§4. ӘДЕБИ СЫН
Шынайы оқырмандар, біріншіден, дәуірден дәуірге қарай өзгеріп отырады, екіншіден бір-бірінің алдында тарихи сәттерде теңдес емес. Әсіресе, тар ауқымды көркем білімге ие өз дәуірінің интеллектуалды және әдеби әсеріне қатысты азшылық оқырмандар табы және қоғамдағы басым көпшілік болып табылатын "бұқаралық көпшілік оқырмандар" (өте дәлді болмаса да) деп аталатын топ бір-бірінен айырықша өзгешеленіп тұрады.
Оқырман қауымның авангардын (дәлірек айтсақ, оның көркем білімді бөлігін) әдебиет сыншылары құрайды. Олардың қызметі өз заманындағы әдебиеттің қызмет атқаруының өте мәнді компонентін (сонмен бір мезетте факторын да) түзеді. Сынның маңызы мен міндеті – өз пікірлері негізінде (көбіне жаңадан шыққан) көркем туындыны бағалау. "Сіз поэманы оқисыз, картинаны көресіз, сонатаны тыңдайсыз да, талғамыңыздың не қанағаттануы не қанағаттанбауын сезінесіз; екеуінің де себебін іздеуге ден қойғаныңыз – сын",-деп жазды В.А. Жуковский [346].
Әдеби сын жазушы мен оқырман арасындағы шығармашылық ара ағайынның рөлін атқарады. Ол қаламгер қызметіне қамшы басып, бағыт-бағдар беруге қабілетті. Баршаға белгілі В.Г. Белинский, 1840-шы жылдары әдебиетке келген қаламгерлерге, оның шінде, Ф.М. Достоевскийге, Н.А. Некрасовқа, И.С. Тургеневтерге игі ықпал етті. Кейде сын оқырман қауымға өте белсенді әсер етеді. Сынның "тұтас тұлғаны" "сендіруі, эстетикалық талғамын" орнықтыруы "қаламгер шығармашылығына қарағанда қызықты болып шығады"[347].
Өткен ғасырлардың сыны (XVIII ғ. дейін) басым жағдайда нормативті болып келді. Талданатын туынды тек жанрлық үлгілер орайында қарастырылды. Жаңа сын (Х1Х-ХХ ғғ.) болса, заңдылық бойынша шығармашылыққа деген автор құқығынан бастау алады. Оны ең алдымен туындының қайталанбас-индивидуалды келбеті қызықтырып, оның (интерпретацияланатын) өзіндік мазмұны мен формасын айқындайды. "Иә, мені Аристотельдің өзі кешірсін, - деп жазды Д. Дидро романтизм эстетикасына ден қоя отырып, бірақ та осы әдіс жұрттың бәріне ұнайтындай, жетілген туынды негізіндегі заңды тықпалаған сын дұрыс емес"[348]
Сын жекеленген туындыларды бағалай және интерпретациялай отырып, сонымен қатар, заманалық әдеби процесті қарастырып (ағымдағы әдебиетке сыни шолу жасау жанры Ресейде пушкин дәуірінде орнықты), сондай-ақ, көркем-теориялық бағдарламаларды қалыптастырып (В.Г. Белинскийдің "натуралдық мектеп" туралы соңғы мақаласы, Вяч. Иванов пен А. Белыйдың символизм жайлы еңбектері), әдеби дамуға бағыттайды. Сонымен, әдеби сыншылардың құзырында замана әдебиеті проблемасы аясында бұрыннан келе жатқан туындыларды қарастыру енеді. Бұған айқын дәлел – В.Г. Белинскийдің Державин туралы, И.С. Тургеневтің "Гамлет пен Дон Кихот", Д.С. Мережковскийдің Толстой мен Достоевский жайындағы мақалалары[349].
Әдеби сынның әдебиет туралы ғылымға қатыстылығы бір жақты емес. Әдеби туындының талдауына сүйене отырып, ол ғылыми біліммен тікелей байланысты болып келеді. Сонымен бірге, сараптау мен дәлелдеуді қажетсінбейтін шығарманы тек сезімдік тұрғыдан игеруге құлықты сын эссеистикасы да бар. "Ипполит пен Федр трагедиясы" (Еврипид туралы) мақаласын эссеистік деп сипаттаған И. Анненский: "Мен зерттеу және есептеуге не жататындығы турасында айтуға оқталып отырғам жоқ, қайта қаһарман сөздерінен ойға бату және трагедияның поэтикалық мәнісі мен идеясын лезде қағып алуға тырысуды бастан кешу турасында сөз етпекпін" деп жазды[350]. "Талғам үкімі", даусыз, логикалық қисындылық болмаған шақта әдеби сында өзінің заңды құқына иелік етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |