Үлкен зат айналым мың - миллиондаған жылдар бойы жүреді. Бұл аралықта тау жыныстары үгітіліп, мүжіліп, ондағы сумен араласады. Оның еритін бөлігі ерітінді түзіп, әр түрлі өзгерістерге ұшырайды. Бұл процестердегі басты рөлді су мен топырақ бетінің термиялық қасиеті: Күн сәулелерінің сіңірілуі мен шағылуы, жылу өткізгіштігі мен жылу сыйымдылығы атқарады. Литосфераның негізгі химиялық элементтері: оттегі, кремний, алюминий, темір, магний, натрий, калий және т.б. жоғарғы мантияның тереңдігі бөліктерінен литосфераның беткі қабатына дейін өтіп үлкен айналымға қатысады. Магманың кристалдануы кезінде пайда болған магмалық жыныстар Жер тереңдігінен литосфераның беткі қабатына түскен соң ыдырауға, үгілуге ұшырайды. Үгілу өнімдері сумен шайылып, желмен бірге өзен, теңіз, мұхиттарға жиналып қуатты тұнбалық жыныстар түзеді. Олар уақыт өте тереңге батып, температура мен қысым жоғары жерлерде «қайта балқытылады». Одан жаңа жыныстар пайда болып, жер бетіне қайта шығып тағы да заттар айналымына ұшырайды.