Кеңес дәуіріндегі қазақ фольклористикасы. Кеңес фольклоры - толыққанды шығармашылық деген тұжырымды халық ақындарының өлеңдері мен жыр, толғаулары негізінде дәлелдемек болған еңбектің бірі - 1955 жылы жарыққа шыққан «Очерки казахской народной поэзии советской эпохи» атты кітап болды. Бұл кітапта жоғарыда айтылған концепциялық кемшіліктер толығымен көрініс тапты, ақындардың ауызша, импровизациямен шығарған өлең-жырлары халық поэзиясы деп танылды, ақындардың айтысы да халық поэзиясының туындысы санатына жатқызылды. Дәл осындай көзқарас кейінгі еңбектерде де орын алды. Мәселен, 1960 жылғы кітапта «Тарихи жырлар» бөлімінде 1916 жылғы көтеріліс туралы халық поэзиясын сөз еткенде ақындардың шығармалары талданады. Ал, 1968 жылы жарыққа шыққан еңбекте «Советский фольклор» деп аталатын тараушада дәстүрлі фольклор жанрларының жай-жапсарына қысқаша шолу жасалып, содан соң Жамбылдың, Исаның, тағы басқа ақындардың импровизаторлық өнері мен өлең-толғаулары туралы жазылады.
Кеңес өкіметі кезінде фольклор болды ма, жоқ па, болса - ол қандай еді - деген сауалдар төңірегінде ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында бүкіл одақтық фольклортануда үлкен пікірталас туды. Қорыта келе, «кеңес фольклоры» деген фольклор болған жоқ, сол ұғымның өзі де қате, ғылыми жағынан дәлелсіз дейтін тұжырым орнықты. Осыған орай есте ұстайтын нәрсе - фольклор деп тек қана ежелден келе жатқан авторы жоқ шығармаларды айту керек пе, әлде әр заманда туып, ел ішінде айтылып жүретін халық шығармашылығын да тану дұрыс па? Сонымен бірге заманның, қоғамның талап-талғамына сай халық шығармашылығының түрі, орындалу мәнері өзгеше болуы ықтимал екенін, сондай-ақ халық шығармашылығы жаңа формада, айталық, отбасылық ансамбль түрінде де болуы мүмкін екенін де ескеру қажет. Қазақ фольклорының тарихын зерттегенде осының бәрі есте болуға міндетті.
Әдебиеттер
1. Айдаров Ғ. Орхон ескерткіштерінің тілі. Алматы,1997.
2. Қазақ тілі мен әдебиет журналы. 2004, № 5.
3. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері. Алматы, 2003.
4. Қазақ тілі мен әдебиет журналы. 2004, № 8.
5. Ыбыраев Ш. Бастау.Қазақ фольклоры туралы зерттеулер.– Алматы: Арда, 2011. – 356 б.
6. Ғабдуллин М.Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы: Санат, 1996. – 367 б.