Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 , бап жаңа редакцияда - 2004.07.09. N 597 , өзгерту енгізілді - 2006.07.04. N 150 Заңдарымен.
14-бап. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру
1. Бiлiм беру ұйымдарының оқу-тәрбие қызметi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары негiзiнде әзiрленген оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жалпы негiзгi, жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру бiлiм алушыларды мiндеттi мемлекеттiк қорытынды аттестаттаумен аяқталады.
3. Бiлiм беру ұйымдары бiлiм алушыларды аралық аттестаттаудың нысандарын, тәртiбiн және мерзiмдiлiгін таңдауда дербес болады.
4. Бiлiм беру ұйымдарында тәртiп бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң, педагогтардың адамдық қадiр-қасиетін өзара құрметтеу негiзiнде сақталады. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлерге қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдiстерiн қолдануға жол берiлмейдi.
5. Кәмелетке толмаған бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң ата-аналарына және өзге де заңды өкiлдерiне бiлiм беру процесiнiң барысымен және мазмұнымен, сондай-ақ бiлiм алушылардың үлгерiм бағаларымен танысу мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуге тиiс.
6. Оқу орындарында оқыту төмендегiдей нысандарда: күндiзгi, сырттай, кешкi оқу, дистанциялық оқыту және экстернат нысандарында жүзеге асырылуы мүмкiн.
Бiлiм алудың әртүрлi нысандарын ұштастыруға жол берiледi.
7. Бiлiм беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламалары бiлiм беру бағдарламаларының құрамдас бөлiгi болып табылады және бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң елжандылық, азаматтық, интернационалдық, жоғары моральдық және адамгершiлiк сезiмiн қалыптастыруға, сондай-ақ жан-жақты ынта-ықыласы мен қабiлеттерiн дамытуға бағытталуға тиiс.
8. Бiлiм беру ұйымдарында нәсiлдiк, ұлттық, дiни, әлеуметтік ымырасыздық пен айырықшылықты насихаттауға, милитаристiк және де халықаралық құқық пен iзгiлiктiң жалпы танылған принциптерiне қайшы келетiн өзге идеяларды таратуға тыйым салынады.
9. Әскерге шақырылуға дейiнгi және шақырылу жасындағы оқушы жастардың негiзгi жалпы бiлiм беру базасындағы бастапқы әскери даярлығы - жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында (арнаулы оқу орындарын қоспағанда), кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдарында, ал студенттердің әскери даярлығы жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597 Заңымен .
14-1-бап. Оқу-әдiстемелiк жұмысты ұйымдастыру
Оқу-тәрбие процесiн қамтамасыз ету және жетiлдiру, оқытудың жаңа технологияларын әзiрлеу және енгiзу, педагогикалық қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз ету мақсатында бiлiм беру ұйымдарында оқу-әдiстемелiк жұмыс жүзеге асырылады.
Ескерту. 14-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597 Заңымен .
15-бап. Бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасы
1. Бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасы мамандар мен жұмысшылар даярлаудың бiр бөлiгi болып табылады, ол практика базасы болып табылатын тиiстi ұйымдарда жүргiзiледi және бiлiм беру ұйымдарындағы оқыту процесiнде алған бiлiмдi бекiтуге практикалық дағдылар алу мен озық тәжiрибенi меңгеруге бағытталған.
2. Кәсiптiк практиканың түрлерi, мерзiмi мен мазмұны бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға бiрдей мiндеттi стандарттарының талаптарына сәйкес жұмыстық оқу жоспарларымен және бағдарламаларымен белгiленедi.
3. Бiлiм беру ұйымдары кәсiптiк практиканы өткiзу үшiн шарттық негiзде практика базасы ретiндегi ұйымдарды анықтайды, олармен келiсiлген практиканы өткiзудiң бағдарламаларын және күнтiзбелiк кестесiн бекiтедi.
Шарттарда бiлiм беру ұйымдарының, практика базасы болып табылатын ұйымдардың және бiлiм алушылардың мiндеттерi белгiленедi.
4. Кәсiптiк практикаға жұмсалатын шығындарды бiлiм беру ұйымдары мен практика базасы болып табылатын ұйымдар қарастырады.
Бұл шығындардың мөлшерi жасалған шарттарда белгіленедi.
5. Практиканы дайындау мен өткiзу үшiн бiлiм беру ұйымдарының және практика базасының басшылары жауапты болады.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597 Заңымен .
16-бап. Бiлiм туралы құжаттар
1. Лицензиясы бар, мемлекеттiк аттестаттаудан өткен және жалпы бiлiм беру (мектепке дейiнгiнi қоспағанда) мен (немесе) кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары қорытынды мемлекеттiк аттестаттаудан өткен азаматтарға бiлiм және (немесе) бiлiктiлiк деңгейi (сатысы) туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттар бередi.
2. Тиiстi бiлiм деңгейi туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжат келесi деңгейдегi бiлiм беретiн ұйымдарда бiлiм алуды жалғастырудың қажеттi шарты болып табылады.
Кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiмi туралы құжаттарында көрсетiлген бiлiктiлiгіне, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмi туралы құжаттарында көрсетiлген ғылыми дәрежелерiне сәйкес азаматтардың кәсiптiк қызметпен, оның iшiнде бiлiм деңгейiне бiлiктiлiк талаптары қойылатын қызметпен айналысуға құқығы бар
Кәсiби қызметпен айналысуды мақсат еткен медициналық бiлiмi бар азаматтар үшiн осы бапта аталған құжаттардан басқа, маман сертификаты болуы қажет.
3. Бiлiм алуды аяқтамаған азаматтарға белгіленген үлгiдегi анықтама берiледi.
4. Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарын бiтiргенi туралы құжаттардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде танылуы тиiстi халықаралық шарттар (келiсiмдер) негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Шетелдiк бiлiм беру ұйымдары берген бiлiм туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттар (келiсiмдер) негiзiнде танылады.
Бiлiм туралы құжаттарды нострификациялау тәртiбiн бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы орган белгiлейдi.
Халықаралық шарттар (келiсiмдер) болмаған жағдайда азаматтардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде алған бiлiмi туралы құжаттарының Қазақстан Республикасында танылуы және тиiстi куәлiктер берiлуi білiм беру саласындағы орталық атқарушы органдар белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен , 2004.07.09. N 597 , 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
17-бап. Бiлiм беру жүйесiндегi бiрлестiктер
Бiлiм беру жүйесiндегi бiлiм беру қызметi субъектiлерiнiң мүдделерiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған және жұмыс iстеп тұрған олардың бiрлестiктерi бiлдiре алады.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен , бап жаңа редакцияда - 2004.07.09. N 597 Заңымен .
3-тарау. Білім беру бағдарламалары мен білім
Достарыңызбен бөлісу: |