қош айтысып Қамбарға
Қалмаққа қарай жөн тартты...
Амандасып жылады, −
деген жолдарды оқысақ, мұндағы амандасу «сәлемдесу, көрісу» емес,
«қоштасу» деген сөз екенін байқаймыз, яғни бұл жердегі амандасу
«амандық сұрау» емес, «амандық тілеу» мәнін береді.
«Айман- Шолпан» жырында еліне қайтарылған Шолпанды шы-
ғарып салған Арыстан туралы: «Шолпанмен амандасып кейін қайт-
ты», – дейді. Мұнда да амандасу − «Амандық тілеп, қош айтысу».
Бұл сөздің соңғы мағынасы ауызекі сөйлеу тілінде де кездеседі.
41
Сонымен қатар ескі әдеби нұсқаларда амандасу сөзі «көрісіп
сәлемдесу» мағынасында да жиі жұмсалған. Қалмақ келіп, қызыңды
бер деп қысқанда, қыз әкесі Әзімбай («Қамбар батыр» жырында);
Жіберді тарту қылып тоғыз адам,
Қамбарға қайтыңдар деп амандасып, –
дегенді оқимыз. Сонымен, бұрын амандасу сөзі қарама-қарсы екі
мағынада жұмсалған және ауызекі сөйлеу тілінде қазірде де осылай
қолданылады деп түсіну керек.
АНТ. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында үш-төрт жерде адамға
қатысты, яғни белгілі бір сипаты бар адамды атайтын ант сөзі
кездеседі:
Елдеп шыққан білімсіз ант екен деп,
Елі-жұрты Қарабайға өкпеледі.
Бұл сөз әрдайым не Қарабайға, не Қодарға қатысты айтылады.
Екеуі де – жырда жағымсыз кейіпкерлер:
Қодар тоқсан дейтұғын бір анты бар...
Қарабай анттың қойы осы болса,
Тура сілте антыңның ауылы қайда.
Демек, ант – жағымсыз адамды сипаттайтын сөз. Түркі тілдерінің
белгілі зерттеушісі – Г.Дерфер мұны парсы тілінің «екі ұдай,
күмәнды» мағынасындағы анд сөзімен салыстырады да мүмкін,
түркі тілдеріндегі ант сөзінің түптөркіні парсы тілі болу керек деген
жорамал айтады және бұл сөз түркі тілдеріне ауысқанда, жағымсыз
мағыналы сөзге айналған болар дейді. Қазақ тілінің материалы осы
пікірді қостайтын сияқты.
Бұл сөздің монғолдың анда «туысқан, бауырласқан адам» де-
ген сөзінен қысқарып алынған болар деген өзге бір ғалымның
(Рамстедтің) пікірі бұл жерде қиыспайды. Сондықтан қазақ
тілінде «қылығы жағымсыз адам» мағынасындағы ант сөзі өте си-
рек қолданылатын тұлғалардың бірі деп санаймыз. Бұл сөз тіпті
антұрған (ол да жағымсыз сипат) деген тіркестен жасалған сынның
қысқартылып жұмсалған түрі болуы да мүмкін. Бұл – екінші жора-
малымыз. Қайткенде де бұл қолданыстың мағынасы мен төркінін
іздестіре түскен абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |