§ 6. ХV-ХVІІ ғасырлардағы әдеби тіл лексикасындағы
көне сөздер
Заман неғұрлым әрілеген сайын қазіргі нормамен салыс-
тырғанда, көнерген элементтердің молынан ұшырасуы – заңды
да, түсінікті де. Бірақ әрідегі әдеби мұра ауызша сақталған-
дықтан, көптеген бейтаныс дүниелер мәтіннен ығысып, біз-
ге түсініктірек баламаларымен жеткені аян. Әйтсе де бұл мұра-
лардан «көненің көздері» – архаизмдерді табуға болады. Олар-
ды шартты түрде екі-үш топқа бөліп қарастыру керек. Бірін-
шісі – бұл күнде мүлде қолданылмайтын бейтаныс түрлері,
екіншісі – қазірде де түсінікті, бірақ қолданыстан шығып
қалған пассив элементтер, үшіншісі – қазірде де қолданыла-
тын, бірақ өзгеше мағынаға ие болғандар.
Алғашқы қатарда қыпшақ тобындағы түркі тілдеріне о
бастан тән емес, көне түркілік бірен-саран сөз бар. Мысалы,
94
Асанқайғының: Ал қолыңды маларсың Алтын менен күміске
деген жолдарындағы ал сөзі – көне түркілік (және оғұздық)
қол деген сөзі, сол сияқты жазы (дала, жапан дала), салу
(қалдыру, тастап кету), кежі (күзет?), құрсау (орау), толғау
(орау), толғамалы (оралған), сағыну (сақтану), күлем (?), сын-
дырау (?), соңратын (соң, кейін), тебір (?) сөздері – өте көне,
мағыналары бұл күнде не күңгірт тартқан, не өзге мәнде, онда
да омоним ретінде колданылатындар. Мысалы, «қалдыру, та-
стап кету» мағынасындағы салу етістігі мен «қою, енгізу»
ұғымындағы осы күнгі салу етістіктері – бір ұядан өрбіген,
яғни семантикалық қозғалысқа түскен бір сөз емес, сыртқы
тұлғалары бірдей, мағыналары бөлек омонимдер, ал сөзі де
– сондай: «қол» мағынасындағы ал мен түсті білдіретін ал
сөздері – омоним тұлғалар. Кұрсау сөзі «орау» мағынасындағы
толғау деген сөз немесе айдай әлем, күндей күлем деген
тіркестегі күлем сөздері – тұрақты тіркес – фразеологизмдер
құрамында ғана сақталған «сарқындылар» (реликтілер), ал
жазы, сақын, соңратын сөздері – осы күнгі жазық, сақтан,
соң деген сөздермен түбірлес, сол себептен контекске қарай
түсінігі де оңайырақ баламалар (эквиваленттер) болғанымен,
қазірде қолданылмайтын тұлғалар.
Сындырау, тебір, ағбыту, көмбідей ару жалар, кірмембес,
күрлем, күспен, ұным, нараду, нарт, үрмеу, ісіріп сияқты
сөздердің мән-мағынасын түсінуге де, әзірше айқындауға да
мүмкіндігіміз жоқ (әрине, бұл көрсетілгендердің бәрі бірдей –
көне сөздер болмауы да ықтимал).
Үшінші топқа қарындас, жұрт, алаш, ару, ауыр, қыршын, озу
тәрізді сөздерді жатқызуға болады. Бұлар – мағыналары біраз
өзгеріп, семантикалық қозғалысқа түскен сөздер. Қарындас
сөзі бұл күнге дейін екі мағынада қолданылады, бірақ осы
кездегі әдеби нормадағы мағынасы – «ер адамның жасы кіші
әйел жынысты туысқаны» және жалпы ер адамға байланысты
айтылғандағы жасы кіші әйел заттың атауы. Ал ертеректегі
қазақ әдеби тілінде бұл сөздің түпкі мағынасы және түркі
жазбаларында кездесетін «бірге туысқан адам, аға, іні» деген
ұғымнан ауысқан «жалпы туысқан, жақын рулас адам» дегенді
білдірген. Асанқайғының: «Ол күнде қарындастан қайырым
95
кетер» дегенінде де, Шалкиіздің: Жайыңды білген қарындас Ол
қарындас әм жолдас дегенінде де бұл сөз әйел жынысты адам
туралы емес, руластар жайындағы ойды білдіреді, қарындас
сөзінің осы мағынасы қазақ мақалдарында да сақталған: «Ауру
– астан, дау – қарындастан» . «Жан – қарындас болса да, мал
– қарындас емес» т.б. Бұл сөздің осы көрсетілген семантика-
сы қазақ әдеби тілінде ұзақ уақыт бойы сақталып келгені Ма-
хамбет, тіпті Абай тілінен де табылатындығынан байқалады.
«Туысқан, жақын адам» мәнінде жұмсалуы қазіргі қазақ поэзи-
ясында да жоқ емес.
Ауыр сөзі ертеректе жұрт, қол сөздерімен тіркесіп, «күшті,
мықты, зор» деген мағыналарды берген. Бұл сөз көне және
орта ғасырлардағы түркі ескерткіштерінде осы күнгідей сал-
маққа қатысты мағынасымен қатар, «многочисленный, дра-
гоценный, сильный, уважаемый, доблестный» («көп, бағалы,
күшті, қадірлі, мықты») деген мағыналарда да қолданылғаны
көрінеді
102
. Қазақ жыраулары да ауыр сөзін соңғы осы көрсе-
тілген мағынада жұмсаған. Ол көбінесе жұрт, қол сөздерімен
тіркесте келеді: «Тебірлерге қалғанда, Теңселер сойды ауыр
ноғай жұртыңыз»... «Тебіренсе, ауыр жұртын тындырмас
(Шалкиіз). «Алқалаған ауыр қолдар тоқтарға» (Шобан) т.б.
Игі қыршын сөздері де қазіргі игі жақсы, қыршын жас,
қыршынынан қиылды тәрізді тұрақты тіркестерде сақталған
болса, ертеректе алғашқысы жақсы сөзінің синонимі ретінде
актив қолданылған, әсіресе ол жақсы сөзінің баяндауыштық
қызметіндегі кезекші сыңары (дублеті) болып келеді. Мысалы,
Шалкиіздің: «Асау тулап жықпаса, Артқы айылдың беркі игі»
деген үлгіде келген толғауы түгелімен жақсының орнына игі
сөзінің қолданылуы арқылы жасалған. Игі сөзінің осы қызметі
мақал-мәтелдерде де сақталған (Түсі игіден түңілме т.б.). Бұл
тұлға қазір тек адамға қатысты сөздермен тіркесуге бейім, ал
XV-ХVII ғасырларда ол әлдеқайда еркін тіркестерде келеді.
Қыршын сөзі де – бұл күнде «сіріленген» тұлға, ол көбі-
несе жас сөзімен келіп, сын есімдік қызмет атқарады не-
месе қыршынынан қиылу тәрізді тұрақты тіркес құрамында
102
Фазылов Э. Староузбекский язык (Хорезмские памятники XIV в.). - Ташкент,
1966. - Т.І. - С. 104-105.
96
қолданылады. Ал Шалкиіздегі: «Жағасына қыршын біткен тал
еді» деген жолдардағы қыршын сөзі жеке жұмсалып тұр. Бұл
сөз Ш.Уәлихановтың назарына да іліккен-ді. Ол: «қыршын сөзі
өсімдіктің атауы ретінде қазақ тілінде кездеспейді, ал бірақ
эпоста: Құмға біткен қобаршын, Кесіп алып сал еттім деген
жолдар бар»,– дейді. Бұл сөзді ғалым оның орта ғасырдағы
қазақ тарихшысы Қадырғали бидің мәтінінде кездескенге бай-
ланысты әңгіме етеді. Онда мынадай сөйлем бар: «Дарийа
арасын дан қырчын лар йығыб сал бағлаб, дарийаны кечті».
Біздің байқауымызша, қазақ тілінде де қыршын сөзі өсімдіктің
(талдың) аты ретінде қолданылған. Сондай-ақ оның «жас»
деген мағыналық реңкі де болған. Осы күнгі қыршын жас,
қыршынынан қиылды деген тіркестер талданып отырған сөздің
осы мағыналық реңкімен байланысты жасалған.
Озу етістігінің ертедегі жиі қолданылған, мағынасы –
«жалпы өту», озу сөзінің бұл күнгідей салыстыру («біреудің
біреуден озуы, аттың аттан озуы» деген сияқты) реңкі жоқ:
«Озар сүйте бұ дүние Азаулының Аймәдет ер Доспамбет
ағадан» (Доспамбет). «Сол уақыт озған күндер» (Қазтуған).
«Атқан оғын оздырған» деп келетін жолдардың барлығында
да озу етістігінде салыстырудан туған іс-әрекет ұғымы жоқ,
жалпы ілгері жүру (кету, созылу) мағынасы ғана бар.
Байтақ сөзі бұл күндегі әдеби тілімізде «ұшы-қиыры жоқ
кең» деген сын есімдік мағынада қолданылады. Ал Шалкиіз-
дің бір толғауында: «Алаштан байтақ озбаса, Сыпайшылық
сүрмен-ді» десе, мұндағы байтақ сөзінің семантикасы
бөлекше. Байтақ бұрын қазақ тілінде зат есім мағынасында
қолданылып, «белгілі бір жұрт, халық тұтастығы» («этникалық-
территориялық бірлік»), яғни «ел, жұрт» деген ұғымды біл-
дірген. Эпостық жырда өз ханына өкпелеп, қайрылмай кетіп
бара жатқан батырға «кері қайт» деп өтіне келген адам: «Бай-
тақ бөліп береді, Падсалықты құр сәна» деп уәде береді.
Мұндағы байтақ деп отырғаны – белгілі бір мекендегі белгілі
бір ел, яғни кішігірім хандық. Бұл сөздің қазірде қолданыла-
тын байтақ ел, байтақ жұрт деген тұрақты тіркестердің
қалыптасуына себепкер болған. О баста байтақ ел, байтақ
жұрт деген жеке сөздердің баламасы ретінде жұмсалған.
97
Келе-келе байтақ сөзінің алғашқы мағынасы күңгірттеніп,
«кең, ұшы-қиыры жоқ, барлық» деген мәнге ие болып қалған:
байтақ дала – кең дала, байтақ өлке – кең өлке, ұлан байтақ.
Соқта сөзі қазіргі «шәкірт» мағынасында тек қазақ пен
ноғай әдебиетінде сақталған деп Сәкен Сейфуллин атап өтеді
103
.
Қазірде де қолданыста бар, мағынасы да айқын ару сөзін
ертедегі нұсқалардан жиірек кездестіреміз, мұнда бұл сөз екі
түрлі мағынада келеді: бірі – жеке тұрып, «сұлу, көрікті әйел,
сүйікті қыз, жар» деген мәнде. Доспамбет жырау өз портретінің
бір жерінде: «Алғаным Әли ағаның қызы еді, Қас арудың
өзі еді» десе, екінші бір жерінде: «Зерлі орындық үстінде,
Ал шымылдық ішінде Тұлымшағын төгілтіп, Ару сүйдім –
өкінбен» дейді. Сонымен қатар ертедегі қазақ әдебиеті тілінен
ару ат, ару ұл, ару батыр деген тіркестерді де ұшыратамыз:
«Ақтабан ару торы ат жайлаған» (Шобан). «Айсұлдың ару
Әметі тұрғанда» (Шалкиіз). Бұл күнде ару ат, ару батыр де-
гендер құлаққа жат естіледі. Қазірде ару сөзі әйелге, көбінесе
пәк сұлу қызға қатысты қолданылса, бұрын бұл сөз «жақсы,
мінсіз, асыл» деген ұғымда да келіп, ат, жігіт сөздерімен
тіркесе алғанын көреміз. Оның бұл жұмсалысы бұрынғы «таза,
кіршіксіз, пәк» деген түпкі семантикасынан ауысқан.
Бұлардың барлығы да бір алуан сөздердің бұдан үш-төрт
ғасыр бұрынғы мағыналары (жұмсалуы) қазіргіден біраз өзге-
ше болғанын танытады. Және бірқатар сәттерде ертеректегі
қазақ әдеби тілінің кейбір лексикалық нормалары ортағасыр-
лық түркі әдеби тілдерімен сай түсіп жататынын байқаймыз.
Мысалы, озу, қарындас, жұрт, ауыр, алып, ару, игі сөздері
Хорезм, Алтын Орда ескерткіштерінде де, Мамлюк ескерт-
кіштерінде де осы мағынада қолданылған. Мұның себебін,
бір жағынан, ортағасырлық түркі әдеби тілдері мен жазба
әдебиетінің қазақ халқын құраған ру- тайпалардың рухани-
мәдени өмірінде де белгілі орын алғанынан іздесек, екіншіден,
орта ғасырлардағы түркі әдеби үлгілерінің де, ертедегі қазақ
әдебиетінің де негізгі тілдік базасы – халықтың ауызекі сөйлеу
тәжірибесі болғандығынан іздеу керек шығар.
Көне элементтердің үшінші тобы – тарихи сөздерге (исто-
ризм деп аталатын) келсек, оларға жоғарыда сөз болған көне
103
Сейфуллин С. Шығармалар. - Алматы, 1964. - VI т. - 328-б.
98
қару-жарақ атаулары, қоғамдық-әкімшілік терминдері, сол кез-
еңдегі қазақ қауымының күнкөріс-тіршілігіне байланысты
тұрмыстық лексика топтары жатады. Бұлардың ішінде садақ,
кіреуке, дулыға, талыс сияқты бұл күнде жалпы мағыналары
белгілілері де бар, сонымен қатар тондық, ала, сақетер, құспен
сияқты қазірде түсініксіздері де бар. Қазіргі қазақ әдеби тілінде
қолданылмайтын кейбір тұлғаларды көне сөздер деуге де бол-
майды. Мысалы, Асанқайғыдағы: «Көркіменен сәндеген, Сұлу
үнмен үндеген» деген жолдардағы көрсетілген сөздер (сәнде-
ген, үндеген), әрине, көне емес.
Міне, XV-ХVII ғасырлардағы қазақтың ауызша дамыған
төл әдеби тіліндегі бұл күнде көнерген элементтер қатарына
жататын лексикалық топтардың жалпы сипаты, түрлері, тегі –
осы баяндалғандай. Бұл дәуірлерде көне сөздер мен көне тұр-
ақты тіркестер әлдеқайда молырақ болуға тиісті, бірақ ауызша
сақталуының ерекшелігінен бұлар сан жағынан едәуір кеміген.
Сөз етіп отырған дәуірлердегі әдеби үлгілердің тілінде көне
сөздердің сақталуына бірнеше жағдай себеп болған. Біріншісі –
көркем туындының поэзия түрінде болғандығы. Ұйқас, өлшем
тәрізді өлең шарттары көп сәттерде мәтінді өзгерте беруге
жібермейді. Буын саны кем не артық шығып, немесе ұйқасы
келмеген сөздер қаншама жақсы, түсінікті болғанымен, бей-
таныс көненің қалдықтарын ығыстыра алмауы мүмкін. Оның
үстіне қазақ тәжірибесінде өлең сөзді жаттаушы (жеткізуші)
оны естіген қалпында қабылдауды машық еткен. Сондықтан
кейбір бейтаныс сөздер мен тұлғаларға ол көп мән бермеуі де
ықтимал. Бұған мәтін ішіндегі бірді-екілі сөздің шығарманың
тұтас мазмұнын, идеясын, көркемдігін түсініп сезінуге
пәлендей нұқсан келтірмейтін фактісі де себеп болса керек.
Екінші себеп (фактор) – ертедегі әдеби үлгілердің ішінара
қолжазба түрінде сақталуының да орын алғандығы деп топ-
шылаймыз. Етек алып, дәстүрге айналмағанымен, қазақ қауы-
мында да әр алуан мұраларды (айталық, тек өлеңдер ғана емес,
шежіре мен шешендік сөздер сияқтыларды да) жазба түрінде
сақтау фактісі болған. Әсіресе XIX ғасырдың өн бойында
қолжазба дәптерлер таралып келгенін сол мұралардың тілі
бір дәлелдесе, осы тұста орыс зерттеушілері айтқан (жазған)
сөздер екі дәлелдейді. Мысалы, XIX ғасырдың соңғы ширегін-
99
де қазақ халқының тілі, мәдениеті, этнографиясы, шаруашылы-
ғы т.б. жайында жарық көрген әдебиеттің библиографиясын
жасаған ағартушы А.Алекторов қазақтарда XIX ғасырдың
екінші жартысында қолжазба дәптерлердің бар болғанын
білдіреді. Шалкиіз, Қазтуған өлендерінің XIX ғасырдың соңы
мен XX ғасырдың бас кезінде баспа бетіне жариялануының
өзі ішінара қолжазба материалдарға сүйенгені хақ. «Шайыр»,
«Жақсы үгіт», «Мұрат ақынның Ғұмарқажы ұғлына айтқаны»
сияқты XIX ғасырда жарық көрген жинақтарды бастырушы-
лар тек ауызша жырланғаннан жиылған материалдарды ғана
емес, әлдеқалай сақталған дәптерлерді де пайдаланған тәрізді.
Өйткені мәтіндер барлығында бірдей, бір-біріне дәлме-дәл
түсіп отырады.
Көне сөздер мен көне поэтикалық құралдардың сақтал-
уына себеп болған үшінші фактор – әдеби тіл нормаларының
тұрақталып, қалыптасу қасиетіне ие екендігі. XV-ХVII ғасыр-
лардағы, тіпті кейбірі одан да арғы дәуірлердегі жеке образ-
дардың (поэтикалық жүк арқалаған сөздер мен тіркестердің)
өміршеңдігінен, тұрақтылығынан олар бір дәуір аясында
қалмай, кейінге ұласа берген. Кейде тіркес ішіндегі жеке эле-
менттердің көнергендігіне, түсініксіздігіне қарамай, жалпы
образ таныс дүние ретінде қолданыла береді. Мысалы, тол-
ғамалы деген сөздің кейінгі замандардағы қазақ тілі үшін
«оралған, сабы бірдеңемен оралған» деген мағынасы көмес-
кіленгеніне қарамастан, толғамалы ақ сүңгі, толғамалы найза
тәрізді тіркестер әбден тұрақталып, қазақтың көркем поэзия-
сы тілінде күні кешеге дейін (Махамбет, Шернияздарға дейін)
орын алып келген.
Бір алуан сөздердің біз әңгіме етіп отырған дәуірлер тілін-
де қазіргіден өзгеше мағынада жұмсалуы – сөздің мағыналық
өзгерісінің (дамуының) нәтижесі. «Қарындас», «әскер»
мағынасындағы қол, ауыр, ата, ару, ойын сияқты сөздердің
мағыналары бірте-бірте тарылып, олардың өзге сөздермен
тіркесу аясы шағындалған. Керісінше, кейбір сөздердің қосал-
қы немесе жаңа мағыналары пайда болған. Мысалы, жұрт
сөзі бұрынғысынша жалпы «ел, халық» дегенмен қатар, «көш-
кен ауылдың орны» және «жалпы адамдар» (жұрт не демейді?
деген сияқты сөйлемдерде) деген тәрізді ұғымға ие болған.
100
Бірқатар сөздердің қазіргіден мағына өзгешелігінің және
бір себебін XV-ХVI ғасырлардағы қазақ поэзиясы тілінің де
ортағасырлық түркі әдеби тілдерімен, оның ішінде Алтын
Орда, Хорезм ескерткіштері тілдерімен іліктестігінен деп топ-
шылауға болады. Бұл іліктестіктің тамыры ол тілдердің қай-
қайсысының да қайнар көзі халықтың ауызекі сөйлеу тілі мен
ауыз әдебиеті дәстүрлеріне қатыстылығында болса керек. Мы-
салы, біздің нұсқаларымыздағы аға, жүмле, абадан, жазы, игі,
ауыр, ару сияқты сөздер мен бір алуан грамматикалық тұлғалар
осыны көрсетеді.
§ 7. ХV-ХVІІ ғасырлардағы ауызша әдеби тілдің
грамматикалық сипаты
Ең алдымен, бұдан үш-төрт ғасыр бұрын жасалған көр-
кемсөз үлгілері тілінің негізгі грамматикалық категорияла-
ры: септік, жіктік, тәуелдік жалғауларының мағыналары мен
қызметтері, етістіктің рай, етіс, есімше, көсемше тұлғаларында
жұмсалу тәртібі, сөздердің байланысу амалдары (қиысу,
меңгеру, жанасу) қазіргі кездегімен бірдей түсетіңдігін айту
керек. Бұл бірдейліктің басты себептері, біздіңше, мынада.
XV-ХVI ғасырлар – осы күнгі бірқатар ұлттық түркі тілдері-
нің жеке-жеке халық тілдері болып қалыптаса бастаған дәуі-
рі. Әрине, бұл қалыптасу көрсетілген кезден көп бұрын бас-
талған, әр халық тілінің фонетикалық-грамматикалық бел-
гілері XV-ХVI ғасырларда бір- бірінен едәуір ажыраты-
лып, бірсыпыра орныққан деуге болады. Ол белгілер кейінгі
ғасырларда әрі қарай бекітіле түскен, жалпыхалықтық тіл нор-
масына айнала бастаған. Бірдейліктің екінші себебі – түркі
тілдерінің фонетикалық-грамматикалық жүйесінің өте баяу
өзгеретіндігінде. Үшіншісі – біз әңгіме етіп отырған әдеби
нұсқалардың ауызша таралып, ауызша жеткендігінде, яғни
ұрпақтан ұрпаққа өткенде ескі элементтердің заманға сай
жаңасымен ішінара алмастырылып отырғандығында.
Дегенмен бұл кезеңдегі қазақ тілінде бүгінгі нормалардан
өзгеше келетін азды-көпті грамматикалық тұлға-тәсілдердің
болғаны сөзсіз.
101
Сөз өзгерту саласында. Септеу тәртібі (парадигмасы)
негізінен қазіргімен бірдей, тек есімдіктердің септелуінде
өзгешелік бар. Ілік жалғауы мен, біз деген есімдіктерге жал-
ғанғанда -ің, -ім түрінде де келеді: менім, бізің. Әсіресе
менім варианты қазіргі қазақ тіліне жат, ол – ноғайлық тұлға.
Бірақ XV-ХVI ғасырлардағы қазақ тілі үшін де бұлайша
қолданыстың тән болуы ықтимал. Жіктеу есімдіктерінің сеп-
телу жүйесінде күні бүгінге дейін жеткен ерекшеліктердің
(мен-ің, ма-ған, о-ның, о-ған, о-ны) бар екендігін ескерсек,
қазақ тіліндегі қазіргі норманың бірден қалыптаса қойма-
ғандығын мойындауға болады.
Шығыс септіктің екі-үш жерде -дын /-дін варианты
кездеседі: Ер өзіндін соңратын... Бұ кеткендін қайтпасаң
(Шалкиіз). Бұл осы күнгі басылымдарда -дан /-ден түрінде
берілген. Егер сірә да қазақшалау керек болса, өзіңнен, кеткен-
нен деп, -нан /-нен түріне көшіру керек еді. Біздіңше, шығыс
септіктің көне ұйғыр жазба әдеби дәстүрінен келе жатқан -дын
/-дін варианты негізінен ортағасырлық түркі жазба тілдеріне
тән болғанымен, ертерек дәуірлердегі ауызша жырланған
үлгілердің де тілінен орын алуы мүмкін.
Етістіктің тұйық түрі (немесе қимыл атауы) екі түрлі тәсіл-
мен жасалған: бірі – қазіргіше -у жұрнағы арқылы, екіншісі –
-мақ жұрнағы арқылы. Алғашқысы өте сирек ұшырасады,
негізінен бұл кезде қимыл атауы -мақ тұлғалы болып келеді:
мақтанбақ, батыр болмақ, кешу кешмек. Мақсат (супин)
реңкімен келетін тұстарда -уға қосымшаларымен берілетін
етістік біз талдап отырған дәуірлерде -арға тұлғасымен кезде-
седі: «Ал дегенде аларға, Алып жерге саларға», «Сырғаласқан
жауды сықтарға. Сырт бергенді зорларға Сырттанның ұлы
Қара Қосай мырза бар» (Шобан). «Жарақшылар жоқ па екен,
Жармай білте соларға» (Доспамбет). Бұл көрсетілген ерекше-
ліктер ауыз әдебиеті тіліне де тән.
Есімшенің өткен шағы -ған жұрнағымен беріледі, оғұздық
-мыш жұрнақты тұлға мүлде жоқ. Есімшенің ауыспалы шағын
жасайтын формант (тұлға) негізінен -тұғын түрінде келеді:
«Өлетұғын тай үшін, Көшетұғын сай үшін» (Асанқайғы).
Етістіктің бұйрық рай тұлғасы (II жағы) қазіргі қазақ әдеби
тілі нормасымен сай түседі: анайы түрінде жұрнақсыз (нөлдік)
102
тұлға (бар, кел, сынаспа, сақын), көпше түрі -ңыз жұрнағын
жалғайды: барыңыз, болыңыз. Сірә, соңғылар сыпайылық
реңктен гөрі көпшелік мағынаны білдіретін тәрізді, өйткені
-ңыз қосымшасымен берілген іс-әрекет бір адамға емес, көпке
арнай айтылған сөз-толғауларда келеді: «Бір болыңыз бәріңіз»
(Асан). Бұл аффикстің үстіне -дар қосымшасын жалғау жоқ.
Сонымен қатар бұл кезеңдегі әдеби тілде бұйрық райдың
II жақта -ғыл/-гіл жұрнағын жалғаған түрі кездеседі: «Адам
әзіз айтар деп, көңіліңді салмағыл. Нәпсі алдаушы дұшпанның
Насихатын алмағыл» (Асан).
Өткен шақ есімшенің жіктеуш түрінде соңғы н дыбысын
түсіріп айтушылық бар: жортқамын. Сонымен қатар оның
толық түрі де (жортқанмын) бар. Бұл кезеңде қайсысы басым
болғанын кесіп айту қиын.
Етіс категориясының да морфологиялық көрінісі қазіргі
қазақ тілі нормасынан көп алшақтамайды. Тек бірер жерде
осы күнде -қыз /-кіз жұрнағымен келетін етіс тұлғалары -кер
қосымшасымен берілген: «Масағынан өткеріп, Басын қолға
жеткеріп, Созып тартар күн қайда?!» (Доспамбет). Етістіктің
ашық рай тұлғаларының ішінде келе жата («Жараға мамық
тосатып, Келе жата дегейсің» – Доспамбет), не білейім сияқты
бірді-екілі тұлға – XV-ХVI ғасырлардағы қазақ тілі үшін де,
қазіргі тіл үшін де жат тұлғалар. Олар – біздіңше, ноғай тілі
элементтерінің көрінісі.
Етістіктің өткен шақ семантикасын -ғай /-гей жұрнақты
тұлғамен беру бар: «Қалаға қабылан жаулар тигей ме?» (До-
спамбет). «Тұқылдықтан сартылдап Үзілер болғай сол мүйіз»
(Шалкиіз). Бұл – көне тәсілдердің бірі. С.Сейфуллин келтірген
материалдардың ішінде Шыңғысқа баласының өлімін естірткен
Ұлығ жыршы мен Шыңғыс ханның сөздері деп берілген
мәтінде:
Көзің жасың жүгіртет
Көңілің тұлды болғай ма?
Жырың көңіл үркітет
Жошы өлді болғай ма?
деген жолдар бар
104
. Мұндағы өлді болғай ма деген тұлға қазірде
өлгені ме, өлген болар ма түрінде қолданылар еді.
104
Сейфуллин С. Көрсетілген кітап. - 139-б.
103
Ауыспалы осы шақтың болымсыз түрінің I жақта -ма+й+
мын вариантының орнына -ман (фонетикалық түрлерімен)
жұрнақты тұлғасы да кездеседі. Және бұл амал жиі жұмсал-
ған: «Тоғай қондым – өкінбен. Ару сүйдім – өкінбен» (До-
спамбет). «Көбе сайлап кимен-ді. Алдыма алып сүймен-ді»
(Шалкиіз). «Мұныңа, ханым, шыдаман» (Жиембет). Бұл тұл-
ғаның беретін мағынасында үзілді-кесілділік реңкі (катего-
ричность) бар. Жоғарғы мысалдарда осы реңк сақталған. Ал
кейінгі дәуірлерде, айталық, XIX ғасырдың II жартысында,
Абай тілінде бұл тұлға аталған мағынаны білдірмей-ақ, жай ха-
барлау үшін де жұмсалатын болған.
Шылаулар қазақ тіліне тән түрлерінде ғана кездеседі. Жаз-
ба тілдерге тән арабша уа, лекин, парсыша һәм шылауы бір-
екі жерде ғана көрінеді: «Жайыңды білген қарындас. Ол –
қарындас һәм жолдас» (Шалкиіз). Соң шылауының соңратын
деген көне варианты да қолданылған.
Сөз тудыру жүйесінде. Туынды түбірлердің ең бір жиі
қолданылған сипатты топтары – -лық, -лы, -сыз, -дай жұр-
нақтарымен жасалғандар. -лық жұрнағы бұл кезде тек дерексіз
есім жасайды: ерлік, өрлік, зорлық, беріктік, әділдік, ал -лы,
-сыз, -дай (- дайын) жұрнақтарының беретін мағыналары
қазіргі кездегідей. Бір ерекшелігі бұл күнде жанаса байланыса-
тын қатысты сын есімдер біз талдап отырған үлгілер тілдерінде
-лы қосымшасымен келеді: алтынды кесе, айдынды көл.
Қалған жұрнақтардан -шы (қызметші, жарақшы), -с (жүріс,
беркініс), -ім (көрінім жер), - шылық (сыпайшылық), - сын
(сүйесін, демесін), -шық (сызашық, ботташық) қосымшалары
бір-екі реттен ғана көрінеді. Демек, бұлар – әлі жүйелі түрде
келетін, актив жұрнақтар емес.
Грамматикалық ерекшеліктердің қатарында дүр (-ды /-ді,
-ты /-ті) формантының қолданылуын көрсетуге болады. Мы-
салы: «Жауынды күні көп жүрме, Жар жағасы тайғақ-ты»
(Шалкиіз). «Сырым саған түзу-ді» (Жиембет). Есімнен болған
баяндауыш іс-әрекеттің нақты болған-болмағанын білдіру
мәнін беретін дүр көрсеткіші қазіргі күнге -ды /-ді түрінде
жеткен. XV-ХVII ғасырлардағы қазақ поэзиясында, сірә, дүр
варианты басым болғанға ұқсайды. Бұл үлгілердің кейін (ең
104
әрісі XIX ғасырда) хатқа түскенінде - ды/-ді, -ты/-ті болып
өзгертілуі мүмкін. Соған қарамастан дүр түрінде жеткен сәт-
тері де бар: «Сайдың басы түгел-үр. Толған тоғай малы-дүр»
(Жиембет). «Жалп-жалп еткен бәйтерек Жайылмағы желден-
дүр» (Ақын. - Қазан, 1912). Осы толғауды В.В.Радлов Қырым
ноғайларынан жазып алғанда: «Бәйтеректің йалқалмағы йел-
ден дір» деп береді. Демек, бұл көрсеткіш аталған қызметте
қыпшақ тілдерінде бұрын актив жұмсалғаны байқалады.
Бұлардан басқа бұл күнде өзгеше тұлғада қолданылатын
кейбір туынды етістіктер бар. Мысалы, «ырысымды сындай-
ын» дегендегі соңғы етістік қазірде сынайын түрінде болар еді.
«Сұлу үнмен үндейін» (Асанқайғы) дегендегі үндеу етістігі
бұл күнде сөйлеу болып айтылар еді немесе үн шығару деп
аналитикалық жолмен (тіркеспен) берілер еді. Қазіргі қазақ
тілінде бой жеткен, айдын шүю сияқты есім мен етістік
тіркестері бойға жету, айдынға шүю түрінде келеді.
Сөйтіп, XV-ХVII ғасырлардағы қазақ поэзиясы тілінің
грамматикалық жүйесі қазіргі кездегімен көбінесе бірдей
келіп отырғанымен, едәуір сәттерде ерекшеліктері де бар екені
байқалады. Ол ерекшеліктер, біріншіден, әріден келе жатқан
ескі тұлғалардың орын алуынан туса (-ғай, -ман, -дүр), екін-
шіден, әдебиет жанрының сөз қолданыс тәсіліне байланысты
(мысалы, -ар, -ман жұрнақты етістіктердің қолданысы) орын
алғандар.
Достарыңызбен бөлісу: |