6.Тәжірибелік әдістер. Оқушылардың сабақта алған теориялық білімдерін, біліктілік пен дағдыларын тереңдету және жетілдіру түсу мақсатында олардың практикалық жұмыстарының маңызы ерекше.Оқытудың негізгі дәстүрлі әдістерімен қатар мұғалім оқушылармен бірігіп сабақта, оқу–тәжірибе участогінде оқу приборлары және техника құралдары көмегіне сүйеніп оқу тәжірибелерін жүргізеді.Оқытудың зертханалық тәсілі негізінен биология, химия, физика пәндеріне жиі қолданылады. Аталған пәндердің мазмұны зертханалық жұмыстарды қажет етеді.Оқушылардың зертханалық жұмыстары мектеп жанындағы оқу–тәжірибе учаскесінде жүргізілетін тәжірибелермен де тығыз байланысты. Олар дайындау, өткізу, қорыту кезеңі болып бөлінеді.
Дайындау кезеңінде оның мақсаты белгіленеді, жоспары жасалады және оқушыларды қажетті аспаптармен, реактивтермен, басқа да оқу құралдарымен, жұмыс істеу принциптерімен таныстырады.Өткізу барысында мұғалім әр оқушының қойған тәжірибесін мұқият бақылайды және қажет болған жағдайда оларға көмектеседі.Қорыту кезеңін бірнеше тәсілмен өткізуге болады. Біріншіден, әр оқушы өзінің орындаған жұмысын хабарлайды, екіншіден, ұжымдық түрде орындалған жұмыстың нәтижесі туралы әңгіме өткізіледі, үшіншіден, зертханалық жұмыстардың нақтылы қорытындыларын мұғалімнің өзі жинақтап, оқытушылар орындаған жұмыстардың нәтижесін қорытып баяндайды
Графикалық жұмыстар барлық пәннен орындалады. Бұған кестелер жасау, диаграммалар құру, сызбалар сызу секілді оқушылар әрекеттері жатады. Графикалық жұмыстар география мен тарих, сурет сабақтарында кеңінен пайдаланылады.
Тәжірибелік әдістердің ішінде ең көп қолданылатыны – жаттығу әдісі. Мақсаты: білік, дағды қалыптастыру, теориялық ережелер мен қағидаларды қайта пысықтап, тиянақты меңгерту, оқушыны белгілі бір дайындық деңгейіне жеткізу, осы деңгейді жетілдіру. Оқу барысында теориялық ережелер мен қағидаларды қайта пысықтап, тиянақты меңгерту жаттығу арқылы орындалады. Сондықтан, бұл әдіс барлық пәндерді оқытуда кеңінен қолданылады.
Жазбаша жаттығулар:грамматикалық, стиллистикалық, орфографиялық, фонетикалық жұмыстар, диктант, реферат, шығарма, мазмұндама, есеп шығару.
Ауызша. Мақсаты: тіл мәдениетін дамыту, оқу мәдениеті техникасын меңгеру. (оқушылардың іс әрекетінің түрлері бойынша: оқу материалының мазмұнын ауызекті баяндау; көркем әдебиеттерден жатқа үзінділер айту, ғылыми пәндердің ережелерін жатқа айту).
Зертханалық практикалық жаттығулар: еңбек құралдарымен жұмыс, станокты қосу, детальдарды біріктіру, өлшеу жұмыстары.
Дене жаттығулары: гимнастикалық жаттығулар; ойын жаттығулары, туристік дене жаттығулары, спорт жаттығулары.
Жаттығу әдісіне қойылатын талаптар оны орындауға деген оқушылардың саналы көзқарасы;
оқушыларды қызықтыру;
мұғалімнің сабаққа сапалы дайындығы;
жаттығуларды орындаудағы дидактикалық сабақтастық: алдымен оқу материалын түсінуге көмектесетін, содан кейін есте сақтауға, қолдануға, жаңа материалды бұрын меңгерген білім, іскерлік және дағдылар жүйесіне қосуға мүмкіндік беретін жаттығулар орындау.
оқушының өзін - өзі бақылау дағдыларын қалыптастыру.
Жаттығу жұмыстары негізінен тіл мен математика, сонымен бірге, шет тілдерін оқыту пәндерінде көбірек жүргізіледі. Мысалы, есеп сабақтарында жазбаша есеп шығару, тіл сабақтарында диктант жазу, грамматика және фонетика жұмыстарын орындау т.б.Жаттығу оқушылардың оқу жұмысын өздігінен орындау белсенділігін арттырады. Өзіндік жұмыстарына оқушылардың шығармашылықпен атқаратын реферат, шығарма жұмыстары да жатады. Оқушылардың осындай жұмыстары жазбаша жаттығу деп аталады.Ауызша жаттығу оқушының оқу материалын ауызекі баяндауға дағдылану мақсатын көздейді. Бұны негізінен үш түрге бөлуге болады. Біріншісі – ғылыми пәндердің ережелері мен қағидаларын жатқа айта білу. Екіншісі– оқу материалының мазмұнын ауызекі баяндау. Үшіншісі – көркем әдебиеттерден жатқа үзінділер оқу, баяндамалар жасау немесе өздерінің жазған шығармаларын ауызша айтып беру.
Оқыту әдістері – оқыту процесінің барлық кезеңдерінде оқытудың түрлі мақсат –міндеттерін орындау барысында оқушылардың таным әрекетін арттыруға бағытталуы тиіс. Сондықтан, оқыту процесінде оқушылардың таным әрекетінің белсенділігін арттыруға септігін тигізетін әдістерге айрықша назар аудару қажет.