Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау технологиясы.
«Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясы үш кезең бойынша қолданылады:
Қызығушылықты ояту(«көпір жасау»,ой қозғау);
Мағынаны тану(мағынаны ажырату);
Ой-толғаныс (рефлексия,жаңа білім құрастырылады).
Білім берудің маңызды шарты оқу үдерісінде оқушылардың қызығушылығын арттырып, өздігінен білім алуға құштарлықтарын дамыту болып табылады.Сын тұрғысынан ойлау–сынау емес,шыңдалған ойлау. Бұл деңгейдегі ойлау тек ересек адамдарға, жоғарысынып оқушыларына ғана тән деп ойлау аса дұрыс түсінік емес. Жас балаларың да бұл жұмыста дұрыс ұйымдастырған жағдайда өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып,белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз.
«Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» кез келген ұстазға сапалы сабақ беруге мүмкіндік береді. Атақты қытай ойшылы Конфуций «танымның үш жолы бар: ең оңайы – еліктеу, ең ащысы – тәжірибе, ең мәртебелісі –ойлау» деген екен. Демек, сол әдіс-тәсілдерді меңгертіп, ішінен қажеттісін таңдау арқылы әр сабақтың мақсат- міндеттерін тиімді де оңтайлы жолмен жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Дамыта оқыту жүйесі сияқты «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасының да негізгі қағидалары мен мақсат-міндеттері дамытып-тәрбиелей отырып,
шығармашыл тұлға қалыптастыруға бағытталған.
Модульдік оқыту технологиясы. Модульдік оқыту – оқу ақпаратын блокты – модуль негізінде беру арқылы оқу процесін ұйымдастыру тәсілі. Оқу мазмұны ақпаратты блоктарда беріледі де меңгеру мақсатқа сәйкес жүзеге асырылады. Модульдік оқыту барысында білім алушылар үшін оқытылатын білім көлемі ғанаемес, оны меңгеру деңгейінің дидактикалық мақсаты тұжырымдалады. Модульдік оқыту білім алушылардың базалық дайындығының деңгейіне, жеке сұраныстары мен икемділігіне қарай оқытуды қамтамасыз етеді. Оқытуды дараландыруды: оқу мазмұнын, меңгеруін, өзіндік деңгейі, әдісі мен тәсілі, бақылау, өзін-өзі бақылауы бойынша қамтамасыз етеді.
Модульдік оқыту-білім мазмұны, білімді игеру қарқыны, өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігі, оқудың әдісі мен тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етеді. Модульдік технология дамыта оқыту идеясына негізделген оның мақсаты -оқушының өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігін дамыту, оқу материалын өңдеудің жекелеген тәсілдері арқылы жұмыс істеуге үйрету. Бұл технологияның ерекшелігі – тұлғаның танымдық үдерісін дамытуға бағытталған.
Оқу модулі үш құрамды бөліктен тұрады: кіріспе, сөйлесу және қорытынды бөлім.
Оның мазмұнына:
1) оқытудың жалпы мақсатын қою;
2) жалпы құрылған мақсатты нақтыландыруға көшу;
3) оқушылардың білім деңгейін алдын ала (диагностикалық) бағалау;
4) оқыту әрекеттерінің жиынтығы (бұл кезеңде жедел кері байланыс негізінде түзету
жүргізілуі тиіс);
5) нәтижені бағалау енеді.