Олжас
Казахстан — ты огромен.
Пять Франций — без Лувров, без Монмартров —
Уместились в тебе
все Бастилии грешных столиц.
Ты огромною каторгой
Плавал на маленькой карте.
Мы с тобою на этой каторге
Родились
Алпысыншы жылдары Алматыға келгенімде Олжас Сүлейменовтің
өлеңдері енді жариялана бастаған еді. Аз уақыт ішінде оның есімі атаққа
ілінді. Сол кезеңнен бері доспыз. Екеуміз сирек кездесеміз: Ол қазір
Қазақстанның Италиядағы елшісі, Мәскеу мен Алматыға жиі жолы түсе
бермейді.
Адамның бойына біткен үлкен талант өзін барлық қырынан көрсетеді екен.
Талантты жасырып ұстау мүмкін емес, ол күнделікті өмірде кез келген
тұрғыда көрінетіні хақ. Тіпті, күннен бөлініп шыққан фотондар сияқты жарқ
етіп көзге түспей қоймайды. Өзіңді талантты етіп көрсете алмайсың,
талантты болуға тырысудың өзі талантсыздық екені бәрібір аңғарылып
қалады. Олжастың бойындағы зор қуат пен жасампаз суреткерлік өмірдің кез
келген сәтінде айқын аңғарылып тұрады.
Олжастың кез келген өлеңін оқысаңыз, автордың өмір сырына, халқының
тағдырына терең бойлайтындығын түсінесіз. Қазақтардың көшпелі тұрмыс-
салты халықтың өзіндік дүниетанымын, әлемге деген көзқарасын
қалыптастырған. Олжастың өлеңдерінде айтылған ойлар біздің халыққа күні
бүгінге дейін жетпей келген дүние екен. Біз Олжас арқылы қазақтың
тұманды тарихында, Кеңес Одағы тұмшалап, көзден жасырып келген өткен
тағдырында айрықша маңызға ие құндылықтар бар екендігін білдік.
Өзіміздің кім екенімізді ұғындық. Біз кімбіз? Біздің өткен жолымыз қандай?
Бұл жолды кім үшін, қандай мақсатпен таңдадық? Қандай асыл мұрат үшін
бәріне төзіп келеміз? Осы тектес сауалдарға жауап іздей бастадық.
72
Кезінде Олжастың «Аз и Я» атты кітабына байланысты Одақ көлемінде
керемет дау туындады. Аталмыш еңбекте автор «Игорь полкы туралы
жырдың» мазмұнында Русь пен далалықтардың арасындағы ежелден келе
жатқан қайшылықты емес, екеуін біріктіруші астар жатқандығын анықтады.
Бұл кітап кеңес қоғамының санасында қайта құру идеясын еккен еңбектердің
бірі болатын (Кейін «Коммунизм проблемалары» жүргізген анкета осыны
растады). «Игорь полкы туралы жырда» көптеген түркі тіліндегі сөздер бар
екендігі белгілі болды. Шығыс славьян халықтары мен түркітілдес
халықтардың тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты екендігі, Русь көшпелі
түріктерден көптеген дүниелерді өз бойына сіңіргендігі осы еңбекте
көрсетілді, әрбір дерек дәлелденді.
«Жас Еуропа вагон терезесінен ақсақ, қарттықтан бүгілген Азияға мұрнын
шүйіре қарап тұрды. Жас әрі өзімшіл Еуропаға жүзін әжім басқан қарт
кемпірдің кезінде айдай сұлу ару болғандығына сену қиынға соқты. Өзінің
сату үшін вагонға салып алған қымбат әшекей бұйымдары заманында Азия-
арудың мойнында сылдыр қаққандығын мойындау аса ауыр еді. Азия-арудың
әсем даусына заманында ежелгі Греция мен Мысыр жұрты да құлақ түрген
еді.
Ғылым көшпелілерге бірден оң көзқараспен қараған жоқ. Жыртық-жамау
киіз үйлер, ХІХ ғасырдың аяғындағы шегіне жеткен кедейлік еуропалық
ғалымдардың көкейінде жағымсыз әсер қалдырғаны соншалық, далалықтар
мен Европаның арасында ежелде тығыз байланыс қалыптасқандығы туралы
ойлаудың өзі күпірлік болып көрінді...»
Олжастың Азияға өзінің тарихи ұлылығы туралы сену қиынға түсті дегені
нағыз ақиқат. Баршамызға тарихи тамырымызға, ежелгі мәдениетімізге көз
жіберу оңайға соқпағаны рас.
«Поэзия — әрекет» деп санайды Олжас. Ол солай санап қана қойған жоқ,
соны өзінің іс-әрекетімен көрсетті. Министрлік қызметте жүріп мен Олжасқа
Семей ядролық полигонында жарылыстарды тоқтату үшін күресуге
көмектестім. Бір қарағанда, ақын адамның бұл іске ешқандай жақындығы
жоқ сияқты көрінеді. Алайда, ол қазақ халқының тағдырына үлкен соққы
жасаған осы проблемаға көз жұма қараса, ақын болмас еді. Сол тұста
генералитеттің қаншалықты ықпалды болғандығын, жоғарғы билік
эшелонында отырғандардың жанын сала қарсылық білдіргендерін
көрсеңіздер ғой!.. Алайда, Олжас құдіретті әскери машинаға қарсы шығуға,
осы қатыгез машинаны өмірге әкелген жүйеге қарсы шығуға тайсалмады.
1989 жылы ядролық полигонда кезекті мәрте сынақтар жасалды. Апатты
жағдай орын алып, радиоактивті газ жердің бетіне таралып кетті. Полигонда
жұмыс істейтін жігіттер Олжасқа: «Олжас Омарұлы, халыққа ақиқатты
жеткізу сіздің ғана қолыңыздан келеді», деп жанайқайларын баяндаған хат
жолдады.
Дәл сол мезгілде Олжас КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына үміткер
еді. 25-ақпан күні Қазақ телевидениесі арқылы сайлау алдындағы сөзін
сөйлеуі керек болатын. Сол оқиғаның қарсаңында ол маған таудағы
санаторийлердің бірінен хабарласып, бейнежазба емес, тікелей эфир арқылы
73
сөйлегісі келетінін жеткізді. Даусынан толқып тұрғанын сезгендіктен «неге?»
деп сұрай алмадым. Телефон арқылы айтатын әңгіме еместігін бірден
түсіндім.
Кешкісін Олжас телеорталыққа келді. Редактор Жанна Ахметованың
тезисіңіз бар ма деген сауалына тауда қағаз-қалам таба алмағанын айтып,
қалжыңдап құтылды. Сосын менен:
— Эфирді өшіріп тастамауын қадағала,— деп өтінді.
Сонымен, тікекей эфирдің де уақыты келді. Алайда, Олжас эфир арқылы
халыққа сайлау алдындағы бағдарламасын емес, полигонда радиоактивті
газдардың таралып кеткенін, Семейдегі ядролық полигонның Қазақстанға,
бүкіл дүние жүзіне қандай апат шектіріп жатқанын, ядролық полигондар
жабылуға тиіс екендігін жеткізді. Ол алматылықтарды Жазушылар одағының
жанында ереуілге шығуға шақырды. Бұл азаматтық еркіндікті қалаған
адамның өз ұстанымын ашық білдіруі еді.
Көп ұзамай «Невада-Семей» (Невададағы америкалық ядролық сынақ
полигонының мақсаты да Семейдегі сияқты) деген атты иеленген ядролық
сынақтарға қарсы бағытталған қозғалыстың алғашқы қадамы осылайша
тікелей эфирден бастау алған еді. Қозғалыс тез арада қарқын алып, халықтың
тарапынан үлкен қолдауға ие болып, аса ауқымды жетістіктерге жетті.
Радиация адамның ұлтына қарамайды. Әскери басшылық пен ядролық
сынақты қорғаштағандар бізді қанша қорқытып-үркітуге тырысса да, осы бір
қарапайым ақиқаттан ешкім айналып өте алмады. Мен телевизия және радио
жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы ретінде аталмыш қозғалыстың
қалыптасуы туралы сюжеттер түсіруге тапсырма бердім, дайындалған
сюжеттер бүкіл әлемге таралды. Хиросимо мен Нагасакидегі сұмдық
жарылыстардың зардабын әлі күнге естен шығармаған жапондықтар бұл
қозғалысты айрықша құлшыныспен қолдады.
«Невада-Семей» қозғалысын Горбачев та қолдайтынын білдірді, сөйтіп
көп ұзамай ядролық сынақтарға мораторий жарияланды. Мораторийге Қытай
және басқа да елдер қосылды. Тек 1999 жылы ғана Пәкістан мен Үндістан
бұл мораторийді бұзды. 1991 жылы 29-қазанда Қазақ КСР Президенті
Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылып
тынды.
Қазір басқа елдерде бұл ұмытыла бастаған, алайда Қазақстанның халық
Конгресі жұмыс істейтін біздің елде бұл қозғалыс ұмытылмайды.
Қазақстанның халық Конгресі соңғы Парламент сайлауында айта
қаларлықтай жетістікке жете алмаса да, оның жоғалып кетпегенінің өзі
аталған проблеманың қаншалықты өзекті екендігін аңғартатыны сөзсіз.
Ақын ретінде Олжас өлеңді орыс тілінде жазады, бірақ туған түрік тілін
жан-тәнімен түсінеді. Орыс тілін терең біле отырып, ол еуразиялық
деңгейдегі ақынға, Еуразияның рухын бейнелеушіге айналды. Оның
жырлары осындай биік мұратқа құрылған.
Олжас «1001 сөз» деп аталатын сөздік құрастырып шығуға уәде бергеніне
көп уақыт өтті. Бұл бастаманың мән-мағынасы неде? Олжас дамыған
тілдердің барлығының түбір сөздері бір-біріне ұқсас екендігіне сенімді. Олар
74
несімен ұқсас? Бұл сауалға Олжас өзінің «Жазу тілі» атты еңбегінде жауап
берген.
Олжастың поэзиясы туралы мен өз күнделігіме: «Ол — поэзияның
геологы, сөздің тарихи мағынасын ашушы. Сүлейменовтың ой-толғаныстары
— кен іздеушінің бұрғысы сияқты, күнделікті сөздің беткі қабатын оп-оңай
сыпырып тастап, оның ең алғашқы магмасына дейін жетеді», деп жазыппын.
Ақынның ғылыми еңбектері туралы да осылай десек артық емес. «Аз и Я»-да
ол орыс тілі көшпелілермен байланысқа түскендігінің арқасында
қаншалықты байығандығын, еуразиялық халықтардың тарихына үңілу үшін
бұл қаншалықты маңызды екендігін айтса, «Жазу тілінде» сол идеяны бүкіл
Еуропаның тілін материал ретінде пайдалана отырып түсіндіреді. Солтүстік
Америка үндістерінің, қытайлардың, Африка халықтарының сөздіктерін
мысалға тартады. Тіл де, мәдениет те қандай да бір мемлекеттің немесе
ұлттың аумағында шектеліп өмір сүре алмайды. Бұл Олжас Сүлейменовтің
ғаламдық ауқымдағы ойшыл екендігін аңғартатын толғам.
Олжас Сүлейменов пен Юрий Николаевич Афанасьев студент кездерінен
бастап жақсы таныс. «Жазу тілі» кітабы жарыққа шыққанда Олжас ең
алғашқылардың қатарында Юрий Николаевичке кітабын сыйға тартты.
Афанасьев болса өзінің Ресей Гуманитарлық университеті арқылы ақынның
ғылыми еңбегін ғаламторға енгізді. Университеттегі филолог ғалымдар
Олжастың еңбектеріне қатысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Осы
талқылауға арнап Олжас Сүлейменов кітапқа публицистикалық түсіндірме
ретінде «Құдайдың күлкісі» атты кітапша шығарды. Шағын кітапшада ақын
болашақта жаңа принциптерге негізделген «1001 сөз» деп аталатын
этимологиялық сөздік шығарудың қажеттігін жеткізді. Олжас зерттеуші
ғалымдарды жаңа сөздікті жасауға ат салысуға, адамзат баласының мәдени
және генетикалық тамыры ортақ екендігін соның негізінде дәлелдеуге
шақырды.
Маған Олжастың басты мақсаты бабаларымыздың тілін бүгінгі ұрпағының
тілімен сабақтастыру сияқты көрінеді. Жаңа мыңжылдықтың табалдырығын
аттап жатып өткен ескі тарихқа ойша қайта оралу, барлық тілдердің түп-
тамыры бір екендігіне көз жеткізу бүгінгі ұрпақ үшін керек дүние екендігі
анық. Көне сөздердің барлығының түп-тамыры ортақ екендігін дәлелдеу не
үшін қажет? Бұл туралы Інжілде айтылған: «Ең алғаш Сөз пайда болды, ол
сөз Құдай».
Сонымен қатар, адам баласының ДНК-сын зерттейтін «Адамзат геномы»
халықаралық бағдарламасы да жүргізілуде. Осы зерттеу барысында ежелгі
семиттердің, гректердің, қытайлардың, қысқасы адамдардың барлығының
таңдайларының құрылысы бірдей екендігі анықталды. Бұл жаңалық
Олжастың барлық адамдардың түбі бір деген ұстанымын айғақтайды. Ол аз
десеңіз, сөйлеу белгімен, жазумен, бейнелеумен тығыз байланысты. Олжас
дыбыс пен жазу тығыз байланысты екендігіне бірқатар дәлелдерді алға
тартты. Олжастың зерттеулерінің басты артықшылығы — оның ойлау
шеңберінің шексіздігі.
