2.15. Глоссарий: Автономия (грек. өзін-өзі басқару) – бір мемлекеттің шеңберінде өзін-өзі басқаруға құқық берілген саяси-ұлттық құрылым. 1) мемлекеттің белгілі бір аймағындағы ішкі басқару; 2) біртұтас Конституция негізінде басқарылатын мемлекеттердің ажырамас бөлігі.
«Айқап» – 1911-1915 жж. аралығында Троицк қаласында айына бір рет, кейін екі рет шығып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби журнал. Оның 88 саны 1 000 – 2 000 данамен жарық көрген. Алғашқы редакторы – Мұхаметжан Сералин.
Ақсүйек – қазақ қоғамының жоғарғы тобы: хан, сұлтан, бек, билеушілердің өкілдері, әр түрлі дәрежедегі әкімдер мен төрелер, яғни Шыңғыс хан ұрпақтары мен дін иелері саналған қожалар.
Алаш (ежелгі түрік сөзі – бауырластар, қандастар, туыстар) – ежелгі заманда, түрік халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Ортағасырлық және одан ерте кездегі деректерде қазақтың өз алдына ел болып хандық құрғанға дейінгі ежелгі тайпаларының ортақ атауы.
Албан – қазақ халқын құраған ірі тайпалардың бірі. Шежіре бойынша, Ұлы жүздің құрамына енеді. Албанның ұраны – Райымбек, Бәйдібек, таңбасы – дөңгелек.
Арғын – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Орта жүз құрамына енеді. Арғын тайпасының ұраны – Ақжол, таңбасы – «көзтаңба» (оо).
Арыс – 1) рулық жүйеде бір тайпаны құрайтын ірі аталар (алты арыс арғын); 2) бір елдің не бір шаңырақтың тұтқасы болған қажырлы да қадірменді адам.
Атабек – хан, сұлтандардың балаларын тәрбиелеуші әрі олардың қамқоршысы.
Ауыл – 1) Көшпелі дәуір кезіндегі рулық, тайпалық одақтардың шағын тобы; 2) Белгілі бір ауылда тұратын халық, ел-жұрт; 3) Отырықшы болып, ұжымдасқан шаруалардың қыстағы.
Ашина – түріктердің ежелгі атауы.
Аштархани – 1598 жылы Орта Азияда билік еткен Шайбани әулетін алмастырған жаңа әулет.
Әлімұлы – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Қаракесек деп те аталады.
Әмір – шығыс елдеріндегі әскербасылық атақ. Араб тілінен енген бұл әскери дәреже түркі тіліндегі «бек» дәрежесімен сәйкес.
Әулет – бір атадан немесе бір рідан тараған үрім-бұтақ, тұқым, туыс, жұрағат. Әулеттің екінші мағынасы – мұрагерлік жолмен бірінен соң бірі өкімет басына келіп, ұзақ жылдар үстемдік еткен бір рудан немесе бір тектен шыққан билеушілер.
Баж – өңделетін жерге салынатын салық.
Байұлы – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Байұлының құрамына шеркеш, ысық, есентемір, байбақты, беріш, адай, алшын-жаппас, тана, алаша, масқар, таз, қызылқұрт рулары енеді
Балбал – археологиядағы ғұрыптық ескерткіштердің бір түріне байланысты қолданылатын атау. Балбал тас мүсін емес, дұрысында оның жанына тізбектеле қойылатын, сәл ғана өңделген, көбіне өңделмеген кішірек тас бағаналар.
Басқақ – монғол хандарының жаулап алған елдерден алым-салық жинауға және халық санағын жүргізуге тағайындаған адамы.
Батыр (парсыша баһадүр – ержүрек, батыл) – әскери өнерді жақсы меңгерген, жау түсірер ерлігімен аты шыққан адамға берілетін атақ.
Бек – феодалдық иелік қожасы, ру мен тайпа басшысы.
Беклер бегі – ханның арнайы жарлығымен аймақты, ірі тайпаны немесе халықтар тобын басқаратын әскери қызметкер.
Би – әділдігімен, шешендігімен төрелік айту құқығына ие болған беделді адам.
Бодандық – 1) монархиялық елдің басқа елді өзіне бағынуға мәжбүр етуі; 2) еркі жоқтық, тәуелділік.
Вакуф – мешіттер мен медреселердің иелігіндегі, сондай-ақ мұсылман дінбасыларына сыйлық ретінде берліген жер.
Геноцид – нәсілдік, ұлттық және діни белгілеріне қарай халықтың жекелеген топтарын жою, қуғын-сүргін көрсету.
Гурхан – Қарақытай мемлекеті билеушісінің лауазымы.
Даруға – ортағасырлық қалада алым-салық жинау мен тәртіпті қадағалау істерін басқарған адам.
Декларация – мемлекеттің ішкі және сыртқы бағыттары, саяси партиялардың бағдарламалық тұжырымдамалары туралы ресми жарияланым.
Демография – халық, халықтың саны, өзгерісі туралы ғылым.
Демократия – халық билігі, саяси құрылыс, онда халық билігінің тәсілдері мен түрлері бекітіліп, тәжірибе жүзінде іске асырылады.
Депортация – жеке адамдарды, халықтарды (олардың бір бөлігін) еріксіз, күшпен жер аудару.
Дешті Қыпшақ – Қыпшақ даласы, ХІ-ХІІ ғғ. қолданылған географиялық ұғым.
Диссидент – үстемдік етуші, билеуші идеологиямен келіспеген адам, қарсы топ өкілі.
Диуан – мұсылман елдеріндегі әкімшілік және сот істері жөніндегі әкімшілік мекемелер.
Диуани лұғат ат-түрік–Махмұд Қашғаридың (ХІ ғ.) түрікше-арабша түсіндірме сөздігі.
Дулу – Батыс Түрік қағанатының негізін құраған он тайпаның бір бөлігі. Олар Батыс Түрік қағанатындағы Жетісу мен Батыс Жоңғарияны мекендеген.
Егемендік – абсолют саяси билікке өіметтің қандай да бір жоғарғы органдарының қысымынсыз саяси шешім қабылдап, іске асыруға құқықты болу талабы. Мемлекеттің, халықтың, ұлттың, адамның саяси тәуелсіздігі.
Жабғу (ябғу) – Оғыз мемлекеті билеушісінің лауазымы.
Жалайыр – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Ұлы жүздің құрамына енеді.
Жамиғ ат-Тауарих – Қадырғали Жалайыридың XVII ғ. басында ертедегі қазақ тілінде жазған, 157 беттен тұратын шежірелік еңбегі.
Жарғы – дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдар жинағының атауы. Ежелгі түркі тіліндегі «иар» – әмір беру, билік айту мағынасындағы сөзден шыққан.
Жеке басқа табынушылық – саяси қайраткерді шексіз дәріптеу. Ол азаматтардың демократиялық құқықтары тапталған елдерде орын алады.
Жекешелендіру – мемлекеттік меншікті (кәсіпорын, тұрғын үй, көлік құралдары, т.б.) жеке меншікке беру немесе сату. Ол – нарықтық экономикаға өту үшін қажетті шарттың бірі.
Жерді национализациялау – жердің жеке меншіктен мемлекетке өтуі. Оны тұтастай немесе шағындап мемлекеттің сатып алуы.
Жеті жарғы – Тәуке хан билігі кезінде (1680-1715) қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып ережелері мен заңдарының жинағы.
Жетіру – қазақ халқын құраған тайпалар бірлестігінің бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді.
Жүз – бірнеше ұлыстың тайпалар одағы негізінде бірігуі.
Заң – мемлекеттің ең жоғарғы өкімет орындары қабылдайтын, ерекше заңдылық күші бар акт, қаулы-қарар, декрет.
Зекет – ғаріп-кемтарларға үлестіру үшін мешіт жинайтын салық. Зекетті кемтар емес мұсылмандар ғана береді.
Инвестиция – елге және шетелдердегі экономика саласына ұзақ мерзімге капитал салу.
Индустрияландыру – ірі, техникалық жағынан дамыған өнеркәсіп құру, ең алдымен елдің халық шаруашылығының негізгі және алдыңғы қатарлы секторы өндіріс құралдарын өндіретін салалардың негізін қалау.
Ихта – феодалдарға қоластындағы халықтан салық жинау құқығын беретін, шартты түрде берілетін жер үлесі.
Капитализм – қоғамдық құрылыс, онда өндіріс құралдарының негізгілері капиталистер табының меншігі болып табылады.
Керей, керейіт– қазақ халқын құраған түркі тайпаларының бірі. Қазақ шежіресі бойынша Орта жүз құрамына енеді.
Кесене – діни құрылыс, белгілі адамдардың құрметіне қабір басына тұрғызылған.
Кешіктен – ханның жеке басын қорғайтын жасауыл.
Коммендация – жеке басын қорғағаны үшін феодалдың әміршіге әскери қызмет немесе басқа да жұмыстар атқаруы.
Коммунизм – маркстік теорияға сәйкес капитализмді ауыстыратын қоғамдық-экономикалық формация, ол қоғамдық меншікке негізделген.
Конституция – мемлекеттің басты заңы, мемлекеттік органдардың құрылымы мен құрылысының ұстанымы, азаматтың құқығы мен міндеттері.
Көк түріктер - Шығыс Түрік қағанатының халқы.
«Күл-тегін» жазуы– VIII ғасырдағы көне түрік ескерткіші.
Қаған, қаһан (хандардың ханы, бас хан деген ұғымды білдіреді)– ерте түрік мемлекеттерінің басшысы.
«Қазақ» - қоғамдық-саяси және әдеби газет. Араб әрпімен қазақ тілінде 2.02.1913 – 26.09.1918 жж. аралығында Орынбор қаласында аптасына бір рет (1915 жылы – екі рет) шығып тұрған. барлығы 265 саны жарық көрген. таралымы 3 мыңнан 8 мың данаға дейін жеткен. Бас редакторы – Ахмет Байтұрсынов.
Қара бұдун – Батыс Түрік қағанатындағы қарапайым халық.
Қожалар – Орта Азияда ислам дінін таратуда белсенділік танытқан әулеттер.
Қонтайшы – Жоңғар хандығындағы ең жоғарғы билеушінің лауазымы.
Қоңырат – Орта жүз құрамындағы тайпа.
Құқықтық мемлекет – барлық заңдылықтарды сақтау арқылы адам бостандығы мен құқығын қорғау. Ата заңды құрметтей отырып, оны басшылыққа алу.
Құн – қылмыс жасағаны үшін дүние-мүлік төлеу.
Құрылтай – Шыңғысхан әулетінің басшылығымен өтіп тұрған көшпелі монғол шонжарларының кеңесі.
Қыпшақ – қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құраған тайпа, орта ғасырларда Орталық Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі.
Либерализм – 1) саяси теңдік, бостандық туралы ілім, бірақ жеке адамның пікірі негізінде; 2) Адам құқықтарын қорғап, таңдау бостандығын барынша кеңейту.
Мезолит – орта тас дәуірі. Б.з.б. 12 – 5 мың жылдықтар кезеңін қамтиды.
Монархия – басқару жүйесінің түрі. Жоғарғы өкімет бір басшының – монархтың (патша, император, князь, сұлтан, т.б.) билігінде болады.
Найман – қазақ халқын құраған түркі тайпаларының бірі. Шежіре бойынша Орта жүзге кіреді. Наймандардың ортақ таңбасы – бақан, ұраны – Қаптағай.
Нарықтық экономика – тауар айырбасы сферасы. Ол қажеттіліктен бақыланады және мұнда ерікті баға үстемдік етеді.
Неолит – жаңа тас дәуірі. Б.з.б. 5 – 3 мың жылдықтар кезеңін қамтиды.
Нушиби – Батыс Түрік қағанатындағы «он оқ тайпаның» бір бөлігі. Нушиби одағы бес тайпадан тұрып, Шу өзенінен Қаратауға дейінгі жерлерде мекендеген.
Оғыздар – орта ғасырларда Орталық Азияда өмір сүрген түркі тілдес тайпалар.
Округ – патша үкіметінің 1822 жылғы 22 маусымдағы «Сібір қырғыздары туралы жарғы» бойынша енгізілген әкімшілік-аумақтық бөлік.
Он оқ бұдун – Орхон жазбалары бойынша Батыс түрік қағанатының халқы.
Оппозиция - өз пікірін өзгенің пікіріне қарсы қою. Үкімет пен биліктің ұстанған саясатына қарсы топ.
Отаршылдық – күшті державаның өзінің аумақтық бақылауын неғұрлым әлсіз елге немесе халыққа тарататын саясаты мен тәжірибесі.
Өркениет – материалдық және рухани мәдениеттің, қоғамдық дамуының деңгейі.
Палеолит – ежелгі тас дәуірі. Б.з.б. 2,5 млн жыл – б.з.б. 12 мың жылдыққа дейінгі кезеңді қамтиды.
Парламент – жоғарғы заң шығарушы орган. Әлеуметтік топтың қамын жейді. Кейбір жерде тағайындалады, дауысқа түсіп сайланады.
Партия – ойлау жүйелері бір мақсатқа біріккен қоғамның өкілдік тобы.
Партиялық жүйе – елдегі барлық елеулі партиялар, олардың өзара қатынасы және (кейде) сайлау жүйесі.
Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік, әр адамның өз Отанын қорғауы.
Рабад – ортағасырлық қаланың егін егушілер мен мал өсіруші қарапайым халық тұратын сыртқы бөлігі.
Революция – 1) түпкілікті төңкеріс, бір сапалы жағдайдан екіншісіне ауысуы. Ойдың, қоғамның және табиғаттың диалектикалық даму заңдылықтарының көрінуі; 2) мәдениеттегі, ғылымдағы, дүниеге деген көзқарастағы, экономика мен қоғамдағы түбегейлі сапалы өзгеріс.
Репрессия – қатаң жазалау шаралары, мемлекеттің оқшау ойлаушыларға қарсы әрекеті.
Референдум – жалпы халықтық сайлау немесе мемлекет өмірінің маңызды проблемаларына көпшілік көзқарасы.
Реформа – қоғамдық өмірдің бір қырын қайта құру. Мұнда өмір сүріп отырған әлеуметтік құрылыстың негізі жойылмайды.
Руна жазуы – түріктердің көне жазуы.
Савроматтар – б.з.б. I мыңжылдықта Жайық өңірі мен Еділдің төменгі ағысын мекендеген көптеген ежелгі тайпалардың атауы.
Сақтар – б.з.б. І мыңжылдықта Орта Азия мен Қазақстан, Шығыс Түркістан жерін мекендеген ежелгі тайпалар.
Сал-серілер – ақындық пен әншілік қасиет бойына туа дарыған өнер иелері.
Сарматтар – б.з.б. ІІІ ғ. – б.з.-ң ІV ғ. дейін Тобыл мен Дунай аралығын мекендеген тайпалардың жалпы атауы.
Саяси партия – саяси бірлестік. Қоғамдық құрылысты дамыту саласында арнайы бағдарламасы бар, өкімет жұмысын ұйымдастыруда, мемлекет өміріне араласатын ұйым.
Сойырғал – әскери қызметі үшін мұраға түпкілікті берілетін жер.
Социализм – марксизм теориясына сәйкес капитализмнің орнына келетін қоғамдық және мемлекеттік құрылыс; коммунизмнің бірінші фазасы; социализмнің басты ұстанымы: «Әркімнің қабілетінше, әркімнің еңбегіне қарай».
Сұлтан – Қазақ хандығында ұлысты басқарған жоғары лауазым иесі.
Сюбашы – Оғыз мемлекетіндегі әскери қолбасшы.
Тағар – әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін заттай жиналатын салық түрі.
Тайпалар одағы – алғашқы қауымдық қоғамдағы этникалық бірлігінің әлеуметтік ұйымдасу түрі.
«Тарих-и Рашиди»– Мұхаммед Хайдар Дулатидың (XVI ғ.) Моғолстан мен Қашғарияның XIV ғ. 2-ші жартысы – XVI ғ. аралығындағы тарихы баяндалатын еңбегі.
Тас дәуірі – археологиялық дәуірге бөлуде алғашқы тас құралдарының пайда болуынан бастап, қола құралдарының шығуына дейінгі кезеңді қамтитын көне дәуір.
Теле, телэ – түркі тілдес тайпалар бірлестігінің жалпы атауы. VI-ІХ ғғ. Еділден Солтүстік Монғолияға дейінгі далаларда мекендеген.
Темір дәуірі – адамзат дамуының темірден құрал-жабдық, қару-жарақ жасауын сипаттайтын кезең.
Тиграхаудалар – «шошақ бөрік киетін сақтар», сақтардың негізгі үш тобының бірі.
Тоныкөк жазуы – VIII ғ. түрік тайпаларының көне жазба ескерткіші.
Тоталитаризм – қоғамдық өмірдің барлық саласына бақылау орнатқан мемлекеттік билік.
Төлеңгіттер – қазақ ханы мен сұлтандарының қасында болған әлеуметтік қауым.
Уақытша үкімет – Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін құрылған ресми үкімет.
Уезд – әкімшілік-аумақтық бөлініс. Уезд қала мен оған бағынышты болыстардан тұрады.
Унитарлы мемлекет – мемлекеттік құрылыс формасы, оның жекелеген аумақтары әкімшілік бірлік болып табылады және мемлекет ішінде өз алдына бөлек құрылымға жол бермейді.
Ұлы Жібек жолы – сауда-керуен жолдарының жалпы атауы; б.з.б. ІІ ғ. – ХVI ғ. аралығында Орта Азия арқылы Қытайды Алдыңғы Азиямен байланыстырды.
Ұлыс – мекен, аймақ, әкімшілік. Көне түрік атауы.
Үйсін, усун – ежелгі түркі тайпасы. Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған тайпалардың бірі.
«Үш жүз», үш жүз партиясы – Қазақстанда 1917 жылы қазан-қараша айларында құрылған ұлттық-саяси ұйым.
Федерация – жаңа біріккен мемлекет құру мақсатындағы бірнеше мемлекеттер одағы. Оның құрамына енген мемлекеттер федерация субъектісі ретінде құқықтарының бір бөлігін сақтап қалады.
Хан, қаған – түркі халықтарында ең жоғары лауазым ретінде қолданылған атау.
Харадж – феодалдық рента, өңделетін жерге салынатын салық.
Цитадель – ортағасырлық қалалардың бекініс құрылыстарымен қоршалған орталық әкімшілік бөлігі.
Энеолит – мысты тас дәуірі. Б.з.б. 4 – 3 мың жылдықтар аралығын қамтиды.
Этногенез (грек. халықтың шығуы, пайда болуы) – қалыптасу кезеңіндегі халықтардың пайда болуы, сонымен қатар олардың этнографиялық, антропологиялық ерекшеліктерін ары қарай қалыптастыру.
Яғма – орта ғасырларда Іле өзенінің бойында мекендеген түркі тайпасы. Яғмалар Қарахан әулеті мемлекетінің негізін қалауда елеулі рөл атқарды.
Ядролық қару – жаппай қырып-жоятын атом қаруы Қуаты мен қашықтықта әрекет ету түріне қарай ол тактикалық, стратегиялық болып бөлінеді.
Яса (Жасақ) – Шыңғысханның заң ережелері мен қаулы-қарарларының жиынтығы.
Достарыңызбен бөлісу: |