Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы



Pdf көрінісі
бет3/38
Дата29.01.2017
өлшемі3,48 Mb.
#2937
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38

АЙЛАНУ.  «Едіге»  жырының  1934  жылы  жарияланған  нұсқа- 

сында:


Ноғайлының ауыр жұрт

Абдырады, айланды, – 

деген  жолдар  бар.  Мұндағы  айланды  сөзінің  мағынасы  бұл  күнде 

күңгірт. Бұл «жәбірлеу, қорлау, кемсіту» мағынасындағы көне айығла

(ДС, 29) сөзінің кейінгі тұлғасы болуы мүмкін. Бұл жерде сусыма-

лы ғ(ығ) дыбысы түсіп қалған деуге болады: айығланды>айланды

Бұл  тұлға  айығла>айла-  етістігінің  өздік  етіс  формасы  ретінде 

«жәбірленді, қорланды» мағынасын білдіреді деп түсіну керек. Бірақ 

бұл  пікіріміз  –  үзілді-кесілді  ұсынылған  тұжырым  емес.  Айлану 

сөзінің  өзге  де  мағыналары  болуы  мүмкін.  Мысалы,  түрікмен 

тілінде айла- етістігі «айнала қоршау» деген мағынада жұмсалады. 

Жоғарғы контекске қарағанда, айланды сөзіне бұл мағына да келетін 

сияқты: жаудың шабуылына душар болған ноғайлының ауыр жұрты 

сол  дұшпанның  айнала  қоршауында  қалды  деп  түсінуге  де  бола-

ды. Дегенмен қазақ тілінде сирек жұмсалатын бұл тұлға не көненің 

көзі  (айығланды  дегеннен),  не  өзге  түркі  тілдерінің  (мысалы,  оғыз 

тілдерінің) элементі болуы ықтимал.

АЙЛАСУ. Шортанбай (XIX ғ.) ақында:

Ақын, шешен көрсем деп, 



Айласпаңдар мендейге, – 

деген өлең жолдары бар. Мұндағы айласу етістігі – жалпы қолданыс- 

та,  яғни  әдеби  тілімізде  жоқ,  мағынасы  көпшілікке  түсініксіз  сөз. 

Оны  диалектолог  мамандар  Қостанай  облысының  Жанкелді  ауда-

нында  «үйлесу,  ұқсау»  деген  мағынада  жұмсалатын  жергілікті  сөз 

деп  табады.  Шортанбай  –  өмірінің  саналы  жылдарында  Арқада, 

Қарағанды, Кереку өңірлерінде жасап өткен ақын. Демек, айласу сөзі 

тек  Қостанайдың  бірер  ауданына  емес,  ілгеріректе  бүкіл  солтүстік, 



24

орталық  Қазақстан  өлкесі  тұрғындарының  тіліне  тән  болған  сөз 

деп  тануға  болады.  Айласу  «ұқсау»  деген  мағынада  бұрын  жалпы 

қазақ тіліне тән сөз болуы да мүмкін. Дегенмен сөз мағынасы мен 

түптөркінін әлі де іздестіру қажет.

АЙПАРАДАЙ, АЙЫМ. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы 

Баян қыз бірде:



Айпарадай ақ жүзім сіз көресіз, – 

десе, екінші бір жерде:

Айдай болған ақ жүзім көрмейсіз бе?– 

дейді.  Жалпы  түркі  тілдерінде  ай  –  әйел  сұлулығының  символы, 

әйел көркінің әдемілігін айға теңеу ежелден бар. Зерттеушілер орта 

ғасыр ескерткіштерінде ай сөзінің бір мағынасы «сұлу, әдемі, сұлу 

қыз» дегенді атайды (Фазылов, I, 321). Тегі, бұл ай сөзінің ауыспа-

лы  мағынасы  болар.  Осыдан  барып  кейбір  түркі  тілдерінде,  мы-

салы қырғыз тілінде «жұбай, әйел», мағынасындағы айым сөзі бар 

(Юдахин, 36). «Жұбай» мағынасында айым сөзі қазақ жырларында 

да кездеседі. «Алпамыс батыр» жырында:

Отаудағы айымдарың,

Сөзден келер қайымдарың, – 

деген жолдар бар. Бірақ қазақ тілі үшін «жұбай, әйел» мағынасындағы 



айым сөзі кәнігі емес, өйткені өзге жырларда бұл сөз кездеспейді. Ал 

«Алпамыс» жырында өзбек, қарақалпақ тілдеріне тән жеке сөздердің, 

тіпті  грамматикалық  тұлғалардың  орын  алғандығы  мәлім.  Оның 

үстіне бұл сөз диуананың (диуана болып келген Алпамыстың) аузы-

нан шыққан. Бірақ қайткенде де айым сөзінің «сұлу әйел», одан «сұлу 

жұбай», одан жалпы «жұбай» мағынасы бірқатар түркі тілдерінде бар 

екендігін аңғарамыз.

Орта  ғасыр  ескерткіштерінде  кездесетін  ай  йуз,  ай  йузлі,  айтек 



(айдай), толун айтек (толған айдай) сөздері әйелдің көркіне байла-

нысты айтылған. Қазақ тілінде толған айдай жүзі – айдай ақ жүзі ~ 



айдай жүзі ~ ай жүзі деген сөздер сұлу қызды (әйелді) суреттейді.

Ал айпара не деген сөз? Түрік тілінде «ай сияқты жарқын» де-

ген мәнде поэзияда қолданылатын айбар сөзі бар (Турецко-русск. сл., 

1977, 81). Соған қарағанда, не қазақ тілінің ертеде өзінде болған не-

месе өзге түркі тілдерінің поэтикалық дәстүрінен енген «айдай, ай-

дай аппақ, ақ жүзді» деген мағынадағы айбар сөзі болғанға ұқсайды, 

кейін келе бұл сөздің орнын айдайай жүзді сөздері басып, айбар 

сөзі сирек қолданылатын, бейтаныс тұлғаға ауысып кеткен секілді. 

Соның нәтижесінде тіпті тұлғасы да өзгеріп, айбара ~ айпара болып 

айтылуы ықтимал.



25

Айбар  сөзінің  этимологиясын  (төркінін,  құрамын)  іздестіру  – 

біздің бұл кітаптағы міндетіміз емес, дегенмен бұл сөз айға барабар 

(парапар) тіркесінен ықшамдалып жасалуы мүмкін деп топшылауға 

болады. Барабар сөзі түркі тілдеріне парсы тілінен енген, мағынасы 

«тең, бірдей», сонда бұл – айға барабар>ай барабар> айбар болып, 

әбден  кірігіп  біріккен  сөздердің  қатарына  жататын  тұлғалардың 

бірі  болмақ.  Түркі  тілдерінде  тұрақты  тіркестер  құрамындағы 

компоненттердің әртүрлі жалғаулары түсіріп айтылуы – бар құбылыс 

(айға  барабар>ай  барабар).  Бірдей  дыбысталатын  буындардың 

біреуінің  түсіп  қалуы  заңды:  айға  барабар>айбара>айбар.  Қазақ 

тілінде заман ~ замана деген сияқты сөз соңына а дауысты дыбысын 

қосып айту дәстүрі айбар сөзін айбара дегенге айналдырған тәрізді. 

Түсініксіздеу тұлғаға -дай жұрнағы жалғанған сөздер – қазақ тілінде 

жиі кездесетін құбылыс. Осының нәтижесінде айпарадай сөзі пайда 

болған болар дейміз. Бұл сөздің қайткен күнде де мағынасы ашық: 

«ай сияқты жүз, айға тең ақ жүз, айға парапар ақ жүз».



АЙТУЛЫ, АТАУЛЫ, АТАЙЫ. «Атақты, әйгілі, белгілі, даңқты» 

деген  мағынада  жырлар  мен  ертедегі  нұсқаларда  айтулы  және  



атаулы  сөздері  кездеседі.  «Қобыланды»  жырында  жыршы  қызыл- 

бастың батыры Ер Қазанды суреттей келіп:

О да айтулы ер еді, – 

дейді. «Қыз Жібек» жырында Жібектің портретін жыршы:

Жібек сұлу деген бар екен,

Айтулының өзі екен, – 

деп  суреттейді.  Сәкен  Сейфуллин  қазақ  әдебиетінің  тарихына 

арналған  зерттеулерінде  жалайыр  руынан  Бөлтірік  бидің  сөзі  деп 

берген толғауда:

Аққу құсқа оқ тисе, 

Қанатын суға тигізбес.



Айтулы ерге оқ тисе, 

Қиналғанын білдірмес, – 

деген жолдарды келтіреді. Бұл сөз айтылу түрінде «даңқты, белгілі, 

әйгілі»  мағынасында  қырғыз  тілінде  де  бар.  Мұнда  да  ол  көбінесе 

фольклор  тілінде  кездеседі:  Айтылуу  Жээренче  чечен  (Юдахин, 

35).  Қазақша  айтулы,  қырғызша  айтылуу  сөздерінің  түбірі  –  айт

етістігі. Бұл етістіктің «сөйлеу, әңгімелесу» деген мағынасы «сөзге 

тиек болған, әңгіменің өзегі болған атақты адам» деген мәндегі айту-



лы тұлғасына негіз болған болу керек.

Татар  тілінің  диалектілерінде  атаулы  деген  сөз  бар,  мағынасы: 

1)  «атақты,  белгілі»,  2)  «арнаулы».  Айтулы  сөзі  қазақ  тілінде  де 


26

«атақты, белгілі» деген мағынаны берген (Будагов, II, 394). «Белгілі, 

әйгілі,  даңқты»  деген  мәнде  қазақ  тілінде  бұл  күнде  атақты  сөзі 

қолданылады. Бірақ бұл сөз, сірә, кейінгі кезеңдерде жанданған сөз 

болар. Бұрынырақ бұл мағынада атақты дегеннен гөрі атаулы, ай-

тулы  сөздері  не  өзге  сөздер  көбірек  қолданылған  сияқты.  Өйткені 

күні кешеге дейін атақ сөзінің «жаман атақ, өсек» деген ұғымы да 

болған. Мұны қазақтың өткен ғасырдағы сөздігін жасаған Л. Будагов 

та  көрсетеді.  Сондықтан  соңғы  кездерге  дейін  кездесетін  атақты 

сөзін екі түрлі мәнде түсінуге болады: бірі – «әйгілі, белгілі, жақсы 

аты бар», екіншісі – «жаман аты бар, өсекке шыққан».



Ер,  батыр,  жұрт  деген  сөздермен  тіркесте  кейде  атайы  сөзі 

келеді.  Сырт  қарағанда,  бұл  жоғарыда  сөз  еткен  атаулы,  атақты, 



айтулы  сөздерінің  бір  варианты  тәрізді  болып  көрінеді,  өйткені 

бұлардың  бірінің  орнына  екіншісін  айтып  алмастырушылық  бар. 

Бірақ  атайы  сөзінің  түбірі  де,  мағынасы  да  жоғарыда  талданған 

сөздерден  өзгеше.  Атайы  «мықты,  күшті,  берік»  деген  ұғымды 

білдіреді. Шалкиізде:

Атайы ердің тұсында 

Тұлпары тұрар шарқ ұрып,.. 



Атайы ердің баласы 

Атадан жалғыз тудым деп

Басына қиын іс келсе, 

Ісін көпке салар ма?– 

деген жолдар бар. Мұндағы атайы – «мықты, күшті» деген мәнде. 

Осы  сөздің  атайман  варианты  Қазақстанның  кейбір  жерлерінде 

(Обаған,  Қостанай,  Орынбор,  Бөрте  т.б.)  «өте,  тым,  тіпті»  және 

«мықты,  күшті»  деген  мағыналарда  жұмсалады  (Диал.  сөздік,  33): 



атайман  жігіттер,  атайман  жылқы,  атайман  түйе.  Атайы  сөзі 

кейде атайын тұлғасында да келеді.



АЙЫЛЫН ЖИМАУ. «Қамбар батыр» жырынан:

Шынтақтап сен мамықты 



Айылыңды жимайсың

Аяғыңды көсіліп, – 

деген өлең жолдарын оқимыз. Қазақ тілінде тек болымсыз мәнде ай-

тылатын айылын жимады деген тіркес бар. Сырт қарағаңда, мұндағы 



айыл сөзі ер-тұрман әбзелінің бірінің аты сияқты. Ал шындығында 

айыл  –  монғол  тілінде  «қорқыныш,  үрей»  деген  мәндегі  сөз.  Сірә, 

бұл өте көне тіркес болу керек. Мұндағы айыл сөзі бір кезде түркі-

монғол тілдеріне ортақ сөз болып «үрейін жимау», яғни «қорықпау, 


27

жасқанбау»  мағынасын  беретін  тіркес  ретінде  қалыптасқан  бо-

лар.  Бұл  сияқты  құрамында  түркі-монғол  тілдеріне  ортақ  сөздер 

сақталып қалған, «еншісі бөлінбеген» сірі тіркестер қазақ тілінде аз 

кездеспейді.

АЙЫП-ШАМЫ ЖОҚ. Мұндағы айып сөзі түсінікті, ол араб сөзі 

болғанымен, қазақ тіліне өте ертеде еніп, мағынасы тұрақталған, ту-

ынды тұлғалар жасайтын түбір сөзге айналған. Шам түркі тілдеріне 

қытай  тілінен  енген  сөз  болу  керек  деген  болжам  бар.  Көне  түркі 

тілдерінде шам сөзі жеке келіп, «дау, талас» дегенді білдірген (ДС, 

137). Бұдан туған чамла- «таласу, дауласу», чамлық «дау-дамай, та-

лас»,  чамсыз  «дау-дамайсыз,  талассыз»  деген  сөздер  де  бар.  Сірә, 

тіліміздегі  «ар,  ұят,  намыс»  мағынасындағы  шам  сөзі  және  одан 

туындаған  шамына  тию,  шамдану,  шамкес,  шамырқану  сөздерінің 

түп  негізі  көне  түркілерден  келе  жатқан  шам  болуы  мүмкін.  Бұл 

күнде  шамына  тию,  шамдану  сөздерінің  мағынасы  «ар,  намыс» 

дегендерге  қатысты  деп  ойлағанымызбен,  ар-намысқа  тиюдің  де 

негізінде «дау-талас туғызу» ұғымы жататынын сеземіз. Әрине, шам 

сөзін қазақ тіліне қытай тілінен тікелей енген деп танымай, көне түркі 

тілдеріндегі қолданыстан келе жатқан тұлға деп қарау жөн.

АЛ ИІНДІК. ХVІ ғасыр жырауы Доспамбеттің: 

Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз

Арғымақтың талдай мойнын талдырып,

Үйде қалған арудың



Ал иіндігін аудырып, – 

деген  өлең  жолдары  бар.  Мұндағы  бұл  күнде  қолданылмайтын  ал 



иіндік  тіркесі  нені  білдіреді?  Қазіргі  де,  бұрынғы  да  қазақ  тіліне 

қатысты  сөздіктерде  тіркелмеген.  Ел/ал/  елк/еліг  деген  сөздің  ерте-

де және өзге түркі тілдерінде «қол» деген мағынаны білдіретін сөз 

екендігі мәлім. Ел/ал негізінен «қол» мағынасында оғыз тобындағы 

тілдерге  тән.  Иін/иіндік  сөздері  «иық»  деп  түсіндіріледі.  Сірә,  ал 

иіндік / ел иіндік тіркесі «иықтан саусаққа дейінгі тұтас қол» деген 

жиынтық  атау  болса  керек.  Сонда  жырау  батыр  Доспамбет  жары- 

ның  (аруының)  құшақтаған  қолын  аударып  тастап  жорықта,  дала-

да (жазыда) көп жортқан екенбіз деп тұр, бұл тіркес негізінен ХV-

ХVІ  ғасырда  жасап  өткен  ноғайлы-қазақ  ақын-жыраулары  тілінде 

кездеседі. 



АЛА, АЛАША АТ. Түркі тілдерінің осы күнгі сөздіктерінде ала 

сөзінің  «ат,  жылқы»  мағынасы  көп  көрсетілмейді,  өзге  де  сындық 



28

мағыналарымен  қатар,  жылқының  түсін  білдіретіндігі  айтылады. 

Қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігінде де, қазақша-орысша 

сөздіктерінде де ала дегеннің «ат» мағынасы көрсетілмейді. Тек 10 

томдық түсіндірме сөздіктің I томында ала сөзінің 2-мағынасы көне, 

ол «жылқы ішінде көрнекті, жүйрік ат» деген мағынасын танытады. 

Шынында да, қазақтың эпостық жырлары мен өткен ғасырлардағы 

ақын-жырауларының  мұраларында  ала  сөзі  «ат»,  оның  ішінде  «аз-

бан»  ұғымында  жиі  кездеседі.  Мысалы,  «Алпамыс»,  «Қобыланды» 

жырларында:

Ерлер мінер алаға,

Көңілім толды санаға,.. 

Мінген аты ала еді, 

Қылшық жүнді қара еді... 

Махамбетте:

Міне алмаған алаға-ай...



Ала сөзі, біздіңше, бұл мысалдарда жалпы «ат» (мейлі «көрнекті, 

жүйрік»  болсын)  дегенді  емес,  «азбан»  дегенді  білдіреді.  Кейбір 

түркі  тілдері  сөздіктері  алаша  (ала)  деген  сөзді  орысша  мерин  деп 

көрсетеді.  Ал  орыс  тіліндегі  мерин  сөзі,  Ушаков  сөздігінің  беруіне 

қарағанда,  қалмақтың  мөрін  сөзінен  алынған:  мерин  –  ақтатылған 

айғыр (Ушаков, II, 186).



Ала  сөзі  түркі  тілдерінің  қыпшақ  тобында  алаша  вариантында 

жиірек қолданылған. Татар тілінде алаша -деген жолдарды оқимыз. 

Тіпті  бұл  жердегі  алғаным  сөзінде  тәуелдік  мағына  жойылып  кет-

кенге ұқсайды, сөз осы тұлғада «қосақ, жар, әйелі, күйеуі» дегенге 

меңзейді. 

Алаша аттың басы деп, 

Қалмақты ердің қасы деп, – 

деген  жолдарда  Тарғын  батыр  жекпе-жекке  шығатын  қалмақтың 

«алты  құлаш  ала  аты»  алаша  ат  деп  те  аталады.  Алаша  вариан-

ты  Түрікменстан  қазақтары  тілінде  түйенің  будан  тұқымын  атауға 

жұмсалады (Диал. сөздік, 24).

Сірә, «азбан» мағынасындағы ала сөзі – халық поэзиясында күшті, 

мықты  жылқының  символы,  өйткені  азбан  –  үйірге  түсіп  жүрген, 

яғни  әбден  есейіп,  күш  жиған  еркек  малдың  ақтатылған  кездегісі. 

Оның мықтылығы сондай – ол «ертеңнен шапса, кешке озған, ылди-

дан шапса, төске озған томаға көзді қасқа азбан» болып суреттеледі. 

Сондықтан  да  батырлардың  мінген  мықты  аты  ала  (азбан)  болады. 

Батыр  өзінің  күш-қайратын  танытқысы  келгенде,  «жылқы  ішінде 

аламын» дейтіні де осыны дәлелдейді. Азбан мен ала сөздері – си-


29

нонимдер,  бірақ  поэзия  тілінде  жылқыға  қатысты  тұстарда  жиірек 

қолданылатыны ала варианты болғанға ұқсайды. Өйткені азбан сөзі 

тек жылқыға емес, ақтатылған қошқарға, бұқаға да қатысты айтыла-

ды.

АЛА  БАЛТА.  АЛАУЛАУ.  Ала  –  көп  мағыналы  сөз.  Оның 

бірқатар  мағынасы  бұл  күңде  өте  көмескіленіп  кеткенге  ұқсайды. 

Соның бірі – ала сөзі қатысқан жерде (тіркесте, біріккен сөзде, қос 

сөзде)  «өлтіру,  қырып-жою»  және  «бүліншілік»  ұғымының  болуы. 

Батырлар жырларында соғыс қаруының бір түрі – айбалта (орысша 

секира) атауы кездеседі. Ал XV-XVI ғасырлардан келген деп жүрген 

нұсқаларда бұл қару ала балта болып келеді. Егер айбалта сөзіндегі 

ай компоненті сол қарудың пішініне, жарты ай тәрізді иілген түріне 

байланысты  айтылса,  ала  балта  тіркесіндегі  ала  нені  білдіреді? 

Әрине, бұл балтаның түсін (бояуын) білдіріп тұрған сөз емес.

Ала сөзін мағынасы ұрыс-соғысқа, бейберекеттікке, бүліншілікке 

қатысты  біраз  сөздер  мен  тұрақты  тіркестерден  ұшыратамыз. 

Олар:  қазақ  тіліндегі  алапат,  аламан,  алай-түлей,  ала  сапыран, 

ала  топалаң,  ала  қырғын,  алау,  алаулау,  ала  топыр  бәле  түрікмен 

тіліндегі аламан, ала-говурды, қырғыз тіліндегі аламан, ала топалаң. 

Л. Будагов сөздігінде берілген алақ, алақмақ, аламан, аламанчы, ала-

ма, алай, қазіргі түрік тіліндегі алашы, алатаран, алау, қарақалпақ 

тіліндегі аласат сөздері.

Л.  Будагов  джағатай  (шағатай)  тіліндегі  алау  сөзінің  мағынасы 

«талау, талап-таражға салу, бүлдіру» деп көрсетеді, осымен түбірлес 



алақты, алақмақ, яғни алақу сөзі «таланды, тоналды, талан-таражға 

түсті,  бүлінді»  деген  мағынаны,  алақышмақ  –  «бірін-бірі  тонамақ» 

деген мәнді білдіреді дейді (Будагов, I, 79).

Қазақ  тілінің  не  бұрынғы,  не  қазіргі  сөздіктерінде  көрсетіл- 

мегенімен,  алаулау  сөзі  қазақ  тілінде  де  болған.  «Қобыланды» 

жырындағы:



Алаулаған қалмақтан 

Кегімді барып алармын, – 

деген жолдарға және Махамбеттегі:

Алты күндей алаулап, 

Он екі күндей ой ойлап, – 

деген жолдарға қарағанда, алаулау «шабуылдау, ұрысу» мағынасын 

береді.  Махамбет  өлеңдеріне  берілген  түсінікте  бұл  сөзді  «жалын-

дап,  күйіп-жанып»  деп  ұғындырыпты  (Махамбет,  35).  Әрине,  бұл 

түсіндірме – жаңсақ.


30

Қазіргі түрік тіліндегі «жаналғыш (орысша палач)» мағынасын- 

дағы  алашы  сөзі  де,  XVIII-XIX  ғасырлардағы  қарақалпақ  шайыр- 

ларының  тілінде  кездесетін  «жаугершілік,  қиыншылық»  мәніндегі 



аласат сөзі де, қазақ тілінің жергілікті сөзі ретінде келетін «аласапы-

ран, бүлік, бүлдіру» мағынасындағы аласат, аласат салу сөздері де, 

Түрікменстан қазақтары мен Сыр бойы қазақтары «алай-түлей, ала-

сапыран, дүрлігу» мағынасында қолданатын алағай-бұлағай сөздері 

де бір төркіндес. Ала қырғын, ала сапыран, ала топалаң тіркестерін- 

дегі  «бүліншілік»  ұғымын  бұлардағы  ала  компоненті  айқындай 

түседі.

Демек, ертеректегі қазақ тілінде кездесетін ала балта – жай балта 



емес, соғыс құралы, ұрыс балтасы, «кісі өлтіретін балта». Ала сөзінің 

«соғыс»  ұрыс»  мағынасына  қатысты  қолданылған  және  бір  тұсы, 

біздіңше, ала берен, ала ту тіркестерінде келгені. Берен – сауыт, ала 

берен – ұрыс киімі. Сәкен Сейфуллин Құлет ақынның Қарқаралымен 

қоштасқан бір толғауынан келтірген тексте:

Әкем күйеу болған жер

Шешем бір келін болған жер, 

Ақ бүркеншік салынып, 

Ала берен киген жер, – 

деген  жолдар  бар  (С.  Сейфуллин, VI,  132).  Мұндағы  ақ  бүркеншік 

салынған – шешесі, ала берен киген – әкесі. Бұл жердегі ала – сөз жоқ, 

түс атауы емес. Сол сияқты ала ту деген тіркес о баста тудың түсіне 

қатысты емес, «ұрыста ұстайтын ту» деген ұғымда туған тәрізді. Ол 

ала тудың түсі жасыл, ақ, көк т.б. болуы мүмкін.



АЛАМАН. Бұл сөздің түбірі де «талау, тонау» мәніндегі ала сөзі 

деп тануға әбден болады. Өйткені көптеген түркі тілдерінде аламан 

сөзінің  екі  мағынасы  бар:  бірі  және  негізгісі  –  «талау,  тонау,  шабу 

мақсатымен  жиналған  топ,  отряд».  Л.  Будагов  аламан,  аламанчы 

сөздері  түрікмен,  әзірбайжан,  шағатай  тілдерінде  «тонау,  талау,  то-

наушы, талаушы отряд» деген мәнде деп көрсетеді (Будагов, I, 79). 

Ұйғыр тілінде аламан «1) топ, көпшілік, 2) талау, тонау (Уйг.- русск. 

сл.,  51).  Қазіргі  түрікмен  тілінің  түсіндірме  сөздігі  аламан  сөзінің, 

біріншіден,  көне  сөз  екендігін,  екіншіден,  мағынасы  «шабуыл 

мақсатымен  жиналған  топ»  екендігін  көрсетеді  (Түркмен  дилиниң 

сөзлүги, 37).

Бұл  сөз  сонау  XI  ғасырдың  өзінде  түркі  тілдерінде  бар  екен, 

мағынасын  Махмұт  Қашқари  «тонау  үшін  жасалған  шапқын»  деп 

көрсетеді (ДС, 229). Қырғыз тілінде «аламан сөзінің бір мәні «бей-



31

берекет жасалған шабуыл» және бір мағынасы «соғыста түскен олжа 

(орысша трофей)» (Юдахин, 45). Мұны қазақ тіліндегі «ұрыс-соғыста 

түскен  олжа»  мағынасындағы  (кейін  жалпы  «олжа,  пайда,  табыс») 



алапа сөзімен салыстыруға болады.

Қазақтың батырлар жырларында: Аламанға дем берген... Ноғай- 

лының аламан, Махамбетте: Аламанға жел беріп... деп келеді. Бұн- 

дағы  аламан  –  «көпшілік  қауым».  Бірақ,  сірә,  жай  көпшілік  емес, 

атқа мінген (демек, шабуылшы болу мүмкіндігі бар) көпшілік болар. 

Қазіргі  Атырау,  Маңғыстау  тұрғындары  тілінде  аламан  –  «сарбаз, 

шапқыншы қол» (Омарбеков, 99). Осыған қарағанда, аламан сөзінің 

о бастағы мағынасы «шапқышпылар» болған болу керек, одан «сар-

баздар, қол, әскер» мағынасына ауысуы оңай.

Және  бір  қызық  жайт,  аламан  сөзі  –  жинақтау  ұғымы  бар  сөз. 

Аламан – жеке сарбаз, жеке шапқыншы емес, олардың жинақы атауы 

(сондықтан да өткен ғасырдағы сөздіктерде аламан «шапқыншылар 

тобы, тонаушы, талаушылар, тобыр» деп көрсетілген (Ильминский, 

51).


Аламан  сөзінің  төркінін  біраз  зерттеушілер  түркінің  ал-  (алу, 

алмақ)  етістігінен  шығарады:  ал+а+ман.  Бұл  сөздің  этимологиясы 

жайында арнайы пікір айтқан А. Махмұтов ал ~ ала тұлғалары чуваш 

тілінде «қол» дегенді білдіреді, ал қол сөзінің «әскер» ұғымы қоса 

бар, сондықтан аламан сөзі ал ~ ала қол, әскер/+ман (адам) деген екі 

түбірден құралған күрделі сөз деп топшылайды (Этимол. сөздік, 29).

Біздіңше,  аламан,  алаш,  алақу  (алаулау)  сөздерінің  төркіні  –  ал 

етістігі де емес, «қол» мағынасындағы ал сөзі де емес, монғол, қалмақ 

тілдеріндегі  «1)  өлтіру,  жанын  алу,  малды  сою,  2)  өлім  әкелетін, 

өлтіретін» деген мағыналардағы ала/х/

2

 сөзі (Монгольс-русск. сл., 28). 

Тегі, бұл – түркі тілдеріне монғол тілдерінен енген кірме сөз емес, 

түркі-монғол  тілдеріне  о  бастан  ортақ  сөз  болар.  Түркі  тілдерінде 

оның жеке тұрып «өлтіру» мағынасында қолданылуы жойылған да 

туынды, тізбекті сөз түбірінде сақталған болу керек.



АЛА  КӨЗ.  АЛАБҰРТУ.  АЛА  АУЫЗ.  Ала  сөзінің  үшінші  бір 

мағынасы бірқатар түркі тілдерінде «келіспеушілік, араздасу, бөліну» 

екені  көрсетіледі.  Қырғыз  тілінде  ала  «келіспеушілік,  араздық, 

бөлінушілік» (Юдахин, 45). Көне түркі тілдерінде де ала сөзінің бір 

мағынасы «келіспеушілік, қастандық» екенін М.Қашқари көрсетеді: 

Qarγa qarisin kim bilir, kici alasin kim tapar – «Қарғаның қарасын кім 

2

  Жақша  ішінде  жазылған  х  әрпі  –  монғол  тілінің  тұйық  етістікті  көрсететін 



жұрнағы (қазақша  жұрнағына сай: алах – алау).

32

білер, кісінің аласын кім табар». Қазірде қолданылатын «Жылқы ала-

сы – сыртында, адам аласы – ішінде» деген мақал XI ғасырда да дәл 

осы түрінде болғанын көреміз.



Ала көз, алабұрту, ала ауыз тіркестеріндегі келіспеушілік, қастық 

мәнін жасауға ала сөзінің мағынасы негіз болғанын байқау қиын емес. 

Бұл сөздердегі ала тұлғасының не түске, не ұрыс-соғыс ұғымына, не 

жоғарыда талданған «азбан»-ға қатысы жоқ. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет