§1. Қадырғали Жалайыридың «Жами ат-тауарих»
атты шежіресінің тілі
Қадырғали би Қосымұлы – маман тарихшы емес, ол – қазақ-
тың хан әулетінен тарайтын Ондан сұлтанның баласы –
Оразмұхаметтің (бұл есімді де әртүрлі жазып жүрміз: Ораз-
мұхаммед, Ораз-Мұхамед, Оразмағамбет т.б.) ақылшы-кеңес-
шісі, сол кездің терминімен айтсақ, қарашысы. XVI ғасырдың
80-жылдарында Тобылда орыс воеводасына тұтқынға түсіп,
Мәскеуге, патша үйіне жіберілген Оразмұхамет сұлтанның
қарашы биі. Ол – қазақтың хандарына ата-бабасынан бері
қызмет етіп келе жатқан беделді әулеттің мүшесі. Мұсылманша
едәуір сауатты болған. Оразмұхаметпен бірге Мәскеуде оты-
рып, сұлтанды «ығына алған», оған Қасым хандығын сұйырғал
етіп сыйға тартқан мықты орыс патшалығының әміршісі –
Борис Годуновқа «еруліге қарулы» ретінде, «сыйға – сый,
сыраға – бал» етіп жазба дүние тартуды ойлайды. Өз сөзімен
берсек, «Патша Борис Федоровичтің мәңгі әділдігін, ақтығын
және тағы жоғары мәртебелі Оразмұхамет ханды жоғары
мәртебелі патшаның құрметпен хандыққа отырғызғанын айту
119
XVIII-XIX ғ. қазақ ақындарының шығармалары. - Алматы, 1962. - 34-б.
121
үшін» шежіре жазады. Шежіресінің негізі етіп атақты парсы
тарихшысы – Рашид ад-диннің «Жами’ат-тауарих» атты кіта-
бынан Шыңғыс ханның арғы-бергі тарихына қатысты мате-
риалдарды алады. Оның да себебі бар: «Оразмұхаметті жарыл-
қасаң, жарылқа, ол – сенімен терезесі тең атаның баласы, әлем-
ді тітіреткен Шыңғыс ханның ұрпағы, ал Шыңғыс хан импери-
ясының тарихы мынадай болған» дегенді айта келіп, ол та-
рихтың кейінгі (Рашид ад-диннен кейінгі, XV-ХVI ғасырлар-
дағы) жалғасын көп кітап оқып әрі өз естіп-білгені бойынша
теріп жазғанын білдіреді.
Осыған қарап Қадырғали шежіресінің құрылымын үш бөлік-
тен тұрады деуге болады: 1 – шартты түрде «Мадақ сөз» неме-
се «Арнау сөз» деп атауға болатын бөлік. Бұл – осы шығар-
маның «айналасы – алты хан, төңірегі – төрт хан, дүниенің
төрт бұрышын билеген, дүйім христиан падишасы аты жақсы –
Барис ханға», Борис Годуновқа тарту екенін айтып, оны
мадақтау. Мадақ сөз – Қадырғалидың өз төлтумасы. 2-бөлігі –
Шыңғыс ханның арғы-бергі шежіресі, ол Рашид ад-дин
материалдарының түркі (ескі қазақ) тілінде баяндалуы немесе
еркін аудармасы. 3-бөлігі «Алла тағала жәрдем беріп», естіген-
білгенінен, оқып-тоқығанынан өзі теріп жазғандары. Олар –
шежіренің соң жағындағы «Урус хан дастаны», «Тохтамыш
хан дастаны», «Темүр Құтлу хан дастаны», «Хажы Керей хан
дастаны», «Едіге би дастаны», «Оразмұхамет хан дастаны»
сияқты материалдар.
Сөйтіп, қазақ авторының қаламынан шыққан бізге жеткен
тұңғыш тарихи шығарма – Қадырғали бидің жылнамалар
жинағы, яғни «Жами’ат-тауарихы» (шығарманың бұл аты
– автордың өзі қойған емес, кейінгі зерттеушілер қойған
шартты атау, бұл ат Қадырғали шежіресінің көп тұсы Ра-
шид ад-диннен еркін аударма болғандықтан, XIV ғасырдың
парсы тіліндегі осы атақты ескерткіштің атымен бірдей етіп
атау ниетімен ұсынылған, өйткені Қадырғалидың бізге жет-
кен екі көшірме қолжазбасының екеуінің де алғашқы беттері
сақталмағандықтан, жазушы өз туындысын қалайша атап
ұсынғаны белгісіз, ғалым М.Қойгелдиев Қадырғали би өз
шығармасын шығыс тарихшыларына тән дәстүр бойынша,
«Тарих-и Оразмұхаммед» деп атауы толық мүмкін-ау деген
қисынды болжам айтады). Енді ескерткіш тілін лексика және
грамматика салалары бойынша талдап көрелік.
122
§ 2. Шежіре тілінің лексикасы мен фразеологиясы
Қадырғали туындысы тілінің лексикалық негізін қыпшақ
тобына жататын түркі сөздері құрайды. Мысалы, осы тұстағы
өзге түркі ескерткіштерінде ау, ел/ал, ев/еу болып келетін
сөздер мұнда аң (аңға чықты, аңға атланды), қол, үй түрінде
қыпшақша, оның ішінде қазақша тұлғада жұмсалған. Сол
сияқты бөлек, билеу (ел билеу), күйеу, біреу, аңча, батлық,
йақа (жаға), йарылқа, қыр, ой, урушты, учрады, чапты деген-
дер таза қыпшақ сөздері. Тек жеке сөздер емес, тұрақты немесе
лексикалық тіркес болып келетін сөздер де қыпшақ тілдеріне,
оның ішінде сол кезеңдегі (және қазіргі) қазақ тіліне тән
қолданыстар екенін көрсетуге болады. Мысалы, шежіре тілінде
кездесетін қыз берді, ел болды, ажабқа қалды, бәнде қылды
(тұтқын етті), фарман қылды, кіріфтарлық чекті, хуш келді де-
ген тіркестер беретін мағыналары мен жұмсалатын орындары-
на қарай қазіргі қазақ тілімен бірдей түседі. Бұл ретте әсіресе
образды тұрақты тіркестердің шежіре тілі мен қазіргі қазақ
тіліндегі бірдейлігі өте-мөте көзге түседі. Олардың бірқатары
бұл күнде сол мағынада тек қазақ тілінде жұмсалатындығы –
Қадырғали шежіресінің тілін қазақ тіліне жақындататын, яғни
оны қазақтың жазба әдеби тілі деп танытатын белгілердің
бірі. Мысалы, аяқ асты болды, балдызлай берді, бір йаша-
ды, ол хатунын йеңгелете (жеңгелей) алды, көңүл қалышты,
қыз айттурды, тілегін тіледі, хатун йіберді, хатунны ай-
ырды, сөзінден чықмады деген ондаған фразеологизмнің біз
әңгіме етіп отырған шежіре тіліндегі беретін мағыналары мен
тұлғалық көрінісі қазақ тілімен дәлме-дәл түседі.
Әрине, Қадырғали жылнамасы тілінде қазақ тіліне тән емес
немесе қазіргі нормаға сай келмейтін сөздер мен тұлғалардың,
тұрақты тіркестердің аз емес екендігі сөзсіз. Әсіресе фонети-
калық тұлғалануы бөлекше йағмур (жаңбыр), тигәр (тиер), тағ
(тау), туғды (туды) сығыр (сиыр), төгүрек (төңірек), қатығ
(қатты) тәрізді сөздер мен үкүш (көп), біту (жазу), айу (айту),
нүң (не), өнгін (өзге), қайу (қайсы) сияқты көне сөздердің
жақша ішіндегі сол кездегі (және қазіргі) қазақ авторының ана
тіліне тән варианттарымен қатар қолданылғаны байқалады.
123
Ескерткіш тілінің лексикалық қазынасына тән тағы бір
сипат – сөздердің жарыспалылығы, яғни бір мағынадағы
сөздің көне-жаңа, қыпшақтық-оғыздық, түркілік-арабтық,
түркілік-парсылық, арабтық-парсылық түрлері (вариантта-
ры) ретіне қарай бірінің орнына бірі қолданыла берген. Бұл
жарыспалылықтың кейде тіпті ешқандай стильдік не өзге
себептері де жоқ болып келуі мүмкін. Ал кейде бір мағынада
алынған сөзді оның екінші эквивалентімен түсіндіріп отыру
әрекеті де байқалады. Мысалы, «әмірші» мағынасындағы бек,
әмір сөздерін кейде қазақтың аға сөзімен алмастырып атай-
ды: мың бегі /мың ағасы; әміршінің (ханның, бектің) некелі
жұбайы мағынасындағы лауазымды (титулды) білдіретін хатун
(қатын) сөзі осы мағынадағы қытайдың фужин, монғолдың
еке сөздерімен қатарласа (бірінің орнына бірі) жүреді.
Бірінің орнына бірі жұмсала беретін белгілі/мәшһур, йа-
зылды/ шарх берілді, күн туғуш/машрақ, бу күн /һануз, йурт/
мақам, йағы/ душман, улуғ/бузург, йарлуқ/фарман, оғул/фар-
занд, мың/һазара, кіші/нафар, бөлік/қисм, көб/аксар деген
сөздердің алдыңғы қатарын түркі тұлғалары құраса, екінші
қатары араб пен парсы сөздері болып келеді.
Мұндай лексикалық жарыспалылық – тек біз талдап отыр-
ған шежіренің тіліне ғана емес, жалпы ортағасырлық түркі
ескерткіштерінің көпшілігіне тән сипат. Бұл, бір жағынан, әлі
жеке-жеке ұлттық тілдер болып қалыптасып бітпеген орта-
ғасырлық түркі жазба тілдерінің лексикалық нормасы тұр-
ақталмағандығын танытса, екінші жағынан, орта ғасырларда-
ғы түркі жазба дүниесінің араб және парсы әдебиетімен (де-
мек, тілдерімен де) тығыз байланысты болғандығын көрсетеді.
Үшіншіден, көне түркі Орхон-Енисей жазбалары тілі мен ерте
орта ғасырлардан (XI-ХII ғ.) келе жатқан шығыстүркістандық
(көне ұйғыр) жазба әдеби дәстүрінің әсері әлі де бар екендігін
байқатады. Мысалы, көне біту (жазу), үкүш (көп), ерді (еді),
нүң (не) сияқты сөздер мен шығыс септіктің -дын /-дін, -тын
/-тін) жалғауы, екінші буында езуліктің орнына еріндік у әрпін
жазу (алтун, хатун, йаруқ, нечүк, берү) – өте ертеден келе
жатқан дәстүрдің сарқыншақтары. Бұл да – тек қазақ шежіресі
тілінің белгісі емес, сол кезеңдердегі барлық түркі жазбалары-
на тән белгі.
124
Біздің шежіреміздің сөздік қабатын әңгімелегенде, онда
бөгде тілдік сөздердің мол екендігін көрсету керек. Олар –
негізінен араб және парсы сөздері. Бұл – сөздердің дені дерексіз
(абстракт) ұғым атаулары. Өзге түркі ескерткіштеріндегідей
мұнда да араб, парсы сөздерінің түркілік ет-, қыл- бол- де-
ген сияқты көмекші етістіктерімен тіркесіп, қимыл атауларын
жасайтыны көзге түседі. Ол етістіктердің көбі түркі тіліндегі
эквиваленттерінің орнында жұмсалады. Мысалы, Қадырғали
түркінің (қазақтың)
:
талау сөзі тұрғанда, оның орнына ғарат
қылу деген араб-түркі сөздерінен жасалған күрделі етістікті
қолданады. Сол сияқты жерлеу (өлікті жерлеу) етістігінің орны-
на дафн қылу, жинау деудің орнына жам қылу, қорғау дегеннің
орнына ихтийат қылу деген араб сөздерін қатыстырып жасаған
күрделі етістіктерді пайдалану – шежіре тілі үшін кәнігі амал.
Жылнама мәтінінде араб, парсы сөздерінен басқа бірен-
саран монғол және қытай сөздері бар. Олардың көбі әр алуан
лауазым атаулары (титулатура) мен қызмет иелерінің атаулары
және сипаттама атаулар болып келеді. Бұларға монғол тілінің
нойан, гүрген (күйеу бала), боқаул, қорчы, йарғучы, сечен, казик,
екечі сияқты сөздері жатады. Сондай-ақ мұнда монғол тілінен
алынған шусун (әскерге арналған азық-түлік), түмен (он мың),
жуңқар (оң қанат), күрен (1000 үйден құралған ауыл), йаса
(заң), йусун (әдет), улағ (ылау, көлік), буғтақ (тұрмыс құрған
монғол әйелінің баскиімі) деген сөздер де пайдаланылған. От-
чигин (кенже бала), буржуқин (көк көзді) сияқты бір-екі сөз си-
паттама эпитет болып келеді. Монғолша жеті атаның аттарын
(ичигә – өз әкесі, бурқы – атасы, алынчыл – үшінші атасы, тағы
осылайша кете береді) мен жыл аттарын (моғай йыл – жылан
жылы, ноқай йыл – ит жылы, қақай йыл – доңыз жылы т.т.)
білдіретін сөздер бар.
Шежіреші автор қолданған стильдік ерекшеліктердің бірі
– ол монғолдың осындай сөздерін келтіре отырып, қасына
(кейде йани деген шылаудың көмегімен) түркіше эквивалентін
көрсетеді: һукәр йыл, йғи сығыр йылы болғай (яғни сиыр жылы
болады), ичигә өз атасы, будуту төртүнчі атасы т.б.
Шежіре тіліндегі қытай сөздері көп емес, 5-10 сөз. Олардың
өзі негізінен жалқы есіммен қатар қолданылатын лауазым ата-
улары болып табылады: фужин – түркіше хатун, монғолша
125
еке деген сөздердің баламасы, тайши – мемлекеттік дәрежеде
мәртебесі бар ақсүйек (сановник) дегеннің баламасы, гөйәң –
ұлы әмірші, анши – түмен басы, гөрхан – хандардың ханы, уаң
– патша т.б. Мысалдар: Бөрте фужин, Сүйінгіл фужин, Нәкүн
тайши, Қон тайши, Мұқалы гөйәң, Ойар анши, Туған анши т.б.
Индоеуропа тілдерінен жалпы есімдерден көрәл – корольдық
және улкрстан – христиандар деген екі-ақ сөз бар.
Қадырғали шежіресінде бөгде тілдік сөздердің қолда-
нылуының бірнеше себептері бар. Араб және парсы сөздерін
молынан қолдану – өз тұсындағы түркі жазба әдебиетінің бар-
лығына тән тілдік норма. Оның үстіне Қадырғали туындысы-
ның дені парсы тілінен аударма болғандықтан, автор кейбір
парсы сөздерін олардың түркіше тепе-тең баламасымен жары-
стыра қолданған. Мысалы, даст/қол, дүйм/екінчі, хуб/йахшы,
бисйар/көб, бузург/улуғ. Автор кейде тіпті парсыша тұтас блок-
тарды қолданады. Мысалы, асел ләшкәр (әскердің негізі), лафз
моғол (монғол тілі). Бұл – сол кездегі жазба тілдің белгісі емес,
автордың стиліне жататын жеке өз басының ерекшелігі.
Дегенмен XVI-ХVII ғасырларда түркі халықтары тілдеріне
енген араб, парсы сөздері едәуір мол болған, оларды түркі
жазба ескерткіштері, оның ішінде қазақ жазбалары да еркін
қолданған. Сонымен қатар бұл кезеңдегі түркі жазба әдеби
тілдеріне тән белгінің бірі – халық тіліне енбеген, көбінесе
дерексіз ұғым атаулары болып келетін араб пен парсы
сөздерін де актив қолданғандары, бұл ретте әсіресе араб, пар-
сы сөздерінің түркі тілінің көмекші етістіктерімен тіркесуі
арқылы күрделі етістік жасап пайдалану өте-мөте көзге түседі.
Сөз болып отырған кезеңдегі жазба әдеби тілде лексикалық
нормалану процесі әлі аяқталмаған, жүріп жатқан әрекет бол-
ғандықтан, бұл кезеңдегі әдеби тілде лексикалық жарыспалы-
лық (варианттылық) айтарлықтай орын алған.
Сөйтіп, XVI ғасырдағы қазақ жазба әдеби тілінің лек-
сикалық сипатын қысқаша былайша көрсетуге болады: сөздік
қазынаның негізі – қыпшақтық (қазақтық), ішінара оғұз
сөздері мен көне ұйғыр элементтері қолданылса, ол –әдеби тіл
дәстүрінің жалғастылық, іліктестік принципіне қарай болған
құбылыс, ал дәстүр жалғастылығы ортағасырлық түркі жазба
тілдерінің барлығына тән заңдылықтардың бірі болды; араб,
126
парсы тілдерінен алып қолданылған лексикалық қабат мол
болды, олардың бір тобы – халық тіліне енген кірме сөздер
болса, екінші тобын көпшілік қолданысында жоқ, бірақ сол
кездердегі мұсылманша сауатты оқырмандар үшін жат болып
көрінбейтін (өйткені олар араб және парсы тілдерін жақсы
меңгергендер болатын) сөздер құрайды. Бұл да ортағасырлық
түркі жазба дүниелеріне тән лексикалық норма болып таны-
лады. Осы екі ерекшелік жазба туындылардың мәтінінде
лексикалық жарыспалылықтың пайда болуына әсер етті. Бұл
заңдылықтардан қазақ жазба тілі де тысқары қалмады.
XVI ғасырда Қадырғали шежіресі арқылы көрінген қазақ
жазба тілінің Орхон-Енисей ескерткіштері мен көне ұйғыр
жазбаларынан жалғасып келе жатқан көне элементтерден
едәуір арылғаны байқалады, сондай-ақ ескі өзбек, ескі та-
тар тілдеріне қарағанда, араб тілінің ықпалынан да іргесін
алшақтата бастағанын көруге болады. Мысалы, ескі өзбек
тіліңде орын алған ғалиба (мүмкін), алал хусус (әсіресе), филд
жүмлә (тұтас алғанда), хала (енді) сияқты көптеген үстеулер
мен бікін, йаңлығ, қатыға, тақлын дамасыда, утрусыда, бақа,
дәғрү, нары, чунки сияқты шылаулар мұнда жоқ.
Грамматика саласына келсек, мұнда Қадырғали жылна-
масының тілі шағатай тілі нормаларын сақтаған, атап айтқанда:
1) ілік, табыс, шығыс септік жалғауларының қазіргі қазақ
тіліндегідей фонетикалық варианттары жоқ, олар сөздің
соңғы дыбысының дауысты, қатаң, ұяң болып келетіндігіне
қарамастан, бір ғана тұлғада (-ның/-нің, -ны/-ні, -да /-ден, -
дын /-дін) жалғанады. Тек барыс септігі қатаң -қа/-ке және
ұяң -ға/ -ге болып түрленеді. Бұл – ертеден келе жатқан (көне
ұйғырдан) түркі емлесін сақтаудан туған жайт, емледегі мұндай
заңдылық жазба дүниелерде ұзақ уақыт бойы сақталып келгені
тек қазақ жазбаларына емес, өзге де ортаазиялық түркі жазба
тілдеріне тән.
2) III жақтағы тәуелдік жалғаулы сөзге жатыс, барыс, шығыс
септік қосымшаларының арасына қыстырма-дәнекер н дыбы-
сы (интерфиксі) қосылады: хақ йол+ы+н+да, хақ йол+ы+н+а,
душманлар+ы+н+а, ата+сы+н+дан. Бұл – қыпшақ тілдерінің
заңдылығы. Сонымен қатар Қадырғали шығармасы тілінде
септеудің шағайтайша-ұйғырша типі (көңіл+і+де, дарийа
127
йақа+сы+да, ана+сы+ға) де, яғни н қыстырма дыбысынсыз
келгендері де бар. Бұл – Қадырғали заманындағы түркі жаз-
ба әдеби тілінің нормасы. Бұл жерде қазақ жазба әдеби тілінің
шағатайлық нормадан біртіндеп бойын аулақ сала бастағаны
байқалады.
3) Шығыс септіктің екі түрлі вариантта: -дын және -дан
түрлерінің жарыса қолданылуы да – екі күштің (тілдік екі стих-
ияның), яғни қыпшақ тілдері мен көне ұйғыр жазба дәстүрінің
«теке тіресінен» туған құбылыс.
4) Септік жалғаулары жуан-жіңішке болып, сөз түбірімен
үйлесіп отырады, бұл – ескерткіш тілінің қыпшақ тілдерінің
дауыстылар үндестігі деп аталатын нормасына бағынуы.
5) Қадырғали жылнамасының тіліне қарасақ, ескі қазақ
жазба дәстүрінде етістіктің шақ, рай, есімше, көсемше кате-
гориялары қыпшақ тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің нор-
масымен келеді. Ара-тұра шағатай тілінің кейбір тұлғалары да
қолданылғаны байқалады. Мысалы, бір-екі жерде есімшенің
-ған жұрнақты тұлғасының орнына -мыш жұрнақты вариан-
ты және келер шақтың –ғусы /-гүсі жұрнақты түрлері түркі
ескерткіштері тілдерінде бұрыннан келе жатқан дәстүрлі
қолданыстар. Көсемшенің көне -у/-йу жұрнақты түрлері мұнда
жоқ.
6) Қазақтың орта ғасырлардағы ауызша да, жазба да тілінде
ауыспалы шақты білдіретін -ғай жұрнақты етістік тұлғасы
жиі қолданылған, бұл осы күнгі -а+ды (болады, келеді де-
гендер сияқты) қосымшаларымен келген етістік тұлғасының
мағынасын береді: қойын йылы болғай, йани қой йылы болғай.
Бұл сөйлемді қазіргіше айтсақ, қойын жылы, яғни қой жылы
болады деген түрде келер еді.
7) Қимыл есімі -ғу /-гү, -мақ /-мек жұрнақтарымен жасал-
ған. Бұл да қазақ тілінен алшақтамайды.
8) Қадырғали автор (-ман жұрнақты етістікті (барман,
айтпан) дәл қазақ тіліндегідей шақтық мағынада жұмсайды.
Шағатай тілінде бұл тұлғаның шақтық мағынада қолданылуы
кемде-кем.
9) Кейбір жіктеу есімдіктерінің септелген түрлері өзге
қыпшақ тілдеріне тән тұлғада келеді: менім, аның. Ал мендін,
сендін, меңе (менге), аңа, аңар сияқты тұлғалар – әрине,
шағатайлық.
128
Сөйтіп, қазақтың ескі жазба әдеби тілінің морфологиялық
құрылымында қыпшақ элементтерінің үлесі айтарлықтай.
Дегенмен оның негізі шағатай тілі болғандықтан, осы жазба
дәстүр бойынша қолданылған оғұз және көне ұйғыр тілдеріне
тән тұлғалар да едәуір орын алған. Бұл ерекшелік ортағасырлық
түркі жазба тілдерінің барлығына тән.
Сөз болып отырған кезеңдегі жазба әдеби тіл араб жазу-
ын пайдаланғандығы белгілі. Емлеге келгенде ортағасырлық
түркі жазбаларының барлығына ортақ дәстүрлі жазу норма-
сы сақталған, атап айтқанда, қосымшалар жалғауда сөздің
соңғы дыбысының дауысты, қатаң, ұяң болып келуіне қарай
үндесуінің сақталмауы, сондай-ақ қыпшақ тілдерінде сөз ішінде
ұяң дауыссыз дыбыс келетін сәттерде дәстүр бойынша қатаң
дыбыс әрпін жазу тоқуз, йақа, йоқары, тақы, бұлар қыпшақ
тілдерінде тоқыз/тоғуз, йаға/жаға, йоқары/жоғары, тағы
болулары керек еді). Тәуелдік жалғаулары немесе дауыстыдан
басталатын өзге де қосымшалар жалғанғанда сөз аяғындағы
қатаң дыбыстарды ұяңдатпай жазу да емле дәстүріне берілген
«құрмет» (су айақында, чықып келді, қамчы соқып), некен-саяқ
болса да, йақшы, ұқшар сияқты қыпшақтық тұлғалардың йах-
шы, охшар болып жазылуы да – көне ұйғыр емлесінің дағдысы.
ш ~ с, ш ~ ч, й ~ ж дыбыстарының алмасуында Қадырғали
шағатай тілінің лексикалық-орфографиялық нормасын қатаң
сақтаған: бас емес, баши; қыс емес, қыш; қылыш емес, қылыч;
жыл емес, йыл; жол емес, йол т.т. Әрине, Қадырғалидың
тұсында-ақ қазақтың сөйлеу тілі бас, қыс, қылыш сөздерін с,
ш, ж дыбыстарымен айтқаны даусыз болар, бірақ қазақтың
XVI-ХVII ғасырлардағы жазба тілі бұл ерекшелікті көрсете
алмаған (Жалайыр, Жәдік, Жақсу, жауқашын (жауқазын),
жайнау сияқты бірен-саран жалқы есімдер мен жеке сөздердің
ж-мен жазылғанын есептемегенде), себебі – түркінің аймақтық
(локальдық) жазба дәстүрлері, мысалы, ескі өзбек, ескі татар,
ескі қазақ жазба әдеби тілдері өздерінің негізгі көзі – шағатай
тілінің белгілерін ортақ етіп, барлығында бірдей қолдану –
орта ғасырлардағы түркі жазбаларына тән заңдылық болған,
ол тәртіпті бұзып, өз ана тіліне тартып, өзгеше жазуды ешбір
автор ойына да алмаған.
Қадырғали шежіресінің көркемдік (стильдік) сипатын
129
әңгімелесек, мыналарды айтуға болады. Ең алдымен, бұл –
ескі қазақ жазба тіліндегі әзірге бізге жеткен тұңғыш проза
жанрының үлгісі. Бұл шығарма өзінің көркемдік-композиц-
иялық құрылымы жағынан екіге бөлінеді: бірі – автордың өз
қолтаңбасы (төлтума -оригиналы) көрінген бөліктері, олар
«Мадақ сөз» бен соң жағындағы өзі жазған бірнеше дастаны,
екіншісі – парсы тілінен еркін аударма жағы.
Алдыңғысында, әсіресе «Мадақ сөзде» Қадырғали қазақтың
нағыз билерінше толғайды, оның барлық эпитет, теңеу, ме-
тафора сияқты көркемдеу құралдары, параллельдер түзетін
синтаксистік құрылымдары, бейнелі фразеологизмдері – бар-
шасы шешен тілмен көркем түрде берілген монолог болып
келеді деуге болады (ол жөнінде толығырақ мына кітапта
айтылды: Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би
Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. - Алматы, 1991.
- 105-108-б.). Ал аударма жағы жылнамалар стилі сақталған
баяндау мәнерімен берілген, атап айтқанда, сан жағынан
жай сөйлемдер көбірек келеді, шығарма өткен замандардағы
оқиғаларды баяндау болғандықтан, етістік тұлғалары негізінен
өткен шақтың -ды/-ді жұрнағымен келген; көмекші ерді/
еді етістігі актив қолданылған; шежірелерге тән стереотип
амалдардың бірі – адам, жер-су, ел-жұрт, ру-тайпа аттарын
санамалап отыру т.б. орын алған. Әрине, маман-жазушы, та-
рихшы болмағандықтан әрі сол кездегі аударма әдебиеттің
тәжірибесі қалыптаспағандықтан, шығарма мәтінінде стильдік
ағаттықтар да жоқ емес. Олар сөздердің сөйлемдегі орын
тәртібінің бұзылуы сияқты сәттерде көрінеді, бұл көбінесе
парсы тіліндегі түпнұсқа синтаксисінің тікелей әсері екені
байқалады.
Жалпы XVI-ХVII ғасырлардағы ескі қазақ жазба тілінің
проза жанрында синтаксистік амалдардың әлі белгілі бір жүй-
еге түспегендігін және нормасы тұрақталмағандығын атауға
болады.
Міне, сөйтіп, қомақты әрі аса маңызды туынды – жалай-
ыр Қадырғали бидің шежіресі (жылнамасы) тіліне қарап, XVI
ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың бас шамасындағы қазақ
авторлары пайдаланған жазба дәстүрдің сипатын біршама осы-
лайша танимыз.
130
IV ТАРАУ
_______________________
XVIII ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІ
Достарыңызбен бөлісу: |