Ақынның жүрек тақырыбына арналған өлеңдері («Жүрегім менің қырық жамау», «Жүрегім, нені сезесің», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді», «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» т.б.)
Жанның қасиетін материалдық тұрғыдан түсіндіру мүмкін емес. Оны ақылмен қабылдау қиын. Жан - материялық атомнан да кішкене рухани атом. Оны ешқашан құралмен көруге болмайды. Аса ірі піл де, көзге көрінбейтін кішкене микроорганизмдер де сол жан болған соң өмір сүреді. Абай жан жүректе орналасқан дейді. Жүрек - адамның тәні мен нәзік болмысының орталығы. Сондықтан адамның бүкіл физиологиялық және психологиялық өмірін жүрек басқарады. Жан былғанса әуелі жүрек, соның ықпалымен адамның психикасы (нәзік болмысы), сонан кейін оның тәні ауруға шалдығады. Сондықтан адамның ауырмай салауатты өмір сүруі үшін, ең әуелі рухани өмірін бір қалыпқа салып дұрыстау керек.
Жан жүректе орналасқандықтан, ойшыл жүректің адам өміріндегі орнын жоғары бағалап, оған көптеген анықтамалар береді. Мысалы: ыстық жүрек, мұз жүрек, асау жүрек, ет жүрек, жас жүрек, ызалы жүрек, шошыған жүрек, шын жүрек, сұм жүрек, ақ жүрек, қапаланған жүрек, айнымас жүрек, жаралы болған жүрек, сөніп қалған жүрек.
Жан Жоғары Нұрдың бөлшегі болғандықтан, Жоғары Жанның нұры болып табылады. Бүкіл әлемнің өмірі күн сәулесіне байланысты болғаны сияқты, адам өмірі де жанның нұрына тәуелді. Жан кеткенде тән өмірін тоқтатып, бұзылып жойылып, топыраққа айналып кетеді.