75
Жуырда Англиядан, кезінде ДНК-ны ашқан институттан айрықша
маңызды бір хабар жетті. Мидың қызметінде аса маңызды рөл ойнайтын
генетикалық құрылым табылыпты. Демек, енді бес-он жылдан кейін адамзат
баласының генетикасы толықтай анықталады деген сөз. Соның арқасында, іс
жүзінде адамды қайтадан жасауға, қолдан адам жасауға мүмкіндік тумақ.
Адамзат баласы бұған дейін ешқашан дәл осындай жетістікке қол жеткізген
емес. Яғни, ХХІ ғасырда бұған дейін болмаған күрделі философиялық
проблемалармен бетпе-бет келеді.
Қазір табиғи түрде жасалып жатқан дүниелер болашақта адамның қолымен
атқарылатын жағдайға жетеміз. Мәселен, қара және сары түсті халықтардың
саны ақ түстілерден тым көбейіп кетті делік. Олай болса, неге клондау тәсілі
арқылы ақ нәсілділердің қатарын көбейтпеске? Адамдардың мінез құлқына
«түзетулер» енгізіп, асау мінезінен айырып, басқа да жағымсыз әдеттерінен
арылтса қайтеді?
Олжас Сүлейменов өз зерттеулерінде болашақ мыңжылдықтың өте өзекті
проблемасына үңіледі. Оның кітаптарын оқу, ұғыну аса қиын. Себебі ғылыми
тұрғыда күрделі тілмен жазылған. Автордың көздеген нысандары асбтрактілі
сияқты — жазу белгілері, әріптер. Қалай болғанда да, мен өзімнен жасы
үлкен досымның осы тектес ұланғайыр жұмыстары арқылы Қазақстанның
әлемдік ғылымға сүбелі үлесін қосып жатқандығын дәлелдеп жүргені
қуантады...
Ақын ретінде Олжас үнемі уақыттан оқ бойы озық жүретіндей әсер
қалдырады. Бүгінде менің Шешенстандағы соғысқа, оның проблемаларына
қатысты ой-толғамды мақала жазғым келеді. Оған «Бөрінің ұлуы» деп ат
қойып та үлгердім. Есіме Олжастың 1964 жылы жазылған «Бөлтіріктер» атты
өлеңі оралды. Сонау ертеде жазылған өлең күні бүгінге дейін өзектілігін
жоғалтпағаны таңғаларлық емес пе?!
Бұл өлең қанға малынып өліп жатқан құртқаны (бөлтіріктері бар ұрғашы
қасқыр) тауып алған адам туралы. Кім өлтірген? Өзге қасқырлар ма, аңшы
иттер ме? Беймәлім. Аш бөлтіріктер өлі қасқырдың емшегінен қан аралас
сүтті ішуге жанталасуда.
И вместе с ней вливалась жажда мести.
Кому? Любому. Лиш бы не простить.
И будут мстить — в отдельности, вместе,
А встретятся — друг другу будут мстить.
Бір нәрсе туралы жазбас бұрын, алдымен жазғалы отырған дүниемнің өн
бойын айқындайтын алтын арқауды тауып алуға тырысамын. Олжастың осы
өлеңі мен үшін шешен соғысынан кейін орын алатын ахуалдарды
айқындайтын алтын арқау десем, артық айтқандық емес. Соғыс аяқталғаннан
кейін
қоғам
соның
зардаптарымен
бетпе-бет
қалатын
болады.
Америкалықтар Вьетнам соғысының синдромымен соғыс аяқталғаннан кейін
де отыз жылдан астам уақыт бойы күн кешті. Психологтар,
кинематографистер жұмыс істеді, Вьетнам соғысы туралы көптеген
фильмдер түсірілді. Халық өзінің қандай оқиғаны бастан кешкенін ұғынуға
да соншалықты күш-қуат жұмсады...
76
Біз үшін де осы тектес синдромның мәнін түсіну еркше маңызды.
Вьетнамда (Ауғанстанда, Шешенстанда) от пен оқтың ортасына түскен,
жарақат алған, өзі де біреуді жарақаттаған немесе өлтірген адам сол
қорқынышты сәтті ешқашан ұмыта алмайды. Өз өміріндегі ең трагедиялы
сәттер оның санасында жаңғырып отырады. Құрбандығымен бетпе-бетпе
келген адам күнәһарлық сезімнің құлына айналады. Америкалықтар Вьетнам
соғысынан тиісті қорытынды шығара білді.
Соғыстан қашып құтылу мүмкін емес, себебі басқыншылар жазалануға
тиіс. Бірақ қарсыласыңмен міндетті түрде бетпе-бет текетіресу қажет емес
деген ойдамын. Қарсыласыңды виртуальды тұрғыда көре отырып та оған
тойтарыс беруге мүмкіндік бар. Мәселен, жауларыңды ғарыштық байланыс
арқылы экраннан көріп отыруға болады. Бұл тәсіл Парсы шығанағындағы
соғыс кезінде тамаша нәтижеге қол жеткізді, сосын Косоводағы соғыста да
қолданылды. Югославия жеріне бірде-бір америкалықтың аяғы аттап баспаса
да, Милошевич жазасын тартты. Ал өзара текетіреске түскен албандықтар
мен сербтерді ажырату сынды ит тірлік еуропалықтардың еншісіне
қалдырылды.
Вьетнам соғысы америкалықтарды осындай тың тәсілді ойлап табуға
итермеледі. Олардан біз де сабақ алғанымыз анық, оның бір мысалы
Шешенстандағы ахуал. КСРО-ның өзінің басынан да ондай жағдай өткені
мәлім, заманында Кеңес әскерлері Ауғанстанды оп-оңай илеп аламыз деп
ойлағанымен, ол мақсатына жете алмағаны белгілі.
АҚШ-тың, Англияның әскері — десанттар әскері. Олар қарсыласына
жердің бетімен бармайды, көздеген нысанына тура төбесінен жай түскендей
түседі. Ұшып келеді (теңіз арқылы жүзіп баруы да мүмкін), берілген
тапсырманы орындайды да, келген жағына қайта кетеді. Тек Вьетнамда ғана
ну орманның арасында жүріп соғысты демесеңіз...
Ал біздің әскерлер Ауғанстанға шұбырып барды. Соғыстың салдарынан
КСРО-да нашақорлық дерті қозды. Әрине, Кеңес Одағында нашақорлар
бұрын да бар еді. Бірақ Ауған соғысына дейін аталмыш проблема
соншалықты өзекті болған емес. Есірткі жүрген жерде қыруар ақша жүретіні
мәлім. Осылайша, Громов әскерінің ізін алып Ауғанстаннан қаптай шыққан
есірткі Шешенстанға ақша болып жетті.
Басаевті, Масхадовты, Радуевті өлтіріп тастауға болар? Бірақ солардың
өлімінен кейін соғыс тоқтай ма? Өкінішке қарай, жалғаса береді.
Әскерилердің қақтығысы жалғаса береді. Иә, қазір генералдар жаудың бетін
әуе шабуылы арқылы, қашықтан ататын қарулардың көмегімен, зымыран
кешендерін қолдана отырып қайтаруға тырысады. Қоян-қолтық ұрысқа енуді
ешкім де қаламайды. «Бірақ біз бұдан әрі күте алмаймыз, бізді траншеяның
бойымен бойымыздағы булыққан ыза-кек алға сүйреп келеді...» Бұл Семен
Гузенконың айтқаны.
Қазір сол бір қанды күндер Александр Невзоровтың картиналарында
көрініс тапқан. Халықтың көкейіне соғыс салған жара қанша жылдар өтсе де
санамызды қайта жаңғырып, түн ұйқысынан шошытып оята береді. Бұл
қанша ұрпаққа дейін созылмақ?!
77
Шешенстанды қарумен тізе бүктіре алмайсың. Күш қолданудың кесірінен
туындаған зардапты ондаған жыл, ғасырлар бойы тартуға тура келмек. Міне,
осының бәрі Олжастың ертеректе жазылған өлеңдерінде көрініс тапқан еді.
Бұл үлкен ақындарға ғана тән ғажап қасиет. Бізбен бір қоғамда өмір сүріп
жатқан адамдар болашақты асқан даналықпен болжаған. Қазір біз қырық жыл
бұрын жарық көрген аталмыш жыр жолдарында біздің бүгінгі өміріміздің
қаны сорғалаған шындығы айтылғанын аңғарамыз.
Қытай туралы
Маоның хунвейбиндерді компартия басшыларын жастармен алмастыруға
күреске шақырған Мәдени революциясы партия ішіндегі күрестен әлдеқайда
ауқымды нәрсе еді. Бұл Қытай мыңдаған жылдар бойы тірек тұтып келген
қалыптасқан қағиданың іргетасын солқылдатумен бірдей болды. Бір қызығы,
хунвейбиндер қозғалысы Қытайдың өзге этностар көп шоғырланған шет
аймақтарында, атап айтқанда Шығыс Шыңжаңда белсенді түрде қолдау
тапты.
Шығыс Шыңжаң аймағында қазақтардың үлес салмағы мол, шамамен
миллионға жуықтайды. Сол миллионға тарта қазақтың бірі ақын Айтан
Нүсіпхан хунвейбиндер қозғалысының бел ортасында жүрді. Өз халқының
белсенді идеологы ретінде Айтан қытай тілі мен мәдениеті қазақтың,
ұйғырдың тілі мен мәдениетін қыспаққа алды деп санап, оған қарсылық
білдіруге шақырды.
Орталық билік бұл әрекетті автономия құруға деген талпыныс, Қытайдан
іртесін аулақ салу деп бағалады. Соның ақырында белсенділер қудалауға
түсті, әсіресе, Шыңшаң ұйғыр автономиясында бұл науқан ерекше
қарқынмен жүргізілді. Биліктің құрбанына айналмау үшін Айтанға бас
сауғалауға тура келді. КСРО шекарасын кесіп өткен ол Хабаровск
аймағындағы ағаш шабушылардың ортасына келді. Одан әрі тиісті органдар
оны тексеруге алып, егжей-тегжейлі сауалдың астына алатыны айтпаса да
түсінікті жайт.
Айтан екеуміз түйдей құрдаспыз. Мен студенттік құрылыс отрядтары
туралы бастамаға ат салысып жүрген кезде, ол Хабаровскінің түбінде ағаш
шабумен шұғылданыпты. Үш-төрт жылдан кейін Айтан Алматыға келеді.
Қалтасында төлқұжаты жоқ, тек аты-жөні куәландырылған бір жапырақ
қағазы ғана бар.
Көп ұзамай ол Мұрат Әуезовпен кездесті. Мұрат оны менімен
таныстырды, екеуміз тез тіл табысып кеттік. Алғашында Айтан орысша
нашар сөйлейтін, екеуміз үнемі қазақ тілінде сөйлесеміз, ол ана тілінде өте
көрнекі сөйлейтін адам екен. Қытай және ұйғыр тілдерін де шебер меңгерген.
Екеуміздің идеяларымыз да, көкейде жүрген ойларымыз да үнемі бір жерден
шықты: Мен де ол сияқты біз үшін Шыңжаңдағы түрік халықтарымен
байланыстың қаншалықты маңызға ие екендігін жақсы түсінемін. Себебі, сол
арқылы қазақ халқы Қытаймен, Үндістанмен, Кореямен арадағы ежелден бері
78
қалыптасқан байланыс — Азияның ұлы цивилизациясы қайта оралады деп
санаймын.
Менің Айтанға көмек қолын созғым келді. Сол кездері жақсы қызметте
істейтіндіктен, досыма көмектесуге қауқарым жететін еді. Сонымен, оны
Қазақ радиосына жұмысқа орналастырдым. Айтан қазақ, ұйғыр тілдерінде
бағдарламалар жүргізе бастады. Тамаша жүргізді, салған беттен
тыңдармандарды елең еткізді.
Көп ұзамай Айтан досымыз шаңырақ көтерді. Жұбайы Самарадан келген
қазақ қызы, есімі — Айгүл. Үйлену тойын Алматыда, біздің үйде өткіздік.
Ира екеуміз тойды сән-салтанатпен өткізуге ат салыстық. Содан бері Айтан
жасы менімен құрдас болса да, кіші бауырым саналады. Бұл қазақтардың
ежелгі салты ғой.
Мәскеуге жасаған сапарларымның бірінде мен Қытайға хабар тарататын
редакция басшысы Владимир Семенович Куликовпен таныстым. Қытай,
ұйғыр, қазақ тілдерін жетік білетін адамның бар екенін естіген ол:
— Қандай керемет! Бізде Қытай туралы шынайы білімді адамдар өте аз,—
деді таңданысын да, қызығушылығын да жасырмай.
Мен Айтан мен Владимир Семеновичті таныстырдым, соның арқасында
Айтан көп ұзамай Мәскеуге қоныс аударды. Алты жыл бойы Қытайға хабар
тарататын редакцияда табан аудармай жұмыс атқарды. Алты жылдың ішінде
орыс тілін жетік меңгеріп алды, батыс орталықтары таратқан Қытай туралы
ақпараттардың барлығынан хабардар болып отырды, Би-Би-Си сынды
беделді агенттіктердің мәліметтерімен танысты, білікті журналистке
айналды. Ол Қытайға хабар тарата жүріп, өз басшылығының саны аз
халықтарға қатысты ұстанымында қандай қателіктің бар екендігін түсінді.
Айтанның көзқарасы бойынша, редакция басшылығы Қытайдағы саны
жағынан аз ұлттардың өздерін толыққанды халық ретінде, мемлекет үшін
қажет азамат ретінде сезінуіне жағдай туғызуға тиіс.
Мәскеудегі алты жылда Айтан журналистік жұмыспен ғана шектеліп
қалған жоқ, қазақ тілінде көптеген өлеңдер жазды. Жазған дүниелері
Алматыдан шығатын басылымдарда тұрақты түрде жарияланып, өз
оқырмандарын тапты. Жетпісінші жылдары елге оралғаннан кейін мен оны
қосымша қазақ және ұйғыр тілдерінде хабар тарататын «Алатау»
телеарнасының басшылығына тағайындадым. Телевизия мен радио
хабарларын тарату жөніндегі Мемлекеттік комитетті басқара жүріп, біз
бірнеше тілде хабар таратпауға болмайтынын жақсы түсіндім. Біз халыққа
тек орыс және қазақ тілдерінде ғана емес, сондай-ақ ұйғыр, корей, неміс
тілдерінде де ақпарат жеткізуге тиіспіз. Осы мақсатта ұлттық
редакциялардың буындарын бекітіп, аяқтарынан тік тұрып кетуіне жағдай
жасауға тырыстық. Содан бері менің түрлі тілдерде хабар таратқан аталмыш
редакцияларда таныс достарым көп.
Айтанды қазақ интеллигенциясының тарихы қатты қызықтырады. Ол
алғашқылардың бірі болып азамат соғысында қаза болған, большевиктік
қуғын-сүргіннен қашып Батыс елдеріне бас сауғалаған интеллигенция
өкілдері туралы мәселе көтерді. Олардың есімдерін халықтың санасында
79
қайта жаңғыртуға сүбелі үлесін қосты. Атап айтар болсақ, көп жылдар бойы
есімін ашық айтуға тыйым салынған, Отанын сатты деген нақақ жаланың
құрбаны болған Мұстафа Шоқайдың өмір жолын зерттеп, халқы үшін жанын
пида еткен қайраткердің есімін ақтауға үлкен еңбек сіңірді. Өмірінің соңғы
жылдарында Германияда тұрған Мұстафа Шоқайдың тәуелсіз Қазақстан
Республикасын құруды аңсағаны, түрікшіл азамат болғаны белгілі.
Горбачев тұсындағы қайта құруға дейін көп жылдар бұрын-ақ біз Шоқай
туралы, жиырмасыншы жылдары тәуелсіз Қазақстан сынды ерікті ел құруды
көксеген Алашорда көсемдері туралы жиі айтатынбыз. Алашорда
көсемдерінің бірі, революцияға дейінгі Мемлекеттік думаның депутаты,
қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын тұлға Ахмет
Байтұрсыновтың арқасында Қазақстанның бүгінгі шекарасы сызылған. Осы
шекара мәселесіне қатысты кезінде үлкен талас-тартыс орын алған.
Алашорда көсемдері Ленинмен, Калининмен кездескен. Қазақстан қандай ел
болуы керек деген мәселенің төңірегінде үлкен пікірталастар туындаған.
Алдымен, ол Киркрай — Қырғыз автономиялық аймағы болды. Егеменді ел
атанғанға дейінгі ең алғашқы қадамдардың бірі осы. Саналы ғұмырын қазақ
халқының болашағына арнаған, сол жолда бастарын құрбан еткен
тұлғалардың есімін елдің есіне оралтуға жасаған еңбегі үшін біз Айтанның
алдында қарыздармыз.
Қайта құруды, Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын бастан
өткердік. Осы оқиғалар тұсында маған Айтанды көп қорғауға тура келді:
Оған алаңда дүрк еткен қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі, ұлтшыл
деген айып тағылған еді. Айтанның халықтың санасында ұлттық көзқарастың
оянуына көп ықпал еткені шындық. Дегенмен, оның өмір бойы зерттеген ең
басты тақырыбы — Шыңжаң аймағы. Шыңжаңда Айтанның ата-анасы
қалған еді. (Әйтеуір, оларды қуғын-сүргінге ұшыратқан жоқ).
Кеңес Үкіметінің барлық кезеңіндегі сияқты, Горбачев билігі тұсында да
Қытайға қатысты барлық қарым-қатынастар бірінші кезекте Мәскеудің
мақұлдауы арқылы жүретін. Мен осы қалыптасан тәжірибені өзгертетін кез
келді деп түсіндім, Шыңжаң ұйғыр автономиясы ауданының басшыларымен
хабарласып, оларды Алматыға шақырдым. Олар да Қазақстанға қатысты
ақпараттардың барлығын Мәскеу арқылы алатын. Олар біздің елімізде орын
алып жатқан дүниелерді өз көздерімен көру мақсатында бұған қуана келісті.
Одан әрі біз олармен тікелей байланыс орнату туралы келістік. Көп ұзамай
Қазақстандық радио мен телевидение қызметкерлерінен жасақталған
делегация ұшаққа мініп, Шыңжаңға жол тарттық. Делегация құрамына мен
«Алатау»телеарнасының басшысы ретінде Айтанды да қостым. Айтанға өзін
Қазақстан республикасының азаматы ретінде ұстауды, Шыңжаңда туып-
өскені туралы уақытша ұмыта тұруды, қытайлық басшылармен саяси
тақырыптарға көп бара бермеуді ескерттім.
Бұл керемет сапар болды. Тұрфанды көрдім, көптеген қызықты дүниелерге
қанықтық. Мен осы сапардан Шыңжаң мен Қазақстанның арасында, әсіресе
еліміздің оңтүстік аймағында көптеген ұқсастықтар бар екендігіне көз
жеткіздім. Мәселен, екеуіне де ұйғыр проблемасы ортақ. Ежелде өмір сүрген
80
ұйғыр мемлекеті әлемге көптеген ғажайып ақындарды, ойшыл ғұламаларды
берді. Олардың мұралары түрік халықтарының әдебиеті мен фольклорын
байытуға сүбелі үлесін қосқаны анық. Бүгінгі Қырғызстанның оңтүстігінде
орналасқан Баласағұн қаласының тумасы Жүсіп Баласағұнды тілге тиек етсек
те жеткілікті. Жүсіп Баласағұн осы шаһарда тұрған, еңбек еткен, Отырар,
Тараз, Ташкент, Бұхара сынды қалаларда болған, жалпы көп сапар шеккен
адам. Оның поэтикалық мұралары, философиялық трактаттары туралы аз
білетініміз өкінішті. Ұйғыр халқы тудырған тағы бір атақты тұлға — Махмұд
Қашғари. Қашғари атақты математик, Ибн Синның ұстазы. Шәкіртін барша
әлем біледі, ұстазын білетіндер аз.
Ұйғырлар мемлекеттілігінен айырылып, әр елдің аумағына бөлшектеніп
кетті. Қазақстанда да, Қытайда да олар саны аз ұлттың дәрежесінде.
Оңтүстік-шығыс Азияда да ұйғырлар көп. Мен бұл халықты Азияның
еврейлері деп атар едім. Олай дейтінім, еврейлер сияқты ұйғырлар да әр
елдің аумағына тарыдай шашылып тарап кетті. Еврейлер сияқты өздері
мекендейтін елдің мәдениеті мен тыныс-тіршілігіне көп үлес қосты. Екі мың
жылға жуық отаны болмаған еврейлер сияқты олардың да мемлекеттілігі
жоқ. Еврейлер сияқты, олар да өздерінің ұлттық келбетін сақтап қалу үшін
жанталасуда, қытай, қазақ немесе ауған болғысы келмейді, ұйғыр болып
қалуды көксейді. Көпшілік бұрындары ұйғырлардың мемлекеттілігі
болғанынан да бейхабар, алайда тарихқа көз жүгірткен адам заманында
Ұйғыр қағанатының өмір сүргендігіне көз жеткізер еді. Ұйғыр халқының
мықты өкілдері әлі күнге өздерінің төл мәдениетін сақтап қалған. Діни
ұстанымы бойынша олар бүгінде ислам дінінің өкілдері болып табылады,
бірақ табиғаттары бұрынғы бабалары сияқты буддистерге жақын. Айтан
ұйғыр халқы туралы көптеген еңбектер жазып, оның өткені туралы тарихи
әділеттіліктің орнауы үшін үлкен іс тындырды.
Ең алғаш Айтаннан естіген тағы бір оқиғаны баяндағым келіп отыр. ІІ
Дүниежүзілік соғыс аяталғаннан кейін Сталин Польша мен Венгрияның біраз
жерін тартып алғаны сияқты, Қытайдың да бір пұшпағын қамтып қалуды
ойластырады. Қытайды Гоминданның билеп тұрған уақыты, Мао Цзэдун
өзінің әскерімен бірге Қытайдың Айрықша аймағында жасырынып жүр.
Шығыс Шыңжаңға Кеңестің арнайы мамандары жіберіліп, олар халық
арасында
үгіт-насихат
жұмыстарын
жүргізеді,
қарулы
көтеріліс
ұйымдастыруды қолға алады. Сталиннің көздеген мақсаты — Шыңжаң
Ұйғыр автономиясын КСРО-ның он жетінші республикасына айналдыру. Бұл
жобаның іс жүзіне асуына толық мүмкіндік бар еді. Себебі, аталған
аймақтарда этникалық қытайларға қатысты теріс көзқарас қалыптасқан.
Сонымен, әскери база, қосымша қару-жарақтар, көтеріліске басшылық
жасайтын көсемдер, барлығы сақадай сай дайындалады. Көтерілісті халық
батыры, жергілікті Шыңжаңнан шыққан Гарибальди — Алтай қазағы Оспан
батыр бастауға тиіс.
Кеңестің тиісті адамдары құрған жоспар мынадай: Оспан халықты артынан
ертіп, көтеріліске шығуы керек. Сол кезде еркіндік үшін күресіп жатқан аз
халықтың өкілдеріне Кеңес әскері көмекке келеді. Алайда, дәл осы кезеңде
81
Владимиров арқылы Мао Цзэдун Сталинмен байланысқа шығады. Қытайдың
көсемі Сталинді екеуара тиімді келісімге шақырады. Ол бойынша, егер
Сталин Мао Цзэдунға әскерін ертіп Айрықша аймақтан Шыңжаңға өтіп
кетуге, күш жинап Гоминданға қарсы соғысуға жағдай туғызса, онда Мао
болашақта Қытайдың социалистік елге айналуына бар күш-жігерін
жұмсайды.
Маомен байланыс орнатқан Владимиров басқа жұмыс, ал Шыңжаңдағы
кеңестің әскери мамандары одан мүлде бөлек жұмыс атқарған. Кеңес әскері
Манчжурияда жапондықтарды басып-жаншып тастаған кез. Сол кезде таңдау
еркіндігі тиген Сталин өзінің «Бізге Қытайдың бір бөлігі керек емес, тұтас
Қытай керек» деген атақты сөзін айтты. Осылайша, Шыңжаңда көтерілісті
ұйымдастырып жатқан барлық әскери кеңесшілер бір түннің ішінде кері
қайтарылып, біразы ату жазасына кесілді. Мао Цзэдунның әскеріне Шыңжаң
аймағына кіруге жол ашылды. Ұлттық бостандық идеясына алданып жүрген
қазақтар мен ұйғырлар кеңестік достары сатып кеткенін біліп, сан соғып
қалды.
Алайда, Кеңес әскері сатып кеткеніне қарамастан, көтеріліс болды. Алған
бетінен қайтпайтын Оспан батыр: «Бізге Гоминдан билігіндегі Қытай болса
да, Мао Цзэдун билігіндегі Қытай болса да бостандық керек» деп, артына
ерген халықты бастап шықты. Ол енді Чанкайши әскерімен емес, Мао
Цзэдунның бесінші әскерімен соғысты. Оспан батыр солтүстікке, әуелгі
атамекені қазақ жеріне бас шегіне алмайтынын жақсы түсінді, өйткені онда
барса кемінде түрме мен лагерьлерге қамалатыны хақ еді. Оның үстіне,
Оспанның артына ерген адамдардың ішінде 1916 жылғы көтеріліс кезінде
жазықты болған, 30-жылдардағы ұжымдастыру науқанынан, Атаман
Дутовтың әскерімен Ресейден қашып кеткендер аз емес. Қытайға баратын
жол жабық. Көтерісшілердің алдында тұрған жалғыз мүмкіндік —
Үндістанға бас сауғалау. Кеңес әскерінен алған мықты әскери техникалармен
қаруланған Оспан батырдың әскері Гималай тауы арқылы осы қауіп-қатері
мол сапарға бет түзеді. Жолда көптеген адамдарынан айырылды. Бабыр
заманынан бес ғасыр өткеннен кейін түркілердің қоныс аудару оқиғасы тағы
да қайталанды. Бұл жолы қоныс аударғандардың көпшілігі бұрынғы кеңес
азаматтары еді.
Үндістанда оларды бас бостандықтарынан айырды. Құрылғанына көп
уақыт өте қоймаған Біріккен Ұлттар Ұйымының алдында тұрған басты
проблемалардың бірі мыңдаған шақырым жерді басып өткен, азып-тозған,
аштық пен аурудан, суықтан қатарлары сиреген он мыңға жуық босқынның
одан әргі тағдырын айқындау болды. Оларды қай ел паналатуы мүмкін.
Бірінші болып көмек қолын Түркия созды, барлығын бауырына басуға дайын
екендігін білдірді. Оспан батыр әскерінің қалған бөлігі осылайша кемелерге
мініп, Түркияға жетті.
Қазақтар мен ұйғырлар Түркияда бөлек қауымдастық ретінде өмір сүрді.
Олар жергілікті халық сияқты емес, жер өңдеуден мүлде бейхабар еді.
Есесіне төрт түлік мал бағуды қазақтар мен ұйғырлардан артық ешкім
білмейтін. Сөйтіп, бабалардың дәстүрімен қой бағуды қолға алады. Түркия
82
индустриялық елге айналып үлгергендіктен, халқы мал бағуды ұмытыңқырап
қалған еді. Қазақтар мен ұйғырлар келгеннен кейін елде мыңғырған мал
пайда болды, соның арқасында көп ұзамай былғары өңдеу өндірісі қарқын
алды. Бүгінде Түркиядан шыққан былғары өнімдер бүкіл Еуропаның
дүкендері мен базарларын жаулап алған. Ал осы былғары өндірісінің
бастауында сонау жылдары жер ауып келген біздің бабаларымыз бен
ұйғырлар тұр. Ондаған жылдар бұрын шоқ-шоқ болып орналасқан қазақ
ауылдары қазір Түркияда бақуатты тұрмыс кешуде. Олар өздерінің түпкілікті
отандары Қазақстан екенін, жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде аталары
бастан өткерген ерлік пен трагедияға толы оқиғаны ешқашан естен шығармақ
емес.
Қазақ халқының басынан өткен осы оқиға туралы білетіндер аз, кеңес
тұсындағы тарихта бұл туралы мардымды ештеңе айтылмаған. Осы оқиғаны
маған жеткізген Айтанның бойында Шыңжаңдағы батыр бабаларының рухы
бар еді. Бұл оқиға туралы «Азаттық» радиостанциясының қазақ және ұйғыр
дикторлары да жиі еске алады. Болашақта осы эпопея туралы деректі
дүниелердің басын біріктіре алсақ, өте пайдалы іс тындырамыз.
Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың басынан кешкен хикаясы фильм
түсіруге сұранып тұрғаны анық.
«Мир» телерадиокомпаниясының төрағасы бола жүріп мен Қытаймен
байланыс орнату керек, аспанасты елімен тығыз байланыста жұмыс істеу
қажет деген пікірге келдім. Мұның астарында қандай да бір саяси мүдде жоқ,
тек мен мұның стратегиялық тұрғыда өте маңызды екендігіне бек сенімдімін.
Біз үшін Ресеймен арадағы байланыс қаншалықты маңызды болса, Қытаймен
арадағы байланыс та екі ел үшін соншалықты маңызды, тиімді әрі өзекті
екендігі сөзсіз. Уақыт өткен сайын оның маңыздылығы арта берері хақ.
1999 жылы Айтан мен Мұрат Әуезов Шығыс Түркістанға — Шыңжаң
ұйғыр автономиясына сапаршылап барды. Соның алдында ғана Мұрат
Әуезов Қазақстанның аспанасты еліндегі елшісі қызметін атқарғандығын
ескерсек, оның оппозиция көсемдерінің бірі ретіндегі саяхаты, оның үстіне
Айтан Нүсіпхановпен бірге жүруі еріксіз назар аудартты. Олар Шыңжаңда
бір жарым айға жуық уақыт болды. Қазақстанға таңырқаған сезіммен қайтты.
Олар Шыңжаңда қытайландыру үрдісі жаппай жүріп жатқандығына көз
жеткізді.
Өз басым Қытайдың Шыңжаңға қатысты саясатына екіжақты
көзқарастамын. Мәселен, өздерінің қол астындағы автономиялық аудандарды
қандай деңгейде игерем десе де, бұл Қытайдың өз жұмысы. Ел басшылығы
халықтың алдына үлкен міндет қойды — халық соны орындауға жұмыла
кірісті. Кезінде Кеңес Одағы да қазақтың тың жерлерін осындай тәсілмен
игерген-ді, оған ешкім қарсылық көрсете алмағаны аян. Әрине, тың жерлерді
игеру комсомол туының астында өтті, оған өз еркінен тыс қатысқандардың
бар екендігі де рас. Ал Шығыс Түркістанды игеру ашық түрде мемлекеттің
қолдауымен жүргізіліп жатыр, оның ауқымдылығы да тың жерлерді игеру
науқанынан он есе үлкен.
83
Шығыс Түркістан табиғаты өте қатал өңір: төңіректің бәрі тау-тас, шөл
мен шөлейт. Атпақшы, атақты Такла-Макан шөлі осы өңірден бастау алады.
Тау-тасты, қайнаған ыстық осы атақты шөлдің өмір сүруге қолайсыздығы
жөнінен Сахара мен Гобиге ғана жол беретіні белгілі. Қазіргі таңда шөлейт
арқылы тас жолдар төселіп, құбырлар тартылуда. Табиғаттың қатал мінезін
ауыздықтау жоспарлы түрде қарқынды жүріп жатыр. Аймаққа құрылыс
батальондары орналастырылуда, олар осы жерде мекендеп қалуға тиіс.
Шыңжаңды нарықтық экономикалық аймаққа, дамыған ауылшаруашылық
орталығына айналдыруға, өнеркәсіп салаларын, мұнай өндірісін, пайдалы
қазбалар өнеркәсібін дамыту өте үлкен қарқынмен жүргізілуде. Алайда, бұл
науқанның қатерлі тұсы бар екенін де айтпай кете алмаймыз, аймаққа ағылып
келіп, қоныстанып жатқан қытайлықтардың кесірінен жергілікті саны аз
этностар өздерінің табиғи ерекшеліктерін, мәдениетін, тілін жоғалтып, өзге
халыққа жұтылып кетуі ықтимал.
Шығыс Түркістанға қатысты тағы бір проблеманы айта кеткен жөн. Тау-
тасты жерде су тапшылығы бар екендігі белгілі. Сол себепті Іле өзенінің
арнасын бұрып, жаңадан игеріліп жатқан аймақтарға қажетінше пайдалану
туралы шешім қабылданған. Іле — Қытайдан Қазақстан аумағына ағып
келетін өзендердің бірі. Егер Қытай оның суын керегінше қолданатын болса,
өзен Қазақстан жеріне келгенде тартылып қалады.
Жалпы, трансшекаралық өзендерге қатысты мәселе — Қазақстандағы ең
өзекті проблемалардың бірі. Біздегі өзендердің көпшілігі Аспанасты елінен
бастау алады. Қытайлықтар Ілені ғана емес, Қара Ертіс, Ақсу, Көксу сынды
бас-аяғы 32 өзенді бұрып алу туралы жоба жасап қойған. Ақиқатын айтар
болсақ, Қазақстанның тыныс-тіршілігі, болашақ тағдыры аталған өзендермен
тікелей байланысты. Ал қазір осы өзендердің әрқайсына қатысты үлкен
мәселе туындап отыр. Қытай олардың жолын бөгеп, өздеріне бұрып
алмасына кепілдік жоқ. Халықаралық заң бойынша олардың мұндай қадам
жасауына болмайды, алайда заң барлығын шеше бермейтіні тағы бар.
Мұрат Әуезов Аспанасты елінде елші болып жүрген кезінде-ақ осы
мәселеге көңіл аударып, трансшекаралық өзендерге қатысты барлық мүдделі
тараптардың ат салысуымен конференция өткізуді ұсынған-ды. Қытайлықтар
үнсіз қалды, сиырқұйымшақ жауапқа салып, уақытты созудан танбады. Жеті
жылдың ішінде берілген жалғыз жауап: «Қытай тарабы бұл мәселені
қарастыруда». Іс жүзінде ың-шыңсыз өзендердің арнасын бұру үшін
техникалық мәселелерді шешуде. Күндердің күнінде бір-ақ тәулік ішінде
өзендердің жолдарын бөгеп, өздерінің қажетіне жаратпайды деп ешкім кесіп
айта алмайды. Қытай үшін халықаралық келісімге осыдан кейін ғана шыққан
тиімді...
Бір айта кетерлігі, трансшекаралық өзендерге қатысты мәселенің түп-
төркіні ғасырлар тереңінен бастау алады екен. Ежелгі қытай деректеріне көз
жіберсек, онда далалық варварларға қатысты: «Оларға жібек пен алтын
берсек жеткілікті. Су мен жердің бағасын олар білмейді» деген жолдар бар.
Тарихи деректерге жүгінсек, қытайлықтар уақыт жылжыған сайын жер
84
суаратын каналдар салып отырудан жалықпай, ғұндарды жайдақ далаға
қарай ығыстырып отырған көрінеді...
Трансшекаралық мәселені шешу үшін Қытай тарапы Шанхай бестігіне
кіретін елдердің басын қосып (Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркіменстан,
Тәжікстан), арнайы топ құру туралы келісімге қол қойғаны белгілі. Аталмыш
келісімге 1998 жылы аталған ел Президенттері Ельцин, Назарбаев, Ниязов,
Рахмоновтардың Қытайға жасаған сапарында қол қойылды. Цзянь Цземин
шекараға қатысты проблемаларды шешуде қарулы қақтығыстардың орын
алуына жол бермеу қажет деп санайды. Сөз жоқ, бұл Цзян Цземиньнің
тарапынан жасалған үлкен еңбек.
Қытай мен Ресейдің арасындағы ең үлкен проблема — мыңдаған
шақырымға созылып жатқан шекара. Аспанасты елінде халық өте тығыз
орналасқан, ал шекараның арғы бетінде еуропалық өлшеммен алғанда бос
жатқан, қытайлық өлшеммен салыстырғанда адам баласы мекендемейтін кең
байтақ Сібір созылып жатыр.
1991 жылы Гуан Чжоуға жолымыз түскенде мен аталған провинцияның
телевидениесінің басшысынан оның бағдарламаларының ішіндегі ең
танымалдары қандай екендігін сұраған едім. Ол бірден:
— Біздің ең көрермені көп бағдарлама Новосібір студиясы түсірген «Лена
өзенінің төменгі ағысының бойы» деп аталатын кинохрониканың он
минуттық үзіндісі. Үзінді өте ертеде түсірілген, тіпті түрлі-түсті де емес.
Бірақ біз оны көрермендердің үздіксіз сұранысы бойынша қайталап көрсетіп
келеміз,— деп жауап берді.
Осы тектес фильмдердің қалай түсірілгенін мен жақсы білемін ғой. Үлкен
өзен аңғарымен кеме жүзіп келеді. Әсем жағалау. Керемет көрініс. Айта
қаларлықтай жаңалығы жоқ. Бірақ қытайлықтарды осы он минуттың ішінде
өзен бойын жағалай жүзген кеме, жағалауда бірде-бір адамның кездеспеуі
таңғалдырған көрінеді. Осы адам сенбейтін көрініс адам сыймай жатқан
Қытайдың дәл іргесінде!
Шыңжаң тақырыбына қайта оралайын. Аталған аймақты игерудің біздегі
тың жерлерді игерумен тағы бір ұқсас тұсы бар. Орын алған түрлі
экологиялық қателіктерге, ақымақтықтарға, қылмыстарға қарамастан, тыңды
игеру соншалықты жаман нәрсе деп есептемеймін. Шығыс Түркістанды
игеру науқаны да менің достарым сипаттағандай соншалықты қорқынышты,
қажетсіз нәрсе деп ойламаймын. Мұндай жағдайда салқынқандылық пен
сарабдал ой қажет. Шанхай бестігіне енетін елдердің президенттері осы
үдеден шыға біледі, дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенемін.
Ел аумағының өте үлкен екендігін, халық санының миллиардтан асып
жығылатынын, олардың орналасу тығыздығы мен өсімін ескере келгенде,
Қытай үшін шекаралық аймақтың құрылымы ерекше рөл ойнайды. Ешқандай
сыртқы күштер елдің демографиясына ықпал ете алмақ емес. Қазіргі таңда
Аспанасты елінің алдында «Жер көлемін қандай жолмен кеңейткен жөн?»
деген сауалға қатысты таңдау жасау қажет: Қарудың күшімен бе, әлде бейбіт
жолмен бе? Әрине, мүмкін болған жағдайда бейбіт жолды таңдаған жақсы
екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл көпқырлы, қиындығы көп күрделі мәселе.
85
Бес елдің саясаткерлері мен ғалымдарының алдында алдағы уақытта
дамудың өзара тиімді моделін жасау міндеті тұр.
...Мұрат Әуезовпен бірге Шыңжаңға жасаған сапарынан кейін жарты жыл
өткен соң Айтан аяқ астынан науқастанып, көп ұзамай 1999 жылы дүниеден
озды. Мен үшін бұл өте ауыр тиді. Айтан өз өмірінде шекараның арғы
бетінде де, бергі бетіне де өмір сүріп, ащының да, тұщының да дәмін көп
татқан адам еді. Ол Қазақстан мен Қытайда орын алып жатқан дүниелерге
қатысты әділ ұстанымынан тайған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |