Сабаққа койылатын талаптар. Педагогикалық оқыту үрдісінде сабақтың артықшылықтары оның фронтальды, топтық және жекелей жұмыстарды өзара үйлестіре біріктіру мүмкіндігінің молдығында; мұғалімнің материалды жүйелі және ретімен түсіндіруге, оқушылардың танымдық қабілеттерінің дамуын басқаруға және ғылыми көзқарастарын қалыптастыруға мүмкіндік береді, оқушылардың басқа да оқу түрлерін, соның ішінде сыныптан тыс және үй тапсырмаларын орындауға ынталандырады; оқушылар сабақта тек білім, білік және дағды жүйесін ғана емес, танымдық қызмет әдістерінің өзін де иемденеді; сабақ педагогикалық қызметтің мазмұны мен әдістері арқылы тәрбиелік міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Сабақ – бәрінен бұрын ол мұғалім оқушының жеке тұлға тұрғысында дамуына, ойлау қабілетінің жылдам өсуіне, білімді, ойды және оны терең игеруіне, онда адамгершілік негіздерді қалыптастыруға бар мүмкіндіктерін пайдаланатын негізгі сәттер.
Ж. Аймауытовтың тұжырымдамасына сәйкес, «Сабақ беру – үйреншікті емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер». Ендеше, сабақтың жемісті болуы мұғалімнен үлкен шеберлікті және өнерді, еңбекті қажет етеді.
В.А.Сухомлинский сабақтың атқаратын ролін жоғары бағалап былай тұжырымдаған: «Сабақ-мұғалім күнбе-күн оқушыларға білім, тәрбие беретін және жан-жақты дамытатын оқу-тәрбие процесінің негізгі саласы», және «Сабақ мұғалімнің жалпы және педагогикалық мәдениетінің бет-бейнесі, оның интеллектілік байлығының өлшемі, оның ой-өрісінің, эрудициясының көрсеткіші». Яғни сабақта мұғалімнің жеке басының үлгісі оқушылар үшін маңызды болып табылады.
Сабақ оқытудың ұйымдастырылған түрі ретінде – динамикалық құбылыс. Ол педагогикалық үрдістің негізгі даму тенденцияларын оның біртұтастығы бағытында бейнелей отырып, ұдайы дамиды. Бәрінен бұрын ол оқытудың үш бірлік: білім беру – тәрбие дамыту қызметін тиімді іске асыруда көрінеді, олай болса, оқушылардың табиғи қасиеттерін шығармашыл дамытуға бағытталғандығымен айқындалады. Сабақты дамытудың басқа тенденциясы әр сабақты өмірлік маңызды мазмұнмен толықтыруда, оқытуды оқушы өмірінің табиғи құрамдас бөлігі ретінде ұйымдастырудан көрінеді. Осыған байланысты сабақ танымның арнайы ұйымдастырылған формасы болып қана қоймайды, сондай-ақ әлеуметтік және адамгершілік тұрғысынан алғанда толыққанды араласу болып табылады.
Жақсы сабақ төмендегі мына белгілер арқылы сипатталады:
- оқушыларды логикалық тұрғыда ойлантуға, яғни проблемалы құрылған тәсілдер кіріктірілген;
- оқушылардың белсенділігін тудырған жағдай;
- мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуі;
Оқу-тәрбие процесіндегі алуандық оқу материалдарының мазмұны мен мақсатына байланысты түрлі әдістер мен әдістемелік тәсілдерді, ұйымдастыру формаларын қолдану талап етіледі және осыған орай сабақтар да түрліше болады. Олар түрліше болғанымен барлығы баланың ойлау қызметін дамытуға, тапқырлыққа және қоршаған дүниені танып білуге ұмтылуына бағытталуы шарт.
Сабақты нәтижелі ұйымдастыруға нақты мынандай талаптар қойылады:
1. Мектептегі сабаққа қойылатын негізгі талап – сабақта оқытудың жалпы білім беру, тәрбиелеу және дамытушы қызметтерінжүзеге асыру болып табылады.
2. Әр сабақтың айқын мақсаты, мазмұны, жоспары және оның құрылымы алдын – ала белгілі болуы тиіс.
3. Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы қажет. Бұл орайда Ж. Аймауытовтың мұғалімге сабаққа байланысты берген төмендегі бағалы нұсқауларын есте сақтаған жөн.
а) Жаңа берілетін сабақты баланың білетін мағлұматтарымен ұштастыру.
б) Тиісті таныстыру арқылы сабақтың мазмұнына ынталандырып, ілтипат аудару.
в) Қажетсіз мағлұматтардан сақтанып, баланың қызығушылығын тудыратын қызықты мәліметтерді ғана сөйлеп үйрету.
г) Баланың ішін пыстыратын біркелкі мағлұматтардан алшақтап, лайықты салыстыру, ұқсастыру және түрлі оңтайлы әдістермен оқытуды жандандыру.
д) Оқыту деректі, көрнекі болу, осыған сай түрлі жобаларды дұрыс қолдану.
е) Оқушыларды ынталандыру үшін үйрететін нәрсеге мұғалім өзі де ынталану, өзі де жақсы көру керек; мұғалім сүйген нәрсені оқушыда сүйеді.
4. Сабақтың ғылыми мазмұны оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай ұғынымды, түсінікті болуы керек. Сондай-ақ, сабақта оқушылардың бойында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру міндеті жүзеге асырылуы тиіс.
5. Сабақтың мазмұны оқытатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және әрбір сабақ басқа сабақтар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе.
6. Сабақта оқушылардың білімге ынтасы мен қызығуын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, түрлі ойын элементтерін тиімді қолдану керек.
«Баланың ынтасын тарту үшін оқытылатын нәрседе бір жаңалық болуы керек» – деп, Ж. Аймауытов жай айтпаған.
Сабақта оқушылардың таным белсенділігін арттыру үшін проблемалық ситуациялар туғызып, проблемалық міндеттер мен тапсырмаларды орындауға басшылық ету.
Сабақ біртұтас құбылыс бола тұрып, бірнеше, түрлі дидактикалық мақсаттардың орындалуын талап етеді. Мұғалім алдымен оқушыларды сабаққа дайындау, одан кейін өткен материалды еске түсіру, жаңа материалды түсіндіру, оны бекіту, үй тапсырмасын беру сияқты мақсаттарды көздейді. Осындаймақсаттарды орындауға бағытталған сабақтың белгілі кезеңдері, құрылымды бөліктері болады, олар сабақтың басталуы, үйге берген тапсырманы тексеру, оны пысықтау және нұсқау беру, мұндай жағдайда сабақ құрылымы толық сақталған делінеді. Сонымен сабақ құрылымы – деп сабақтыңбарысындаоның құрамды бөліктерінің, кезеңдерінің бір-бірімен ұштасып, белгілі тәртіппен жүзеге асырылуын айтады.