Қорытындылаушы практикада (4-курс): студент оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда өткізуде кемшіліктерді анықтайды, олардың жою жолдарын іздестіреді, бітіруші курстағы (диплом) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді, кәсіби бағдарға байланысты іс-шараларды атқарады, кәсіби педагогикалық практика нәтижесін қорытындылайды.
Студент-практиканттың мәліметтер базасы: мұнда ең бірінші студент-практикант туралы нақты мәліметтер, атап айтсақ, аты-жөні, суреті, тобы, ұлты, жынысы, электронды поштасы, ұялы телефоны жазылады. Екінші кезекте, курстан курсқа өту барысында өзгерістерге ұшырауы мүмкін мәліметтер жинақталады. Атап айтсақ, оқу түрі, оқу үлгерімінің орташа балы (GPA), отбасылық жағдайы, студенттік қоғамдық ұйымдарға мүшелігі және топ кураторы, эдвайзері.
Студент-практикант күнделігі – аты айтып тұрғандай студент-практиканттың күнделікті іс-әрекетін тіркейтін және берілген тапсырмаларды мерзімінде орындайтын жазбасы. Әрбір курста студент-практиканттың практика өту мерзімі және жас ерекшеліктеріне қарай мектеппен, сыныппен және оқушымен танысу, қарым-қатынас түзу құралдарымен қатар, пән мұғалімі және сынып жетекшісінің қызметтерімен танысу, меңгеруге бағытталған тапсырмалар берілген.
Онда 1-2 курс практиканттары үшін сабаққа қатысу парағы, ал 3-4 курс студенттері үшін сабақты жүргізу және талдау парақтары берілген. Төменгі курсқа арналған студент-практикант күнделігінде атқарылатын жұмыстар әр күнге лайықталынып берілген болса, жоғарғы курстарда аптамен берілген. Студент-практикант күнделігінде оның бекітілген мекемеден кәсіби педагогикалық практикадан өткендігін растайтын бірқатар құжаттар үлгісі берілген.
Бастапқы (пре) және соңғы (пост) сауалнама – студент-практиканттың кәсіби педагогикалық практикаға дейінгі және кейінгі әсерін білу және салыстыру мақсатында алынатын сауалнама. Сонымен қатар, студент-практикант кәсіби педагогикалық практиканың ұйымдастырылуы мен жүргізілуі туралы өз ұсынысы мен ой-пікірін білдіреді.
Білім мекемесінің нормативті құжаттары – мекеменің төлқұжаты (паспорты) білім мекемесінің типіне сай бағыты, атауы, құрылған жылы, жұмыс режимі, білім беруге рұқсат берілген ҚР БжҒМ құжаттарына сай жасалатындықтан онымен студент-практикант міндетті түрде танысуы тиіс. Сондай-ақ, мектеп жарғысындағы мекеменің мақсаты, негізгі міндеттері мен мекеме қызметінің жалпы құрылымымен; оқушылар Ережесіндегі оқушының мектеп формасының үлгісі, қыздар мен ұлдар формасының ерекшелігі, оқушылардың сабаққа дейінгі, сабақтағы, сабақтан кейінгі міндеттері мен тыйым салынатын жағдайлар туралы мәліметтерді білуі тиіс.
Мекеменің санитарлық (асхана), кітапхана қоры, музей, ондағы экспонаттар т.б. құжаттарымен танысады. Мекеме басшысы, орынбасарларының аты-жөні, педагогтардың (тәрбиешілер) сандық және сапалық құрамы, оқушылар үлгерімі мен білім сапасы, оқушылар саны туралы ақпараттар жинақталады. Студент-практикантқа бекітілген сынып жетекшісінің, пән мұғалімінің аты-жөндері, бекітілген сынып, оқушылар саны, сабақ кестесі, ауысымы туралы қажетті мәліметтермен толықтырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |