Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы



жүктеу 2.1 Mb.
Pdf просмотр
бет1/25
Дата21.01.2017
өлшемі2.1 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25

УДК 821.512.122.0
ББК 83.3 (5 Қаз)
С 94 
Қазақстан Республикасы 
Мәдениет және спорт министрлігі
Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің 
тапсырысы бойынша 
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» 
аясында шығарылды
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Жауапты шығарушы: филология ғылымдарының докторы О.Жұбаева
 
Сыздықова Рәбиға
С94  Қазақ  әдеби  тілінің  тарихы  (ХV-ХІХ  ғасырлар):  Көптомдық 
шығармалар  жинағы  /Рәбиға  Сыздықова  /  –  Алматы:  «Ел-шежіре», 
2014. 
ISBN 978-601-7317-88-1
Т. 3: – 352 бет.
ISBN 978-601-7317-91-1
Оқулықта  қазақ  әдеби  тілінің  ХV-ХІХ  ғасырлардағы  тарихы 
белгілі бір бағдарламамен жүйелі түрде баяндалады. Қазақтың әдеби 
тілін  танытатын  үлгілер  мен  олардың  тілдік-көркемдік  белгілері 
сипатгалады.  Санғасырлық  тарихы  бар,  миллиондаған  адамдарға 
қызмет етіп отырған, мемлекетгік тіл статусына ие болған қазақ тілі 
сияқты ірі тілдің бірнеше ғасырлық тарихын тану үшін бұл кітап – тек 
студенттер қауымы ғана емес, өз ана тілін қадірлейтін әр адам үшін 
пайдалы еңбек. 
УДК 821.512.122.0
ББК 83.3 (5 Қаз)
ISBN 978-601-7317-91-1 (Т.3)                                    © Сыздықова Р., 2014
ISBN 978-601-7317-88-1                                             © «Ел-шежіре» ҚҚ., 2014

3
АВТОРДАН
Қазақ  қауымының  ру-тайпалық  кезеңдерінен  бастап, 
оның  халық  болып  құралған  дәуіріндегі  және  ұлттық  дамуы 
тұсындағы  тілінің  жалпы  тарихын  зерттеу  де,  оның  әдеби 
түрінің  даму  барысын  танып-білу  де  соңғы  40-50  жылдың 
ішінде ғана қолға алына бастады. Бұл салада ғылыми негізде 
жазылып,  жүйелі  түрде  баяндалған  тұтас  курстар  кейінгі  
10-15 жылда пайда бола бастағанымен, бұған дейін де қазақ тілі 
тарихының жеке проблемалары, белгілі бір кезең-дәуірлердегі 
күй-қалпы, Абай, Ыбырай сияқты қалам иелерінің әдеби тілді 
дамытудағы  қызметі  мен  орны  тәрізді  мәселелер  ғылыми 
ізденістердің,  нақты  талдаулардың  объектісі  болып  келді. 
Әсіресе  қазақ  тілінің  соңғы  екі-үш  ғасыр  барысындағы  күй-
қалпы  (статикасы)  мен  даму  барысын  (динамикасын)  танып-
білуде Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Қ.Жұмалиев, 
А.Ысқақов, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Р.Сыздықова, Ә.Құрыш- 
жанов, Қ.Өмірәлиев, Ш.Ш.Сарыбаев, С.Исаев, Е.Жанпейісов, 
М.Томанов,  С.Хасанова,  Ғ.Қалиев,  Е.Жұбанов,  Б.Әбілқасым- 
овтардың еңбектері елеулі үлес қосып отыр.
Ана тілінің тарихын білу әркімге де қажет. Әсіресе «Қазақ 
әдеби  тілі  тарихы»  атты  курс  өтілетін  университеттер  мен 
педагогикалық  институттардың  мұғалімдері  мен  студенттері 
қазақтың жалпыхалықтық тілінің және әдеби тілінің даму та-
рихын баяндайтын жұмыстарға өте-мөте зәру.
Санғасырлық  тарихы  бар,  миллиондаған  адамға  қызмет 
етіп отырған, мемлекеттік тіл статусына ие болған қазақ тілі 
сияқты  ірі  тілдің  тұтас  тарихын  таныту  үшін,  оның  белгілі 
бір  кезеңдердегі  күй-қалпын  сипаттау,  жеке  ескерткіштердің 
тілін  талдау,  функционалдық  стильдерінің  пайда  болып,  әрі 

4
қарай  қалыптасуын  зерттеу,  жеке  қаламгерлердің  үлесі  мен 
рөлін  көрсету  сияқты  жұмыстардан  бастап,  әдеби  тілдің 
өзінің  статусын  айқындау,  даму  кезеңдерін  дәуірлерге  бөлу, 
әр  кезеңдегі  даму  принциптері  мен  бағыттарын  дұрыс  табу 
тәрізді  қыруар  мәселелерді  шешіп  алу  керек  болады.  Осы 
мақсатпен  бірсыпыра  жұмыстар  жүргізіліп  келеді.  Солардың 
бірі ретінде осы еңбек толықтырылып, ұсынылып отыр. Мұнда 
қазақ әдеби тілінің XV-ХIX ғасырлардағы тарихы белгілі бір 
бағдарламамен жүйелі түрде баяндалады.
Ең  алдымен,  ХV-ХІХ  ғасырлардағы  қазақ  әдеби  тілін  та- 
нытатын  үлгілер  мен  олардың  тілдік-көркемдік  белгілері  си- 
патталады. Қ.Өмірәлиевтің «XV-ХIX ғасырлардағы қазақ поэ- 
зиясының  тілі»  атты  арнайы  зерттеуінде  ілгергі  ғасырлар- 
дағы қазақ көркемсөзінің тілі поэтика тұрғысынан талданған 
болатын, бұл кітапта қазақ поэзиясы жанрларының тууы тари-
хи дамуы жағынан сөз болды. Ал осы ғасырлардың барысын- 
дағы қазақ поэзиясы үлгілерінің таза әдеби тіл тарихы курсы- 
ның  материалы  ретінде  талданып,  баяндалуы  осы  оқулықта 
тұңғыш рет ұсынылып отыр.
Қазақ  әдеби  тілінің  даму  жолы  қазақтың  көркем  әдебиеті 
тарихымен  ұштасып  жатқандығы,  оның  көптеген  мәселелері 
қазақ поэзиясы  тарихын  танып-білумен  шешілетіндігі  мәлім. 
Сондықтан  біз  бұл  жұмысымызда  қазақ  әдебиетшілерінің 
еңбектерін  бірден-бір  тірек  еттік.  Бұл  ретте  М.Әуезов, 
Ә.Марғұлан,  Қ.Жұмалиев,  Ы.Дүйсембаев,  Қ.Мұхаметханов, 
М.Мағауин,  М.Жолдасбеков,  Х.Сүйінішәлиев,  Ә.Дербісалин, 
Қ.Сыдиықов т.б. сияқты ғалымдардың талдаулары мен тұжы- 
рымдарына сүйендік. Сондай-ақ жоғарыда аталған тіл маман- 
дарының  да  пікірлері  мен  нақты  зерттеулері  осы  кітаптың 
жазылуына,  ондағы  көптеген  жайттардың  толығырақ  баян-
далып,  дәлірек  сипатталуына  зор  көмегін  тигізді.  Ал  Абай- 
дың  қазақ  әдеби  тілінің  даму  барысындағы  орны  мен  қыз- 
метін  танытуда  үстіміздегі  ғасырдың  ең  басында  жазылған 
Әлихан  Бөкейхановтың  мақаласынан  бастап,  Сұлтанмахмұт 
Торайғыровтың,  Ахмет  Байтұрсыновтың  (екеуі  де  1913 
жылы  жазылып  жарияланған)  көлемді  мақалалары  және  ұлы 

5
ақынның дүние салғанына 30 жыл толуын атаған 1934 жылы 
арнайы жазылып, жарияланған Мұхтар Әуезовтің, Құдайбер- 
ген  Жұбановтың,  Ілияс  Жансүгіровтің,  Зейін  Шашкиннің, 
Есмағамбет  Ысмайыловтың,  Темірғали  Нұртазиннің  аса  
құнды ғылыми еңбектері (мақалалары) бізге үлкен негіз бол- 
ды, пікір тізгінін ұстатты. Ал осы кітаптың теориялық сәттері 
мен  методикалық  тәсілдерінде  отандық  тіл  білімінің,  оның 
ішінде орыс лингвистикасының қағидалары негізге алынды.
Бұл жұмыс – біздің бірнеше жыл бойындағы ізденістеріміз- 
дің жемісі. Осы еңбектің басты-басты нәтижелері өзге автор-
лармен  (М.Балақаев,  Е.Жанпейісов)  бірлесіп  жазған  «Қазақ 
әдеби тілінің тарихы» атты кітапта (1968 жылы шыққан) және 
журналдар мен жинақтарда әр кез жарияланып келген ғылыми 
мақалаларымызда  жұртшылық  талқысына  ұсынылған  бола- 
тын.  Нәтижесінде  1984  жылы  «XVIII-ХIX  ғғ.  қазақ  әдеби 
тілінің тарихы» деген атпен жоғары оқу орындарының филоло-
гия факультеттеріне арналған оқулық ретінде жеке кітап жарық 
көрді.  Бұл  басылым  –  осы  кітаптың  едәуір  толықтырылған, 
XV-ХIX  ғасырлардағы  қазақ  әдеби  тілінің  тарихы  кеңірек 
баяндалған нұсқасы.
Жұмыста талданған, мысалға келтірілген материалдар XIX 
ғасырдың  екінші  жартысы  мен  Қазан  революциясына  дейін 
қазақ  тілінде  жарық  көрген  кітаптар  мен  хрестоматиялар-
дан, XIX ғасырдағы қазақ баспасөзі мен лексикографиясынан 
(сөздіктерінен)  және  кеңес  дәуірінде  шыққан  кітаптар  мен 
жинақтардан алынды. Араб жазуымен келген мәтіндер қазір- 
гі  қазақ  графикасына  көшіріліп  берілді,  олар  мүмкіндігінше 
араб  әрпімен  берілген  тұлғасына  жуықтатылып  жазылды. 
XIX ғасырда кейбір қазақ жазбалары үшін қолданылған орыс 
графикасының  айрықша  таңбаларын  сол  күйінде  көрсету 
мүмкіндігі болмады.
Кітап,  бір  жағынан,  жоғары  оқу  орындарының  филология 
факультеттерінің пайдалануына арналғандықтан, «Қазақ әдеби 
тілі тарихының» бағдарламасына сәйкестендіріле жазылды.
Автор  бұл  еңбекте  қазақ  тілінің  бес  ғасырлық  тарихының 
барлық  қыр-сыры  түгел  ашылып,  толық  зерттелді  деген  ой-

6
дан аулақ. Бірқатар тақырыптар әлі де толықтыра түсуді, тал-
дай  түсуді  талап  етеді.  Кейбір  жеке  тақырыптардың  әлі  де 
жан-жақты  зерттелмей  келе  жатқандығы,  лингвистикалық 
нұсқалардың  (көздердің)  біразының  күні  бүгінге  дейін  қазақ 
зерттеушісінің  қаламына  ілікпей  отырғандығы  және  едәуір 
жайттарға қатысты пікір таласышың орын алуы – осылардың 
баршасы  ана  тіліміздің  өткен  кезеңдердегі  жай-күйін  дәл, 
толық түрде сипаттауға мүмкіндік бере бермейтіндігін де мой-
ындаймыз.  Сондықтан  қазақ  әдеби  тілі  тарихының  курсын 
әлде де жақсарта беру ниетімен пікір айтатын ғалымдар мен 
оқытушыларға және басқа да оқырмандарға автор алдын ала 
алғысын білдіреді.

7
КІРІСПЕ ТАРАУ
_________________________________
§ 1. Әдеби тіл туралы ұғым.
Қазақ әдеби тілі жайындағы пікірлер
Әдеби тілдің тарихын баяндамас бұрын, «әдеби тіл» деген 
категорияның өзі туралы түсінікті анықтап алу қажет. Өйткені 
«әдеби  тіл»  дегеннің  мазмұны,  сипаты  жөнінде  тек  қазақ  тіл 
білімінде емес, жалпы тіл білімінде анық, айқын, үзілді-кесілді 
айтылған тұрақты пікір жоқ
1
.
Бірқатар  ғалымдар  әдеби  тіл  дегеніміз  –  жалпыхалықтық 
тілдің өңделіп, қырланған түрі деп таныса, енді бірсыпырасы 
жалпы  хатқа  түскен  дүниелердің  тілі  әдеби  деп  табады. 
Сондықтан орыс әдеби тілінің тарихын сөз еткен бірқатар ма-
мандар жазусыз әдеби тілдің болуы мүмкін емес деп санайды. 
«Әдеби  тіл  дегеніміз  –  жалпыхалықтық  тілдің  хатқа  түскен, 
белгілі  бір  дәрежеде  өңделген  ерекше  түрі»
2
.  «Әдеби  тілдің 
тарихы  –  жазба  ескерткіштердің  тарихы»
3
.  «Әдетте,  жазусыз 
әдеби тіл болуы мүмкін емес»
4
. «Жазу – әдеби тілдің ең маңызды 
және қайткенде де болуға тиісті белгісі»
5
. «Тіл білімі тарапы-
нан алғанда, «әдеби тіл» деп тек көркем әдебиет емес, ғылыми 
зерттеулердің, саяси трактаттардың, газет-журналдардың тілін 
де, қысқасы, жазба тілді атаймыз»
6
.
Міне,  осы  пікірлес  ғалымдар  белгілі  бір  тілді  әдеби  деп  
тану  үшін  жазудың  болуы  шарт  дегенді,  яғни  хатқа  түскен 
нұсқалары  жоқ  немесе  олар  өте  аз  жерде  әдеби  тіл  де  жоқ 
дегенді кесіп айтады. Бұл таным (концепция) көбінесе жазуы  
ертеден  келе  жатқан  кейбір  Еуропа  халықтары  тілдерін,  
славян  тілдерін,  оның  ішінде  орыс  тілін,  көне  жазулы  үнді, 
қытай,  жапон  тілдерін  зерттеушілер  тарапынан  қолдау  таба-
ды. Ол қисынды да. Көне, ескі жазулары болған халықтардың 
1
  Виноградов  В.В.  Проблемы  литературных  языков  и  закономерностей  их 
образования и развития. - М., 1967. - С.98.
2
 Будагов Р.А. Проблемы изучения романских литератур ных языков. - М., 1961. - 
С.24.
3
 Левин В.Л. История русского литературного языка. - М., 1957. - С.213.
4
 Горшков А.И. История русского литературного языка. - М., 1965.
5
 Филин Ф. П.О свойствах и границах литературного языка //Вопросы языкознания. 
- 1975. - № 6. - С. 12.
6
 Чикобава А.С. Введение в языкознание. - Ч.І. - М., 1953. - С.116.

8
тілдері,  олардың  тарихын  зерттеуге  қажет  объектілердің 
(жазба ескерткіштердің) сипаты, сөз жоқ, жоғарғы пікірлерді 
айтқызуға  мүмкіндік  береді.  Осының  нәтижесінде  «әдеби 
тіл»  деген  термин  «жазба  тіл»  дегеннің  баламасы  ретінде 
ұсынылады.
Ал осы таным дүниежүзіндегі тілдердің барлығына келген-
де, бірден-бір дұрыс анықтама бола ала ма? Әлде әр халықтың 
мәдени-рухани дүниесі тарихының ерекшеліктеріне орай және 
тілінің  әр  дәуірдегі  даму  барысына  сәйкес  сол  тілдің  әдеби 
түрін танытатын өзге де белгілердің болуы мүмкін бе?
Зерттеушілердің көпшілігі «әдеби тіл» ұғымы тарихи жағы- 
нан құбылмалы деп таниды. Демек, ол жөніндегі бір ғана та- 
ным-анықтама  барлық  тілдердің  әдеби  түрінің  даму  бары- 
сыңдағы күллі дәуіріне бірдей сай келуі – шарт емес. Сондық- 
тан кейбір халықтардың жазу дәстүрі тумаған немесе өрбіме- 
ген,  я  болмаса  бір  кездерде  жазуы  болып,  кейін  әртүрлі  се-
бептерден  дамымай  қалған  дәуірлерінде  де  әдеби  тілі  болуы 
мүмкін деген пікірлер де орын алып жүр
7
.
Қазақ тіл білімінде де «әдеби тіл» деген ұғымға тиянақты 
бір анықтама берілмей келеді. Жалпы күні бүгінге дейін «қазақ 
әдеби  тілі»,  «қазақ  жазба  әдеби  тілі»,  «қазақ  ауыз  әдебиеті 
тілі»,  «қазақтың  жалпыхалықтық  тілі»  деген  категориялар 
бір-бірінен  ажыратылып,  әрқайсысы  нақты  анықтамаға  ие 
болған  жоқ.  Өйткені  қазақ  тілінің  бізге  мәлім  тарихының  өн 
бойындағы сыры, ерекшеліктері, жұмсалу өрісі толық зерттеліп 
біткен  жоқ.  Соңғы  жылдарда  қазақтың  жалпыхалықтық  тілі 
мен әдеби тілі тарихына қатысты жеке мәселелерді қарастыру 
едәуір қолға алынғанымен
8
, әрине, бұл ізденістер проблеманы 
түбегейлі шешіп тастауға әлі де жеткіліксіз екендігі аян.
7
 Бұл жөнінде В.В.Виноградовтың аталған еңбегінің 98-116-беттерін қараңыз.
8
  «Қазақ  тілі  тарихы  мен  диалектологиясы  мәселелері»  атты  жинақтың  1-(1958), 
2-(1960),  3-(1960),  4-(1962),  5-(1963)  кітаптарындағы  Н.Сауранбаев,  Ә.Құрышжанов, 
Ш.Сарыбаев,  Р.Сыздықова,  Ғ.Айдаров,  Н.Қарашева,  Е.Жұбанов,  М.Томанов, 
Е.Жанпейісовтердің  мақалаларын  және  Е.Жанпейісовтің  «Қазақ  прозасының  тілі» 
(1968). Б.Әбілқасымовтың «Алғашқы қазақ газеттерінің тілі» (1971), «ХІІІ-ХІХ ғ. қазақ 
әдеби  тілінің  жазба  нүсқалары»  (1988),  Р.Сыздықованың  «Абай  шығармаларының 
тілі»  (1968),  «ХVШ-ХІХ  ғ.  қазақ  әдеби  тілінің  тарихы»,  «Язык  «Жами  ат-тауарих» 
Жалаири» (1989), С.Хасанованың «ЬІбырай Алтынсарин шығармаларының тілі» (1972), 
С.Исаевтың «Қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде дамуы» (1973), «Қазақ әдеби тілінің 
тарихы»,  (1989).  Қ.Өмірәлиевтің  «ХV-ХІХ  ғ.  қазақ  поэзиясының  тілі»  (1976)  деген 
кітаптары мен «Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары» (1981) атты 
жинақты қараңыз.

9
Бізде  де  әдеби  тіл  статусын  жазумен  ғана  байланыстыру 
идеясы жоқ емес. М.Балақаев: «Әдеби тіл – жазба тіл. Жазба 
әдебиет  арқылы  тіл  байлықтары,  оның  құрылысы  сымбатты 
қалыпқа түсіп, екшеледі. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби 
тіл дәрежесіне көтеріле алмайды»
9
, – деп жазады. Дәл осын-
дай тұжырымды Ғ.Мұсабаев та айтады: «Әдеби тіл ең әуелі-
ақ жазуға сүйенеді. Жазу стилінсіз әдеби тіл болмақ емес»,
10
 
–  дейді.  Енді  бірқатар  зерттеушілер  қазақтың  әдеби  тілін 
XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады деп, мұны ұлы 
ағартушы-демократтар  –  Абай  мен  Ыбырайдың  есімдерімен 
байланыстырады.
11
  Әсіресе  бұл  қағида  Абай  мен  Ыбырай 
сияқты қаламгерлердің шығармашылығы мен қызметін сөз ет-
кен тұстарда баса айтылып келді. Тіпті қазақ әдеби тілі Қазан 
революциясынан  кейін  ғана  пайда  болып,  дамып  отыр  деген 
пікірлер де жоқ емес
12
.
Бұл  көзқарастар  қазақ  әдеби  тілін  тануда  үзілді-кесілді 
орныққан бірден-бір айқын пікірге келтірмей отырғаны белгілі.
Халықтың әдеби тілінің қалыптасып, дамуы сол халықтың 
әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты. Қауымның ру-тай- 
палық дәуірін былай қойғанда, бірнеше саяси-территориялық 
бөлікке бөлініп, бытырап келген феодалдық дәуіріндегі әдеби 
тілі  мен  ұлт  болып  құралған  кезеңіндегі  әдеби  тілі  бірдей 
болмақ емес. Әсіресе айырмашылық тілдің әлеуметтік қызметі 
мен  стильдік  тармақталуы  жағынан  көзге  түседі.  Сондықтан 
осы  күнгі  ұлт  болып  қалыптасқан  халықтардың  тілдерін 
ұлттық  дәуірге  дейінгі  және  ұлттық  әдеби  тілі  деп  бөліп 
зерттеу  дұрыс  деп  танылып  жүр.  Қазақ  тілі  де  дамудың  осы 
ортақ белгісінен қалыс қалмайды.
Қазақ  әдеби  тілін  де  біз  қазақ  халқының  ұлт  болып 
қалыптаса  бастағанға  дейінгі  түрі  және  ұлттық  түрі  деп 
бөліп қараймыз. Бұл екі кезеңнің аралық тұсы – өткен ғасыр- 
дың  екінші  жартысы,  яғни  қазақтың  ұлттық  әдеби  тілі  XIX 
ғасырдың II жартысынан бастап қалыптасты деген тұжырымға 
келеміз.
9
 Балақае в М. Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері. – Алматы. 1965. - 10-б.
10  
Кеңесбаев I., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 1975. - 160-б.
11
 Аманжолов С. Қазақтың әдеби тілі. – Алматы, 1949. - 9-10-б.
12
 Қордабаев Т. Әдеби тілімізді қай кезеңнен бастаймыз? // Қазақстан мұғалімі. 
- 1978, 1 декабрь.

10
Әдеби  тіл  дегеннің  ең  басты  белгісі  –  оның  өңделген, 
сұрыпталған,  нормаланған  тіл  болуы,  бұл  –  бір.  Қызметі 
жағынан  сол  халықтың  өмірінде  ұйымдастырушы,  қоғам 
мүшелерінің  басын  қосушы  сипаты,  яғни  жалпыға  ортақтық 
қасиеті  болуға  тиіс,  бірақ  әдеби  тілдердің  бір  кезеңдердегі 
жазба түрлерінде әрдайым соңғы белгінің болуы – шарт емес. 
Әр  нәрсенің,  әр  құбылыстың  заты  (мән-мәнісі,  табиғаты)  са-
лыстыру арқылы, өзге құбылыстардың қарама-қарсысына қою 
арқылы  таныла  түседі.  Әдеби  тілді  тану  үшін  оның  қарама-
қарсысына қойылатын басты құбылыс – ауызекі сөйлеу тілі
13

Бұл  –  үшінші  шарт.  Әдеби  тіл  қолданылу  тәжірибесінде 
қоғам  сынынан  өткен,  нормаларын  қоғам  санасы  дұрыс  деп 
қабылдаған  және  ол  нормалар  барша  үлгілерге  ортақ  болуы 
шарт. Бұл – әдеби тілдің төртінші сипаты. Осы сипат-белгілерді 
нысанаға  алып  қарасақ,  қазақтың  тіл  қолдану  тәжірибесінде 
«әдеби» деген атрибут – сапаны ұлттық дәуірге дейін де беруге 
болатын уәждер бар.
Бірқатар  мамандар,  жоғарыда  айттық,  әдеби  тіл  категори-
ясын жазу-сызумен тікелей байланыстырғандықтан, қазақтың 
ауыз әдебиеті тілін былай қойғанда, Абай, Ыбырайларға дейінгі 
неше сан ақын-жыраулар тілін де әдеби емес деп табады
14
.
Әдеби  тіл  жайын  арнайы  сөз  еткен  М.Әуезов:  «Қазақтың 
әдеби  тілін  Абайдан  басталады  дейтін  тілшілерге  дау  ай-
тамыз.  Абайдың  алдындағы  қазақ  халқының  көп  ғасырдан 
келе  жатқан  мол  эпостарындағы,  ұзынды-қысқалы  салттық, 
тарихтық  жырларындағы,  шебер,  көркем  өлең  үлгілеріндегі 
тілдерді ұмытуға бола ма? Бұхар, Махамбеттерде қазақ әдеби 
тілінің  үлгі-өрнектері  жоқ  деуге  бола  ма?»  –  дейді
15
.  Осыған 
үндес  пікірді  І.Кеңесбаев  та  айтты:  «Абайға  дейін  де  қазақ 
әдеби тілінің ұрығы себілген болатын... Олар жаңа туа бастаған 
жазба  әдебиеттің  кейбір  уәкілдерінің  (Махамбет  Өтемісов, 
Ы.Алтынсарин  сияқты)  шығармаларынан  табылады»
16
  –  деп 
13
 Щерба Л. В. Избранные работы по русскому языку. - М., 1957. - С. 115.
14
 Аманжолов С. Вопросы истории и диалектологии казахского языка. - Алма-Ата, 
1959. - С. 186; Балақаев М. Қазақ тілі мәдениетінің мөселелері. - Алматы, 1965. - 10-б.
15
  Әуезов  М.  Қазақтың  әдеби  тілі  туралы  //Әдебиет  және  искусство.  -  1951. 
 - № 4. - 60-61-б.
16
  Кеңесбаев  С.  Абай  –  основоположник  казахского  литературного  языка  
//Советский Казахстан. - 1955. - № 9. - С.125.

11
жазды.  Абайдың  алдында  өткен  Шортанбай,  Базар,  Бұхар 
жыраулар  жазба  әдебиет  өкілдері,  Абайдың  ірі  ақын  болуы-
на себепкер – осы бай әдебиет дегенді С.Мұқанов та айтты
17

Қазақ  тілі  тарихына  назар  аударған  ғалым  –  Н.Сауранбаев 
қазақтың  толық  мағынасындағы  әдеби  тілі  Совет  заманында 
ғана қалыптасты дегенді айта отырып (сірә, ғалым бұл жерде 
әбден кемелденген, әлеуметтік қызмет өрісі кеңейген, стильдік 
тармақтарға бөлінген, ауызша да, жазбаша да түрлері дамыған 
ұлттық әдеби тілді көздей айтқан болар), оның революциядан 
бұрын  жасалған  бірнеше  заттық,  ұлттық  негізі  болды  дейді. 
Олар: «1) XVIII ғасырдың II жартысынан бастап, XIX ғасыр- 
дың аяғы, XX ғасырдың басында іргесі қалана бастаған жазба 
әдебиет дәстүрі, 2) көп ғасырлар бұрын шығып қалыптасып, 
қазақ  халқымен  бірге  келе  жатқан  ауыз  әдебиетінің  дәстүрі,  
3) қазақ руларының сөйлеу тілі»
18
. Демек, бұл зерттеуші қазақ- 
тың  жазба  әдеби  тілінің  басын  XVIII  ғасырдың  II  жартысы- 
нан алады. «XVIII-XIX ғасырларда және XX ғасырдың басын- 
дағы қазақтың жазба әдебиеті деп отырғанымыз: 1) ауыз әде- 
биетінің  арнасынан  шығып,  жазба  әдебиеттің  дәстүріне  түсе 
бастаған, сол замандағы қоғамдық өмір туралы сюжетті бірне- 
ше әдеби шығармалар қалдырған Бұхар, Дулат, Нысанбай сияқ- 
ты ақындардың шығармалары, 2) шығыс әдебиетінің дәстүрін 
қазақ  жеріне  таратып,  оны  дәріптеген  жазба  ақындардың: 
Жүсіпбек Шайхысламұлының, Шәдінің, Ақмолданың т.б. шы- 
ғармалары, 3) Абай, Алтынсарин бастаған ағартушылық, демо-
кратияшыл бағыттағы жаңашыл ақындардың шығармалары»
19
.
Сөйтіп, әдеби тіл деген категорияны қазақ тіліне қалайша 
қатыстыруға болады? Қазақтың жазба әдеби тілінің жаңа кезеңі 
(осы күнгі түрі) басталғанға дейін, яғни «XIX ғасырдың екінші 
жартысына дейін қазақта әдеби тіл болды ма? Болса – жеке-
дара біреу ғана ма, жоқ, бір қоғамға екі әдеби тіл қатар қызмет 
етті ме?» деген сияқты сұрақтарға жауап беру керек.
«Әдеби  тіл»  деген  ұғым  –  қазақ  тілі  үшін  де  тарихи, 
құбылмалы түсінік. Қазіргі қазақ тілі үшін оның жазба түрінің 
болуы,  сан  салалы  стильдерге  тарамдалуы,  қоғам  өмірінің 
17  
Мұқанов С. Абай – халық ақыны //Әдебиет майданы. - 1957. - № 4. - 78-б. 
18
 Сауранбаев Н. Қазақ тіл білімі проблемалары. – Алматы, 1982. - 71-б.
19
 Сонда, 71-б.

12
барша  саласына  түгел  қызмет  етуі  –  занды  шарттар.  Ал  бұл 
шарттарға  қазақ  топырағында  қызмет  еткен  әдеби  тілдер 
әрдайым барлық дәуірлерде бірдей жауап бере алмаған. Және 
әдеби  болуы  үшін  бұл  белгілердің  түгел  болуы  міндетті  де 
емес, мүмкін де емес.
Әдеби  тілді  зерттеу  үшін  сол  халықтың  рухани-мәдени 
дүниесінің тарихымен жақсы танысу қажет. Көптеген халық- 
тардың  тарихында  оның  әдеби  тілінің  қалыптасып,  дамуы 
көркем әдебиетінің, оның ішінде поэзиясының бары мен бары-
сына тікелей қатысты болып келетінін бүгінгі тілтану теория- 
сы  мақұлдайды.  Демек,  белгілі  бір  кезендердегі  көркем  әде- 
биетті  қалай  танимыз,  соған  орай  оның  тілін  де  анықтауға 
тиіспіз. Осы жағынан келгенде, кейбір әдебиет зерттеушілері- 
мен  келіспейтін  жерлеріміз  бар.  Қазақ  әдебиеті  тарихының  I 
томын жазушылар Абайға дейінгі қазақ поэзиясын әдебиетке 
(«литература»дегенге)  қоспайды,  оларды  «халық  өлендері» 
(«народные  песни»)  деп  табады  да  ақын-жырауларды  «өлең- 
шілер» («песенники») деп атайды
20
. Бұл жерде «әдебиет» де-
генге тек жазба әдебиетті жатқызу принципі тұрғанын байқау 
қиын емес. Ол – әрине, әдебиетшілердің өз ісі, қай терминді 
қалайша саралап қолданады, ол – өз ықтиярлары. Бірақ мұның 
ғылымның  өзге  салаларын  шатастыратын  бір  жағы  бар:  егер 
XIX ғасырдың II жартысына дейін бірнеше ғасыр бойы жасап 
келген қазақтың көлемі жағынан мол, сипаты жағынан ерекше 
(өзге  түркі  халықтарымен  салыстырғанда),  көркемдігі  жағы- 
нан  күшті  әдеби  дүниесі  –  ақын-жыраулар  шығармашылығы 
шын мәнінде әдебиет санатына қосылмаса, оның тілі де әдеби 
тілге  жатпауға  тиіс.  Егер  олар  «халық  өлендері»  ғана  бол-
са,  тілі  де  халық  мұрасы  –  ауыз  әдебиеті  тілімен  бір  болуға 
керек.  Логикалық  байлам  осыған  саяды,  бірақ  бұл  байламға 
келіспеуге тура келеді.
Ең  алдымен,  қазақ  дүниесіне  келгенде,  оның  бірнеше 
ғасырлық ақын-жыраулар поэзиясын әдебиет деп тану керек, 
яғни «әдебиет» терминін Еуропа мен орыс филологиясы қалай 
таныса,  біздің  де  солай  тануымыз  –  шарт  емес.  Ал  бұларша 
бұлжытпай тануымыз «ұлттық әдеби тілдің қалыптасуындағы 
20
 История казахской литературы. - Т. I. - Алма-Ата, 1968.

13
көркем әдебиеттің рөлі және оған қатысты тіл дәстүрі жайын- 
дағы мәселелер өте күрделі, оның үстіне барлық тілге ортақ жал-
пы бағыт-бағдардың болуына қарамастан, жеке әдеби тілдердің 
тарихында  олардың  өздеріне  ғана  тән  даму  ерекшеліктері 
орын алады»
21
 деген дұрыс пікірлерді ескермеушілік болар еді. 
«Әдебиет» («литература») деген сөздің түп-төркінінде «лите-
ра» («әріп»), демек, «жазу» мағынасы болғанымен, бұл сөздің 
терминдік  мәні  Еуропа  мен  орыс  мәдениетінің  өзінде  сан 
рет  құбылып  қолданылып  келгенін  білеміз.  Сондықтан  қазір 
«литература»  сөзі  о  бастағы  мағынасын  қайткенде  де  сақтап 
қолданылуы  шарт  болмаса  керек.  Егер  біз  «әдебиет»  сөзіне 
тек  жазба  түрде  емес,  өзгеше  жолмен  де  өмір  сүріп  келген, 
біздің дәуірімізге дейін түбегейлі өзгермей, жоғалмай жеткен 
көркемсөз деген ұғым беретін болсақ және оны ауыз әдебиеті 
мұрасынан  бөліп  қарайтын  болсақ,  оның  тілін  де  фольклор 
тілінен бөлек сапада деп тануға тиіспіз. Бұлайша бөліп тануға 
негіз болатын мынадай белгілер бар.
1.  Халық  ауыз  әдебиеті  авторсыз  дүние  екені  мәлім,  ал 
ақын-жыраулар  шығармашылығы  –  иелері  бар  мұралар  және  
ең  маңыздысы,  әр  автордың  шығармалары  өзінің  құрылым 
бітімі (композициясы), мазмұны (тақырыбы), идеясы, көркем- 
деу тәсілдері жағынан бір-бірінен ажыратылып тұрады, демек, 
ақын-жырауларда даралық шығармашылық сипаты бар, ал бұл 
сипат – әдебиетке тән басты белгінің бірі.
2.  Халық  ауыз  әдебиеті  тіліне,  әсіресе  оның  эпос  сияқты  
кесек шығармаларына көптеген дәстүрлі образдар, бір шығар- 
мадан  екіншілеріне  көшіп  отыратын  дайын  қалыптар  (кли-
ше дегендер), жеке сөздер мен фразеологизмдер ортақ болып 
келеді, олар біріне-бірі ауысып та жүреді. Ал ақын-жыраулар 
тілінде мұндай ортақ элементтер фольклорға қарағанда кемдеу 
кездеседі,  бірақ  олар  мұнда  да  бар.  Бар  болу  себебі  мынада: 
біріншіден, ақын-жыраулар тілінің негізгі көзі – ауыз әдебиеті 
тілі,  соның  лексикалық-көркемдік  қазынасы.  Екіншіден,  ав-
торлы  әдебиеттің  ауызша  таралып,  ауызша  сақталуының 
нәтижесінде  әр  алуан  қоспалардың  болуы  әбден  ықтимал. 
Бірақ айырмашылығы да бар: фольклор тілінде стереотип фор-
21
 Виноградов В. В. Проблемы литературных языков... - С. 64.

14
мулалар:  әртүрлі  образдар,  ортақ  тұстар,  негізгі  поэтикалық 
үлгілер,  композициялық  тәсілдер  тұрақты  болып  келеді
22
,  ал 
қазақтың ақын-жыраулары тілінде бұлардың болуы – міндетті 
емес. Қайткен күнде де ақын-жыраулардың әрқайсысына тән 
өзіндік сөз қолданыстары бар екендігі хақ. Мысалы, Махамбет 
пен  Дулатты,  Марғасқа  мен  Бұхарды,  Шернияз  бен  Шортан-
байды  тақырыптары,  суреткерлік  үндері,  стильдері  жағынан 
бір-бірімен шатастырмаймыз.
Ал  ертеректегі  Шалкиіз,  Доспамбет,  Қазтуғандардың  тілі 
мен  қолтаңбалары  (көркемдік  стильдері)  бір-біріне  ұқсас 
келіп  жатса,  мұны  олардың  өлең-толғауларының  идеялық-
мазмұндық  жақындықтарынан  және,  ең  бастысы,  ертеректен 
ауызша таралып, араласып кеткендіктен көру керек болар.
3. Ақын мен жырау поэзиясында уақыт пен мекенге қарай 
нақтылық,  адамның  ішкі  дүниесін  суреттеушілік,  лиризм  са-
рыны  фольклорға  қарағанда  күшейе  түседі.  Бұлар  –  ауыз 
әдебиетіндегі  тілдік  дәстүрден  бірте-бірте  қол  үздіре  бастай-
тын,  суреттеудің  жаңа  амалдарын  тудыратын  сәттер.  Демек, 
бұл  –  авторлы  поэзия  тілінің  лексика  мен  грамматика  сала-
сында да жалпы поэтикалық мүмкіншіліктері байи түсті деген 
сөз.  Ақын-жыраулар  тілінің  осы  белгісі  халық  ауыз  әдебиеті 
тіліндегі  біршама  қасаңдықты  (консервативтікті),  дәстүрлік-
тілдік шектеушілікті бұзып, оның құрсауынан босаттырады.
4. Әрбір ақын немесе жыраудың қабілетіне орай өлең-жыр 
шығарушылық  ерекшелігі  өлең  техникасына  шым-шымдап 
жаңалықтар,  даралықтар  қосады,  яғни  авторлы  поэзия  ұйқас 
таңдау,  синтаксистік  және  ырғақтық  топтарды  пайдалану 
сияқты салаларда ауыз әдебиеті тілі шеңберінен шығып кетеді.
Осы көрсетілгендер – бұл екі саланың бір-бірінен ажыра- 
тылуға тиіс айырым белгілері болса, сонымен қатар олардың 
бір-біріне ұқсас ортақ тұстары да айтарлықтай. Олар мыналар:
1. Ең басты ортақ белгі – екеуінің де ауызша таралып, ау-
ызша  сақталуында.  Осының  салдарынан  заман  озған  сайын 
олардың  текстері  біртіндеп  «редакцияланып»,  там-тұмдап 
жаңғыртылып  отыру  фактісі  бар.  Сондықтан  бұларда  көне 
22
 Десницкая А. В. Наддиалектные формы устной речи и их роль в истории языка. 
- Л., 1970. - С. 33-34.

15
тұлға-тәсілдермен  қатар,  жаңа  сөздердің,  тіркестердің,  бергі 
замандарға тән тәсілдердің орын алуы – заңды. Бірақ (модер-
низация,) біздің байқауымызша, түп-түбегейлі емес. «Ауызша 
баспаның» қолайсыздығынан жеке шумақ-тармақтардың кейде 
тіпті тұтас мәтіндердің иесінен айрылып, «көшіп» жүруі де – 
мүмкін  құбылыс.  Осындай  көшпелі  тармақтар  мен  мәтіндер 
кейбір  өлең-толғаулардың  авторлығына  күмән  келтіртіп, 
оларды  ауыз  әдебиеті  нұсқаларына  ұқсастырып,  кейде  тіпті 
көшіртіп жібереді.
2. Қазақ ақын-жыраулары тілінің қайнар көзі мен сөз мүсі- 
нін  жасайтын  қалыбы  –  ертеден  келе  жатқан  ауыз  әдебиеті  
тілі болғандықтан, кейбір суреттеу құралдары жағынан бұлар 
ұқсас  түседі.  Оның  үстіне  ауыз  әдебиетінің  эпос  сияқты  қо- 
мақты  дүниелерін  тудырушылар  немесе  оларды  сақтап  тара- 
тушылар,  бір  жағынан,  жыраулар  болғандықтан,  қазақ  сөз 
өнерінің барша көркемдік қоймасы әрдайым олардың жадын- 
да  сақталып,  ауыздарына  оралып  тұратындығы  да  –  ақын- 
жыраулар  туындылары  мен  фольклор  тілдерін  жақындас- 
тыратын себептердің бірінен табылады.
3.  Айтыстарда,  кейбір  тұрмыс-салт  жырларында,  жырау 
толғауларында  орын  алатын  қолма-қол  суырып  салмалық 
(импровизация)  тәсілі  ақын-жыраулар  тілін  халық  поэзиясы  
дәстүрімен  берік  байланыстырады,  өйткені  импровизация 
табиғаты  табан  аузында  тауып  айтуға  дайын  штамптарды  
қол көреді. Бұл да, сөз жоқ, кейбір авторлы айтыстарды, тол- 
ғауларды,  бата-тілектерді  фольклор  дүниесіне  немесе  өзге 
авторларға ұқсаттырып, жақындық туғызады.
Осындай  өзгешеліктері  мен  ұқсастықтарын  есептей  оты-
рып,  қазақтың  авторлы  әдебиетін  «халық  ауыз  әдебиеті»  деп  
емес,  профессионал  әдебиет  деп,  ақын-жырауларды  «өлең- 
шілер» деп емес, профессионал қаламгерлер деп тану қажет. 
Егер  олар  тек  ауыз  әдебиетін  жасаушылар  және  таратушы-
лар  ғана  болса,  онда  орыстың  сказительдерінің  қатарында 
тұрулары  керек,  ал  мұның  шындыққа  жанаспайтындығын 
жоғарыда  көрсетілген  «Қазақ  әдебиеті  тарихының»  I  томы 
авторларының  өздері-ақ  мойындауға  мәжбүр  болып  отыр: 
«Қазақ  ақындарының  өнерінде  (шеберлігінде)  профессиона-

16
лизм элементтері, орыс сказительдеріне қарағанда, әлдеқайда 
анық  сезіледі,  қазақ  ақыны  өткен  ғасырда  (тек  қана  өткен 
ғасырда ма екен? – Р.С.) әдебиетке жуық тұрды»
23
 дегенді ай-
тады  олар.  Сөз  жоқ,  қазақтың  ақын-жырауларын  мұраттары 
мен  міндеттері  жағынан  сказительдермен  шендестіруге  тіпті 
де болмайды. Сказительдерге ақын-жыраулар емес, жыршылар 
жуық келсе керек.
Қысқасы, қазақта халық ауыз әдебиетінен өзге, бірақ оған 
едәуір белгілермен ұқсас келетін профессионал әдебиетте өмір 
сүріп келді (тіпті бұлар біздің кездерімізге дейін жетіп отыр), 
оның тілі әдеби тіл санатына кіреді деп табу керек. Бұл тілді, 
бір жағынан, халық ауыз әдебиеті (фольклор) тілінен, екінші 
жағынан, жазба әдеби тілден айырып тану үшін, біз бұрынырақ 
оған  «қазақтың  (төл)  жазба  тілі  алдындағы  әдеби  тіл»  деген 
термин ұсынған едік
24
. Әрине, дұрысы– «ауызша әдеби тіл» де-
ген атау болар еді, бірақ бұлайша атаудың бір ыңғайсыздығы 
– оның «ауыз әдебиеті тілі» деген ұғыммен шатастыру қаупі 
барлығында,  дегенмен  осы  кітапта  қазақ  әдеби  тілінің  бұл 
типін  «ауызша  әдеби  тіл»  деп  атап  отырмыз.  Әдебиетшілер 
тарапынан  да,  тіл  мамандары  жағынан  да  құбылыстың  өзін 
мойындағанмен, яғни өткен ғасырлардағы қазақ ақын-жыраулар 
шығармашылығын  әдебиет  қатарында  қарастырғанмен,  бұл 
әдебиетті  әркім  әртүрлі  атап  жүрген  жайлары  бар.  Мыса-
лы,  Қ.Жұмалиев  Абайға  дейінгі  әдебиетті  «қазақтың  тарихи 
әдебиеті» деп
25
, Қ.Өмірәлиев «қазақтың азаматтық поэзиясы» 
деп
26
,  А.Ысқақов  пен  Е.Жұбанов  «жалпыхалықтық  әдебиет» 
деп
27
 атап кетеді. Ал осы әдебиеттің тіліне бұл ғалымдардың 
ешқайсысы арнайы термин ұсынбайды.
Сөйтіп, XIX ғасырдың II жартысынан басталатын қазақтың 
төл  жазба  әдеби  тіліне  дейін  оның  ауызша  тараған  әдеби 
23
 История казахской литературы. - Алма-Ата, 1968. - Т. I. - С. 387.
24
 Сыздықова Р. Әдеби тілдің статусы // Қазақ ССР ҒА Хабаршысы. - 1979. - № 
96. - 57-б.
25
  Жұмалиев  Қ.  Қазақ  әдебиеті  тарихының  мәселелері  және  Абай  поэзиясының 
тілі. - Алматы, 1960. - 144-б.
26
 Өмірәлиев Қ. XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. - Алматы, 1976. - 
20-б.
27
 Ысқақов А. Әдеби тіліміздің дамуы //Қазақ әдебиеті. - 1962, 16 ноябрь; Жұбанов 
Е. Қазақ ауыз әдебиеті және әдеби тіл // Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму 
жолдары. - Алматы, 1981. - 149-б.

17
тілі өмір сүрді. Әдеби тілдің бұл екі типінің бір-біріне жақын 
келетін және бір-бірінен ажыратылатын тұстары едәуір болды. 
Олар мынадай:
1.  Ауызша  әдеби  тілдің  қазақтың  ауыз  әдебиеті  тілінен 
жоғарыда  көрсетілген  жақын  келетін  сәттері,  бір  жағынан, 
жазба тілден ерекшеленетін белгілері болып шығады.
2.  Ауызша  әдеби  тілдің  арнасы  мен  үлгілері  жазба  тілге 
қарағанда  әлдеқайда  тар,  яғни  ақын-жыраулар  өз  халқының 
ауыз әдебиеті үлгілерінен басқа өзге халықтар әдебиетіне көп 
жуыспады (әсіресе XVIII-XIX ғасырларға дейін), бұл, сөз жоқ, 
олардың тіліне де салқынын тигізді. Жазба әдебиет болса, араб-
парсы әдебиетінен де, өзге түркі халықтары әдебиеттерінен де, 
орыс әдебиетінен де үлгі-әсер алып дамыды. Мұның, әрине, тіл 
дамуындағы рөлі айрықша болды.
3. Ауызша әдеби тілдің стильдік тармақтарға бөлінуі жазба 
тілмен салыстыруға мүлде тең келмейді. Алдыңғысы негізінен 
көркем  поэзия  мен  ішінара  шешендік  сөздер  түріндегі 
үлгілерден  танылады.  Оның  көркем  проза,  публицистика, 
кеңсе-іс қағаздары, ғылыми стильдері болмады. Ал қазақтың 
төл  жазба  әдеби  тілі  өзінің  пайда  болған  кезеңінен  бастап 
аталған стильдердің барлығын қамтыды.
4.  Ең  үлкен  айырмашылық  –  бұлардың  таралу,  сақталу 
әдісінде  болды.  Ауызша  әдебиет  ауызша  таралды,  жазба 
әдебиет жазумен танылып, жазба түрде таралды.
5. Келесі айырмашылық – әдеби дүниені тудыру тәсілінде 
болса керек. Жазба әдебиет өкілдері өз туындыларын сан рет 
түзетіп,  қырнап,  өңдеп  отыратын  мүмкіндікке  ие.  Ал  ақын-
жыраулар  шығармашылығында  бұл  процесс  солғындау  жү- 
реді, әсіресе импровизация болған тұста автор өз туындысын 
өңдеп,  түзетіп  жата  алмайды.  Бірақ  бұл  әдебиет  –  ең  алды-
мен, түгел табан аузында туған экспромт дүниелер емес екенін  
ескеру қажет. Ақын мен жыраулардың өлең-жырларының дені 
– ойланып, толғанудың жемісі, іштей сан рет сөз саралап, ой 
түюдің  нәтижесі  болса  керек.  Демек,  қағаз  жүзінде  болма-
са  да,  «іштей  редакция»  мұнда  да  жүріп  жататынын  жоққа 
шығаруға болмайды. Қазақтың нағыз ақын-жыраулары – ауыз-

18
дарына алғаш түскен сөзді ұйқастыра берушілер емес, белгілі 
дәстүрді ұстай отырып, сөзді таңдап жұмсаушылар, айтпағын 
тыңдаушыға әсерлі етіп жеткізушілер.
Сөйтіп,  қазақтың  ұлттық  жазба  әдеби  тілі  тұтқиылдан, 
айталық,  Абай  мен  Ыбырайдың  шығармалары  туған  күннен 
немесе,  кейбір  зерттеушілер  жазғандай,  «Түркістан  уәлаяты 
газеті» мен «Дала уәлаяты газетінің» алғашқы нөмірлері шық- 
қан күннен басталған емес. Мұның алдында жақсы дамыған, 
санғасырлық ауызша әдеби тілі болған. Сонымен қатар орта- 
азиялық  түркі  әдеби  тілі  дәстүріне  негізделген  жазба  әдеби  
тілі де болған. Әдеби тілдің бұл екі типі қазақтың төл, ұлттық 
жазба тілінің тез қалыптасып, әрі қарай дұрыс дамуына бірден-
бір жол ашып, арнасын салды.
Орта  ғасырлардағы  түркі  әдеби  тілдерінің  қазақ  халқын 
құраған ру-тайпаларға да қатысты екенін, кейінгі ғасырларда 
«шағатай тілі» деп аталған ортаазиялық түркіні қазақ қауымы 
да  өз  қажетіне  жұмсай  білгенін  тіл  мамандарының  көпшілгі 
жалпы түрде айтқан болатын
28
. Бұл жазба тіл іс қағаздары мен 
эпистолярлық  жанрға,  тарихи  шығармалардың  бір  үлгілері  
болып  табылатын  шежірелер  жазуға,  мұсылманша  діни  әде- 
биетке  қызмет  етті.  Казақтың  ескі  жазба  тілі  дәстүрінің  эле- 
менттерін XIX ғасырдағы тұңғыш қазақ баспасөзі мен публи-
цистикасы,  ішінара  көркем  әдебиеті  (кітаби  ақындар)  пайда-
ланды  деген  тұжырым-пікірлер  бар.  Бұл  тілді  кезінде  қазақ 
топырағында «кітаби тіл» деп, осы тілде жырлаған ақындарды 
«кітаби  ақындар»  деп  атағаны  мәлім.  Қазақ  мәдениетіне 
қызмет  еткен  «кітаби  тіл»  таза  шағатай  тілі  емес,  сол  тілдің 
және татар жазба әдеби тілі мен қазақ тілдерінің элементтерін 
араластырып  пайдаланған  қоспа  дүние  болды  деген  пікірлер 
де айтылды
29
.
Соңғы  жылдарда  XVI-ХVII  ғасырлардан  бастап  XX  ға- 
сырдың  алғашқы  онжылдықтарына  дейін  қазақ  халқының 
28
  Мусабаев  Г.  Современный  казахский  язык.  -  Алма-Ата,  1959.  -  С.  107-117; 
КенесбаевС. К. Развитие казахского литературного языка в советское время // Сборник 
ста тей  к  60-летию  М.О.Ауэзова.  -  Алма-Ата,  1959.  -  С.  57;  Қордабаев  Т.  Тарихи 
синтаксис мәселелері. - Алматы, 1965. - 8-16-б.
29
 Малов С.Е. К истории казахского языка //Известия АН СССР. - 1941. - №3. - С.99.

19
әлеуметтік-мәдени  дүниесінде  қолданылып  келген  жазба  тіл 
дәстүрін «ескі қазақ жазба әдеби тілі» деп тануға болады де-
ген де пікірлер айтыла бастады. Ескі өзбек (староузбекский), 
ескі  татар  (старотатарский)  жазба  әдеби  тілдері  дегендер-
ге  негіз  болған  шағатай  (ортаазиялық  түркі)  тілі  ескі  қазақ 
жазба әдеби тіліне де арқау болды. Бұл құбылыстың тарихи, 
әлеуметтік, мәдени негіздері (мотивтері) де жоқ емес. Ең ал-
дымен, қазақ қоғамында, әсіресе XVI ғасырлардан бастап жаз-
ба  дүниеліктерді  қажет  ету  фактісі  болғаны  –  даусыз.  Келесі 
ұрпақтарға өсиет ретінде ата-бабаларының шежіресін тарату, 
яғни  «жеті  атасын  білдіру»  дәстүрі  болған.  Әсіресе  ру  басы  
болып  танылған  «текті  аталар»  мен  ел  билеуші  хан-сұлтан- 
дардың  арғы-бергі  ата  тегі  туралы  шежіре  жазып  қалдыру 
фактісін XVI ғасырда жасап өткен жалайыр Қадырғали бидің 
«Жами`ат-тауарих»  атты  шежіресі  дәлелдейді.  Тек  шежіре  
саласында емес, жазу дәстүрі хат-хабар алысуда да орын алған. 
Бізге XVI ғасырдың ІІ жартысынан бастап қазақ хандарының 
өзге  жерлердің  билеушілерімен  және  өзара  жазба  арқылы 
қатынасып тұрғаны мәлім
30
.
Демек, белгілі бір жанрларға қызмет еткен жазба тіл дәстү- 
рін  қазақ  қоғамы  да  ұстанып  келді,  бірақ  бұл  тіл  қазақтың 
көркем  әдебиетіне,  әсіресе  поэзиясына  бойлап  ене  алмады, 
қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің негізі ретінде қалыптаса 
алмады.  Дегенмен  бұл  жазба  дәстүр  қазақтың  ауызша  әдеби 
тіліне де, ұлттық жазба әдеби тіліне де игілікті әсерін тигізге- 
нін, сөздікті толықтырып, кейбір грамматикалық тұлға-тәсіл- 
дерді  ұсынғанын  жоққа  шығаруға  болмайды  (бұл  мәселелер 
жөнінде өз тұсында толығырақ айтылады).
30  
Казахстан в ХV-XVIII вв. - Алма-Ата, 1969. - С.100.

20

Каталог: static -> electronic book
electronic book -> Ббк 81. 2 С 94 Қазақстан Республикасы
electronic book -> Өмірзақ айтбайұлы
electronic book -> Жауапты редакторлар
electronic book -> Этносаяси сөздік қазақстанның қоғамдық келісім және этносаралық толеранттылық саясаты және практикасы терминдері мен ұғымдары
electronic book -> Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігі Тілдерді дамыту жəне қоғамдық-саяси жұмыс
electronic book -> Сборник нормативно-правовых актов Астана 2014
electronic book -> Мақалалар, баяндамалар жинағы
electronic book -> Еліміз өз тəуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтіп, дамуының жаңа кезеңіне аяқ бас


Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет