Бидайбеков Е


Жоғары оқу орындарында информатика курсын оқыту жайлы



бет107/108
Дата07.01.2022
өлшемі1,9 Mb.
#19836
түріОқулық
1   ...   100   101   102   103   104   105   106   107   108
9.3 Жоғары оқу орындарында информатика курсын оқыту жайлы

Жоғары білімді маманның ақпараттық мәдениетті игермей, ақпараттық ортада жұмыс істеу біліктілігі мен дағдысын меңгермей, бағалы кәсіби қызметкер болуы мүмкін емес. Осыған орай, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында студенттердің ақпараттық мәдениетін қалыптастыру жүйесін қарастырайық.

Қазіргі кезеңде жоғары кәсіптік білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес барлық жаратылыстану және гуманитарлық мамандықтарының болашақ мамандарының ақпараттық мәдениеті информатика курсын оқыту нәтижесінде қалыптасады. Типтік оқу жоспарына [31-39] сәйкес курстың негізгі тараулары, яғни қазіргі заман компьютерінің аппараттық құралдары, компьютерлердің программалық құралдары, компьютерлік желі және желілік технологиялар, ақпаратты қорғау негіздері және т.б. болып табылады.

Алгоритмдер мен программалау тілдері жеке тарау ретінде немесе «Программалау технологиясының құралы» тарауының бөлігі ретінде барлық мамандықтардың оқу жоспарына кіреді. «Информатика» пәнінің негізгі міндеттерінің бірі студенттерге кәсіби есептерді алгоритмдеуді және ақпараттық жүйеде программалау негіздерін оқыту болып табылады.

Осылайша, болашақ мамандарды дайындау үшін ғылыми пән ретінде информатика ұғымының мәніне сәйкес келетін курстар жүйесі қажет.

Информатика курстары жүйесіндегі программалау курсының орыны Э.И. Кузнецовтың [40] еңбегінде қарастырылған. Ол жолдары төмендегідей тараулар болып табылатын матрица түрінде беріледі:



Алгоритмдер және мәліметтер құрылымы;

Программалау тілдері;

Архитектура;

Сандық және символдық есептеулер;

Операциялық жүйелер;

Программалық жабдықтау әдіснамасы мен инженериясы;

Мәліметтер қоры және ақпараттық іздеу;

«Адам-компьютер» өзара әрекеті.
Информатиканың оқу жоспарында информатиканың, компьютерлік жүйенің және ақпараттық технологияның іргелі мәселелері толық қамтылуы қажет. Оларға мыналар жатады: «Ақпарат, сигнал, шама және алгоритм ұғымдары; шама мәнінің типі, мәліметтер құрылымы және формальді алгоритмдік тілдер ұғымдары. Алгоритм мен оның ролі ұғымын анықтау әдістері. Алгоритмдік шешілмегендік жайлы және алгоритмнің қиындығы ұғымы. Программалау тілдері мен есептеу моделі ұғымдары. Программаны жөндеу, ақпараттық технология және инструменттік программалық құралдар жайлы ұғымдар. Мәліметтер қоры және олардың моделі ұғымдары. Мәліметтер қорын басқару жүйесі жайлы ұғым. Компьютерлердің өзара желілік қажеттілігі және хаттамалардың түрлері. Ақпаратты қабылдау мен таратудың коммутацияланатын және коммутацияланбайтын әдістері. Желідегі пакеттік және интерактивтік режим. Желіде маршруттау және адрестеу. INTERNET желісі. Ақпараттар жүйесі ұғымы. Қолданбалы программалар пакеті. Қолданбалы программалар пакетін жүйелі, функционалды және ақпараттық толтыру және т.б. Осындай мәселелерді оқыту, барлық мамандық студенттері үшін информатика бойынша сөзсіз қажетті білімінің негізін құрайды» [41].

Бұрын айтылып өткендей, жоғары кәсіптік білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес программалау информатика курсының құрамына кіретін жалпы пәндік блок болып табылады. Бұл пән жоғары білім беру құрылымындағы барлық мамандықтардың студенттеріне бірінші семестрде оқытылады. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында информатика курсы жүйесін оқытуға салыстырмалы сипаттама берілген. Типтік оқу жоспарында программалаудың алатын орнын қарастырайық.

Ғылыми-жаратылыс мамандық студенттері (010700-011500, 510730-511030, 511230, 511430), гуманитарлық және өнер мен мәдениет мамандықтары студенттері (020000, 060000, 090100, 090200, 090800, 090000-091200, 091500, 520130-520430, 520730, 520930-521830, 522030, 5222130, 540230), жаратылыс білім беруді дайындау бағыты мен мамандықтары студенттері үшін (0301000-030300, 521930) информатика курсында және гуманитарлық білім беру бағыты мамандығы студенттері үшін (030500-030900, 031100-032200, 540330), «Математика және информатика» курсында «Программалау технологиясының құралы» тарауы түрінде беріледі. Ол тарау программалық өнім құру, программалау тілдері, программалау негіздері мәселелерін қамтиды.

Экономикалық бағыттағы студенттер (062000, 080000, 090300, 090400, 090700, 090300, 090900, 091341, 091400, 091600, 460100, 460200, 520530, 520830, 522230, 52330, 540430, 541530, 070000) «Алгоритмдеу және программалау негіздері» тарауында программалауды оқиды. Басқа тарауларды, яғни кестелік процессорды, графикалық редакторды, мәліметтер қорын және т.б. оқытқанда программалау элементтерін қоса оқытуға болады (мысалы, VBA-құрамдас тілінде және т.б.).

Ауылшаруашылық мамандығы студенттері үшін (450100-451000, 451500, 451700) информатика курсында «Есепті шығару кезеңдері. Алгоритмдер және программалау тілдері» тарауын оқыту қарастырылады.

Жаратылыстану мамандықтары мен дайындау бағытында (010100-010600, 510130-510430) программалау бірнеше кезеңде оқытылады. Информатика курсында программалау мәселесіне өту келесі, яғни программалауға кіріспе, есептерді алгоримтдеу негіздері. Алгоритмдік тілде программалау тарауларын оқыту барысында іске асырылады.

Келесі бастапқы курстарда мемлекеттік білім берудің компоненті болып табылатын төрт семестрде «Программалау тілдері» оқытылады. Содан кейін, «ЭЕМ-дегі практикум», «Интернетте программалау», «Программалау тілдері теориясы мен аудару әдістері», «Мәліметтер қоры және ақпараттық жүйелер (қазіргі кездегі МҚБЖ-нің тілдік құралдары)» курстары оқытылады.

Қоғамды ақпараттандырудың тез қарқындап өсуі барлық мамандықтар мамандарының ақпараттық және технологиялық дайындықтарын қайта қарауды талап етеді. Білім беруді ақпараттандыру саясатын іске асырып және оны түзету үшін елдің барлық жоғары оқу орындарында информатика және ақпараттық технология кафедралары құрыла бастады. Қазақстан Республикасының алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сатпаев атындағы ҚазМТУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Бөкетов атындағы ҚарМУ және т.б. жоғарыда берілген информатика курсының құрылымы жасалып, енгізілді және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрлігімен бекітілді [31-39].

Осылайша, барлық мамандықтағы студенттер үшін информатика курсының жүйесіне программалау қосылады. Бірақ, ол курстың мазмұны көптеген факторларға тәуелді болады.

Білім беруді ақпараттандыру жағдайында болашақ мамандардың дайындығын зерттеу мәселелері Қазақстандық ғалымдардың, атап айтсақ Е.Ы.Бидайбеков, Т.О.Балықбаев, А.Е.Әбілқасымова, Ж.А.Қараев, С.Қариев, Е.Ө.Медеуов, Г.Д.Жангисина, Ж.К.Нұрбекованың және басқалардың еңбектерінде көрініс тапқан.

Э.И.Кузнецов «студенттерді арнайы дайындауға программалау негіздері қосылуы керек. Бұл компьютерді есептерді шешу құралы ретінде қолдану мүмкіндігін береді. Программалауға оқыту мамандыққа байланысты саралап оқыту сипатына ие. Гуманитарлық және кейбір жаратылыс мамандықтарының студенттері үшін ол тереңірек берілмеуі мүмкін.... Физика, математика, әсіресе информатикаға мамандандырылған студенттер үшін программалауды оқыту неғұрлым жеткілікті, терең деңгейде, яғни осы мамандықтағы болашақ мұғалімдер компьютерді есеп шығару құралы ретінде қолдана алатындай етіп ұйымдастырылуы қажет» деп атап көрсетеді [40].

Информатиканы оқытуға байланысты мәселелерді шешу педагогикалық зерттеулерде көптеген ғалымдардың, атап айтсақ, А.П. Ершов, С.И. Шварцбурд, И.Г. Антипов, Ю.А. Первин, Г.А. Звенигородский, Э.А. Кузнецов, М.В. Швецкийдің еңбектерінде қарастырылған.

Программалауға байланысты кәсіби қызығушылық көбінесе физика-математика бағыты студенттерінің арасында көптеп кездеседі. Олар үшін компьютер зерттелетін құбылыстар жайлы жаңа білім беретін және оны зерттейтін құрал, яғни компьютерді таным құралы ретінде нақты үдерістер мен табиғаттағы құбылыстарды дәлме-дәл бейнелейтіндей модель құрудың принциптерін түсіну өте маңызды.

Басқа бағытта маманданған студенттер үшін, бәрінен бұрын дайын компьютерлік модельдерді оқу үшін қажет программалық құралдарды меңгеру қажеттілігі болып табылады. Мысал ретінде экологиялық жағдайды немесе анықталған жағдайлардан тәуелді экономикалық үдерістердің дамуына талдау жүргізуді алуға болады.

Компьютерді есепті шешу құралы ретінде пайдалану тек қана қолданбалы программалық жабдықтауды ғана емес, сонымен қатар жоғары деңгейлі программалау тілдерінің бірінде программалау біліктілігі болып табылады. Программалау құра білу біліктілігі студенттің маманданған саласы бойынша саралануы қажет. Егер көпшілік мамандықтар үшін программалаудың негізгі принциптерін түсінуі, программалаудың құрамдас ортасында қарапайым кодтарды құру біліктігі керек болса, ал физика, математика және информатика мамандықтарының студенттері үшін компьютерде ақпаратты өңдеу мен басқару жүйелері үшін программалау практикасын және алгоритмдер теориясын, ақпараттық модельдеуді, қолданбалы есептерді шешу жолдарын білуі керек.

Осылайша, жоғары мектептің информатика курсында программалауды оқытудың барлық бағыттағы мамандықтар үшін қажеттілігі туындайды. Программалауды оқыту мамандыққа байланысты сараланып оқытылуы қажет.

Ізгілендіру және қоғамды ізгілендіру жағдайында, саралап оқыту білім беру саласын дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Ол білім беруді саралап оқытуды дербестендіруді, студенттердің қабілеттерін, танымдық белсенділіктерін және т.б. дамытуда үлкен рөл атқаратындығымен анықталады.

Мамандарды даярлауға қойылатын талаптардың біріне нарықтағы оның біліміне сұраныс, яғни өз білімін, біліктілігін және дағдысын нақты мәселені шешуге қолдану қабілеттілігі болып табылады. Осыған байланысты жаңа білімді өз бетінше алу іс-әрекетін оқыту маңызды. Бұл жағдайда студенттің іс-әрекеті продуктивті болып табылады.

Информатиканың кәсіптік қосымшасы ретінде ол студентте ақпараттық мәдениетті қалыптастыруға қабілетті, яғни қосымшаны түсіну «ақпараттық ортадағы өзінің кәсіптік бағытының өнегелі психикалық күйіне ой жүгіртуі, ақпараттық іс-әрекеттің құралдары мен мақсатын анықтауға саналы және жауапты көңіл қойып қарауы, қазіргі заманғы ақпараттық технологияны қолдану арқылы жеке тұлғаның шығармашылық қабілеттілігін іске асыру көлемінде» [42].

Оларға ғылыми ақпараттың, ғылыми танымның әдіснамасының құрылымы мен жалпы қасиеттері; кәсіптік іс-әрекет саласында ақпараттық модельдеу; ақпараттық технологияның кәсіптік бағытталған және әмбебап құралдары жатады. Оқытудың таным объектісін ақпараттық модельдеудің бір түрі ретінде қарастыра отырып, болашақ мамандардың ақпараттық мәдениетін дамыту үшін жағдай туғызамыз [43].

Мектептегі білім беруді саралаудың психологиялық-педагогикалық және дидактикалық негіздері көптеген ғалымдардың еңбектерінде зерттелген

(С.И. Шварцбурд, В.М. Монахов, Г.В. Дорофеев, В.В. Фирсов, және т.б.).

Информатиканы саралап оқыту мазмұнының әр түрлі тәсілдері Н.В.Апатова, С.А.Бешенков, Т.А.Бороненко, М.В.Швецкий, А.Г.Гейн, С.Г.Григорьев, М.П.Лапчик, Т.И.Захарова және т.б. еңбектерінде көрініс тапқан.

Профессор Е.Ы. Бидайбеков іргелендіруді, яғни болашақ маманға кәсіптік қызмет технологиясын үнемі өзгерткенде бейімделу мүмкіндігін қамтамасыз ететіндей, білім беру мазмұнының жетекші принципі ретінде анықтайды. «Іргелендіру кең ғылыми негізге жететіндей, пәннің фактологиялық (шындыққа негізделген), дүниетанымдық және әдіснамалық жақтарын оқыту бірлігімен қорытындыланады. Жалпы білім беру мен кәсіптік дайындаудағы іргелендіру әр түрлі қызмет аумағында жекеше мәселелердің шешімін қамтамасыз ететіндей, біліктіліктің, іс-әрекеттің жалпыланған түрлерін білдіреді» деп қорытындылайды [44, 17-б.].

Мұнда информатика саласында іргелі дайындықтың негізгі тараулары: алгоритмдер, программалауға кіріспе (қазіргі кезде белгілі программалау парадиграмалары), мәліметтер құрылымы, программалық жабдықтауды жасау технологиясы, ЭЕМ құрылымы, компьютерлік графика қағидалары, аудару принциптері, операциялық жүйелер, мәліметтер қоры және іздеу, жасанды интеллект, жүйені талдау және модельдеу, дискертті математика, теориялық программалау екендігі көрсетіледі.

Оқытудың кәсіптік-педагогикалық бағытының тұжырымдамасын М.В.Швецкий ашып көрсетті [45, 78-80 б.].

Кәсіптік-педагогикалық бағытының тұжырымдамасы келесідей алты педагогикалық қосымша принципінің көмегімен ашылған, олардың бірінші төртеуі А.Г.Мордковичке жатады [46].


  1. Іргелендіру приницпі. Информатика аумағында пән бойынша кең көлемді және терең білімді қамтамасыз ететіндей іргелі дайындық қажет. Іргелілік мақсат емес, ол болашақ маманды дайындау құралы, сондықтан да алынатын мамандықтың мұқтаждығымен келісілуі керек.

  2. Бинарлық принципі. Информатика курсын құрған кезде жалпы ғылыми және әдістемелік бағыт біріктірілуі қажет.

  3. Жетекші идея принципі. Педагогикалық жоғары оқу орындарындағы информатика курсының жетекші идеясы жоғарғы және орта мектеп информатика курстарының байланысы болып табылады.

  4. Үздіксіздік принципі. Информатикаға жататын барлық курстар педагогикалық іс-әрекет элементтерін студенттердің үздіксіз түсіну үдерісіне қатысуы керек.

  5. Педагогикалық жоғары оқу орыны оқытушыларының өз педагогикалық іс-әрекеттерінде жаңа ақпараттық технологияны қолдану принципі. Бұл жерде М.И. Жалдактың [47], яғни ақпараттық технологияның

анықтамасын «адамдардың білімін кеңейтетін және олардың техникалық, әлеуметтік үдерістерді басқарудағы мүмкіндіктерін дамытатын ақпаратты жинау, ұйымдастыру, сақтау, өңдеу, тарату әдістері мен техникалық құралдары» екендігін ескеру керек. Сонымен қатар, қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар біртіндеп ғылыми бағытқа бөлінуде екендігін ұмытпау керек.

6) Оқытуда жаңа ақпараттық технологияны (ОЖАТ) жүйелеп қолдану принципі. ОЖАТ-ның қолданбалы мәні компьютерлік оқыту технологиясы болып табылады. В.А. Извозчиков [48, 42-43 б.] тұжырымдағандай ОЖАТ-ны жүйелеп қолданудың мәні жалпы компьютерлік оқыту принциптерінен шығады, яғни жоғары мектептің оқытушысы компьютерді оқу үдерісінің шектеулі құралы ретінде қолдана білуі және сонымен қатар, әлемнің ақпараттық бейнесін кең көлемде көре және түсіне алуы қажеттігі, өзінің осы ақпараттық ортада жоғары ізгілікті және жетекші міндетін саналы түрде түсінуі болып табылады. Оқыту нәтижесінде студент автоматтандырылған оқыту әдістеріндегі педагогиканың классикалық әдістерінің басымдылық рөлін, педагогтың жеке тұлғасының жетекші мәнін, оның оқу ортасындағы Жаңа ақпараттық технологияның құралдары мен әдістеріне қаныққан білімі мен біліктілігін айқындауы қажет.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   100   101   102   103   104   105   106   107   108




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет