Бейбітшілік бақЫТҚа бастайды



Pdf көрінісі
бет3/23
Дата17.01.2017
өлшемі1,42 Mb.
#2081
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

Менің мектептерім 
 
Әкемнің өмірі ешқашан оңай болған емес. Оның мойнында отбасын бағып-
қағу  міндеті  жүктелді.  Кіші  қарындасым  Венера  өмірге  келгенде  жанарсыз 
болып  туды.  Оны  емдеу  үшін  әкем  көп  күш-жігер  жұмсады.  Филатовқа 
көрсету  үшін  Одессаға,  Саратовтағы  көздері  нашар  көретін  балаларға 
арналған  мектепке  апарды.  Әкем  қарындасым  үшін  жанұшырып  жүргенде, 
отбасының шаруасы анамның иығына түсті.  
Мінаж Шалахметовтің үйі  — бүкіл әулетіміз үшін тірек болған шаңырақ. 
Әкемнің  аға-інілері,  анамның  туыс-туғандары  бізге  ат  басын  бұрып,  қонақ 
болып кетеді.  
Жалпы,  Кіші  жүзден  әуел  бастан  ақындар,  композиторлар  көп  шыққан. 
Соғыс  кезінде  Соқыр  Ишан  атты  атағы  алысқа  кеткен  керемет  домбырашы 
болды.  Қазақтың  дәстүрлі  музыка  өнерінің  классигі  деуге  болады.  Халық 
арасында кеңінен танымал көптеген музыкалық шығармалардың авторы осы 
Соқыр Ишан. Ол Маңғыстаудағы Баутинода тұрады. Қартайып күші қайтқан 
кезі, өзі кедей. 1944 жылы оны біздің үйге ауқаттандыру үшін әкелген кезде  
Соқыр  Ишан  кәріліктен  бойы  бүгіліп,  арықтап,  әлсіреп  қалған  екен.  Анам 
оны  жуындырып,  ауқаттандырып,  бір  жасар  мені  ақсақалдың  алдына 
апарыпты.  Соқыр  Ишан  менің  аузыма  түкіріп:  «Бұл  бала  бүкіл 
Шалахметовтер әуетінің атын шығаратын үлкен азамат болсын», деп батасын 
берген. Содан болар, кішкентай кезімде еркелікпен бір нәрсе бүлдірсем, әкем 
мен анам:  
—  Саған  данышпан  Соқыр  Ишан  бата  берген.  Біздің  көңілімізді 
қалдырма,— дейтін.  
Менің  қолымда  Соқыр  Ишанның  ғайыптан  сақталған  фотосуреті  де  бар. 
Оны  қазақтың  маңдайына  біткен  кемеңгер  композитор,  Құрманғазы 
оркестрін құрған дара тұлға, академик Ахмет Жұбанов берген.  
Менің  ана  тілім  орыс  тілі  мен  қазақ  тілі.  Отбасында  екі  тілде  де 
сөйлейтінбіз. Оқуды және жазуды өте ерте, бес-ақ жасымда үйреніп алдым. 
Анамның  айтуынша,  оқу  мен  жазуды  үйреніп  алған  соң,  мектепке  барамын 

 
21 
деп  қиғылық  салған  көрінемін.  Біз  Мумра  поселкесінде  тұрдық,  поселкеде 
орыс  тілінде  оқытатын  жалғыз  мектеп  болды.  Сол  бір  қиын  кезеңде 
оқушылар үшін портфель ұстау қол жетпес арман еді. Анам маған қарапайым 
ақжаймадан  сөмке  тігіп  берді,  осы  сөмкені  ұстап  бес  жасымда  мектепке 
аттандым. Қарапайым ақжаймадан тіккен сөмке маған бесінші сыныпқа дейін 
ажырамас серік болды.  
Оқытушылардың  ішінен  орыс  тілі  мен  тарих  пәнінен  беретін  Екатерина 
Ивановна  әлі  күнге  дейін  есімде  сақталды.  Екатерина  Ивановна  бізге  өз 
өмірінің  ең  бақытты  кезеңдері  Ленинградқа  барғаны  екенін  әңгімелейтін, 
Петерговтың,  субұрқақтар  аллеясының,  арыстанның  аузын  керіп  тұрған 
Самсонның  открыткаларын  көрсететін.  Осы  бір  әдемі  суреттер  бізге 
ертегілер  еліндегі  бейнелер  сияқты  елестейтін.  Себебі,  өзіміз  шеті  мен  шегі 
көрінбейтін, адамды қажытатын жұмыс пен қиындықтардың ортасында өмір 
сүріп жатқан едік.  
Біздің  үй  қазақы  ауылда  —  поселкенің  қазақтар  қоныстанған  бөлігінде 
орын  тепкен.  Мектеп  құмдауыт  төбенің  үстінде  анадайдан  менмұндалап 
көрінеді.  Поселке    Еділ  өзенінің  бір  тармағы  мен  құмдауыт  қырқаның 
ортасында  орналасқан.  Сол  өзеннің  жарқабағында  салынған  балық 
зауытында  балықтарды  қабылдап,  тұздап,  мұзға  салады,  ілгіштерге  іледі. 
Табан  балықтар,  сазандар,  басқа  да  балықтар  тау-тау  болып  үйіліп  жатады. 
Әкем  балық  зауытында  есепшілік  жұмыс  істеді.  Мумра  ауылының  барлық 
тыныс-тіршілігі осы балық зауытының төңірегінде қыз-қыз қайнап жатады.  
Кейін  отбасымыз  Самосделка  поселкесіне  көшіп  келіп,  әкем  Николо-
Комаровск моторлы балық аулау стансасына есепшілік жұмысқа орналасты. 
Анам — жергілікті шағын дүкенде сатушы. Поселкеде жеті жылдық мектеп 
бар екен.  
ХVІІ  ғасырдан  бастап  бұл  өлкеге  еркін  өмірді  іздеп  безіп  жүрген  әр 
саланың  өкілдері  қоныстанды.  Айтпақшы,  Ульяновтар  әулеті  де  осы 
Астраханнан. Лениннің атасы бұл жерде тігінші дәрежесіне дейін көтерілген. 
Ол  кезде  цех  иерархиясында  мұндай  дәрежеге  жету  оңай  шаруа  емес.  (Бұл 
оқиғадан  мен  кейінірек  журналист  болып  жүргенде  хабардар  болдым) 
Лениннің әжесі Смирнова деген шоқынған қалмақ қызы.  
Самосделканың  өзінде  әлде  орыс,  әлде  казак  —  құл-ұғырлар  тұрды. 
Шіркеу  оншалықты  қолдай  қоймайтын  осындай  секта  болған.  Николо-
Комаровканың  атауының  қойылуы  туралы  оқиға  да  айрықша  айтып  кетуге 
тұрарлық дүние. Заманында осы өңірге құл-ұғырларды дәстүрлі православие 
дініне қаратуды мақсат тұтқан Николай деген уағызшы көшіп келіпті. Бірақ 
ол мұнда өзі ойламаған жағдайларға тап болған. Солтүстік аймақтарда өмір 
сүрген  Николайға  жер  бетінде  осыншалықты  масасы  көп  жер  бар  деген  ой 
кіріп  те  шықпайды  екен.  Ондайға  еті  үйренбеген  адамдарды  маса  аяусыз 
шағып  тастайды.  Егер  осыншалықты  қалың  масасы  болмаса,  бұл  жерде 
балық  та  мол  болмаушы  еді.  Себебі,  уылдырық  шашуға  келген  балықтар 
масалардың  лечинкаларымен  қоректенеді.  Тұрғындар  өздерін  және 
қолдарындағы  азын-аулақ  малдарын  масадан  қорғау  үшін  түтін  салып  жан 
сақтайды.  

 
22 
Николай тұрғындарға уағыз айтып жатқан сәтте тыңдап отырған халықтың 
масадан  мазасы  кетіп,  бір  орында  байыз  тауып  отыра  алмапты.  Уағызшы 
осыны  көргеннен  кейін  амал  жоқ  шіркеудің  ішінде  от  жағуға,    сөйтіп  түтін 
түтетуге  мұрсат  берген  көрінеді.  Әйтпесе,  айтқан  уағыздарын  тыңдауға 
адамдардың шамасы келмейтінін түсінсе керек. Ал құл-ұғырлар қызу қанды, 
нәпсіқұмар қауым болғандықтан, оттың жалынына шыдай алмай, шіркеудің 
ішінде  махаббаттың  қызығына  беріліпті.  Мұндай  оқиғаға  шыдай  алмаған 
Николай креске асылып өледі.  
Құл-ұғырлар  қауымы  өздеріне  жақсылық  ойлаған,  сол  үшін  азап  шеккен 
адамға  құрмет  көрсетіп,  шіркеуді  аяғына  дейін  салып  бітірген.  Осылайша, 
Николо-Комаровск шіркеуі пайда болыпты. Біздің мектеп дәл осы шіркеудің 
жанында  орналасқан.  1957  жылға  дейін  мен  шіркеу  жанындағы  мектепте 
білім алдым.  
Мен  мектепте  жақсы  оқыдым,  үштік  алған  емеспін.  Біздің  үйдегі  басқа 
балалар  (отбасында  бес  баламыз)  мектепте  жақсы  оқыды  деп  мақтана 
алмаймын.  Менің  оқуға  деген  құштарлығымды  көрген  әкем  мен  анам  мені 
құтқаратын  бірден-бір  жол  осы  білім  деген  шешімге  келіпті.  Сол  себепті, 
олар  күнделікті  тұрмыстағы  бау-бақшаны  өсіру,  мал  жайлау  сияқты  
жұмыстардан менің қолымды босатуға тырысатын. Олардың маған жүктеген 
азын-аулақ жұмыстарын мен тыңғылықты орындадым. Бірақ екеуі маған көп 
жұмыс істетпейтін.  
— Сен ең бастысы кітабыңды оқы,— дейтін.  
Осылайша,  үйдегі  мен  атқаруға  тиіс  шаруалар  басқа  бауырларымның 
мойнына  жүктеледі.  Соның  әсері  болар,  өзімшіл  болып  өстім.  Әйтпесе, 
мектепті  әупірімдеп  тәмамдап,  жұмысқа  жегілуім  мүмкін  еді.  Отбасы 
мүшелері  көп,  бәрін  асырауға  қаражат  керек.  Оның  үстіне,  жағдайлары 
бізден  де  төмен  туыстарымыз  жетіп-артылады,  соғыс  кезеңінен  бері  оларға 
біздің  отбасының  көмектесіп  отыруы  дағдыға  айналған.  Бухгалтер  мен 
дүкеншінің жалақысы онша көп емес, басқа тартсаң аяққа жетпейді. Ал менің 
ата-аналарым  біреудің  ала  жібін  аттауға,  ұрлық  жасауға  жандары  қас 
адамдар. Әрине, ауылдық жерде дүкенде сатушы болып істеу біршама жақсы 
жұмыс, соның арқасында біздің отбасымыз таршылық көре қойған жоқ.  
Әкемнің екі бауыры бар. Бір таңғалатыным, екеуінің де жазулары керемет 
әдемі  еді,  ақ  қағазға  маржандай  тізіліп  түсетінін  талай  көргенмін.  Ал  ол 
заманда жазуы жақсы адамдарды әскерге писар болуға немесе бухгалтерлікке 
алады.  1957  жылы  жетінші  сыныпқа  көшкенімде  әкемнің  кіші  інісі  Ахон 
(орысша оны барлығы Гена деп атайтын) ата-анама сәл де болса көмектескісі 
келіп,  мені  өзінің  үйіне  алдырды.  Ахон  Уфа  қаласына  жақын  жерде, 
Октябрьск  қаласында  тұрады.  Ағам  башқұрт  мұнайында  есепші  болып 
істейді.  Бұл  жерде  мұнай  өндіру  жаңадан  қолға  алынған  кез,  соның  өзінде 
қаланың  айналасына  көптеген  қазан  шұңқырлар  қазылып  тасталған,  көкке 
мойындарын  созған  мұнай  мұнаралары  менмұндалайды.  «Қара  алтынмен» 
бірге шығатын ілеспе газды жинау, өңдеу әлі қолға алынбаған кез. Кешқұрым 
қаланың үсті алаулаған ілеспе газдан жарық болып тұрады. Әлі күнге дейін 
есімде, қалаға ең алғаш келген шетелдік делегацияға жергілікті басшылар: 

 
23 
—  Көрдіңіздер  ме,  біз  қандай  баймыз!  Бізге  бұл  газды  аяудың  қажеті 
жоқ,— деп мақтанған.  
Мұнайдың  айналасында  жүрген  адамдардың  жалақысы  жаман  емес,  ағам 
сол кездегі ахуалмен салыстырғанда біршама жақсы тұратын. Мен бұрынғы 
үйреншікті ортамнан мүлде басқа жерге түстім. Осында бір жыл оқып, білім 
алдым.  
Ал  келесі  жылы  сегізінші  сыныпқа  көшкенде  әкемнің  үлкен  ағасы 
Әбдірахман (Біз оны Саша аға дейтінбіз) Света екеумізді Волгорадтағы үйіне 
алып кетті. Жұрттың бәрі қаланы әлі де бұрынғыша Сталинград деп атайды, 
Хрущев тұсындағы жаңа атауына ешкімнің құлағы үйрене қоймаған екен.  
Қызыл  әскер  ауданындағы  60-шы  мектепте  оныншы  сыныпты  бітіргенше 
білім  алдым,  комсомол  белсендісі  болдым.  Тоғызыншы  сыныптан  бастап 
мектептің комсомол комитетінің хатшысы атандым. Біз асыраушысыз қалған 
қаңғыбас  балаларды  тауып,  оларды  жетім  балалар  үйіне  жіберуге 
көмектесетінбіз.  Одан  басқа  да  көптеген  жұмыстарды  жасадық,  сол  арқылы 
өзімізді ересек сезінуге тырыстық.  
Мектеп  кемелер  жүруге  арналған  Волга-Дон  каналының  екі  шлюзі 
салынған  жердегі  ауданда  орналасқан.  Шлюзді  түрмедегілер  салды,  біздің 
кезімізде  кейін  зауытқа  айналған  лагерьдің  нысандары  әлі  өше  қоймаған. 
Шлюздің  қасында  Сталиннің  биіктігі  қырық  метрлік  үлкен  ескерткіші 
қасқайып  тұрады.  Мүсін  Еділ  бойындағы  жазық  далаға  көз  тастап  тұр. 
Балалар  ескерткіштің  ішіндегі  арнайы  саты  арқылы  өрмелеп,  басына  дейін 
шығамыз.  Ескерткіштің  бір  көзі  жабық,  екінші  көзінде  үңірейген  тесік  бар. 
Осылайша,  «Сталиннің  көзі»  арқылы  Еділ  бойын  жағалап,  көкжиекпен 
астасқан  жазық  далаға  көз  тастаймыз.  Көсемнің  мүсінінің  басында  арнайы 
күзетші  отыратын  орын  бар.    Күзетші  кішкентай  тесіктен  маңайдың  бәрін 
шолып отырады, көсемнің мүсініне саңғып кетпес үшін көгершіндерді атады. 
Сталиннің жарқын бейнесін тазалап сүртеді. Қысқасы, көсемнің қола мүсіні 
оның  өзі  сияқты  халыққа  тыныштық  бермейтін.  Бұл  жағдай  Сталиннің  көзі 
тірісінде ғана емес, өлгеннен кейін де ұзақ уақытқа созылды.  
Поселке  тұрғындары  осы  алып  мүсіннің  басы  кеудесіне  қалай 
орнатылғанын жыр қылып айттады. Жезқазғанның мысынан құйылған алып 
басты  сонау  қырық  метрлік  биікке  көтеру  оңайға  түспеген  көрінеді.  Оған 
лайықты кран да, тікұшақ та болмаған. Мұз құрсанған, сақылдаған сары аяз 
қаһарына мінген наурыз айында Сталиннің басын орнатып жатқан сәтте үш 
адам заңғар биіктен құлап кетіп, қаза тауыпты.  
Ол  кезеңде  мүсіншілердің  жұмысы  атышуы  НКВД-ның  құзырымен 
қадағаланып  отырылатын.  Кейін  ұлы  коммунизмді  құру  ісі  аяқталды,  Еділ-
Дон каналы азаматтық басқаруға берілді. Партияның ХХ съезі өтті, лагерьлер 
таратылды,  Сталин  ешкімге  керексіз  болып  қалды.  Соған  қарамастан,  алып 
ескерткішті  орнынан  түп  көтеріп  құлатып  тастауға  біразға  дейін  ешкімнің 
қолы  бармаса  керек.  Ойламаған  жерден  осы  көз  үйренген  Сталин  мүсінінің 
орнын сипап қалдық, оны бір түннің ішінде тракторлармен қопарып тастады.  
Біз  оқыған  мектепке  жақын  жерде  Волгоград  мұнай  өңдеу  зауыты 
салынды. Зауытқа мұнайды Бакуден, Татарстаннан тасымалдайды. Волгоград 

 
24 
Волга өзенін бойлай сексен шақырымға жуық аумаққа созылып жатқан үлкен 
қала. Мұнда жанар-жағармайға деген сұраныс өте жоғары, яғни мұнай өңдеу 
зауыты да өте қажет деген сөз. Зауытты Волга-Дон каналы басталатын жерге, 
бірінші шлюздердің тұсына салды. Әбдрахман ағам зауыт құрылысының бас 
есепшісі болды. Зауыттың айналасында тез арада көптеген тұрғын үйлер бой 
көтеріп,  құрылысшылар  пәтерге  ие  бола  бастады.  Ағамның  еншісіне  үш 
бөлмелісі  тиді.  Онда  ағам,  Забура  тәтем,  оның  үш  қызы  және  Светлана 
екеуміз тұрдық.  
Мектебіміз  өте  жақсы.  Оқу  өте  көңілді.  Ол  кезде  мектеп  ішінде  хор 
қоғамын құру сәнге айналды (қазір оның бәрі өткен шақ сияқты). Мен біздің 
хорымыз ауданда ғана емес, бүкіл қала бойынша бірінші орын алғанын қатты 
қаладым.  Комсорг  ретінде  жұрттың  барлығын  хорға  қатысуға  қуалап  қана 
қоймай, өзім де олармен бірге ән салатынмын. Хор жетекшісі, аккордеоншы 
маған:  
—  Сенен  қатты  өтініп  сұрайтыным,  аузыңды  өтірік  ашып-жұмып  тұршы. 
Бірақ  ән  айтушы  болма.  Сенің  даусың  тым  зор,  сәл  қателессең,  кәсіби 
мамандар бұл кемшілікті бірден сезіп қоюы мүмкін,— дейтін.  
Бірде біз алпысқа тарта адам жалпы қалалық хор олимпиадасына бардық. 
Біздің  хорымыз  ақыры  оған  жолдама  алған  еді.  1959  жылдың  көктеміндегі 
демалыс уақыты. Хордың құрамында алпысқа тарта әнші бар. Көктем мезгілі 
болғанымен,  күн  райы  қаһарлы  қыстан  бетер  суық,  өткір  жел  гулеп  тұр. 
Құлағымды үсітіп алып, ұзақ уақыт ауырғаны әлі есімде. Сонымен, облыстық 
драма  театрының  сахнасына  сапқа  тұрдық.  Бірнеше  мектептің  ұжымы 
жиылған.  Гулак-Артемовскийдің  «Запорожец  за  Дунаем»  ариясын  айттып 
жатырмыз: «Закувала та сива зощуля рано вранці на рорі». Жетекшіміз бүкіл 
хорды бір өзі басқарып тұрғанына дән риза. Мені әдейлеп шақырып алып:  
— Тағы да өтініп сұраймын. Егер біздің хор бұдан әрі Мәскеуге барғанын 
қаласаң,  ән  айтушы  болма.  Басқалармен  бірге  аузыңды  жыбырлатып  тұр, 
бірақ  ән  айту  туралы  ойлама,—  дейді.  Алғашында  қатты  өкпеледім.  Сосын 
«Осындай  үлкен  ұжымның  жұмысын  бір-ақ  сәтте  іске  алғысыз  ете 
алатынымды» ойлап, іштей өзіме-өзім риза болдым.  
Әлі  күнге  дейін  Әбдірахман  ағам  мен  Забура  тәтеме  (олар  қазір  жоқ, 
қайтыс  болып  кеткен),    олардың  үш  қызына  деген  алғысым  шексіз.  Сол 
кісілердің  арқасында  мен  үлкен  қалада  өмір  сүруге,  білім  алуға  мүмкіндік 
алдым.  Халық  тойынып  тамақ  ішпейтін  қиын  кезең  еді  ол.  Ата-анамыз 
қарындасым  екеумізді  оқуға  аттандырғанда  біздің  қалалық  мектепте  білім 
алғанымызды қалады. Демалыс кезінде ауылға қайтатынбыз.  
Ауылға қайтып бара жатқан бір сапар күні бүгінге дейін ұмытылған жоқ. 
1958  жылдың  көктемі  еді.  Волганың  оң  жағалауынан  сол  жағалауына  өтіп, 
Астраханға  баратын  пойызға  отыруымыз  керек.  Қалай  өтпекпіз?  Автобус 
жүрмейді, Волгоград ЖЭС-нің тоғаны әлі салына қоймаған. Өзен суының бір 
тармағының  үстінен  өтетін  жұмысшылар  үшін  салынған  саты  бар.  Темір 
басқыштары бар берік саты. Жылу электр стансасына су екі су тармағының 
біреуінен  жіберіліп  тұрады.  Су  жіберілген  кезде  өзен  бетіне  қалың  бу 
көтеріліп,  күн  салқын  кезде  темір  басқыштың  бетін  құрсап  тастайды. 

 
25 
Светаның  бесінші  сыныпта  оқитын  кезі.  Ол  үшін  мұз  құрсанған  сатының 
үстінен  тайғанап  кетпей  жүрудің  өзі  көп  күшке  түседі.  Саты  көпірдің 
ұзындығы  болса  бір  жарым  шақырымнан  асады.  Осы  бір  жарым  шақырым 
тар жол, тайғақ кешуден азық-түлік салынған қапшықты арқалап өтуің керек 
(бізге ата-анамыз бен кіші қарындастарымыз үшін азық-түлік салып берген. 
Үйде  ештеңе  болмағандықтан  көбірек  алғанбыз).  Света  жылап  келеді.  Мен: 
«Қорықпа!»  деп  оны  жұбатып  қоямын.  Сенбі  күні,  жақын  маңайда  жүрген 
адамдар  көрінбейді.  Бір  оқыс  оқиға  бола  қалса  қайтпекпін?  Әйтеуір,  аман-
есен өттік арғы жаққа.  
Жаз  мезгілінде  жұмыс  істеп,  аз-мұз  қаражат  табуға  тырысатынмын. 
Көбіне-көп  балық  аулау  маусымынан  қалмаймын.  Сегізінші  сыныпта 
жүргенде  әкем  маған  еңбек  кітапшасын  жасап  берген.  Осылайша,  менің 
еңбек  өтілім  сегізінші  сыныптан  бастау  алды.  Еңбек  кітапшама  түскен  ең 
алғашқы  жазба  «Николо-Комаровск  моторлы  балық  аулау  стансасасының 
токарының үйренушісі» деп көрсетілген.  
—  Сен  енді  ер  жеттің,  жұмыс  істейтін  жасқа  келдің,—  деді  әкем.  Мен 
кәсіпорынның  есепшісімін  ғой,  жұмысқа  орналасу  жағынан  қиындық  бола 
қоймас. Ең бастысы, ерінбей еңбек ет. Жұмысқа ерте төселгенің өзіңе жақсы, 
болашақта қажетіңе жарайды. 
Әкем мені еңбекке ерте араластырғанын мақтан тұтады.  
 
Қайнаған цехта 
 
Мектепті  1960  жылы  тәмамдадым.  Бар  ынта-шынтаммен  оқыдым,  үздік 
оқушы болдым, алтын медаль алдым. Орта мектепті бітіргеннен кейінгі бар 
ойым институтқа түсуге ауды.  
Роммның «Бір жылдың тоғыз күні» атты фильмін көріп, бірқатар ғылыми 
кітаптарды  оқығаннан  кейін  бұл  өмірдегі  ең  маңызды  дүниелерді  шешетін 
лириктер  емес,  физиктер,  себебі,  атомның  құпиясы  адамзатты  барлық 
қиындықтан  құтқарады,  жарқын  өмірге  жетелейді  деген  қорытындыға 
келдім. Сөйтіп, физик болуға көңілім ауды. Әрине, бұл саланы керемет жетік 
білдім дей алмаймын. Есесіне, осы салаға деген қызығушылығым күшті еді. 
Сол себепті Мәскеу Мемлекеттік университетіне түсуге бел будым.  
Бұл  атақты  оқуға  түсудің  жолдарынан  мүлде  бейхабармын,  соған 
қарамастан  Мәскеуге  аттандым.  Алтын  медальмен  бітіргендер  МГУ-ге 
жалпы  негізде  қабылданатынын  естігенмін.  Сонымен,  Мәскеуге  келіп, 
жатақханаға  орналастым,  емтихандарға  дайындала  бастадым.  Алайда, 
алғашқы емтиханда математикадан екі алып қалдым. Өзімнің математикадан 
осал  емес  екенімді  білетін  мен  алғашында  мойымадым.  Өзімнің 
дұрыстығымды дәлелдеуге тырысып бақтым. Бірақ емтихан қабылдаушылар 
менің есеп шығарған парағымды алдыма тосып, қателерімді мойныма қойып 
берді.  Қолдан  келер  қайран  жоқ,  ауылға  қайтар  алдында  ең  болмағанда 
Мәскеуді  армансыз  араламақшы  болдым.  Ауылдық  жерлерден  келген 
адамдардың барлығы бірінші кезекте ат басын тірейтін жері  — Қызыл алаң. 
Қызыл  алаңда  отырып,  ойға  кеттім...  Азғантай  абыройға  ие  болған, 

 
26 
белсенділігіммен көзге түскен жерім Волгоградқа қайтуға намысым жіберер 
емес.  Бірақ  қолдан келер шара  жоқ,  ауылға  қайттым.  Мені оқуға  аттандыру 
үшін бір ірі қарасын сойып, пойызға билет әперген, құдайдан тілеуімді тілеп 
қалған әке-шешемнің жанына оралдым... 
Келе салысымен әкем:  
—  Ғаділбек,  ең  дұрысы  сенің  Алматыға  барғаның  жөн  болар.  Жарайды, 
қазір  жұмысқа  орналастың  немесе  Волгоградтағы  Политехникалық 
институтқа  оқуға  түстік  делік.  Онда  сол  баяғы  Володя  Шалахметов  болып 
қала  бересің  (Мектепте  мені  Володя,  үйде  Ғаділбек  деп  атайтын).  Сен 
орысша жақсы білесің, алайда ана тіліңді де ұмытпауға тиіссің. Әйтпесе, ата-
тегіңнен,  туған  халқыңнан  ажырап  қаласың.  Оқуға  биыл  түспесең,  келер 
жылы түсерсің. Алматыға барып, тұратын жер тауып ал. Жұмыс та табылып 
қалар.  Қашан  аяғыңнан  тұрып  кеткенше  ақшаны  саған  біз  берейік.  Ештеңе 
етпейді, көп болса тағы бір малды соярмыз. Оның үстіне, туысқан әпкең де 
сол жақта,— деп ақыл берді. 
Алматыда институтта оқитын анамның туған сіңлісі Жаңылтайдан (Женя) 
өзге ешкімім жоқ.  
—  Ол  жақта  біздің  Мұхамбетқали  Сужіков  дейтін  тағы  бір  танысымыз 
бар,—  дейді  әкем.—  ЦК-ның  идеология  жөніндегі  хатшысы,  үлкееен  адам. 
Мен ол кісіге арнап хат жазып берейін. Кім біледі, мүмкін институтқа түсуге, 
орналасуға көмектесіп қалар.  
Кейінірек маған ол кісімен жүздесудің сәті түсті. Шынында да үлкен сый-
құрметке  ие  мықты  адам.  Брежневтің  тұсында  елімізде  идеологиялық 
мәселелерге басшылық жасаған.  
Сонымен, әкемнің кеңесіне құлақ асқан мен пойызға мініп, он жеті жылдан 
бері  көрмеген,  өзім  үшін  беймәлім  Қазақстанға  тартып  кеттім.  Қарап 
отырсам, осы кезге дейін үнемі қазақтардың ортасында өмір сүріппін, бірақ 
Қазақстанда емес. Алматы маған бір көргеннен ұнады, көрікті, тыныш шаһар 
екен.  Ендігі  міндет  жұмысқа  орналасу.  Туыс-туғандарымның  жөн  сілтейтін 
шамалары жоқ. Әпкемнің өзі әлі студент. Сужіковке хатты апарғам жоқ, оған 
намысым  жіберер  емес.  Жас  кезімізде  бәрімізде  идеалистік  пиғыл  басым 
болып  келеді,  «тамыр-таныстық  құрысын»  деп  ұрандауға  құмармыз.  Сөйте 
тұра, өзім қалайша тамыр-таныстарды жағаламақпын?!  
Беймәлім көшелердің бойын жағалап, ойға батып келе жатыр едім, көзіме 
«Ғылым академиясы Металлургия және байыту институтының ірілендірілген 
қондырғылар зертханасы» деген жарнама шалына кетті. Маған бұл жарнама 
бірден  ұнады.  Өзі  Ғылым  академиясына  қарайды,  оның  үстіне  жай  зауыт 
емес,  зертхана.  Ол  аз  десеңіз,  ірілендіірілген  қондырғылар  зертханасы.  Мен 
үшін  осының  бәрі  керемет  маңызды  істерге  бастайтындай  болып  көрінді. 
Кейінірек белгілі болғандай, бұл түсті металдар өндірісін өндірістік сынақтан 
өткізетін қарапайым жер болып шықты. Рудаларды байытудың, қалдықтарды 
қайта  өңдеудің,  балқытудың  жолдары  жасалады.  Зертхана  Ауыр  мәшине 
жасау зауытының аумағында, ең шетінде орналасқан. Соған бас сұқтым. 
— Зертханашы боласың ба?— деп сұрады.  
— Боламын. Қанша төлейсіздер? 

 
27 
— Жетпіс сом.  
Тәуекел,  өзімді-өзім  асырауға  осы  да  жетеді.  Бір  шағын  бараққа 
қоныстанып,  жаңа  жұмыс  орныма  бой  үйрете  бастадым.  Жұмысым  өзіме 
ұнайды.  Негізінен  қара  жұмыс,  бірақ  барлық  жерге  жаңа  қондырғылар 
орнатылған. Индукциялық пештер, СВЧ-ның жаңа түрлері, химиялық анализ 
жасайтын  құрылғылар...  Осы  тектес  жаңа  дүниелердің  бәрі  өнеркәсіпке  әлі 
енгізіле  қоймаған,  бірақ  таяу  уақытта  енгізілуге  тиіс.  Уақыт  өте  келе 
металлургия  деген  не  екеніне  терең  бойлай  бастадым.  Бұл  зертханаға  ол 
кезде  Қазақстан  КП  ОК  бірінші  хатшысының  немере  бауыры,  кейін 
Қазақстанның  Ғылым  Академиясының  Президенті  болған  адам  Асқар 
Минлиахмедұлы  Қонаев  басшылық  жасайтын.  Ол  кісінің  кім  екенін  мен 
артынан білдім.  
Сол  зертханада  қарақожалақ  болып  күйген  халатпен  жүрген  адамдардың 
бәрі кейін ең кемі Ғылым академиясының мүшелігіне дейін көтерілді. Қазір 
кездесе қалсақ, олар маған: «Сен негізі мықты жігіт болдың, еңбекқор едің», 
деп қалжыңдайды.  
Мен жұмысқа келген уақыт зертхананың жаңа ашылған кезі, көп болса екі-
үш  жыл  болған.  Жаңадан  салынған  цех  заманауи  қондырғылармен 
жабдықталған,  (Әсіресе  тың  көтеру  науқанынан  кейін  Қазақстанға  жаңа 
дүниелер көптеп келген-ді), жұмыс істейтіндердің көпшілігі жастар. Жұмыс 
уақыты  аяқталғаннан  кейін  үйге  барудың  орнына  волейбол,  пинг-понг 
ойнайтынбыз.  Бізбен  бірге  Мәскеуден,  Оралдан  келген  ғалымдар  жұмыс 
істеді.  Олар  жаңа  қондырғыларды  іске  қосады,  бұрынғы  ескі  пештерден 
өзгеше  балқытушы  пештерінің  жаңа  түрлерін  меңгереді.  Кіші  зертханашы 
ретінде  мен  осы  процестердің  бәріне  қолымнан  келгенше  ат  салыстым, 
анализдер жасадым, тапсырған жұмыстарын орындадым.  
Қыс  өтіп,  көктем  келді.  «Қайда  оқуға  түсемін?»  деген  сауал  тағы  да 
туындады.  Әрине,  оқу  орнын  таңдау  барысында  маған  жұмыс  орнымның 
ықпалы  тигені  сөзсіз.  Мен  көп  ойланбай-ақ  Қазақ  политехникалық 
институтына,  осы  оқу  орнының  түсті  металлургия  факультетінде  оқуға 
шешім  қабылдадым.  Процестерді  автоматтандыру,  яғни,  техникалық 
кибернетика бөліміне көп қиналмай түстім. Өз басым мамандық  таңдағанда 
оның  беделіне  немесе  болашақта  көп  ақша  табу  мүмкіндігіне  қараған 
жоқпын.  Келешекте  кім  болғым  келетінін  айқын  түсінгендіктен  осындай 
қадамға бардым.  
Хрущев билігі тұсында жұмыс тәжірибесінің болуы Жоғарғы оқу орнына 
түсу кезіндегі ең басты шарттардың бірі саналатын. Ал мен болсам металлург 
жұмысының  қыр-сырына  біршама  қанығып,  осы  мамандыққа  деген 
құштарлығым  оянған  адаммын.  Жалпы,  металды  балқыту  ісі  динамикалық 
процес, сапалы металл алу үшін сен оған жан-тәніңмен беріліп жұмыс істеуге 
тиіссің.  Ал  бұл  жұмыстың  жүйесі  жан-жақтылықты  талап  етеді. 
Энергетикалық,  электромеханикалық  жұмыстан  біршама  хабардар  болуың 
керек.  
Оқуға  түскеніме  бір  ай  өтпей  жатып  біздің  бәрімізді  Өскемендегі 
қорғасын-мырыш комбинатына жіберді. Сол жылдардан бастап Өскемендегі 

 
28 
аталмыш комбинаттың абыройы асқақтап, қорғасын, мырыш, мыс және басқа 
да  түсті  металдар  балқыту  ісінде  үнемі  көш  басынан  көрінгені  белгілі. 
Менімен  бірге  оқыған  Гена  Клюев  —  Клювик  қазір  сол  комбинаттың 
директоры. Алған бетінен қайтпайтын, ойға алған ісін орындамай тынбайтын 
мықты азамат.  
Қайнаған  цехта  өткізген  бір  жарым  жыл  ішінде  біз  өзіміздің 
болашағамызды  арнайтын  мамандықтың  қыр-сырын  үйрендік,  ыстық-
суығына  төздік.  Сол  жылдары  тәртіп  осыны  талап  ететін.  Маған  мырыш 
өндіру,  қорғасын  өндіру  ісінің  басы-қасында  жүріп,  аталмыш  жұмыстың 
тетігін толықтай меңгеруге тура келді.  
Біз металлургтің көмекшісі болып жұмыс істедік. Әрбір ұшқының түбінде 
бірнеше  шахта  пештері  орналасады,  әрқайсысының  астында  леткасы  бар. 
Нақтырақ  айтқанда,  металға,  штейнге  (толық  тазартылмаған  өнім.  Мәселен, 
мыс  пен  басқа  да  металдардың  қосындысы  бар  қорғасын  болуы  мүмкін), 
қалдыққа  арналған  үш  летка.  Цехтың  іші  қайнаған  ыстық,  газ,  әрең 
шыдайсың. Өмірімде басқа жерде ондай азапты көрген емеспін, көру туралы 
ойламаймын  да.  Мен  өскен  балықшы  ауылда  мұндай  пештер  қайдан 
болсын?!  
Күні бойы қара терге түсіп жүресің, аяғыңда пима тәріздес қалың шұлғау, 
жүннен тоқылған қалың шалбар, жүннен тоқылған жейде. Басыңда көзәйнегі 
бар  қалпақ.  Көзәйнек  балқыған  металдың  жарқылынан  қорғау  үшін  қажет. 
Тәніңді қарып түсетін ыстықтан, газдан тұзды су ішіп сақтанасың. Жаңадан 
келген  тәжірибесі  аз  жұмыскерлер  шыдай  алмай,  тұзды  суды  көбірек  ішіп 
қойып,  одан  сайын  терлейді.  Үстіңдегі  добалдай  киімді  шешуге  болмайды, 
себебі  маңайдың  бәрі  ұшқындаған  от-жалын.  Комбинаттағы  біздің 
жұмысымыздың  бастапқысы  екі-үш  ауысымнан  тұрады.  Алдымен,  балқыту 
аяқталысымен  крандармен  үлкендігі  төр  адамның  бойымен  деңгейлесететін 
алып  шөміштер  түсіріледі.  Сол  шөміштердің  біреуіне  металл,  екіншісіне 
штейн,  үшіншісіне  қалдықтарды  құю  керек.  Ауысымның  біреуі  леткаларды 
ашумен шұғылданады. Оны оттегі сымдар арқылы жағып жібереді.  
Мен жұмысқа шыққан кезектердің бірінде шөміштегі қорғасын еденге лақ 
етіп төгілді. Әріптестерімнің бірі металлды тым көп құйып жіберді ме, әлде 
кранды басқарушы дұрыс қарамады ма, белгісіз. Қысқасы, маған өзгелермен 
бірге  еденге  төгілген  қорғасынды  жинауға  тура  келді.  Қатып  қалған  металл 
зілдей  ауыр,  оны  опыру  керек.  Оның  үстіне  сол  сәтте  цех  бастығы  кіріп 
келіп: 
— Сендер не бүлдіріп жатырсыңдар?! Түк қалдырмай тазалаңдар. Еденде 
бір шөкім металл қалмайтын болсын!— деп зекіп кетті. Сонымен, бізге өзіміз 
шаршап-шалдығып  әрең  өткізген  алты  сағаттық  кезегімізге  қоса,  тағы  төрт 
сағат  мықшыңдауымызға  тура  келді.  Шаршағаным  соншалықты,  үйге  келе 
жатып  автобуста  ұйықтап  қала  жаздадым.  Үйге  келіп,  керуетке  гүрс  етіп 
құлап,  қалың  ұйқыға  кеткеннен,  келесі  кезектегі  жұмысқа  шыққанға  дейін 
тырп етпей ұйықтадым.  
Балқыту  екі-үш  кезекке  созылады,  осы  уақыт  ішінде  летка  жабық  тұрып, 
металл жиналады. Біз бар назарымызды салып, қадағалап тұрамыз. Қорғасын 

 
29 
аға  бастағаны  көрінсе,  летканы  ашатын  уақыт  келді  деген  сөз.  Бастапқыда 
бірге  істейтін  әріптесім  маған  саз  балшықтан  конус  істеуді  тапсырды, 
онымен  қорғасын  аға  бастаған  кезде  летканы  тығындап  тастау  керек. 
Тығындап  тастау  деген  айтуға  ғана  оңай.  Қорғасынның  қасында  жүріп 
жұмыс істеу оңай емес. Ол қалайы сияқты ыстық болмаса да, өте ауыр.  
«Тығындау» операциясы әскери өнерден еш кем емес. Конустар істіктерге 
кигізіледі.  Енді  осы  істікті  еріген  металл  ағып  жатқан  тесікке  дәл  қадау 
керек.  Оны  тығындау  оңай  емес,  мырыш  ыстық  әрі  ауыр,  тығынды  атып 
жібереді.  Тесікке  істікті  қадай  салысымен,  бар  күшіңмен  итеру  керек,  сол 
сәтте  қасыңдағы  әріптесің  дәу  балғамен  істіктің  артынан  соғып-соғып 
жібереді.  Жай  жаба  салмай,  әбден  бітеп  тастау  үшін  солай  істейсің.  Бір 
қарағанда оңай технология сияқты. Алайда, тесіктікті бітеген сәтте қорғасын 
шыжылдап,  ұшқындар  тура  сенің  үстіңе  шашырайды,.  Ыстық  металл  тура 
үстіңе  құйылып,  өзіңді  лаулап  жанып  бара  жатқандай  сезінесің. 
Металлургтер үшін бұл үйреншікті жайт  — одан қорқатын түгі де жоқ. Тек 
қорғасын  аздау  құйылып,  үстіңдегі  жүннен  тоқылған  киімдеріңді  күйдіріп 
тастамас үшін (қанша дегенмен температурасы 600 градус) істікті тез тығып, 
он  секундтай  уақыт  шыдауға  тиіссің.  Осы  он  секунд  ішінде  бірге  істейтін 
әріптесің  кувалдасын  қолына  алып,  бар  ептілігі  мен  күшін  жұмсап  соққы 
жасауы  керек.  Сонымен,  жұмыс  тәмам.  Пештен  алыстап,  қағынып-сілкініп, 
өзіңнің әлі тірі екеніңе көз жеткізесің.  
Зауыттың атақ-абыройының арқасында, ондағы металлургиялық жұмыстар 
барынша  автоматтандырылған  болды.  Иә,  біздер  летканы  қолмен  жағып, 
қолмен  бітейтінбіз,  бірақ  пешті  шихтаға  транспортерлер  тиейтін.  Басқа 
жұмыстар да біршама жетілдірілген.  
— Кеше біздің қалай мықшыңдағанымызды көрдің ғой,— дейді әріптесім. 
Еденнен  қорғасынды  жинап  алу  үшін  қаншама  уақытымыз  бен  күшімізді 
жұмсадық.  Бұл  деген  сұмдық  жұмыс  қой.  Соның  кесірінен  бақшаға  баруға 
үлгермедім... 
Бұл көктем уақыты еді. Көкжелек, сәбіз, азын-аулақ басқа да көкөністерді 
егу керек.  
—  Осындай  ұсақ-тиек  үшін  төрт  сағат  терлеп-тепшідік,  достым.  Байқа, 
мына  атың  өшкір  тесікті  бір  дегеннен  бітейтін  бол.  Түсіндің  бе?  Әйтпесе 
тағы  төгіледі.  Сен  конустарды  жасадың  ба?  Саз,  шамот,  ақбалшық  үшеуін 
дұрыстап араластырдың ба?  
 Конус  пішіндес  пирамида  ұқыптылықпен  жасалуға  тиіс.  Әйтпесе, 
қорғасын оны сыртқа атып жіберуі ықтимал.  
— Қысқасы, іске кірісейік. Сен әлі берде-бір рет бітеп көрген жоқсың ғой. 
Жарайды, осы жолы мен бітеймін. Сен қолыңа балғаны алып, аянбай ұратын 
бол.  
Ал істік темір арматураның құрышынан жасалса да, ұзындығы үш метрге 
жуықтайды.  Летканы  бітеген  кезде,  ұшы  тербеліп  тұрады.  Пеш  ішіндегі 
қорғасын  оны  сыртқа  теппес  үшін,  қатты  итеріп  тұру  керек.  Дәл  сол  сәтте 
мен кувалдамен дәлдеп ұрып, пирамиданы тығындауға тиіспін.  

 
30 
— Сенен бір нәрсені өтінемін. Бөгеліп қалмай, бірден соқ. Әйтпесе, маған 
ұшқын шашырайды. Өртеніп кетемін ғой.  
— Жақсы, мен дайынмын,— деймін.  
—  Онда  кірісейік.  Сәл  ертерек  бастайық.  Сенің  әлі  тәжірибең  жоқ  қой,  ә 
дегеннен жасай алмауың мүмкін.  
Ол  бүкіл  денесімен  илігіп,  летканы  жапты...  Таза  қорғасын  онша  шапши 
қоймайды,  ал  породаның  сапасыздығына  байланысты  толыққанды 
қорытылмаған металл болса, қорқынышты жұмыс. Осы жолы әріптесім істік 
темірді  леткаға  сұққаны  сол-ақ  екен,  үсті-басына  ұшқын  шашырап,  жана 
бастады. Басындағы қалпағы, күртешесі, барлығы қып-қызыл шоққа оранған. 
Лаулай  төгілген  оттың  астында  тұрып  алып  ол  жаны  ышқынып  айқайға 
басқан: 
— Енеңді... Не істеп тұрсың, соқсаңшы! 
Дәу  балғаның  салмағының  өзі  сегіз-он  келіге  жуық,  істік  темірдің  мен 
соғуға  тиіс  ұшы  әрлі-берлі  тербеліп  тұр.  Мен  екпіндеп  келіп  соғып 
жіберемін,  жанап  өтеді...  Жанап  өтіп,  әлгінің  ішіне  барып  тиді.  Әйтеуір,  ол 
шыдап тұр. Үсті-басы отқа оранса да, бар күшін салып шыдап бағуда: 
— Тағы ұр,— дейді.  
Мен  екпіндеп  келіп  тағы  да  соғып  жібердім.  Тағы  істік  темірге  тимей 
кетіп,  оның  өзін  соқтым.  Бағана  бірінші  рет  соққан  жерімнен  екінші  рет 
ұрдым. «Рахмет!» дейді ол. Менің бүкіл әке-шешемді, жеті атамды, ағайын-
туыстарымды,  кеңес  үкіметін,  мен  сияқты  мұрынбоқтарды  оқытқан,  балға 
сілтеуге  жіберген  оқу  орнын,  бәрін-бәрін  түгендеп,  ішін  кептіріп  бір 
боқтайды.  Мен  бізді  бұл  жаққа  ойнау  үшін  емес,  еңбек  етуге  жібергенін 
жақсы түсінемін, әрине. Демек, қол қусырып отыруға, басқалар жұмыс істеп 
жатқанда  қаққан  қазықтай  қақиып  қарап  тұруға  қақым  жоқ.  Себебі,  бізді 
осында  жұмысқа  жіберу  үшін  екінші  біреудің  жолын  бөгегені  анық  қой. 
Инженер  болғыңыз  келеді  екен,  бәріне  төзе  біл,  үйрен.  Меніңше,  маман 
даярлауда  бұл  өте  тиімді  тәсіл  еді,  кейін  сол  тәсілден  бас  тартқанымыз 
өкінішті-ақ.  
Сонымен, әріптесім аһылап-үһілеп, сабырға келді.  
— Жарайды. Сен мына түріңмен ешқашан анадай дәу балғаны істікке дәл 
соға алмассың. Енді сен тығындайсың, балғамен соғатын менің кезегім келді. 
Ең бастысы, қорықпа. Алғашында бәрі жүрексінетінін түсінемін. Сен тесіктің 
қай  жерде  екенін  шамалап  көріп  тұрсың  ба?  Саз  балшықтан  конусты 
жақсылап жасапсың, енді тек шатаспай, тесікті дәл көздеп, істікті қадау ғана 
қалды. Шегіншектеп кетіп жүрме. Істік темірді қозғалтпай, тура ұстап тұруға 
тырыс.  
Мен ішімнен осымен шаруам біткен шығар деп ойладым. Әріптесімнің бір 
жаман әдеті бар, балғаны қос қолдап емес, бір-ақ қолымен сілтейді. Балғаны 
мен сияқты емес, сабының ең ұшынан ұстап, бар күшімен соғады.  
Шынымды айтсам, мен үшін бұл керемет сынақ болды. Әрине, уақыт өте 
келе  қорқынышым  тарқап,  бұл  қиын  әрі  күрделі  жұмысқа  төселіп  алдым. 
Бірақ  ең  бірінші  рет  істеген  кезде...  Қысқасы,  тәуекелге  бел  буып,  тесікке 

 
31 
істікті  сермеп  қалдым,  дәл  қададым.  Үстімді  от-жалын  басып  кетті.  Жанып 
жатқанымды сездім. Әлсіреген дауыспен әріптесіме: 
— Неге мелшиіп тұрсың, соқсаңшы! Жанып жатырмын ғой,— деймін.  
Кері шегініп кету мүмкін емес. Шегінсем болғаны, тығын атылып, металл 
саулап аға жөнелері хақ. Қасымдағыға қарасам, ол балғаны соншалықты ұзақ 
серпілтіп тұрған сияқты. Бір емес, бірнеше рет көздеген тәрізді.  
— Қалшылдай бермей, істікті туралап ұста,— деп айқайлайды ол.  
Қанша  қорқып  тұрсам  да,  бар  күш-жігерімді  салып,  істік  темірді  оған 
ыңғайлауға  тырыстым.  Кенет  ол  соғып  кеп  жіберді.  Сол-ақ  екен,  маңайдың 
бәрі  тыныштала  қалды.  От  та  жоқ,  ұшқын  да  жоқ.  Летка  тығындалды.  Бір 
орында  мелшиіп  қатып  тұрмын.  Үстіме  жұққан  қорғасын  ағып  жатыр. 
Әріптесім қасыма келіп:  
— Неге қалшиып тұрсың, ақымақ. Үсті-басыңды қағын,— деді.  
Кейін  зауыттың  душында  денесін  күйдіріп  алған  көптеген  металлург 
жігіттерді  көрдім:  Кейбіреуі  жұмысқа  ішіп  алып  келген,  енді  біріне  қиын 
металл  тап  келген  болса  керек.  Өзіңнің  кезегіңе  қандай  қорғасын  келетінін 
қайдан білесің?!  
Дәл сол сәтте летканың қасында тұрып мен өмірлік қағидама айналған бір 
дүниеге көз жеткіздім: Өмірде өзіңнің ұстанымыңда нық тұратын, артқа бір 
қадам  да  шегінуге  болмайтын  сәттер  болады  —  көп  нәрсе  сенің 
мығымдығыңа  байланысты.  Иә,  егер  үстіңе  құйылып  жатқан  қорғасын  мен 
жалындаған ұшқынның астында тұрып қиындыққа шыдай білсең, қасыңдағы 
серігің дәл соққы жасайтын секундты қапы жібермесе, онда жеңіс қолға түсті 
деп есепте.  
Шыны  керек,  лақылдап  құйылып  жатқан  қорғасын  көңілге  қорқыныш 
ұялатады,  өзіңнің  шыбын  жаныңды  сақтап  қалғың  келеді,  бірақ  уақыт  өте 
келе  бәріне  бейімделуге  болады  екен.  Сөйтіп,  бір-ақ  қимылмен  тесікті 
бітейсің, сосын он секунд уақыт төзу керек екендігін, осы қас қаққанша өте 
шығатын аз уақыт серігіңнің соққы жасауына жеткілікті екендігін түсінесің. 
Ал  бұл  соққы  қорғасынның  жойқын  ағынына  да  тосқауыл  болады. 
Металлургтың мақтанышы — осы. Қас шебердің ғана қолынан келетін ерлік 
бұл. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет