11.2-сурет. Екіполимер қоспасындағыаралық қабаттың сызбанұсқасы
сегменттері екінші полимердің сегменттерімен араласып жатады (11.2-сурет).
Көптеген полимерлерді араластырғанда, өзара ерігіштігі өте аз болғандықтан гетерофазалы жүйе құрайды. Фазалар саны жүйелер құрайтын компоненттер санымен анықталады. Екі және үш фазалы қоспалар жиі қолданылады.
Қоспадағы полимерлердің арақатысына және араластыру режиміне байланысты әр полимер дисперстік фазада және дисперсиялық ортада да бола алады. Мұндай жүйе екіфазалы болса да өте тұрақты. Ол тұрақтылыққа фазааралық керілу және компоненттердің тұтқырлығы себепші болады. Компоненттердің арақатынасы өзгергенде, фазалық ауысу болады. Бір полимердің аздаған мөлшерін екіншісіне қосқанда, оның екінші полимер матрицасында дисперсиясы пайда болады. Дисперстік фазаның концентрациясын 30-70% арттырғанда, ол дисперсиялық ортаға ауысады. Фазалық ауысу компоненттер арақатынасын өзгерткенде және полимерлерді араластыру жағдайына байланысты болады.
Полимер қоспасының серпімділік модулі, химиялық тұрақтылығы, еріткіштерге тұрақтылығы және басқа қасиеттері дисперсиялық ортаға байланысты. Дисперсиялық фазаның бөлшектерінің мөлшері қоспаның физика-механикалық қасиеттеріне әсер етеді. Бөлшектердің мөлшері үлкен болса, қоспаның беріктігі төмендейді.
Екі және көпфазалы полимерлік қоспалардың механикалық қасиеттері жоғары көрсеткіштермен сипатталады. Мысалы, екі полимер қоспасының деформацияға төзімділігі жеке алған полимерлерге қарағанда ондаған есе артық. Резеңкеге 20-70 % пластмасса ендіргенде, оның серпімділік модулі күрт өседі. Мұндай қоспалардың механикалық қасиеттерінің жақсаруының басты себебі фазааралық ауыспалы қабат. Ауыспалы қабат түсетін күшті бүкіл көлемге таратады.
Қоспалардың механикалық қасиеттеріне полимердің құрылымы мен арақатынасы, фазалар арасындағы адгезия, дисперстік фазаның бөлшектерінің мөлшері әсер етеді. Полимерлік матрицаның серпімділік модулі дисперстік фазадан үлкен болса, қоспаның беріктігі артады.
Қазіргі кезде полимерлер қоспасын өндіру қарқынды дамуда. Қоспалардың компоненттерін таңдай отырып, сан алуан қасиеттері бар полимерлер қоспасын оңай және тиімді жолмен алуға болады.