Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы



Pdf көрінісі
бет2/38
Дата29.01.2017
өлшемі3,48 Mb.
#2937
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38

АБЫЗ.  ХІХ  ғасырдың  орта  тұсында  жасап  өткен  Дулат 

Бабатайұлының бір өлеңінде:



Абыз демей, не дейміз

Шалы орнынан тұрған соң, −



13

дейді.  Мұндағы  абыз  сөзі,  Л.  Будаговтың  көрсетуі  бойынша, 

Қазан  татарлары  тілінде  «оқымысты,  білгір,  сауатты  адам»,  тобыл 

наречиесінде  абзи  «аға»,  абыз  тотай,  одан  қысқарған  абыстай 

«апай,  дінбасы  болған  адамның  әйелі,  мұғалім  әйел»,  башқұртша 

абсай «ана, шеше», абыз етмекабызламақ «оқыту, ағарту», абызмақ 

«оқу,  сауаттану»  (Будагов,  I,  4).  Қазіргі  қазақ  тілінде  абыз  –  көне 

сөз,  «көп  білетін,  білгір,  білімді  адам»  және  «сәуегей,  көріпкел» 

мағыналарын білдіреді (ҚТТС, I, 1974, 38). Соңғы мағынада жиірек 

қолданылатынын айтуға болады және қазақтардың абызы – «алдап 

соғатын» сәуегей емес, ақылды, халық құрметіне ие болған әрі жасы 

еңкейген  адам  екені  байқалады.  Мұхтар  Әуезов  «Еңлік-Кебек» 

пьесасында  дана  кейіпкердің  образы  етіп  Абызды  алуы  да  осыны 

дәлелдейді.

Абышқа  (абшыйақ)  сөзінің  бірнеше  фонетикалық  вариантта 

құбылып келіп, бірқатар көне, тірі түркі тілдерінде немесе олардың 

диалектілерінде  «қарт  адам,  қария,  әйелдің  ері,  шал»,  кейде  тіпті 

«кәрі әйел» ұғымын беретіні мәлім. Бұл сөздің түбірі – абы/абу/аба 

немесе абыш «шал». Ал аба – (түрлі фонетикалық вариантта) түркі-

монғол  тілдерінде  «әке,  ата,  әкенің  ағасы»  мағынасын  беретін  сөз. 

Қырғыз  тілінде  «қадірмен»  мағынасын  беретін  абығый  сөзінің  аб/

аба тұлғасымен тамырластығы даусыз, өйткені жасы үлкен адам, ата, 

әке – қадірлі, құрметті адамдар.

Демек, бұл күнде сирек қолданылатын, көбінесе бұрынғы өлең-

толғаулар мен қазіргі тарихи, көркем шығармаларда кездесетін абыз 

сөзі өзінің түп тамырындағы «ата, әке, қарт адам» деген мағынасын 

да,  одан  ауысқан  «көпті  көрген  білгір,  сауатты,  білімді  адам»  де-

ген мағынасын да көмескілендіріп, «дана, ақылшы, көреген қария»  

деген ұғымда жұмсалған, жұмсалатын сөз деп танимыз. Әрине, бұл 

сөздің  қазақ  тіліндегі  қолданысында  өзге  тілдердегі  және  ертедегі 

мағыналық  реңктері  сақталғанын  (қария  адам  болуы,  көп  нәрсені 

байымдай алатын білімді болуы, сәуегейлік қасиеттінің болуы т.б.) 

көреміз.


АҒА. XIX ғасырдың I жартысында жасап өткен атақты Махамбет 

Өтемісұлы ақында:

Сан шерулі қол болса, 

Батырлар болар ағасы, – 

деген жолдар, XVI ғасырда өмір сүрген Доспамбет жырауда:

Азаулының Аймәдет ер Доспамбет ағаның

Хан ұлына несі жоқ?


14

Би ұлынан несі кем?

Азаулыда аға болған ерлер көп еді,– деген жолдар бар

1



Ноғайлының  Ер  Шобан  деген  батыры  Қабардының  Биғазы 

дегенінің  жылқысын  айдап  әкетіп  бара  жатқанда,  артынан  келген 

қуғыншыны айнытпақ болып, қасымда мынадай-мынадай мықты ба-

тыр-жолдастарым бар деп суреттегенде:

Қан жұқпас қайқы қара болат өтпеген....

Бұ жиынның ішінде

Ер Жақсымбет аға бар, –

дейді. Мұндағы аға сөзі Жақсымбет батырдың көркем эпитеті емес, 

ол қызметті ер сөзі атқарып тұр, бұл жердегі аға – «басшы, қолбасы» 

деген ұғымда келген термин іспетті сөз. Демек, жоғарыда келтірілген 

өлең жолдарындағы аға сөзі осы күнгі «жасы үлкен ер адам» деген 

мағынасынан басқаша қолданыста тұрғанын аңғартады.

Түркияда  бұрын  аға  титулы  әскери  адамдарға,  коменданттарға, 

янычарлардың бастықтарына берілетін атақ болған (Будагов, I, 60). 

Бұл  пікірді  өзге  ғалымдар  да  растай  түседі.  Ортағасырлық  түркі 

ескерткіші «Шейбани-намені» зерттеген шығыстанушы И. Березин: 

«Осман түріктері аға сөзіне «әскери мырза (әмірші), бастық мырза 

(господин) деген мағына берген»,– деп жазады (Библиотека восточ-

ных историков, изд. И. Березиным, Т. I. СПб, 1849, 20).

Орта ғасырлардағы хан сарайларында есік аға (ишик аға) деген 

жоғары  лауазым  да  болған:  «ишик  аға  –  «сарай  есіктерінің»  биік 

табалдырығының  бас  күзетушісі,  камергер.  Орта  ғасырлардағы 

хан  сарайларындағы  жоғары  мәртебелі  қызмет  иелерінің  бірі» 

(Материалы  по  истории  казахских  ханств  XV-XVIII  вв.,  Алма-Ата, 

1969, 537).

Ертеректегі қазақ қауымында да аға сөзі басшыға, оның ішінде 

әскери басшыға да айтылатын дәреже мағынасын бергенге ұқсайды. 

Мысалы, Шалкиіздің:

Батыр жігіт жау бастар,

Аға жігіт қол бастар, – 

дегені  қолды  (әскерді)  бастайтын  жігіттің  аға  аталғанын  дәлелдей 

түседі. Махамбет ақынның да:

Исатай деген ағам бар, 

Ақ кіреуке жағам бар, – 

1

  Осы  жерде  және  әрі  қарай  XV-XIX  ғасырларда  өмір  сүрген  Асанқайғы, 



Шалкиіз,  Доспамбет,  Қазтуған,  Жиембет,  Ақтамберді  жыраулардан  бастап,  Дулат, 

Шортанбайларға  дейінгі  ақындардан  келтірілген  мысалдар  «Ертедегі  әдебиет 

нұсқалары»  (1967),  «Үш  ғасыр  жырлайды»  (1965),  «Алдаспан»  (1967),  «Ақберен» 

(1972) кітаптарынан алынды.



15

дегенінде аға деп жасы үлкен адамды айтып отырған жоқ, қолбас- 

шыны,  көтеріліске  шыққан  қарулы  топ  басшысын  атап  отыр. 

Қазақтың батырлар жырында:

Жүрмеймісің, құрдасым, 

Қол ағалық қыламын, – 

деген  жолдарда  қол  ағалық  тіркесі  кездеседі.  Мұнда  да  қол  аға  – 

«әскери  басшы,  қол  басшысы»  деген  ұғымда.  Аға  сөзінің  белгілі 

бір  әскери  топтың  (құрамның)  басшысы  (командирі)  деген  атақты 

білдіргендігін  XVI  ғасырда  қазақтан  шыққан  тарихшы-шежіреші 

жалайыр  Қадырғали  би  Қосымұлының  «Жами’  ат-тауарих»  атты 

шығармасынан  да  көреміз:  Уа  Мүгеті  баһадур  мың  кішінің  бегі 

ерді, йа’ни мың ағасы. Мұнда бек сөзі мен аға сөзін синоним етіп 

ұсынған. Дәлірек айтсақ, аға сөзін парсыша әмір мен түркі термині 



бек сөздерінің қазақша баламасы етіп жұмсаған. Тарихшы бабамыз 

ана тілінің аға сөзін «әмірші, билеуші» мағынасындағы термин етіп 

қолданған.  Оның  терминдік,  титулдық  мәні  жалқы  есім  –  адам  ат-

тарымен  тіркесіп  келтірілгенінде  тіпті  айқын  көрінеді.  Мысалы, 

Қадырғалидың  шежіресінде  Булад  аға,  Бүйінчік  аға,  Абдулла  аға, 

Арғун  ата  деген  лауазымды  есімдер  аталады.  (Р.  Сыздықова,  

М. Қойгелдиев. Қадырғали би Қосымұлы және оның «Жылнамалар 

жинағы». - Алматы, 1991). Аға сөзін әскери емес, жай «басшы, бас  

адам»  мағынасында  жұмсау  да  қатар  жүрген.  Мысалы,  Сәкен 

Сейфуллин арғын Байдалы бидің сөзінен деп:

Рулы елге жарасар 

Үлгі айтатын ағасы, – 

деген жолдарды келтіреді (С. Сейфуллин, VI, 59), сол сияқты Сүгір 

ақын бір толғауында:

Кешегі өткен ер Сырым

Кіші жүздің ағасы, – 

деп, аға сөзін «ел басы, әлеуметтік (әскери емес) басшы» мағынасында 

жұмсайды. Қайткенде де өткен кезеңдерде аға сөзі «жасы үлкен ер 

адам»  деген  тура  мағынасымен  қатар,  «бас,  басшы,  ел  (ру,  тайпа, 

халық) басшысы, әскери басшы (қолбасы)» деген ауыспалы мағынада 

да жиі қолданылып, терминдік сипатқа ие болған сөз екенін көреміз.



Аға  сөзінің  бір  кездегі  «бас,  басшы»  деген  ауыспалы  мағынасы 

ертеректе  қалыптасқан  ел  ағасы,  от  ағасы  (қазірде  біріккен  сөз 

ретінде  бірігіп  отағасы  болып  жазылады)  деген  тіркестердің  бар 

екендігімен  де  дәлелдене  түседі:  ел  ағасы  –  белгілі  бір  қауымның 

(айталық, ауылдың, рудың, атаның т.б.) басшы адамы, отағасы – бір 

шаңырақтың  басты  адамы,  иесі.  Кейін  отағасы  сөзінің  мағынасы 



16

жалпыланып, «жасы үлкен ер адам, сыйлы адам» дегенді білдіруге 

жұмсалып  кеткені  және  көбінесе  қаратпа  сөз  ретінде  жұмсалатын 

болғаны байқалады. Ауыл ағасыжігіт ағасы деген тіркестер де осы 

сияқты.

XV-XVI  ғасырларда  аға  сөзінің  осы  күнгідей  «бірге  туғанның  



немесе  туысқанның  ішінде  еркек  кіндіктің  жасы  үлкені»  деген  не- 

гізгі  мағынасы,  әрине,  болған.  Бертін  келе,  XVIII-XIX  ғасырларда, 

бұл сөздің «қолбасшы, әскери басшы» мағынасы солғындап, ол ау-

ыспалы мәнде қолданылғанда «жасы үлкен, сыйлы, құрметті адам» 

деген ұғымда жиірек жұмсала бастаған. Мысалы, Нұрым жыраудың 

(XIX ғ.):

Сағынып аңсап, аға деп 

Енді сәлем бере алман, – 

деген  жолдарындағы  аға  –  жасы  үлкен,  құрметті  адам.  Жырау  бұл 

сөзді Өтембек деген жай адамға (әскер басына емес) айтады.

Сонымен,  аға  сөзінің  негізгі  мағынасынан  ауысқан  «қол  басы, 

жүз басы, мың басы, түмен басы» деген ұғымы да қазақтың XV-XVII 

ғасырлардағы ақын-жырауларының тілінде қолданылған. 

АДЫРНА.  Махамбет  ақынның  атақты  жырларының  бірінде: 

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен деген өлең жолы бар. Мұндағы 

адырна  сөзі  ақын  мұрасының  жинақтарында  «садақтың  оқ  тіреп  

ататын тарамысы» деп түсіндірілген. Қазақ тілінің сөздігі де адыр- 



наның  мағынасын  осылай  анықтайды.  Сонымен  қатар  мұның  

адырана варианты бар екені де көрсетілген. «Қазақ совет энцикло-

педиясы» адырна сөзінің мүлде басқа екінші нәрсені де білдіретінді- 

гін  береді,  яғни  адырна  деп  жауынгершілікте,  аңшылықта  қол- 

данылған  сыбызғы  сияқты  көне  үрмелі  музыкалық  аспапты  да 

атаған  дейді  (ҚСЭ,  I,  125).  Соған  қарағанда,  Махамбеттің  жоғарғы 

өлеңіндегі адырна сөзі садақтың кермесінен гөрі, дыбыс шығаратын 

аспапқа жуық келмес пе екен деген ой туады. Махамбет өлеңінен өзге 

қазақ  текстерінде  адырна  сөзі  мөңіреу,  аңырау  сөздерімен  тіркесіп 

келмейді. Мысалы, Шалкиізде:

Адырнасын атқа алған, 

Атқан оғын тайға алған,

Қазтуғанда:

Кара ұнымы сұлтандайын жүрісті, 



Адырнасы шайы жібек оққа кірісті, – 

деп  келетін  өлең  жолдарындағы  адырна  сөзі,  сөз  жоқ,  «садақтың 

тарамысы,  кермесі»  деген  мағынада  жұмсалып  тұр.  Бірақ  садақты 


17

мықтап  тартып,  оқты  алысқа  жіберудің  поэтикалық  образын  садақ 

тарамысының  қатты  серпігенінен  шыққан  зуылы,  дыбысы  арқылы 

беру әбден сыйымды. Сондықтан адырна «мөңіреуі де, аңырауы да» 

мүмкін.

Адырна  сөзінің  төркінін  зерттеушілер  оны  «бөлу,  ажырату» 

дегенді  білдіретін  айыр-/адыр-  деген  етістіктен  шығарады.  Түркі 

тілдерінде й~д (айақ~адақ) дыбыстары алмасатыны мәлім (қазақша 

айыру  сөзі  көне  түркі  тілдері  мен  қазіргі  бірқатар  түркі  тілдерінде 

адыр- тұлғасында келеді). Адыр- етістігіне қосылған -на есім тудыра-

тын жұрнақ болу керек дейді (Этимол. сөздік, 21).

Сөйтіп, «садақтың тарамысы» мағынасында болсын, музыкалық 

аспап атауы ретінде болсын, адырна сөзі – қазақтың көне жырлары 

мен  бұрынырақ  өткен  ақын-жырауларының  тілінде  қолданылған, 

қазірде  ұмыт  бола  бастаған  сөз.  Бұрынғы  кезеңнің  өзінде  бұл  атау 

поэтикалық  сөз  болып,  образ  жасауға  жұмсалғаны  байқалады.  Бұл 

сөздің  образдық  сипатын  таныған  ғалым  Мұхтар  Мағауин  тұңғыш 

рет  XV-XVII  ғасырлардағы  қазақ  ақын-жырауларының  мұраларын 

жарыққа шығарғанда, жинаққа «Адырна» деп ат берген.



АЗАМАТ,  ШОРА/ШОРЫ,  ЖОЛДАС.  XVII  ғасырда  жасаған 

Ақтамберді жырауда:

Ей, азаматтар, шоралар

Атты мінсең, зорды мін, – 

деген  жолдар  бар.  Мұндағы  азамат  сөзі  дәл  қазіргі  мағынасында 

емес.  Бұл  сөздің  бұрын  терминдік  сипаты  болған.  Ш.  Уәлиханов 

былай деп көрсетеді: «Азамат – кәмелетке келіп, еншісін алған, ту-

ыстарына тәуелсіз, үйлі-баранды адам» дегенді білдіреді. Сонымен 

қатар бұл сөз бір кезеңдерде «жасақшы» («дружинник») ұғымын да 

бергенге ұқсайды. Шора сөзі азамат дегеннің синонимі дей келіп, 

Шоқан  шора  азамат  тіркесі  –  таза  әскери  мәнді  сөз,  ол  «жолдас, 

жасақшы»  деген  деп  көрсетеді  (Валиханов,  I,  20).  Азамат  сөзінің 

жоғарыда келтірілген Ақтамберді жыраудың қолданысы Шоқанның 

осы айтқанын растайды.

«Айман-Шолпан» жырындағы Айман қыз Әлібекке сәлем айтып:

Аты болса, байласып, 



Азаматын сайласын, – 

дегенде,  азамат  сөзінің  «жасақшы»  ұғымы  танылады.  Бұл  сөзді 

Махамбет те жиі қолданған:

Арғымақ, сені сақтадым, 

Құлағың сенің серек деп


18

Азамат, сені сақтадым, 

Бір күніме керек деп... 



Азамат ердің баласы 

Аз ұйықтар да көп жортар, 

 Дұшпанға кеткен кегі бар, 

Алқалаған жер болса,



Азамат басы құралса...

Бұл қолданыстардағы азамат сөзі жай ғана адамға қарата емес, 

жауынгерлерге, жасақшыларға қарата айтылып тұр.

«Ер Сайын» жырында Сайын батыр қасындағы 40 жігітіне:

Ей, қырық жігіт азамат,

Маған бола өлмеңіз, – 

дейді. Мұнда да азамат – жауынгер, жасақшы.

Заман  озған  сайын  азамат  сөзінің  мағынасы  өзгерген.  Өткен 

ғасырда  бұл  сөз  «жалпы  ересек  адам,  ер  адам»  дегенді  білдіргенін 

сол кездегі сөздіктер көрсетеді: Азамат – ересек адам, адамдар тобы 

(Кирг.-русск. сл., 1897). Қазақ тілінде осы мағынадағы азамат сөзінің 

синонимі жолдас сөзі қолданылғаны байқалады. Мысалы, Махамбет 

енді бір өлеңінде:

Қасыма ерген жолдастар... 



Жолдастарым, мұңайма, – 

дейді. Сөйтіп, азамат сөзі ескі жырларда, ертеректегі қазақ тілінде 

«қолына  қару  ұстап,  ел  қорғауға  не  ел  жаулауға  аттанатын  адам, 

жасақшы» дегенді білдірген.

Қазіргі күнде азамат «кәмелетке жеткен ер адам» деген мағынада, 

«осыдан «адамгершілігі мол, саналы, құрметті адам» деген ауыспалы 

мағынада да жұмсалатынын білеміз.

«Жасақшы» ұғымындағы азамат сөзіне шора деген сөздің сино-

ним болғандығын, яғни тепе-тең мағыналас екендігін В.В. Радлов та 

айтады:  «Бұрын  қазақтар  шора  (чура)  сөзін  «жасақшы,  жауынгер, 

жолдас» мағынасында кеңінен қолданған (Радлов, т. I, ч. V, 23). Ал 

Н. И. Ильминский: «Шора – батырдың баласы және батырдың өзі» 

деп танытады (Ильминский, 150). Бұл пікірлерді қазақтың батырлар 

жырының тілі растайды.

Ей, жігіттер, шоралар, – 

дегенде, сөз жай жігіттерге емес, жасақшы жігіттерге арналған. Тіпті 

бұл жердегі жігіт деген сөздің өзі терминге жуықтау. Орта ғасырлар- 

да түркі тілінде жігіт (йігіт) сөзінің терминдік мағынасының болға- 

ны ғылыми әдебиеттерде көрсетіледі: «Жігіт (йігіт) – феодалдың жал-

дамалы  атты  әскерінің  жауынгері  немесе  олжа  табу  үшін  феодалға 



19

жақындасқан жауынгер, «кезбе рыцарь» дегенді білдіретін термин» 

(Материалы  по  истории  казахских  ханств  ХV-ХVІII  вв.  Алма-Ата, 

1969, 493).

Әрине,  қазақтың  өлең-жыр  текстеріндегі  жігіт  сөзі  дәл  осы 

термиңдік  мәнде  қолданылған  деуге  болмайды,  бірақ  контекстегі 

мағынасы жағынан шора, азамат сөздеріне синоним іспеттес болып 

келеді.  Әсіресе,  «ей,  жігіттер,  шоралар»  сияқты  қатар  қолданыста 



жігіт  сөзінің  осы  күнгідей  тек  «жас  ер  адам»  деген  жалпылама 

мағынадан гөрі, белгілі бір топ өкілін атауы басымырақ тәрізді.



Шора  сөзінің  «жасақшы,  жорықтас,  жолдас»  ұғымында  қолда- 

нылуы тіпті ертеректе орын алып, соңғы XVIII ғасырларда сирегені 

байқалады. Бұхар сияқты XVIII ғасыр жырауы да, Махамбет сияқты 

жаугершілікті жырлаған XIX ғасыр ақыны да «жасақшы, жорықтас, 

жолдас» деген мағынада шора сөзін қолданбайды. Кейінгі дәуірлерде 

шора  «байдың,  батырдың,  бидің  баласы»  деген  сияқты  әлеуметтік 

(сословиелік) атақты білдіруге жұмсалған. Ер Шобанның:

Хан ұлы төредей, 

Би ұлы шорадай, – 

дегенінде де, одан кейінгі Бұхардың:



Байлар ұлы шоралар, 

Бас қосыпты десін де.

