ОН БЕСІНШІ ТАРАУДА
Менің Жантасты құйрыққа бір тебуімнің жай-
жапсары айтылады
Бүгін сентябрьдің бірі. Парадтағы солдаттай жаңа формамды қатып киініп,
мектепке келе жатырмын. Қолымда су жаңа сары портфель, мойнымда
желбіреген қызыл галстук. Кепкамның қалай тұрғаны тəуір болар екен деп,
əлгінде айна алдында бірталай машақат шегіп, ақыры оң жақ шекеме таман
сырғытып киіп едім. Соны байқамаққа көлеңкеме көз қиығымды салып
қоям. Көлеңкем ұп-ұзын болып, созыла түсіп, қалмай келе жатыр. Оның бір
аяғы екінші аяғынан қысқа. Кепкамның сиқы да пəлендей əсерлі емес,
төбесі қодырайып шығып кеткен.
Əне, алдымда Жанар үйі көрінді. Жүрегім лүпілдеп бұлқына соғып
кеткендей болды. Жанар мектепке кетті ме екен, кетпеді ме екен. Бұл үйдің
алдынан үкімет басшылары тұрған трибунаның қасынан өткендей кеудемді
кере түсіп, сіресіп өтіп барам. Қайдан білейін, мүмкін терезеден Жанар
қарап тұрған шығар. Жоқ, көз қиығымды тастап байқаймын, Жанардың
қарасы көрінбейді.
Алдымдағы көлденең көшеден папка қолтықтаған ақ көйлекті бір қыз шыға
келді. Майқанова. Ойламаған жерден кездескен соң абдырап қалдым. Күзге
дейін кім бар, кім жоқ деп, елемей кететін оқу жылының аяғы емес.
Басымдағы кепкамды жұлып алып амандастым:
– Сəлеметсіз бе, тəтей.
– Қалай Қадыров, жақсы демалдың ба, – деп сұрады Майқанова.
Ішім қып ете қалды. Қазір ол Сұлтан екеуіміздің жайлаудағы масқара
қылықтарымыз жайлы айтатын шығар.
– Жаман емес, – деп күмілжідім.
– Сен жаздай қайда болдың?
– Жайлауда болдым.
– Бəсе, жайлаудан келгенің көрініп-ақ тұр. Күнге жақсы күйіпсің, –
Майқанова күле сөйлеп, – нағыз Қара Қожа енді болыпсың, – деді.
«Уһ» деп, демімді қайта шығарғандай болдым. Майқанова ештеңе
сезбейтін тəрізді.
Мен онымен қатарласып келе жатып, өзімнің мықты өсіп кеткенімді
байқадым. Бойым Майқанованың бойымен деңгейлесіп қалыпты. Əлде
Майқанова аласарып кетті ме? Жоқ, мүмкін емес. Қайта оның қазіргі киіп
келе жатқаны биік өкше туфли. Жіңішке қисық аяқтары маймаң-маймаң
етіп, көйлегінің етегі сирағына оралғыштап келеді.
Мектепке кірдім. Бірінші кластан бастап оқып келе жатқан осы мектеп
маған туған анамдай ыстық та бауырмал. Жаңадан сырланған мұнтаздай
еден, терезе жадырай күліп тұрған тəрізді. Мынау біздің класс, əлі ешкім
келе қоймаған түрі бар. Орынды қай жерден алсам екен деп, біраз ойланып
тұрдым. Мұғалімнің қарсы алдына отырсам қалай болады. Жоқ. Одан да ең
арты тиімді. Сабақ зеріктіріп жібергенде, партаны ашып қойып, кітап оқып
отыруыңа немесе өлең жазуыңа болады. Бірақ, əдетте, артқы парталарға
сабақты нашар үлгеретін балалар əуес келеді. Өзіне сенімі күштілер
қасқайып алда отырады. Немене, мен солардан кеммін бе? Ең алға,
мұғаліммен бетпе-бет отырайын деген шешімге келдім.
Менің ендігі күткенім Жантастың (Тфу, бұл оңбағанның аты аузыма қалай
түсіп кетті), Жанардың келуі. Қасымдағы орынды оған ұсынбақпын. Сосын
жыл бойы Жанар екеуіміз қатар отырамыз.
Балалар біртін-біртін келіп, кіріп жатыр. Жанар жоқ. Есік алдынан
қыздардың үні естілсе, сол шығар деп ойлап қалам. Бірақ ол болмайды.
Бір кезде Жантас оңбаған кіріп келді. Оның үстінде де жаңа форма,
көрдіңдер ме дегендей аяғын ширатыла басады. Жантас қолын көтеріп:
– Сəлем еңбек еріне! – деді. «Қазақстан пионеріне» суретім басылғалы бері
ол мені өстіп тəлкек етуді шығарған. – Қасың бос па, Қара Көже.
Кекесін дауыспен:
– Саған сақтап отырмын, – дедім.
– Қамқорлығыңа рахмет! – деп, Жантасым елпеңдеп келеді. Партаның
шетіне қарай сырғып, тосқауылдай қалдым:
– Бос емес.
– Кім бар мұнда?
– Түсінемісің қазақша айтқанды. Бос емес.
– Жанарға сақтап отырмысың.
Ал, енді, қымбатты оқушым, кінəласаң кінəла, кінəламасаң өзің біл, мен
өзімді бұдан əрі ұстай алмадым. Жантастың шақпа тілі бір ғана сəттің
ішінде мені үш рет түйреп үлгерді. «Еңбек ері» деп, бір көкітті. Оның ар-
тынша «Қара Көже» деп, атымды тəлкек етті. Жанарды жəне сөзге
қыстырып отыр. Зығырданым қайнап кеткені соншалық, орнымнан ұшып
түрегелдім де, Жантасты иығынан ұстап, жалт бұрылып, «жұмсақ жеріне»
əдемілеп бір тептім.
Қойсаңшы, еркек болғаны құрсын да Жантастың. Маған біреу əлгіндей
істесе, əлім келсін-келмесін, сол арада қолында өлем. Сондай бір
ашынғандық Жантастан да шығар деп ойлап едім. Мен онда бəлемнің түте-
түтесін шығарып, жеп жіберуім қақ еді. Бірақ Жантас өйтпеді, сазарып
үндемей қалды. Бар тіс жарып айтқаны:
– Мен ойнап айтсам... – дейді. Байғұстың даусы да біртүрлі бейшараланып
шықты. Қайрат, қарсылықтан жұрдай еді.
Осы кезде класқа Жанар кіріп келді. Басында маған ғажап ұнайтын қызыл
береткасы. Менің онымен мынадай əбігер халде тұрып, амандасуға да
мұршам келмеді. Жанар орта шендегі басқа бір партаға отырғалы жатыр.
Оңбаған Жантастың кесірінен жоспарым күл-парша болды.
|