«Қымбатты, жаннан артық көруші, ай жүзді, алтын дидарлы ағайым Сатылған, әкем Ыдырыс, тәтем Смағұл, інішегім Тұрдыбек. Қалай, бәріңіз де сау-саламат Текестің кең даласында, жұпар ауасында денсаулықтың арқасында құдай деп, аман-есен, өкімет пен партияның тапсырмасын адал атқарып, жүріп жатқан боларсыздар. Ал енді менен амандық білмек болсаңыздар, мен де аман-есен оқушылық борышымды адал орындап, Сүмбенің жұпар ауасында, өз тең-құрбымның тең қатарында жүріп жатырмын. Нағашым үйі түгел өздеріңіз көргендей аман-есен. Атам мен апам да аман-есен. Қағазбай нағашым да аман-есен. Ұшта Зәуре жеңешем екеуі жұмыс істеп жүр. Мен өкімет пен партияның тапсырған оқуын жақсы оқып, мектепке Зәуре жеңешемнің бешпентін киіп барып жүрмін. Жейдем әбден тозып кетті. Апам күнде жамаса, күнде жыртылады. Сымымның құйрығы ол да жыртылып еді, апам бір сары шүберек тауып, жамап берді. Сондықтан сіздерден өтініп сұрайтыным: қатынаған адамнан маған бір-екі езім сия және бес-алты қаламұш беріп жіберіңіздер. Және жейдем әбден тозып кетті. Бір жейде тіккізіп, беріп жіберсеңіздер екен. Және арифметика кітабын алуға ақшам жоқ. Маған қатынаған адамнан азырақ ақша беріп жіберсеңіздер екен.
Амандық хат жазушы Бердібек.
1935 жыл, 13 апрель».
Дәптердің бір парағына жазылып, үш бұрыш етіліп бүктеле салған, ешқандай марка жапсырылмаған менің бұл хатым осы арадан әуелі біздің Қостөбені басып өтіп, Нарынқолға почтаға барады. Сол арада сорттаудан өтіп, әлгі ізімен қайтадан кейін қайтып, Қостөбеге келеді. Талай жерді шарлап, айқыш-ұйқыш сапар шегіп, Сатылған ағайымның қолына тиеді. Жайдан-жай тие салмайды, ол оны маркасыз хат болғандықтан бір сомға сатып оқиды. Сондағы хат мазмұны жоғарғыдай.
Мен оқу оқып жүрген Сүмбе мен Қостөбенің арасы салт атты адамға түстік жер. Кісі үзбей қатынап жатады. Айтылмыш хатты мен солардың біреуінен беріп жіберсем де болар еді ғой. Әрі тез, әрі әуресі аз.
Жоқ, мен өйтпеймін. Адамзат почтаны не үшін ойлап тапты деймін де, реті келіп тұрғанда, пайдаланып қалуға тырысам. Почта арқылы барған хат мәндірек, жауаптырақ болатын тәрізді.
Сүмбеде дүкен бар. Дүкенші жігіт мені жақсы таниды. Бір күні сол кездесіп қалды да:
– Ағаң саған жиырма бес сом ақша беріп жіберіп еді, жүр, берейін, – деді.
Мына хабарды естіп, Рамазан екеумізде ес қалмады. Бір сом, екі сом емес, бақандай жиырма бес сом! Біз мұнша ақшаға өмірі ие болып көргенбіз бе? Жүрегіміз алып-ұшып, дүкеншіге ілесіп, оның үйіне келдік.
Неге екенін білмеймін, дүкенші жиырма бес сомды түгелдей тиыннан санап берді. Әйтеуір бақыр берген жоқ, он бес, жиырма тиындық күмістер. Соның өзіне қос уыстан асып кетті. Бұны енді қалай алып жүрем? Қалтама салып едім, бір қапталым салбырап түсіп кетті. Салбыраған қапталды қос қолдап көтере ұстап, танауымыз желп-желп етіп, үйге келдік.
– Сатылған Бердібекке жиырма бес сом ақша беріп жіберіпті! – деп Рамазан анадайдан жар сала келді.
Бала мінезді Бөпке апам:
– Рас па? Қане, көрсетші? – деп, үйіріле қалды.
– Міне! – деп, қалтамдағы тиынды саудыр-саудыр еткізем.
– Маған бес-алты сомын берші, шай алып ішейін.
– Өзім кітап-қағаз алам.
Отырып, санаймын ақшамды. Дәл жиырма бес сом ба? Не артық, не кем емес пе? Рамазанның болысқысы келсе, қолын қағып, жолатпаймын.
Міне, енді Рамазан екеуміз дүкенге келе жатармыз. Жол-жөнекей кездескен балаларға мұрнымды көкке шүйіріп, бүгін жер бетінде бізден бай адам жоқ екенін айтамын. Қалтадан күміс ақшаларды уыстап алып көрсеткенде, кім де болса есінен танып қала жаздайды. Соңымыздан ілесіп, бірге жүреді.
Ақшаның төл иесі менмін ғой. Олар маған қызғанышпен қарайды. Дәл қазір дүниеге мен болып келмегенге өкінеді.
Дүкенге кеп кіргенде, менің соңымда шұбырған бес-алты атқосшыларым бар.
Бір қазақ түйе сатып, базар базарлағанда, он шақты қазақ тырп-тырп етіп, әлгінің қоржын-кешегін арқалап, артында босқа жүретін. Құлды сол тәріздімін, түйе сатқан мықтының өзімін.
– Не алсам екен? – деп дүкен сөрелеріне тәштиіп көз тастаймын.
Қалтамда жиырма бес сом емес, қазына тұнып жатқандай.
Атқосшы балаларда кінә жок. Ананы ал, ананы ал деп, бірімен-бірі жарысып ақыл береді.
Бір-екі оқулық, дәптер, блокнот, сызғыш секілді өзіме аса қажет заттар сатып алдым. Тағы не алсам екен?
– Анау барабанды сатып ал! – дейді кеңесшімнің бірі.
– Бәкі ал!
– Белбеу ал!
– Анау айнаны ал. Қалтаңа салып, бетіңді көріп жүресің.
– Бетмай ал. Бәрі де қажет нәрселер. Ақшам жетсе бәрін алар едім, ештеңе қалдырмас едім.
Бір кило қант сатып алдым. Бір-бір кесегін өзіміз жеп, басқасын үйге апармақпыз. Осындай байып тұрған кезде атам мен апамды да қуантпасам, адамшылық бола ма?
Кішкентай дөңгелек айна сатып алдым. Пластмассадан жасалған жиекшесі бар. Сықпа вазелин алдым. Кеңесшілерімнің тілімен айтқанда, бетмай. Аяқ-қолым тілік-тілік боп, азап көріп жүрмін. Кешке, бәлем, сылап жағып тастамақпын.
Есептеп көрсем, ақшам тағы да қалып барады. Енді не алсам екен?
– Белбеу ал! Беліңе тағып жүресің.
Ұшында күлтеленген сәнді шашағы бар, ақ жібек белбеу менің көптен қызығып жүрген нәрсем. Әрі осы күні сән. Сылқым бозбалалар ақ көйлектің сыртынан шашағын салбыратып, буынып алады.
Қалған ақшама белбеу сатып алдым.
Атқосшыларымды шұбыртып, дүкеннен шығып келе жатырмын. Менен бай, менен бақытты адам жоқ.
Көшенің қақ ортасында тұрмын. Атқосшыларым қасымда. Сатып алған нәрселерімнің әрқайсысын олар бір ұстап көріседі.
Мен үшін ең қымбат мүлік – шашақты ақ жібек белбеу. Соны қоңыр бешпенттің сыртынан беліме буынып көріп жатырмын. Сылқым бозбалалардың әдетімен шашақтарын ұзынды-қысқалы етіп, жамбасыма салбыратып түсіріп:
– Қалай, жараса ма? – деймін.
– Қатып кетті! – дейді кеңесшілерімнің біреуісі.
– Бұны бүйтіп бешпенттің сыртынан буына ма екен? Жейденің сыртынан буынады, – дейді екіншісі.
Тәуір, бүтін жейдем жоқ болса, қайтушы едім? Қашан тәуір жейде біткенге дейін буынбай, сақтап қоюым керек пе?
– Бешпент түгіл, шапанның сыртынан буынса да бола береді. Білсең, бұл қайыс белбеуден он есе мықты – деймін. Бұл әншейін, өзімдікі дұрыс деп, бер жағымнан айтып жатқаным. Ал ар жағым басқаны арман ет еді. Әуелі, басымды тақырайтпай, шаш қойсам. Шашымды бір шекеме қарай жылтырата тарап, қайырсам, Шалбарымның қыры пышақтай болса. Аяғымда жып-жылтыр қара туфли, үстімде аппақ қардай ақ жейде. Міне, осыдан кейін шашақты жібек белбеуді буынып көшеге ал қане, маған қараңдар деп, шыға келсем!
Ех, шіркін!
Бірі табылса, бірі жоқ. Міне, белбеулі болдым. Белбеуіме сән беретін басқа киімнен менде түк жоқ.
Кедей байыса, жомарт келеді. Бүгін мен жомартпын. Атқосшыларымды да бір-бір қуантып тастауды борыш санадым. Сықпа вазелиннен әрқайсысының алақанына күзгі торғайдың саңғығанындай етіп, шоқитып-шоқитып салып бердім. Беті-қолдары жарылып, су тисе ашып, азап көріп жүрген бейшаралар мәз болысып жатыр. Олжаға батып, қуанысып жатыр.
Мейлі, қуансын! Менің бұл жақсылығым бірінен болмаса да, бірінен қайтар.
Қайтпаса және бопты.
Күс-күс қолдар мен қарала тұмсықтарға май жағылған соң, жылтырап шыға-шыға келісті. Жуып жақпаған соң, кір қоса езіледі екен. Бетті бір сүйкеп өтсе, бес саусақтың ізі баттиып, түгел түсіп қалады...
– Өй, ақымақ неме! Шапанның сыртынан жібек белбеу буынған кімді көрдің? Буынсаң, жейденің сыртынан буын, – деп, мені атам да әжуамен қарсы алды.
Біріншіден, күн әлі салқын. Жейдемен жүрер кез емес. Екіншіден, жейде дейтін жейде емес, қырық жамау.
Күн әбден жылып, қашан тәуір жейде біткенге дейін белбеуімді сақтап қойып, шыдай алар емеспін. Ертесінде мектепке тәуекел деп, бешпентімнің сыртынан буынып барайын. Тым болмаса, бір рет көрсін балалар. Содан, соң, мумкін, тығып та қоярмын.
Балалар бір дегеннен-ақ қоршап алды. Бірі құптайды, бірі келеке етеді. Белбеуімнің шашағынан тартқылап, тәлкек етушілер көбірек. «Комиссар болып кетіпсің!», «Өкіл болып кетіпсің!», «Прокурор болып кетіпсің» деп, мазақтайды.
Сабақ басталды.
– Бердібектің жібек белбеуі бар! – деп, біреулер ең маңызды соңғы хабардай етіп, мұғалімге айтып жатыр.
Мұғалім Назар дейтін жуас, сүйкімді адам. Миығынан күліп, жымиды да қойды. Бір сабақ біткен. Үзіліске тысқа шығып келем. Әнеугі тақырбас Баймырза бастатқан бірнеше бала жан-жағымнан жабысып, қоршап алған. Бұлар мұнша неге жабысады?
Баймырза жүрген жерде бір сойқан қоса жүретінін жүрегім сезінетін тәрізді.
Далаға шыққан кезде әлгінде үймелеп қоршап алған баланың бірі:
– Өй, белбеуіңнің шашағы қайда кеткен! – дейді. Жүрегім су етіп, жалт бұрылып қарадым. Белбеуімнің екі шашағы бірдей жоқ. Біреу пышақпен шорт кеспей де алған. Шолтиып жұқанағы қалған. Балалар енді одан әрман мазақтап, ду-ду күліседі.
Мен ызадан жарыла жаздай тұрмын, кімге тиісерімді білмеймін. Баймырзаға:
– Сен! Сен кесіп алдың! – деймін.
– Оттама! Кесіп алсам, мә қара! Тауып ал! Баймырзадан табарсың!
Қайран ғана белбеуім-ай! Ішім удай ашып барады. Өзім де ақымақпын-ау! Мектепке неге буынып келдім? Атамды тыңдап, күн жылынғанша неге тығып қоймадым!
Сабақ біткен. Мектептен тарап келе жатырмыз. Баймырзаның үйі көшенің басқа жағында. Анадай ұзаңқырап алып, ол маған айқай салады. Өлген торғай секілді жалбыраған бірдеңелерді аспанға лақтырып, көрдің бе дейді. Көрдім, таныдым, менің белбеуімнің шашақтары.
Боқтап, тұра қудым. Тұра қашты, жеткізу қайда. Қашып бара жатып та шашақтарды аспанға атады.
– Тоқтап тұр, ертең ағайға айтам!
Ағай не істейді? Кесіліп қойылған шашақтарды қайта жапсырта алмайды.
Қыруар ақша төленген қайран белбеу, осылайша істен шықты.