БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТАРДЫҢ БАСҚАРУШЫЛЫҚ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ - ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Болашақ педагогтардың басқарушылық құзыреттілігін қалыптастырудың мәні мен әдіснамалық тұғырлары
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде жаңа буын ұрпақтарының мемлекеттік стандарттары негізінде жаңартылған білім беру бағдарламалары жасалуда. Онда оқушыны белгілі бір қажетті біліктер мен дағдылардың иесі, оқу әрекетінің субъектісі, әртүрлі мәдениеттермен өз көзқарасы тұрғысынан диалогке түсетін автор және жас ерекшелігіне сәйкес өз жолын қалыптастыруға күш жұмсап, еңбектенетін тұлға тұрғысынан қалыптастыру қолға алынып отыр [6].
Инновацияларды тәжірибеге енгізу үшін мұғалім кәсіптік құзыреттілік пен кәсіби деңгейге ие болуы керек [7]. Білім берудің мақсаты дәстүр бойынша түлектердің белгілі білімді, білікті, дағдыларды меңгеруіне негізделеді. Бүгінгі таңда кәсіби және өмірлік мәселелерді іс жүзінде шеше алатын, оқушылардың оқу-тәрбие үдерісін басқара алатын, практикаға бағытталған мұғалімдер қажет. Осылайша, «қоғамдық дамудың қазіргі жағдайы «маманның басқару құзыреттілігін» зерделеу қажеттілігін өзектендіреді.
Болашақ педагогтың басқарушылық құзыреттілігінің негізі «басқару»
түсінігінен туындайды.
Басқару ұғымының негізі ежелгі философтар еңбектерінен бастау алады. Конфуций (551-478 жж. б.д.д.) – «ізгілікті басқаруға» мән беріп, оны ешбір өзге мүмкіндік берместен басқару, үнемі адамдарға қамқорлық жасау, сонымен қатар қоғам мүшелері арасында міндеттерді бөлуде қатаң әлеуметтік дифференциация иерархиясы деп түсіндіреді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы мен оның көмекшілерінің даналығына сүйену қажеттігін көрсетеді [8].
Платон (427-343 жж. б.д.д.) – мемлекетте әрбір қоғам мүшесі өз ісімен шұғылдану қажет, өзге адамдар ісіне кірігуге болмайды, бұл талап тұтас құрылымға бағынуды және соған еңбек етуді нұсқайды. Идеалды мемлекетте жеке меншік жоқ, әйелдер мен еркектер құқықтары тең, баланы мемлекет тәрбиелейді, ең мықты мен текті қоғам мүшелері басқаратындығын айтады. Оның пайымдауынша, «заң күші жүрмейтін, өзгеге бағынушы мемлекет құрдымға кететіндігін», адамды басқара білу «өте күрделі және еңбекпен қолжеткізуші білік» екендігін атап өтеді [8, б. 25].
Аристотель (384-322 жж. б.д.д.) «әрбір мемлекет белгілі бір қоғамдық тұрғылықты орын» екендігін дәлелдеп, Платонның идеалды мемлекетіне сын айтып, жеке мүлік және қоғамдағы отбасын сақтау қажеттілігін қорғау керектігіне көңіл бөлген [9].
Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 ж.ж.). – идеалды мемлекет қандай болу керектігін ойланып, басқару рөліне және оның адамгершілік құндылықтарына басты назар аударған [10].
Сондай-ақ, басқа да түркі ғұлама ойшылдары Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иассауи, Ахмед Иүгінеки, Махмуд Қашқари өздерінің еңбектерінде ел басқару мәселесіне, мемлекет басқарушысының кемелденген, парасатты адам болу керектігіне мән беріп, олардың бойында болуға қажетті адамгершілік сапаларды көрсеткен [11].
Сонымен ежелгі және орта ғасыр философтарының еңбектерінде басқару ұғымы кім басқару керек және қалай басқару керек делінген екі бағытты анықтайды.
Педагогикалық-психологиялық және тарихи-педагогикалық әдебиеттерді талдау негізінде педагог мамандардың басқарушылық құзыреттілігін қалыптастырудың мазмұны мен мәнін ашатын тарихи деңгейлерді атап өтуді жөн көрдік. Бірінші, қазан төңкерісіне дейінгі деңгей (1811ж.-1917ж.). Мұнда білім беру мекемелер санының артуына байланысты педагогтармен жүйелі негіздегі білім мен тәрбиені ұйымдастыру бойынша педагогикалық іс-әрекет тиімділігі үшін басқарушылық қабілетті қолдану және дамыту қажеттігі туындады. Оқыту мекемелерінде басқарушылық іс-әрекет практикасының құрылуына көптеген реформалар үлес қосып, арнайы басқару мекемелері ашылды. Барлық қоғамда, әр уақытта басқарушылар қатарына білімі бар, тәрбиелі, лауазымды отбасы ұрпақтары кірген. Бұл кезеңде басқаруға арнайы оқытпаған.
Достарыңызбен бөлісу: |