Немесе:

Байлар ұғлы шоралар 

Көл жағалар жаз күні, 



Байлар қызы бикештер 

Қол бұлғайды-ау жаз күні, – 

дегенінде де шора сөзінде жоғарғы мысалдардағыдай таза «жасақшы, 

дружинник»  мәні  сезілмейді,  бірақ  қайткенде  де  шора  сөзінде 

әлеуметтік топты көрсететін мағына бар. Ханның тақты иеленбеген 

ұрпағы  (ұлы)  төре  деп  аталатыны  сияқты,  байдың,  бидің  ұлдары 

мен қыздары да жай бай баласы, би баласы, байдың қызы деп атал-

май, шора, бикеш деген сияқты арнаулы атпен аталғанын білдіреді. 

Сондықтан  болу  керек,  «Қазақ  тілінің  түсіндірме  сөздігі»  шора 

сөзінің  беретін  мағынасын  «феодалдық  қоғамдағы  үстем  тап  өкілі, 

ел билеген әкім, мырза, бек, шонжар» деп көрсетеді де, оның қазірде 

қолданылмайтын көнерген сөз екенін ескертеді (ҚТТС, X, 157).

Кейбір  зерттеушілер  чура  (шора)  сөзі  мағынасы  жағынан  көне 

түркі  тілінде  қолданылған  оғлан  сөзімен  тең  түседі,  ал  оғланның 

мағынасы «біреудің баласы, ұрпағы, құл және жауынгер» дей келіп, 

орта ғасырларда Еділ бойы татарларында тәуелді адамдар көп бол-



20

ды,  олардың  ішінде  нәсілі  түркі  еместерін  сол  кездегі  терминоло- 

гия нормасы бойынша чура деп атады дегенді айтады (Татары По- 

волжья, 191). Соған қарағанда, шора/чура сөзі о баста екі-үш түрлі 

мағынада  жұмсалған  тәрізді:  бірі  −  «біреудің  баласы,  ұрпағы», 

екіншісі  –  «жауынгер»,  үшіншісі  –  «қызметкер  (құл,  күң)».  Қазақ 

тілінде 1, 2-мағыналарда шора варианты, 3-мағынада шоры варианты 

қалыптасқанға ұқсайды. «Қамбар батыр» жырында:

Ерегіссең менімен, 

Шауып алып малыңды, 

Асықпасаң қайтармын 

Қатыныңды шоры ғып, – 

дейді. Мұндағы шоры сөзіне осы жырдың 1957 жылғы басылымында 

«күң» деген түсініктеме берілген.



АЙБАР. Махамбет ақын Исатайдай қолбасшының портретін бер-

генде:


Құландай ащы дауыстым, 

Кұлжадай айбар мүйіздім!– 

дейді.  Мұндағы  айбар  сөзі  қазірде  айбат,  айбын,  ызбар  сөздеріне 

мағыналас деп танылады. Бәрінде де «қорқытатын, сұс көрсететін» 

деген  мән  бар.  Тегі,  бұл  сөздер  мәндес  болғанмен,  олардың 

поэтикалық образ жасаудағы салмақтары бірдей еместігі байқалады. 

Қырғыз  тілінде  айбар  сөзі  «сұс  көрсететін,  таяныш-тірек  ететін 

нәрсе»  мағынасында  жұмсалады  да,  айбат  сөзінен  («қаталдық, 

қорқынышты  түр»)  бірсыпыра  ажырап  тұрады  (Юдахин,  28).  Сірә, 

қазақ тілінде де бұл екі сөз – таза синонимдер емес, яғни мағыналары 

бірдей емес. Айбар бұл күнде сирегірек қолданылады. Ол көбінесе 

образ  жасайтын  элемент  ретінде  келеді:  құлжаның  қарағайдай 

мүйізі,  дағарадай  мүйізі  демей,  айбар  мүйізі  десе,  соңғы  тіркестің 

образдық бояуы әлдеқайда бөлек болып шығады. Айбар мүйіз – жай 

ғана қорқытатын сұсты мүйіз емес, сүйсіндіре имендірер пішіндегі 

мүйіз. Бұл тексте құлжа сөзінің өзі образ жасап тұр: құлжа – арқар, 

ол  адамзат  пен  ит-құс,  анау-мынау  аң  мекендей  алмайтын  қия-құз, 

тау-тас сияқты қиын-қысталаң ортада өмір сүре алатын әрі күшті, әрі 

еркін жануар. Сондықтан ол – күштіліктің, еркіндіктің символы.

Сөйтіп,  айбар  –  көбінесе  поэтикалық  образ  жасауға  қатысатын, 

сирек қолданылатын сөз.

АЙДЫН, АЙДЫНДЫ, АЙДЫНДЫҚ, КӨЗАЙЫМ.

Жырларда айдынды туған деген эпитет бар. Ол көбінесе батырға, 

сұлу қызға (әйелге), жалпы жағымды образға қатысты айтылады:


21

Айдынды туған Қыз Жібек..,.

Айдынды туған Ораққа..,.

Орақ батырдың айдынды туған, айдынды деген эпитеті өзге жыр-

ларда да бар. «Қобыланды батыр» жырында Орақтың есімі аталған 

жерде:


Айдынды Орақ, айлы Орақ

Айбалтасы қанды Орақ, – деп келеді.



Айдын сөзінің қазіргі тіліміздегі негізгі мағыналары: 1) «айбын, 

күш-қуат»,  2)  «көлдің,  тұнық  судың  жарқыраған  беті»,  ауыспалы 

мағынасы – «айқын, ашық, даңғыл» деп көрсетілген (ҚТТС, 1974, I, 

18). Ал айдынды сөзі бұл күнде тек қана «айбынды, айбатты, айбар-

лы» дегенді білдіреді деп танытады (сонда, 18). Бұл сөздің ескі жыр-

ларда беретін мағынасы бұл көрсетілгеңдердей емес.

Көне түркі тілінде айдың – «айдың сәулесі». Бұл сөздің орта ғасыр 

ескерткіштерінде  осы  көрсетілген  мағынамен  қатар,  «жарқыраған, 

анық,  ашық,  айқын»  мағынасы  бары  көрінеді.  Әрі  ол  сөз  айдын 

тұлғасында да келеді (айдуң ~ айдын) (Құрышжанов, 80, Фазылов, I, 

36). Қазіргі түркі тілдерінің бірқатарында (түрік, әзірбайжан т.б.) ай-

дын, айдынлық сөздері «жарық, жылтырауық, айқын» деген мағына 

береді. Түрік тілінде бұл түбірден жасалған айдынламақ, айдынлан- 



мақ  етістіктері  бар:  айдынламақ  «жарық  түсіру»,  айдынланмақ  

«1) жарқырау, жалтырау, анықталу, айқындалу, 2) жарық бола бастау, 

таң  ата  бастау.  Айдың  сөзі  қазіргі  түрікмен  тілінде  «дұрыс,  анық, 

ұнамды»  және  «белгілі,  мәлім»  деген  мағыналарға  да  ие.  Қазіргі 

қырғыз  тілінде  бұл  сөздің  «сәулеттілік,  ұлылық»  деген  мағынасы 

көрсетілген  де  оған  ауыз  әдебиеті  үлгісінен  мысал  келтірілген 

(Юдахин, 30).

Осылардың  барлығына  қарағанда,  айдын/айдың/айдун  сөзінде 

«жарық,  нұр»  мағынасы  барлығы  көрінеді.  Зерттеуші  Ә.  Қайдаров 

бұл сөздің о бастағы құрамын ай + түн деген сөздердің бірігуінен 

шығарады  (Этимол.  сөздік,  23-24).  Осыдан  «нұрлы,  нұр  шашқан, 

сәулетті», одан барып «ұлы» деген ауыспалы мағынасы пайда болған 

тәрізді. Бұл мағына тек қырғыз тілі емес, қазақ тілінде де орын алған.

Айдынды  туған  батыр  немесе  айдынды  туған  сұлу  қыз  деген-

де,  біздіңше,  айдын  сөзі  «қаһарлы,  айбатты,  күшті»  мағынасында 

емес,  «нұрлы,  сәулетті,  маңғаз»  мағынасында  жұмсалған.  Мұны 

бұл эпитеттің тек батыр емес, қызға да айтылатындығынан көреміз. 

Сәулеттілік,  нұрлылық  –  жақсы  адамның  қасиеті,  яғни  айналасына 

жақсылық нұрын шашқан адамдар ғана «айдынды болып туады».

Демек,  ескі  жырларда  кездесетін  айдынды  туған  деген  образ-

ды тіркестегі айдын сөзінің мағынасы осы күнгі айдын көл, айдын 



22

шалқар  деген  тіркестердегі  мағынасынан  да,  «айбатты,  айбынды, 

күш-қуатты» деген мағынасынан да бөлек, басқаша. Айдынды Орақ, 



айдынды  туған  Қыз  Жібек  дегендерде  айдынды  «нұрлы,  сәулетті» 

мағынасын білдіреді.



Айдын сөзінің «нұр, жарық» мағынасынан «ақ, жарқыраған» де-

ген ауыспалы мағынасы туғанын айдындық сөзінен көреміз. Бұл да – 

қазірде сирек кездесетін, бірақ ертеректегі тілімізде қолданылған сөз. 

XVI ғасырда жасаған Доспамбет жыраудың бір толғауында:

Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы 

Хан қызындай Сұлтанның 



Айдындықтай ақ білегін жастанып...– 

деген  өлең  тармақтарын  оқимыз.  Айдындық  сөзі  орта  ғасыр 

ескерткіштерінде «жарық, сәуле» деген мағынада келсе, қазіргі кейбір 

түркі тілдерінде, мысалы, түрік тілінде «жарық сәуле, жарық түскен 

жер»  деген  ұғымда  қолданылады.  Жарық  сәуле,  жарық  (жарқын) 

болу  күн  сәулесіне  қатысты.  Сондықтан  «жарық»  ұғымы  «ақ»  де-

ген  ұғымға  оңай  алмасады  (түрік  тілінде  айдынлық  сөзінің  екінші 

сындық мағынасы «ақ» – светлый). Қазақтың халық өлеңінде айты-

латын ақ жүзің аппақ екен атқан таңдай деген жолда аппақтық пен 

атқан таң теңестіріледі. Демек, айдындық (жарық, сәуле) сөзі аппақ 

сөзімен мағыналас.

Айдын, айдындық сөздерінің «жарық сәуле, нұр» мағынасы бер- 

тінгі дәуірлерде қазақ тілінде көмескілене түскендіктен, біздің топ-

шылаумызша, білек сөзімен бірден тіркеспей, -дай жұрнағын жалғап 

қолданылған, яғни айдындық білек емес, айдындықтай білек. Тіпті 

бұл тіркестің қақ ортасында келген ақ сөзі айдындық сөзін түсіндіре 

түсуге келген «жәрдемші» болып тұр. Сөйтіп, айдындықтай ақ білек 

– «аппақ білек», яғни ап-ақ білек деген тіркес, мұнда айдындықтай 

деген сөз ақ сөзінің синонимі ретінде жұмсалған.



Айдын,  айдындық  сөздерінің  түркі  тілдеріндегі  мән-мағынасын 

іздестіру  үстінде  өте  бір  қызық  фактіні  кездестірдік.  Қазақ  тілінде 

сағынып  күттірген  біреуі  келгенде:  «Балаң  (інің,  апаң  т.т.)  келіп, 

көзайым болып жатырмысың!» – деген құттықтау сөзі бар. Осындағы 

көзайым түсініксіз, қандай түбірлерден жасалғанын айту да бірден 

қиын.  Түркі  тілдерінің,  оның  ішінде  қазақ  тілі  сияқты  қыпшақ  то-

бына жататын қарайым (караим) тілінде көз айдындық деген тіркес 

бар екен, ол қуанышты оқиға дегенді білдірсе керек, ал көзің айдын  



болсын  деген  тіркестің  мағынасы  «өзіңе  жақсы  хабар  келсін!», 

сөзбе-сөз  аударғанда,  «көзің  жарқырасын!»  дегенді  білдіреді 

екен  (Караимско-русс.-польский  сл.,  52).  Түрік  тілінде  де  гөзуңүз 


23

айдын!  «сізді  құттықтаймын!  немесе  «кұтты  болсын»  дегенді 

білдіреді. Осыған қарап, қазақ тілінде немесе қазақ халқын құраған 

тайпалардың бірінің тілінде көз айдындық тіркесі «қуанышты оқиға, 

жақсы хабар» деген мәнде қолданылып, одан көз айдындық болдың 



ба,  яғни  «қуанышты  оқиғаға  кездестің  бе,  құтты  болсын!»  деген 

сияқты тұрақты тіркес жасалған болар деп топшылауға болады. Келе-

келе қазақ тілінде көз айдындық тіркесінің мағынасы күңгірт тартып, 

сыртқы  тұлғасы  жағынан  да  өзгергені,  яғни  көз  айдындық-тан  көз 



айымдық, одан көз айым (көзайым) болғаны байқалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет