Жұрт түгел колхоз болып біріккен. Жекеше деген сөз енді ауызға да алынбайды. Бәрі колхоздікі: жер де, су да, адам да.
Қостөбеде тұрақты дүкен ашылған. Ауыл совет кеңсесіне телефон түсірілген. Жеке адамдар жаздырып алатын газет-журнал көбейген. Сауыны, малы жоқтарға бір-бір ешкі, бұзау, тана секілді мал үлестіріп берген.
Біздің үйге тигені тәйпиген қоңыр құнажын. Келер жылы бұзаулауы мүмкін. Ол бұзауласа, құдай бізді жарылқайды, өзіміздің сүтіміз, айранымыз болады. Көже қатығымыз болады.
Май, құртымыз болады.
Қазақтың қарны малмен ғана тоғаяды.
Қорадан мал иісі шыққанның өзіне береке кіріп қалғандай болады.
Осы жаз Қостөбеде жаппай отырықшылану басталған. Жаңа поселік – «төшке» салу қолға алынған. Киікбай ауылы мен Найза ауылының екі аралығы бос жатқан жазық еді. Қазір сол жазықта қыбырлаған көп адам балшықтан кесек құйып, екі пәтерлі, екі-екі бөлмелі, түзу көшеді еңселі үйлер тұрғызып жатыр. Осыны ауыл адамдары «төшке» дейді.
Қабырғасы қаланған үйлердің саны біртін-біртін көбейіп келеді. Іші-сыртын сылап, есік, терезе орнатса, төбесін жапса, қазіргі қожалақ тамдардан он есе артық, ақ сарайдай әдемі үйлер болып шығады. Нағыз жаңа ауыл, міне, сол.
Біз, балалар, бұған қуанамыз. Қаланып болған үйлердің ішін аралап, тамашалап қараймыз да, мынау біздің үй болады. Мына үйге біз кіреміз деп, үлкендердің атынан сөз сөйлеп, тон пішеміз.
Төшке салу жұмысы жаз бойына бір бәсеңдемеді. Қайта, көрші колхоздардан көмекшілер келіп, екі-үш айдың ішінде оннан аса үй тізіліп тұра қалған еді. Күндердің бір күнінде бұл жұмыс тоқтады. Неге екенін кім білген, қайтып қолға алынбады.
Күз өтті. Көктем өтті. Жаңа үйлер сол күйде ұмыт болды. Төбелері жабылмай, есік-терезе орнатылмай, қалып қойды. Бітпеген үйлерге бір де бір адам көшіп барып, кірмеді. Жауын езіп, жел сабалап тоздырған қабырғалардың үстінде зая кеткен мол еңбектің жоқтаушысы тәрізденіп, сұңқиып қарғалар отыратын болды.
Ешқандай пайдаға аспай құрыған сол үйлерге менің күні бүгінге дейін жаным ашиды.
Ат орнына адамдар жалаңаш аяқтарымен балшық кешкені, зілдей ауыр кесекті арық қабырғалары тырбың-тырбың етіп, қайысып қалап жатқаны менің көз алдымда.
Түскі үзілістің кезінде жұртты «көп отырып қалдыңдар» деп бол, болдың астына алып, шақ-шақ еткен өкілдер көз алдымда. Сүйретпе шанамен балшыққа қосатын сабан тасып, ыстық күнде тілі салақтаған өгіздер, емшектегі балаларын көлеңкеге жатқызып қойып, кесек құйып жүрген әйелдер көз алдымда. Мезгілімен ембей, шыр-шыр етіп жылаған жас сәбилер менің көз алдымда.
Соның бәрі не үшін? Қарға-құзғынға қонақтап отыратын жар жасап беру үшін бе? Текестің жары да соларға жететін еді ғой.
Айтпақшы, бітпей қалған сол көп жаңа үйдің біреуі ғана пайдаға асты.
Қостөбеде Ауғанбай дейтін бала-шағасы мол, кірме біреу бар-ды. Әлгінің меншікті тамы болмайтын да, әркімнің шаңырағын бір паналай, күн көретін. Қысқа қарай Ауғанбай кесектен қаланған еңселі үйдің шеткі біреуісін өз күшімен жабады да, кіріп алады. Ауғанбай бұрын орыс арасында болған, үй салудың жөн-жосығын білетін адам екен. Үйіне биік есік, үлкен терезелер орнатады. Іші, сыртын әдемілеп сылап, әктейді. Сонымен, Қостөбедегі ең биік, ең көрнекті үй Ауғанбайдың үйі болады да шығады.
Және оның тұрған орны қандай? Киікбай мен Найза ауылының қақ ортасында, оқшау. Төңірегі тап-таза көгал жазық. Бұрқыраған шаң, бықыған көң-қоқырдан оңаша.
Нарынқол жақтан келе жатқан адамға әуелі Қостөбеде бірінші боп жарқырап Ауғанбай үйі көрінеді. Ауылдағы ең тәуір үй, әдетте, не кеңсе, не мектеп. Қостөбеге тосын келетін жолаушының көбі кеңсе екен деп, енді Ауғанбай үйіне түсіп, шатаса бастайды.
Сөйтсе, кеңсе емес. Бықыған жас бала, бықсып жанған от. Ауғанбайдың әйелі балабасты салақтау адам.
– Өй, кеңсе қайда? – дейді таңырқаған жолаушы.
– Кеңсе ана ауылда!
Шатасып жөн сұраушылардан Ауғанбай балалары біраздан соң мезі бола бастайды. Енді осы үйге беттеп келе жатқан тосын адам көрсе-ақ алдынан жүгіріп шығып:
– Кеңсе ана ауылда! – деп, айқай салуды олар әдетке айналдырады.