3. Ескі ауылдағы «Қыз ояту», «Қалың мал» сияқты теріс әдеттердің жазғырылуы. («Сап,сап,көңілім,сап көңілім»). Иранбектің «Теңіз-шал» толғауынан үзінді алайықшы:
....Көз тіккен жан көркіне бала ғашық,
Қалпы бар, көшпе құм қалар басып.
Кемелердің құс төсін қайыр қажап,
Теңіз қашып барады:
Арал қашып –
Даламенен жаңарған жараса алмай,
Шалғайына сүрініп қарашы алла-ай-
Теңіз қашып барады:
Көңілі қалған
Келіні мен ұлына қарашы алдай.
Осындағы поэтикалық айқындауыштарды былай қойғанда ақынның Теңіз- шалдың қашып бара жатуын үлкен трагедияға, адам трагедиясына, адамзат трагедиясына айналдыра алған. Әр детальға мән беретін ақын теңізді келіні мен ұлына ренжіген қарияға теңеуі біздің ата-баба дәстүрін мансұқ ете бастауымыздың негізінде, Теңіз-шалдың «жаңарған баламен» сыйыспауы нені тұспалдайды? Ақын бұл жерде бүкіл адамзаттық әлемдік проблема, экология мәселесін көтеріп отыр. Табиғат гормониясын бұзып, оны жаңартамыз деп, орынсыз, жөнсіз пайдаланып, бей-берекетсіздікке ұшырату, Теңіз-шалдың шалғайына сүрініп қашуына, былайша айтқанда, Аралдың құруына басты себеп кешегі «табиғаттың бермесін күшпен тартып аламыз» дейтін қызыл империяның әпербақан саясатының салдары екендігі айқындалады. Ақын одан әрі өзінің келешектен үміт күтетінін де сездіріп өтеді.
Барасың неден арып?
Сыр мінез сырқатыңнан жедел айық!
Сібірдегі Енисей қарт құдадан
Сәлем-сауқат келеді!
Келер анық, - деп, оптимистік көзқарас таныта отырып, Теңіз-шалды жұбатады. Мұндағы «барасың неден арып, Енисей қарт құда, сәлем-сауқат» Абай үлгісіндегі айшықтаулар, құбылтулар, кейіптеулер арқылы жырдың поэтикалық қуатын арттырып, оқырман санасына ұғымды түрде мақсат етеді.
4. «Қор болды жаным», «Мен сәлем жазамын», «Жарқ етпес қара көңілім» өлеңдері арқылы махаббат тақырыбына әкелген жаңа леп. Абайдың психологиялық паралелизмге құрылған екі ұдай нәрсені егіздеп көрсеткен өлеңдері көп деп саналады. Мысалы:
Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады тулақта.
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көгеріп, күш алар.
Ыққан жасқа қаңғырып,
Бас аурып, іш жанар.
Абай жаздағы жаңбыр мен адамның көз жасын қатар суреттей келіп, екі түрлі шындықты танытады да, шынайы философиялық түйін шығарады. Ал Иранбек:
Жалауы күннің жығылып,
Ертеңім қамын жасайды.
Ұйқының көзі жұмылып,
Төзімнің белі босайды.
Бүгінгі түннің ұзарып,
Атарын таңның ұмытады.
Ұяттың беті қызарып,
Намыстың бетін жыртады, - бұл да психологиялық пареллелизм арқылы жасалған әсерлі сурет. Өлеңнен Абайдың «Көлеңке басын ұзартып», «Жастықтың оты жалындап», «Көк ала бұлт сөгіліп», «Жалынмен оттан жаралып» т.б өлеңдері формасы сезілгенімен Иранбек ақын өзіндік төл құбылтулары айшықтауларымен көріне білген. Соны суреттер жасай отыра күннің батуын түнгі халді, атар таңды сәтті де нанымды бейнелей отырып оған адам сипатын үстейді. Осыдан-ақ оның Абай дәстүрін жай игеру емес творчестволық деңгейді игере білгендігінің айғағын көреміз. Бұл арада Абайдың күннің батар сәтін суреттейтін мынау әдемі өлеңін айта кету керек:
Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,
Сүйіп жылып тұрады жан лебізін.
Қызыл арай /шатырына/ сары алтын шатырына,
Күннің кешкі кіргені көрді көзім!
Қорыта айтқанда, Иранбек – сыршыл, лирик оған жоғарыда талданған табиғат тақырыбындағы бейнелі де сазды туындылары айғақ бола алады. Иранбек - зор азаматтық үні бар, замана, қоғам ағамынан өзін алшақ ұстамайтын халық мұңымен біте қайнасқанойы озық тума талант.