«Қан сонарда», «Аттың сыны» туындыларындағы адам мен табиғаттың өзара тұтастығы.
1882 ж. жазған өлеңі. Өлең 11 буынды жыр үлгісінде жазылған. Алғаш рет Қазан қаласында басылған «Князь бен Зағифа» (1897) атты жинақта жарияланды.
Абайдың анық шеберленген ірі суретші және реалист ақын болғанын көреміз. Бұл өлең тұңғыш туа қалған, бірінші ғана көркем шығарма емес. Бірталай шығармалар жазып келіп, ақындығы шынығып, қаламы төселіп көп тудырған шығармаға ұқсайды. Өлеңнің өрнегімен ізденгіш жаңалықтары соныдан соныға түсіп, үдеп, есіп отырады. Сондайлық тың арнаны өз тұсындағы және өзінен кейінгі қазақ әдебиетіне бұдан былайғы жол етемін деп «басқа шауып, төске өрлеген» жаңа заман ақынын біз ең алғаш көлемді түрде осы өлеңінен көре бастаймыз. Бұл өлеңдегі табиғат көріністерін, өз сезімін және аңшылықтың қызулы, қызғылықты сәттерін сипаттағанда, Абай өзінің жаңаша қалыптанған ақындық мәдениетін танытады. Бұл реалист ақын болғанда, орыс классикалық поэзиясының реалистік традицияларын өз бойына мол сіңіріп, жақсы меңгерген суретші ақын боп көрінеді. «Қансонарда» өлеңінде орыс халқының өмірінен, не орыстың классикалық поэзиясынан тұп-тура ауысып келіп, араласып тұрған ешбір белгі, дерек жоқ. Бұндағы көретініміз - қазақ халқы мекен еткен жердің қысы туралы, табиғат, бүркіт салуға атқа мініп шыққан анық қазақтың аңшылар тобы, ермек үшін еңбек еткен ширақ, сергек, қажырлы әрекет үстіндегі адамдар. Анық қазақ сахарасындағы аңшылар ғана жүретін жым- жырт таудың елең-алаңындағы тыныштық шағын беруден бастайды. Тегінде, пейзаждың өзін суреттеуде көп ақын өздерінің стильдік өзгешелігін анық аңғартады.
Шындыққа, нақтылы деректілікке ерекше мән берген ақын, реалистік дәстүр бойынша, өз шығармасының барлық бұйымын, бар тұрманын тұтас ету керек. Соның белгісін бұл шығармада Абай өзінің сөздігінен де айқын танытады.
Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Қандыкөз қайқаң қағып шықса аспанға,
Көре тұра қалады қашқан түлкі
«Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап,
Жасы үлкені жанына байланғанда.
Бұлардың бәрі де аңшылықтың өзіне тән тілі. Сол өзгешелікпен қатар ақын қиялын да өткірлеп, сол асығыс, қарбалас, тайталастар үстінде шебер түрдегі соны теңеуді де табады. «Қар - аппақ», «бүркіт - қара», «түлкі - қызыл» дей келіп, сол бір қайнаған қимылдарды қымсынған ұяң сұлудың асығып шомылған қозғалыстарына ұқсатуы да шеберлік айғағындай. Бұнда натуралдық үлгіде екі жайды «ананы көр де, мынаны көр» деп ұқсата салу жоқ. Табиғатты, түлкі мен бүркітті түгел қосып, бір бейне етіп, әқетті сұлудың динамикалық әрекетіне ұқсатуда көп ассоциация туғызатын терең де кең метафора танылады. Шын шебер реалистің ғана қаламына оралатын өзгеше үлгі. Осындай белгілеріненде әрі мазмұн, әрі түрі түгел қабысып келіп, ірі табысқа айналған ақындығы танылады.