Мультимедиалық оқыту бағдарламаларын дайындау
ұстанымдары мен шарттары
Оқыту процесінде мультимедианың техникалық құралдарын пайдаланумен қатар, мультимедиалық оқыту бағдарламаларын дайындаудың, қолданудың маңызы ерекше.
Мультимедиалық оқыту бағдарламаларында оқу материалын студенттердiң, оқушылардың бiлiм деңгейлерiне байланысты әртүрлi құрылымдау және оны жаңа мәлiметтермен, иллюстрациялармен толықтырып отыру мүмкiндiгi қарастырылады. Иллюстрация:
мәтіндік ақпаратқа түсіндіру немесе толықтыру мақсатында қосымша кескін, сурет, дыбыс секілді басқа типті ақпараттарды кірістіру;
мәтіндік ақпараттың мазмұнын қосымша екінші бір мәтіндік ақпаратпен толықтыру.
Тағы бiр ерекшелiк, жоғары деңгейдегі мультимедиалық оқыту бағдарламаларында „мультимедиа-конструктор” қызметiн пайдалану арқылы пайдаланушы өзi игерген бiлiм материалдары негiзiнде модель жасау жұмысын орындай алады. Мультимедиалық оқыту құралы пайдаланушымен интерактивтi формада жұмыс iстейдi, атап айтқанда: керi байланыс, қате орындалған әрекетке байланысты анықтама берiп, сiлтеме жасап отыру т.б.
В.Г.Казаковтың пiкiрiнше, мультимедиалық оқыту бағдарламалары әдiстемелiк зертхана, компьютерлiк графика және анимация зертханасы, бейнезертхана, дыбыс өңдеу зертханасы, жүйелiк және қолданбалы бағдарламалау зертханасы бiрiктiрiлген арнайы зертханада дайындалуы керек. Себебi, мультимедиалық оқыту бағдарламалары даралап оқытуда көп пайдаланатындықтан оның сапасы жоғары болуы керек. Және де студенттiң, оқушының танымдық iс-әрекетi көп жағдайда оның тұлғалық ерекшелiктерiне байланысты болады. Сондықтан да, мультимедиалық оқулықтарды дайындау өте күрделi және көп еңбектi қажет етедi. Сонымен қатар, мультимедиалық жобаны дайындауда жоғары деңгейдегi инструменталды бағдарламалық жабдық қажет. Мультимедиалық оқыту құралын дайындауда, әсiресе, пән оқытушысының маңызы зор. Себебi, оқытушы пәнге қатысты оқу материалын терең меңгеруiне байланысты оқулықты қалай дайындау керектiгiн жақсы бiледi. Бiрақ оқытушының өз мамандығына сәйкестi кәсiби бiлiмiмен қатар, компьютерлiк технологияларды жетiк меңгере бiлуi керек, дизайндық, сценарий құрушылық сияқты өз мамандығына қатыссыз өнердi де игеруi қажет. Мұнымен бiрге, оқытушы бағдарламалық-аппараттық құралдар және мультимедиалық оқулық құру технологиясын жақсы игеруi керек.
Осы себептен мультимедиалық жобаны дайындау бiрнеше авторларды құрайды.
Мультимедиалық оқыту бағдарламаларын дайындау кезiнде басшылыққа алатын негiзгi ұстанымдарды ескеруіміз керек.
Оқытуда мультимедиалық технологияларды пайдалану мәселесі, бiрiншiден, оқу ақпаратын ұсыну және орналастыру үшін техникалық құралға, екiншiден, оқу ақпаратына қол жеткiзу үшін компьютерлiк желiге байланысты. Сондықтан да мультимедиалық оқыту бағдарламаларын, курстарды дайындау кезiнде ескеретiн ұстанымдардың бiрi оқу материалын орналастыру және тарату болып табылады.
Жалпы, ақпараттық оқу материалын екi топқа бөлуге болады: пайдаланушының қолындағы (локальдық компонент) және оқу орталығының серверiндегi (желiлiк компонент) оқу материалдары.
Локальдық компонентке баспа өнiмдерiн, магниттiк таспадағы бейне және дыбыстық жазбаларды, лазерлiк дискiлердегi ақпараттарды жатқызуға болады.
Серверде орналасқан желiлiк компоненттердi әдiстемелiк тұрғыдан қамтамасыз ету кезiндегi ескеретiн екiншi қажеттi ұстаным оқу материалының интерактивтiлiк ұстанымы болып табылады.
Желiлiк мультимедиалық оқулықтарды ұйымдастырудың негiзi ақпараттық, телекоммуникациялық технологиялар болып саналады. Телекоммуникациялық технологиялар оқу материалын тасымалдау үшiн немесе оларға енудi ұйымдастыру үшiн қолданылады. Оқу материалдарын интернет арқылы ұсыну кезiнде пайдаланушының сервермен байланыс орнату ұзақтығын немесе байланыстың үзiлiп кетуi сияқты өзге де online-технологияның ерекшелiктерiн ескермеу оқыту процесiнiң барысын бұзады және студенттiң, оқушының қашықтан оқыту жүйесiне, өздiгiнен бiлiм алу жүйесiне деген көзқарасын негативтi түрде өзгертедi. Сонымен қатар, көбiнесе оқу материалдарын дайындау үшiн скриптiлiк тiлдер негiзiнде жұмыс iстейтiн HTML, VRML редакторлары пайдаланылса, ал, оны ұсыну үшiн Іnternet Explorer, Netscape Communicator браузерлерiнiң әртүрлi нұсқалары пайдаланылады. Сондықтан да ескеретiн тағы бiр жағдай, оқу материалын дайындау барысында бұл браузерлер қолдай алмайтын нұсқауларды қолданбау қажет. Бұл мультимедиалық оқыту бағдарламаларын дайындаудың үшiншi ұстанымы.
Кез келген оқытудың жаңа формасы, мысалы, желiлiк немесе қашықтан оқыту психологиялық және педагогикалық негiздеудi қажет етедi. Сондықтан да, мультимедиалық оқыту бағдарламаларын дайындауда білім берудің сапасына және нәтижелiлiгiне әсер ететiн психо-педагогикалық ұстанымдарды анықтау қажет.
Үлкен көлемдегi ақпарат сәйкестi тасымалдаушыны қажет етедi. Қазiргi кезде кеңiнен қолданылатын және кең тараған CD ROM технологиясы мультимедиалық курстардың қажеттiлiгiн өтеуге жарайды. Интерактивтi мүмкiндiктi мультимедиалық оқыту бағдарламалары өз құрамына әртүрлi түрдегi ақпаратты: мысалы, мәтiндi, статикалық және динамикалық графиканы, дыбыстық және бейне жазбаларды бiрiктiре отырып, студентке, оқушыға оқыту процесiнiң белсендi қатысушысына айналуына мүмкiндiк бередi. Себебi, ақпарат пайдаланушының сұранысына сәйкес берiлiп отырады. Мультимедиа технологиясын қолдану пайдаланушының ақпаратты жеке қабылдау ерекшелiгiн барынша ескеруге мүмкiндiк бередi. Осылайша, бiзге қажеттi бесiншi ұстаным шығады. Бұл - оқу ақпаратын жеке тұлғаның ерекшелiктерiн ескере отырып ұсыну ұстанымы.
Компьютерлiк технологияларды қолдана отырып оқытуда өзiндiк жұмыс негiзгi болғанымен, оқыту процесiнiң басты субъектiлерi студент пен оқытушы, оқушы мен мұғалiм болып есептеледi. Студенттiң оқытушымен бiрдей таңдау құқығы болуы сапалы бiлiм берудiң негiзi болып табылады. Жоғарыдағы принциптердi қолдану осы шарттарды сақтауға мүмкiндiк бередi.
Бiлiм беру жүйесiн ақпараттандырудың нәтижелерi көп жағдайда пайдаланылатын мультимедиалық оқыту бағдарламаларының сапасына байланысты. Жыл өткен сайын бiлiм беру жүйесiнде оқытуға арналған мультимедиалық оқыту бағдарламаларының саны артып келедi. Оқытуға арналған бағдарламалық жабдықтарды пайдалануды талдау мынадай қорытындыға алып келедi: компьютерлiк бағдарламалық жабдықтардың педагогикалық тұрғыдан сапасының төмен болуы, бiрiншiден, оны дайындау кезiнде оқытудың дидактикалық принциптерi ескерiлмеуiне, екiншiден, оқытудың жаңа технологияларын пайдалануда дәстүрлi оқытудың әдiстерi мен формаларының қатысы ескерiлмеуiне байланысты. Яғни, оқытудың жаңа технологиялары дәстүрлi оқытуды қаншалықты деңгейде ауыстыра алады деген сұраққа бiржақты шешiм қабылдауға болмайды.
Қазiргi таңда мультимедиалық оқулықтарды оқыту процесiне енгiзудiң және тиiмдi пайдаланудың нақты педагогикалық талаптары толық айқындала қойған жоқ.
Сапалы түрде мультимедиалық оқыту бағдарламаларын құрудың алғышарты – ең алдымен олардың түрлерін ажырата бiлу. Оларды оқытатын, бақылаушы, тренажерлық, анықтамалы-ақпараттық, имитациялық, моделдеушi, демонстрациялық, оқу-ойын түрiндегi бағдарламалар деп бөлуге болады.
Мультимедиалық оқыту бағдарламаларын білім берудегі дидактикалық ерекшелiктерiне байланысты топтастыруда ғалымдар әртүрлi пiкiрлер айтады. Мысалы, Т.А.Яковлеваның келтiрген бағдарламалар топологиясында „студент-компьютер” жүйесiндегi реактивтi өзара қарым-қатынасты жүзеге асыратын бағдарлама – тренажерлiк бағдарламалар болып табылады. Автордың пiкiрiнше, мұндай бағдарламалар студенттiң компьютерлiк технологиямен жұмыс iстеу тәжiрибесiнiң жинақталуына септiгiн тигiзедi. Ал, Н.В.Василенко реактивтi iс-әрекетке негiзделген бағдарлама ретiнде бақылаушы бағдарламаларды қарастырады. Мұндай бағдарламалар қанағаттанарлықсыз нәтиже көрсеткен студентке қайталау мүмкiндiгiн бередi. Сонымен қатар, автордың ойынша, студент пен компьютер арасындағы қарым-қатынастың келесi түрi – активтi қарым-қатынаста алгоритмдiк тренажерлық бағдарламаларды пайдаланудың маңызы зор. Себебi, оларды қолдану кезiнде жауап таңдаудың және алдағы жасалатын қадамның дұрыстығы анықталады. Мұндай бағдарламалар студенттiң алгоритмдiк ойлау дәрежесiн арттырады. Активтi қарым-қатынастан интерактивтi қарым-қатынасқа өтудi жүзеге асыратын бағдарламалардың келесi типi – инструменталды оқу ортасы. Инструменталды оқу ортасының мысалы ретiнде В.В.Яворский мен О.П.Петкевичтiң қарастырған автоматтандырылған ақпараттық-анықтамалық оқыту жүйесiн келтiруге болады. Авторлардың пiкiрiнше, мұндай бағдарламалық жабдық қажеттi ақпаратты алу үшiн сұраныс жасайтын әртүрлi жас деңгейiндегi пайдаланушыларға арналған. Сондай-ақ, интерактивтi қарым-қатынастың жоғары сатысындағы бағдарламаларға Т.А.Яковлева имитациялық, модельдеушi, оқу-ойын түрiндегi және демонстрациялық бағдарламаларды жатқызады.
Дайындалатын мультимедиалық оқыту бағдарламаларының типi анықталғаннан кейiн оны дайындаудың кезеңдерiн және оған қойылатын талаптарды белгiлеу керек.
Мультимедиалық оқыту құралдарының бiрнеше ерекшелiктерi бар. Бiр жағынан атқаратын қызметiне байланысты оларды оқулық ретiнде сәйкестi түрде оқу кiтабына арналған принцип негiзiнде топтауға болады. Екiншi жағынан алғанда олар электрондық басылымдарға жатады, және оған электрондық басылымдарды топтау принциптерi қолданылуы мүмкiн. Үшiншi жағынан жасалу технологиясына байланысты олар бағдарламалық жабдық болып табылады, және оған жалпы Қазақстандық өнiм классификаторын қолдануға болады. Сондықтан да оқыту қызметiндегi мультимедиалық оқулықтарды топтауда аталған барлық ерекшелiктер қарастырылуы қажет.
Оқыту мақсатындағы мультимедиалық оқыту бағдарламаларын мынадай ерекшелiктерiне сәйкес жiктеуге болады:
мультимедиалық оқулықтың оқыту процесiндегi алатын орны мен маңызына сәйкес қызметтiк ерекшелiк;
құрылымдық ерекшелiк;
ақпараттың жинақталу ерекшелiгi;
оқу материалының ұсынылу формасына байланысты ерекшелiк;
белгiлi бiр мақсатқа арналып жасалу ерекшелiгi;
баспалық эквивалентiне байланысты ерекшелiк;
ақпараттың табиғатына байланысты ерекшелiк;
электрондық өнім мен пайдаланушының арасындағы қарым-қатынасқа байланысты ерекшелiк;
ақпараттың таралу технологиясына байланысты ерекшелiк.
Мультимедиалық оқыту бағдарламасының оқыту процесiндегi алатын орны мен маңызына сәйкес қызметтiк ерекшелiгiне мыналарды жатқызуға болады:
1) Бағдарламалық-әдiстемелiк (жұмыс жоспарлары, жұмыс бағ-дарламалары);
2) Оқу-әдiстемелiк (әдiстемелiк нұсқаулар, оқу пәнiне сәйкес материалдар, курстық, дипломдық жұмыстарды орындауға арналған нұсқаулар);
3) Оқытушылық (оқулықтар, лекциялар, конспектiлер);
4) Қосымша (практикумдар, жаттығу жинақтары).
Мультимедиалық оқыту бағдарламалары құрылымы бойынша былай жiктелуi мүмкiн:
1) Бiр томды мультимедиалық басылым - бiр ғана ақпарат тасымал-дағышта шығарылған мультимедиалық басылым.
2) Көп томды мультимедиалық басылым – екi не онан да көп бөлiмдерден тұратын, әрқайсысы бөлек ақпарат тасымалдағышта жазылған, құрылымы бiрдей мультимедиалық басылым.
3) Мультимедиалық серия – мақсаты, тақырыбы, мазмұны, өрнектелуi жағынан бiрдей сериялық мультимедиалық басылымдар.
Жалпы, мультимедиалық өнімдер ақпараттың ұйымдастырылу формасына байланысты бiр шығарылымды және жинақ түрiнде бөлiнуi мүмкiн. Бiр шығарылымды мультимедиалық басылым бiр ғана шығармадан тұрады, ал, жинақта бiрнеше оқу әдебиетi жинақталуы мүмкiн.
Жалпы, материалдың берiлу формасына сәйкес оқу басылымдары мынадай топтарға жiктеледi:
1) Конфекциондық оқу басылымдары. Олар оқытудың ақпараттық қызметiн iске асырады.
2) Бағдарламаланған оқу басылымдары.
3) Проблемалап оқытуға арналған оқу басылымдары. Мұндай оқу басылымдары логикалық ойлауды жүзеге асырады.
4) Комбинациялық немесе әмбебап оқу басылымдары, яғни, жоғарыда келтiрiлген модельдердiң кейбiр элементтерiнен тұрады.
Белгiлi бiр мақсатқа арналған мультимедиалық оқыту бағдарламалары мынадай топтарға бөлiнуi мүмкiн:
оқушыларға арналған;
бакалавр мамандығына арналған;
дипломды мамандарға арналған;
магистрлерге арналған т.б.
Баспа эквивалентiне байланысты мультимедиалық оқыту бағдарламалары екi топқа бөлiнедi:
баспа оқу құралының электронды аналогы;
өздiк мультимедиалық оқыту бағдарламасы – баспа аналогы жоқ электрондық құрал.
Ақпараттың табиғатына байланысты:
мәтiндiк (символдық) электрондық құрал;
бейнемәлiметтiк электрондық құрал;
графикалық электрондық құрал;
дыбыстық мәлiметтен тұратын электрондық құрал;
комбинациялық құрал болып бөлiнедi.
Пайдаланушының қарым-қатынасына байланысты:
детерминирлi мультимедиалық оқыту бағдарламасы – пайдалану-шыға өзгерiс енгiзуге мүмкiндiк бермейтiн, оқу материалының мазмұнын, параметрiн тек автор ғана өзгертуге құқығы бар бағдарлама;
детерминирлi емес мультимедиалық оқыту бағдарламасы – оқулық параметрiн, мазмұнын, өзара қарым-қатынас әдiсiн пайдаланушының өзгертуiне мүмкiндiк беретiн бағдарлама болып бөлiнедi.
Ақпараттың таралу технологиясына байланысты:
локалдық мультимедиалық оқыту бағдарламасы – локалды пайдалануға арналған, яғни, белгiлi бiр тиражбен ақпарат тасымалдаушы құрылғыларда дайындалған мультимедиалық оқулық;
желiлiк мультимедиалық оқыту бағдарламасы – телекоммуникациялық желi арқылы кез келген пайдаланушының жұмыс iстеуiне қажеттi электрондық оқу құралы болып бөлiнедi.
Жалпы, мультимедиалық оқыту бағдарламасының бөлiмдерiн ажыратудың үш деңгейiн белгiлеуге болады: толықтай бiр пәнге қатысты, оның тарауларына қатысты, бiр ғана сабаққа қатысты. Кез келген деңгейдегi мультимедиалық оқыту бағдарламасын дайындау бiрнеше кезеңдерден тұрады:
Қажетті деңгейде мультимедиалық оқыту бағдарламасын құрудың мәселелерiн қоя бiлу, оқытудың дидактикалық мақсатын, студенттер мен оқушылардың меңгеруге тиiстi бiлiмдерiн, дағдыларын айқындау.
Достарыңызбен бөлісу: |