«Ұлы дала фольклоры» пәні бойынша дәрістер курсы
Білім беру бағдарламасы: «6В01703 – Қазақ тілі мен әдебиеті»мамандығы үшін
Петропавл қ.
2020 ж.
ДӘРІСТЕР КЕШЕНІ № 1модуль: Фольклордың қалыптасу, даму тарихы мен теориясы. Жанрлық түрлері. №1 дәріс Ұлы дала фольклоры пәнінің мақсаты мен міндеттері
Фольклордың тарихы мен теориясы туралы түсінік. Болмыс-бітімі, синкреттілігі, халықтық сипаты. Әр елдің, әрбір халықтың өзіне ғана тән фольклоры болады десек, соның сан алуан нұсқалары қай дәуірде туған? Фольклор туындыларының жаратушысы кімдер? Оның жанрлық, көркемдік ерекшеліктері, ұлттық және тарихи сипаты неде? Ауыз әдебиетінен бөлінетін ерекшелігі қайсы дейтін көптеген сауалдар туады. Мұның бәріне жауап беру үшін фольклор шығармаларының ерекшеліктерін зерттеп, анықтау қажет.
Қоғам дамуының сәби кезеңінде қалыптаса бастаған фольклор шығармалары мен халық поэзиясының табиғаты өзара жақын. Осыған біз «халық ауыз әдебиеті» деген атауды да қосып жүрміз. Халық әдебиеті жазба және ауыз әдебиеті болып бөлінеді. Бірақ екеуі де образдық ойдың көрінісі, соның тікелей жемісі болып табылады. Ауыз әдебиеті көркем ойлау мен көркем сөздің озық үлгісі ретінде қалыптасқан. Оның айтушылары халық арасынан шығып отырған. Келе-келе ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет сабақтасып, қатар дамып, көркем әдебиеттің арналы екі саласын жасаған. Кейде олардың сюжеттері де ортақ болған. Бірінде ол далалық сипатқа ие болса, екіншісінде қалалық сипатқа жақын көрінеді. Бұл екі арнаның басты айырмашылығы да осында.
Фольклор – әлемдегі барша халықтардың ұлттық мәдениетінің қайнар бұлағы, тарихи жадының, дәстүрлі дүниетанымының алтын қоры, рухани жан дүниесінің айнасы. Елдің ежелгі дүние танымын саралауда, өмір салты, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін танып-білуде және рухани әлемін бағамдауда одан өткен кенен қазына, құнды да құнарлы дерек көзі жоқ. Сондықтан да ол қай халықтың болмасын этникалық тек-тамырын танып, ұлттық келбетін айқындап, келешекке бағдар түзуде ұстанатын темір қазығы болып табылады. Фольклор – өткеннің елесі емес, ел тұрмысында бүгін де өмір сүріп, ұлттық көркемөнердің қанына нәр бере тарап жатқан шығармашылық негізі, халықтанудың оқулығына айналып отырған мәңгілік көне әрі жас мұра.