стандарттары
1. Қазақстан Республикасында әрбiр бiлiм беру деңгейi бойынша:
бiлiмнiң мазмұнына;
оқып және тәрбиеленiп жатқандардың оқу жүктемесiнiң ең көп көлемiне;
бiлiм алушылардың даярлық қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын айқындайтын бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға бiрдей стандарттары белгiленедi.
2. Тиiстi бiлiм беру деңгейлерiнiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттары меншiк нысандарына, үлгiлерi мен түрлерiне қарамастан барлық бiлiм беру ұйымдары үшiн мiндетті.
3. алып тасталды
Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597 Заңымен , 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).
7-бап. Бiлiм беру жүйесi
Қазақстан Республикасының бiлiм беру жүйесi өзара iс-қимыл жасайтын:
1) меншiк нысандарына, үлгiлерi мен түрлерiне қарамастан бiлiм беру ұйымдарының;
2) бiлiм берудiң түрлi деңгейлерiне арналған сабақтас бiлiм беру бағдарламалары мен бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттарының;
3) бiлiм беру бағдарламаларының iске асырылуы мен бiлiм беру жүйесiнiң дамытылуын қамтамасыз ететiн бiлiм берудi басқару органдары мен оларға қарасты ұйымдардың жиынтығы болып табылады.
8-бап. Бiлiм беру жүйесiнiң мiндеттерi
1. Бiлiм беру жүйесiнiң басты мiндетi - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетiстiктерi негiзiнде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсiби шыңдауға бағытталған бiлiм алу үшiн қажеттi жағдайлар жасау.
2. Бiлiм беру жүйесiнiң басым мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру үшiн жағдайлар жасау;
2) жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкiндiктерiн дамыту, адамгершiлiк пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн қалыптастыру, жеке басының дамуы үшiн жағдай жасау арқылы интеллектiн байыту;
3) азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйiспеншiлiкке, мемлекеттiк рәмiздердi құрметтеуге, халық дәстүрлерiн қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көрiнiстерге төзбеуге тәрбиелеу;
4) республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмiрiне қатысу қажеттiгiн, жеке адамның өз құқықтары мен мiндеттерiне саналы көзқарасын қалыптастыру;
5) әлемдiк және отандық мәдениеттiң жетiстiктерiне баурау, қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерiн зерделеу, мемлекеттiк тiлдi, орыс, шетел тiлдерiн меңгеру;
6) бiлiм беру ұйымдарының еркiндiгiн, дербестiгiн кеңейту, бiлiм беру iсiн басқаруды демократияландыру және орталықсыздандыру;
7) оқытудың жаңа технологияларын енгiзу, бiлiм берудi ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желiлерге шығу;
8) еңбек рыногында бәсекелесуге қабiлеттi бiлiктi жұмысшылар мен мамандар даярлау, оларды қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру;
9) жұмыстан босатылған қызметкерлердi және жұмыспен қамтылмаған халықты қайта оқыту және қайта даярлау;
10) алуан түрлi және көп қызметтi бiлiм беру ұйымдарының тиiмдi дамуына жәрдемдесу.
2-тарау. Білім беру ұйымдары
9-бап. Бiлiм беру ұйымдары
1. Бiр немесе бiрнеше бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын және (немесе) бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң күтiмi мен тәрбие алуын қамтамасыз ететiн заңды тұлғалар бiлiм беру ұйымдары болып табылады.
Бiлiм беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.
Бiлiм беру ұйымдарының қызметi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тиiстi үлгiдегi Бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлiк ережелерiмен және солардың негiзiнде әзiрленген жарғылармен реттеледi.
2. Бiлiм беру ұйымының бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығы лицензия алған кезден бастап туындайды және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен одан айырылған немесе ол жарамсыз деп танылған сәттен бастап тоқтатылады.
3. Бiлiм беру ұйымының мәртебесiн (үлгiсiн, түрiн) оның құрылтайшылары айқындайды және осы Заңның талаптары, бiлiм беру қызметiн лицензиялау кезiндегi бiлiктiлiк талаптары, тиiстi үлгiдегi Бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережелерi ескерiле отырып, оның жарғыларында көрсетiледi.
Бiлiм беру ұйымдарының мәртебесiн растау немесе өзгерту мемлекеттiк аттестаттау қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.
4. Бiлiм беру ұйымдары:
1) мемлекеттiк (бiлiм беру мекемелерi және бiлiм беру кәсiпорындары);
2) жеке меншiк болуы мүмкiн.
5. Бiлiм беру ұйымдары:
1) мектепке дейiнгi, мектептен тыс, арнаулы және жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар;
2) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, жоғары кәсiптiк, жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк және қосымша кәсiптiк бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын оқу орындары болып бөлiнедi.
Бiлiм беру ұйымдары түрлерiнiң номенклатурасын Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiтедi.
6. алып тасталды
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен , 2004.07.09. N 597 Заңымен , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
10-бап. Бiлiм беру ұйымының жарғысы
1. Бiлiм беру ұйымының жарғысында мыналар белгіленуге тиiс:
1) атауы, орналасқан жерi (заңды мекен-жайы);
2) құрылтайшылары;
3) бiлiм беру ұйымының ұйымдық-құқықтық нысаны, үлгiсi мен түрi;
4) бiлiм беру ұйымының мiндетi мен қызметi;
5) бiлiм беру процесiнiң мақсаты, iске асырылатын бiлiм беру бағдарламаларының тiзбесi;
6) бiлiм беру ұйымдарына қабылдау тәртiбi;
7) бiлiм беру процесiн ұйымдастыру (оның iшiнде оқыту және тәрбиелеу тiлi (тiлдерi), бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң сабақ режимi);
8) бiлiмдi ағымдағы бақылау, бiлiм алушыларды аралық аттестаттау жүйесi, оларды өткiзудiң нысандары мен тәртiбi;
9) ақылы бiлiм беру қызметiн көрсетудiң тiзбесi мен тәртiбi;
10) бiлiм беру ұйымдары мен бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң және (немесе) олардың ата-аналарының және өзге де заңды өкiлдерiнiң қатынастарын регламенттеу мен ресiмдеу;
11) бiлiм беру ұйымдарына құрылтайшы бекiтiп берген меншiк объектiлерiнiң пайдаланылу тәртiбi;
12) бiлiм беру ұйымының өз қызмет процесiнде сатып алған меншiгiн қалыптастыру тәртiбi;
13) бiлiм беру ұйымын қаржыландыру көздерi, олардың қызметiн материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету;
14) кәсiпкерлiк қызметiнiң болуы және түрлерi;
15) құрылтайшының құзыретi;
16) бiлiм беру ұйымының құрылымы, басқару органдарын құру тәртiбi, олардың құзыретi және қызметiн ұйымдастыру тәртiбi;
17) бiлім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң штатын толықтыру тәртiбi, еңбекке ақы төлеу шарттары, олардың құқықтары мен мiндеттерi;
18) бiлім беру ұйымының қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртiбi;
19) бiлiм беру ұйымының жарғысын өзгерту тәртiбi.
2. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымының жарғысында алқалы басқару органдары, олардың құрылу тәртiбi мен құзыретi көзделуге тиiс.
3. Бiлiм беру ұйымының жарғысында оның қызметiне қатысты және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де ережелер болуы мүмкiн.
4. Бiлiм беру ұйымының жарғысын оның құрылтайшылары бекітедi.
11-бап. Бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру
Достарыңызбен бөлісу: |