Бердібек соқПАҚбаев "менің атым қожа"



Pdf көрінісі
бет12/29
Дата15.12.2023
өлшемі0,56 Mb.
#138631
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29
Байланысты:
(pdf) Менің атым Қожа (Бердібек Соқпақбаев)

ОН БІРІНШІ ТАРАУДА
Менің ауылға қайтқан сапарым баяндалады
Ойламаған жерден жайлау қызығы осылайша тамам болды. Мұнда көліксіз
күнің күн емес, серіксіз одан да жаман. Қожекең соның екеуінен де жұрдай
болды. Бірер күн ферма басында боламын деп, зерігуден ішім жарылып,
өліп кете жаздадым. Бар бітіргенім, бір ғана «жауынгерлік листок»
шығарып бердім. Оның өзін парторг оқып көріп, түкке жаратпай тастады.
Кілең өлең-сықақпен толтырып жіберіпсіңдер, маңызды бір де бір саяси
мақала жоқ, осы да газет пе деп, парша-паршамызды шығарып сынады.
«Газет деп, ана екінші бригаданың газетін айтыңдар, барып оқып
көріңдерші. Міне, «жауынгерлік листокті» солай шығару керек. Солардан
үлгі алыңдар» деді.
Парторг кеткеннен кейін мен əдейі ол мақтаған газетті көрмекке екінші
бригадаға бардым. Сөйтсем олар бүйтіпті: «Социалистік Қазақстанның»
«Мал шаруашылығын өркендете берейік» деген басмақаласын алыпты да,
бастан-аяқ сықпыртып түгел көшіріп жазыпты. Оның соңында редколлегия
мүшелері деп, үш адамның фамилиясы тұр. Одан төменгі бұрышта почта
жəшігінің суреті салынып: «Жолдастар, қанша ескертсе де, бірде
біреулеріңіз мақала бермейсіздер. Келесі нөмерлерімізге мақала беріңіздер»
деген сөз жазылған. Одан төменірек газетті бекіткен кнопка. Міне, бұдан
басқа мен ештеңе де көре алған жоқпын. Парторгке осы газеттің
соншалықты несі ұнағанын мен, əрине, біле бермеймін. Ал, менің ойымша,
біздің газет бұл газеттен он есе артық. Бұл, əрине, менің өз пікірім, ал
парторгтің пікірі əлгідей. Мен бұған таңдана да қоймаймын. Өйткені, пікір
қайшылығынсыз ешбір ақиқаттың беті ашылуы мүмкін емес деген сөзді бір
ақылды кітаптан өз көзіммен оқығаным бар. Нақты қай кітаптан оқығаным-
ды ұмытып қалыппын, ол үшін оқушымнан кешірім сұраймын.
Бір кеште мамам:
– Балам, босқа сенделмей ауылға қайт. Ана өзге балалар қатарлы колхозда
жұмыс істе. Осы қыдыруың жетеді, – деген сөз айтты.


– Өзім де қайтам, – дедім мен.
Ертесінде өзіміздің колхоздың екі тонналық бір машинасы жем алып келе
қалған екен. Шофері Қайыпжан дейтін ақ көңіл жақсы жігіт. Соның қасына
кабинаға отырып, жайлаумен хош айтысып, тартып отырдым.
Жұпар атқан кең жазықтың төсінде жұмсақ қара жолмен жүрдек машина
барынша зырлап келе жатқанда, ұшқыр қиял шіркін де тұғырында тоқырап
қала алмайды-ау. Қанатын қағып-қағып жіберіп, дауылпаздай шарқ ұрып,
ол да самғап ұшады. О, ата мекенім, қазақ жері. Сенің шет-шегіңе қиялдан
өзге не жетіп үлгереді. Сол алып өлкеңнің бір пұшпағын ыстық көзбен, бар
адал сезіміммен аймалап, елеусіз бір перзентің мен келе жатырмын. Мынау
асқар тау, жасыл жазық, мөлдір өзен, қалықтаған анау ақша бұлттар, тұнық
аспан – осының бəр-бəрін егер құшағым жетсе, ең қымбат, аяулы анамдай
аймалап құшар едім, сүйер едім. Япыр-ай, неге сонша ыстық болдың туған
жер!
Мен табиғатты сүйемін. Мен шынайы поэзияны сүйемін. Абай мен
Қасымды қанша оқысам да менің сусыным қанбайды. Қайталап оқи бергім
келеді, оқи бергім келеді. Мен Құрманғазы мен Дəулеткерейдің күйлерін
тыңдағанда өзімді өзім ұмытып кетемін. Махамбет жырының əр сөзінің
астынан дүрсілдеген ат дүбірін, қарыш-құрыш сілтескен найза, қылыш
үндерін естігендей болам. О, қасиетіңнен айналайын, қазақ жері. Осының
бəрі сенің топырағыңда өсіп, өнген кереметтер емес пе?..
Машина жолы кезеңнен біздің ауылға қарай тура аса алмайды. Тұзкөлді
айналып жүреді. Бұл төте жолдай емес, əлдеқайда ұзақ. Бірақ, жүрдек
машина жер апшысын қуырып, шыдатар емес. Əлгінде ғана мұнартып көз
ұшында көрінген қара тұмсық енді міне сырғанап артта қалып барады. Жол
шетіндегі телеграф бағаналары бірін-бірі қуалап, қарсы жүгіріп келе
жатқандай болады. Əне, алдан Тұзкөл көрінді жалтырап. Қара жол соның
сортаң жиегімен өтеді. Бір мезетте көл де сырғып кейін қалды. Жол
қасқайып шығысқа қарай тұра тартты. Спидометрдің қылт-қылт еткен
жебесі шұғыл ойысып, елуге тақап барды. Одан да асыңқырап, алпысты
шоқыр-шоқымас болып, дірілдеп тұр.
Кенет бір белеске көтеріле беріп, Қайыпжан машина маңдайын жолсызбен
тауға қарай бұрды.


– Аға, қайда барамыз?
– Мынау сайда шөпші балалар бар. Соларды ауылға ала кетеміз, – деді
Қайыпжан.
Бұл сөз менің жаныма онша жайлы тие қойған жоқ. Майқанова да осында
болу керек, Жантас та. Менің оларды қазір көргім, дұрысырақ, айтқанда,
оларға көрінгім келмейді. Анада олар бəрі шөпке кетіп бара жатқанда,
менің бармай қалғаным оқушыға мəлім. Майқанова мені көрісімен
мүйіздеп ала жөнелуі айқын. Бірақ амалым қанша, машина менің билігімде
емес. Ех, жалған, бір басыңа бір машинаң болмаған соң құрсын да.
Тау сағасына жете бергенде, алдымызда сарқырама шағын өзеншенің
бойында бір боз үй жəне бір ақ шатыр көрінді. Боз үйдің төбесінде кішірек
қызыл жалау желбіреп тұр. Индиялықтар тəрізденіп қара қайыстай болып
күнге күйген бір топ бала волейбол ойнап жүр. Машина қостың деңгейіне
келіп тоқтады. Өзен арнасы теңкиген қой тастарға толы, шұңғыл еді. Көпір
көрінбейді. Қайыпжан машинадан шығып:
– Əй, балақайлар, мынадан қалай өтуге болады? – деп, дауыстады.
Бір топ бала бері су бойына жүгіріп келді. Бұлардың ішінде биыл жетіншіні
бітірген атақты палуан Батырбек, менімен бірге оқитын, отряд советінің
председателі болған Темір бар еді. Əне, Жантас қу жүгіріп келе жатыр.
Газеттен пилотка жасап киіп алыпты.
– Өткел төменде қалды. Бұл арадан өте алмайсыз, – деп шуласты балалар.
– Олай болса, жығыңдар үйлеріңді. Бері тасып əкеліп тиеңдер машинаға.
Батырбек бригадир екен балаларға. Жалаңаш білегіне Қызыл шүберек
байлаған бір балаға ол:
– Кезекші, бригаданы сапқа тұрғыз! – деп, команда берді.
Кезекші жүгіріп шатырға кіріп кетті де, күнге шағылысқан аппақ горнды
құйқылжытып ойнап, қайта шықты. Сол сол-ақ екен, доп ойнап жүрген
балалар ойындарын дереу доғарып, əп-сəтте шатыр алдындағы сызықшаны
бойлап сап түзей қалды. Өз көзіме өзім сенбегендей, мен таң-тамашамын.
Тəртіп деп осыны айт. Құлды əскер тəрізді.


– Жолдас бригадир. Бригада мүшелері сіздің бұйрығыңыз бойынша сапқа
тұрды, – деп, кезекші Батырбектің алдында қаздиып, рапорт беріп тұр.
Балалар жапырлап киіз үйді, шатырды жығып жинай бастады.
Мен болсам, кабинаның есігіне жабыса түсіп, ешкімнің көзіне шалынбауға
тырысып, мықшиып отырмын. Бас-аяғы бірнеше минуттың ішінде ғана көз
алдымда болған əлгі əсерлі көріністер бір жағынан бойымды шымырлатып,
делебемді қоздырса, екіншіден өкіндіреді. Қап, анада жайлауға барғанша,
осылармен бірге шөп шабысқа неге келмедім?
Балалар əлдеқайдан жалпақ бір қалың тақтай тауып əкеліп, арнаға көпір
етіп салды да, соның үстімен жүкті таси бастады. Өзгеден бұрын мені
Жантас қу байқап қалды:
– Сен қайдан жүрсің, дезертир?
– Шаруаң қанша.
Абиыр болғанда, мұғалімдерден мұнда ешкім жоқ екен. Майқанова ертемен
ауылға кетіп қалыпты. Əп-сəтте жүк тиеліп болды. Рюкзактарын арқалап,
улап-шулап балалар машинаға мінді. Кабинадағы орнымды аспаз қыздарға
беріп, мен де кузовқа шықтым. Машина жайлап бұрылып, əлгінде келген
ізімен төменгі жолға қарай тартып отырды.
Ауылға əндетіп, думандатып келіп кірдік. Колхоз кеңсесінің алдында
ішінде артель председателі бар бірнеше адам бізге қарап əңгімелесіп тұр
екен. Машина солардың қасына келіп тоқтады. Сабырбаев председатель
қолын шаттана көтеріп:
– Ой, еңбеккерлерім, амансыңдар ма? – деп, жарқын қарсы алды.
Бұл өлкедегі жұрттан өзгешелеу, күзеген байталдай шұнтиып киінген
шетел қалпақты ашаң қараторы жігіт мойнындағы фотоаппаратын
оңтайлап, қарбаласып жатыр.
– Балалар, машинадан түспей суретке түсіргелі жатса, аяймыз ба тұмсықты.
Мен кузовтың орта шенінде едім, кимелеп алға қарай шықтым да, тұра
қалдым қасқайып. Бейтаныс жігіт бір емес, екі рет шырт еткізіп, суретке
түсіріп алды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет