ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУДА
Менің республика жұртшылығына қалай
танылғаным жайлы айтылады
– Уа, кім бар?
Даусы пошташы Көштібай қарттікі еді.
– Мен бар! – деп, жүгіріп шықтым есік алдына. Мен жыл сайын бірнеше
газет-журнал жаздырып аламын. Қажет болса, атап берейін: «Пионер»
журналы, «Қазақстан пионері», «Пионер правдасы», «Лениншіл жас»
газеттері. Ал мамам «Қазақстан əйелдерін» алдырады. Мен əуелгіде бұны
əйелдер журналы болғаннан кейін онша менсінбейтін едім, сөйтсем нағыз
қызық журнал сол екен.
Көштібай маған «Қазақстан əйелдері» журналы мен «Қазақстан пионері»
газетін ұстата берді.
– Басқа газеттер келген жоқ па?
– Жоқ.
Есік алдындағы орындыққа отыра қалып, əуелі «Қазақстан пионеріне» көз
жүгірте бастадым. Менің газетті соңғы бетінен бастап оқитын əдетім бар
(басқалар да сөйтетін шығар деймін). Өйткені қызықты əңгіме,
фельетондар, сықақ өлеңдер соңғы бетке басылады. Бұдан соң үшінші,
екінші беттерге ауысамын. Бұлай қарай жүрген сайын газет мазмұны
қоңырлай береді. Ал бірінші бетте не жазылғанын тақырыбын оқып-ақ
біліп аламын.
Осыған қарап мен газет шығарып отырған құрметті ағайлар оқушының
мүддесін ескере бермей ме деп ойлаймын. Əйтпесе, газеттің ең соңғы
бетіндегі материалдарды бірінші бетіне, ал бірінші беттегіні ең соңғы бе-
тіне басса, қандай тамаша болар еді. Газетті алған бетте төңкеріп əуреленіп
жатпас едің. «Қазақстан пионерінің» соңғы беті мені біраз бөгеп қалды.
Аты мəлім С.С. дейтін балалар жазушысының «Көркейген көшелер» дейтін
əңгімесі басылыпты. Атына қарағанда жəне суреттерінің аңғартуынша
балалардың көшеге ағаш отырғызуы айтылатын тəрізді. Иə, маңызды
тақырып, керек тақырып, «Көркейтейік көшені» дейтін менің бұл
тақырыпқа жазылған өлеңім де бар.
Тағы біраз сықақ өлең, жұмбақтар, қытай халқының əзілдері басылған екен.
Одан соң кейін қарай сырғып, келесі бетке (газеттің үшінші бетіне)
ауыстым. Жоғарыдағы бір сурет көзіме жылы ұшырап барады. Шатырлы
үйдің бір пұшпағы, жүк машина, кузов толған, қолдарына айыр-тырма
ұстаған жарқын жүзді балалар. Астындағы жазуына көз жүгірте бастадым
да, орнымнан атып түрегелдім жынды адамдай. Сосын ас үйге қарай тұра
жүгірдім.
– Əже, ау əже!
– О, не.
– Қарашы, газетке менің суретім шығыпты. Қарашы. Міне, мынау ортада
тұрған менмін. Міне, міне.
Əжемнің көзі онша жетіңкіремейді.
– Қайсы? Мынау көп адам тəрізді ғой жапырлаған.
– Мен мынау... ең алда тұрмын ғой қасқая қарап. Осы менмін. Дəл өзім.
– Басқалар кім.
– Өзіміздің балалар. Мынау міне, Темір, мынау қолына тырма ұстаған
Батырбек, мынау басы қылтиып тұрған Жантас... Көрдіңіз бе. «Жаңа өмір»
колхозы жеті жылдық, мектебінің оқушылары жазғы демалыстарында
артель шаруашылығына айтулы көмек тигізді. Суретте колхоздың шөп
шабу науқанында үлгілі еңбек еткен бір топ оқушы...»
Ім... м... м... суреттің астындағы жазуды əжеме дауыстай ақырын оқып
берсем де, кенет тілімді тістеп алғандай болдым. Аяғымды ұшынан басып,
сыртқа зытып отырдым. «Мəссаған! Мен бұның байыбына бармай, мақтан
көріп жатырмын. Ұят-ай! Қандай ұят іс болған! Шөп шабыс науқанына мен
қашан қатыстым? Қашан үлгілі еңбек еттім?» Өлімнен ұят күшті деп, бекер
айтылмаған ғой. Осы оймен қабаттасып, бетіме қаным теуіп шыққанын
сеземін. Суретке қайта қараймын, сол қалпы. Бəрін бір өзі тындырғандай
қақ ортада қасқиған баяғы Қожа. Батырыңның ойына түк кіріп шықсайшы.
Танауы делдиіп, көріңдер мені дегендей кеудесін алға тосып, қасындағы
басқа балалардан өрескел тұр. Əй, сығыр, өзімнің де оңатын қылығым жоқ
қой. Тым құрыса, бір жақ шетке таман қағаберіс тұрсамшы. Кимелеп алға
шығатын не əкемнің құны бар десеңші. Қысылғаннан маңдайымнан бұрқ
етіп, тер шығып кетті. Енді балалар басы Жантас қу болып, мені күлкі
ететін болды.
Кенет басымда қуанышты бір ой жалт ете қалды. Ура! Ақыл табылды.
Суреттің астындағы жазуын сиямен танылмастай етіп, өшіріп тастаймын.
Сонан соң құйынша зырлап, бүкіл ауылды аралап көрсетіп шығуға болады.
Тфу, неткен ақымақпын. Газет осы бір ғана дана болып шығып па екен?
Қазір оны балалардың бəрі алып, оқып жатқан шығар.
Айтып, айтпай не керек, осы сурет мені талай тəлкекке жем қылды. Бірақ
біраздан соң мен де мойымайтын болып алдым. Балаларға: «бəлем, енді
мені жазда колхозда жұмыс істеген жоқ деп, айтып көріңдерші. Айта
алмайсыңдар. Менің жұмыс істегеніме «Қазақстан пионерінің» өзі куə, деп
кеудемді қағамын.
Республика жұртшылығына мен осылай танылдым.
|